Қоғам • 23 Қаңтар, 2020

«Ақылға сәуле қонбаса...»

1417 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Интеллигент – интеллект иесі деген сөз. Абайша айтқанда «есті адам». «Интел­лигенция» сөзін әлемдік әдебиетке алғаш 1860 жылдары енгізген журналист Боборыкин бұл ұғымды «шығармашылық жұмыспен һәм ой еңбегімен айналысатындар» деген мағынада қолданған.

«Ақылға сәуле қонбаса...»

Содан Ресейде интеллигенцияны халықшылдар «халыққа қалтқысыз қызмет ететін, сол жолда құрбан болатын шоғыр» деп бағаласа, Белинский сынды либералдар әлеуметтік танымы, кісілік келбеті бар, сыни ойлай алатын, ескілікке қарсы күресетін, әділет­сіздікке төзбейтін тұлғаларды атайды. Николай Бердяевтің ойынша, ұлттың рухани мәдениетін қалыптастыратын, әдебиет пен өнерді, ғылым мен философияны дамытатын, қоғамдық шындықтың жоқшысы болатын, жарқын болашаққа жол көрсететін таңдаулы тұлғалардан тұратын топ. Ұлттық құнды­лықтардан қол үзген, руханиятын жатыр­қап, тарихына тосырқай қарайтын, құлдық сана мен өткеннің қараңғылығы әбден сіңген екінші топты ол тамырсыз «нигилистер» санатына қосады. Кемеңгер Абай «нұрлы ақыл» және «суық ақыл» деп бөлгенде, зиялылардың осы екі тобын меңземеді ме екен, кім білсін...

Интеллегенция әу баста әдебиеттің төңіре­гіне топтасты. Олар әдебиетті  интелли­ген­цияның ғибадатханасына айналдыруға тырысты. Халықтың қазір де зиялы қауым өкілдері деп әуелі ақын-жазушыларды танитыны, қоғамда кез келген түйткілді мәселе бола қалса, тығырықтан шығарады деп қалам­гер­лерден қайрат күтетіні сондықтан болса керек. 

Осман түріктері бұл сөзді «мүнәууар», яғни «нұрлы» деген мағынада қолданды, қазіргі Түркияда баламасы – айдын (жарық). Ал Ресей қол астындағы халықтардың білім­паз­­дары оны «зиялы» деп аударды. Зия – «нұр, жарық, сәуле» деген сияқты мағына бе­ре­­тін араб тілінен енген сөз екені белгілі, сон­­да зиялы «төңірегіне нұр шашып, жарық бере­­­тін, шуақтандыратын сәулелі жан» болып шығады. Бұл сөзді алғаш қолданған Ис­маил Гаспыралы «Тәржіман» газетін­де 1901 жылы жарық көрген мақаласында «...гим­­назия яки жоғары оқу орнын оқыған жас­та­ры­­мыздың ұлт әдебиетіне қызмет еткенін бай­қай қоймадық. Зиялы, оқыған мұсыл­ман­дар орыс және Еуропа тілдерін жетік мең­герген, дәрігер, инженер, адвокат болып қызмет атқарады, бірақ көбісі ұлттың тілі мен әдебиетінен мақрұм қалған. Орысша біл­мей­тін орыс зиялысы жоқ екені белгілі, сол сияқты өз ұлтының тілінде жаза алмайтын неміс, поляк зиялысын кездестіру мүмкін емес. Бұл індет тек бізге ғана тән» деп күйіне жазған екен. Жәдитшілдік-жаңашылдық жолының көсемі Исмаил бектің сөзін іліп әкеткен әзербайжандық Ахмет Ағаоғлу 1903 жылы «Каспий» газетінде жарық көрген мақаласында «диплом – зиялылықтың өлшемі емес, тек үлкен идея мен ұлттық мұраттың соңында жүрген жанды ғана зиялы деп айтуға болады» дейді. Оның пікірінше, зиялы – ұлттың айнасы, зиялысы қандай болса, ұлт та сондай деңгейде болмақ!

Бұл сөзді 1905-1906 жылдардан бастап татар зиялыларының әсерімен қабылдай бастаған Алаш ардақтыларының көзқарастары да осыған саяды. Мәселен, Мұстафа Шоқай «белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол мұрат-мақсат төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттың зиялылар қатарына тек өз халқының дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деп нықтай түседі. Осы анықтамаларға сүйенсек, бізде «зиялы қауым» атанып жүрген кісілердің бәрін зиялы қатарына қосуға бола ма?

Мұхтар Әуезовтің айтуынша, Гаспыралы­ның идеяларымен етене таныс болған, «Тәр­жіман» газетін үзбей оқып отырған Абай «зиялы» сөзін пайдаланбайды. Алайда, ақын­ның «Интернатта оқып жүр...» сынды өлең-жырларынан Исмаил бекпен үндестігін аңға­рамыз. «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жү­ріп күнелтпек» деген данышпанның ой иірі­­міне үңілсек, зиялы нұрлы ақылмен без­­бен­деп, кез келген мәселеге сын көзбен қарай­­ды, жылы жүрегімен қабылдап, ыстық қай­­рат­­пен қарекет қылады. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» деп бас шұлғымайды. Ол – ақи­қаттың алдаспаны, шындықтың шырақ­шысы, әділеттің таразысы! Жат қылық­тарға жаны қас, сондықтан оны өскен ортасы, өз дәуі­рі кейде қабылдай алмайды. Өз жерінде өгей­дің күйін кешетін оның «Оразбай, Жирен­ше­лерден» таяқ жеп, қиянат көретіні де сондықтан.

«Масғұт» поэмасында Абай шын зиялыға қажет қасиетті суреттейді. Дастанның тағылы­мына үңілсек, өзі мен әміршісін «жынды судан» сақтап қалған Масғұт ақырында көп есердің ыңғайына жығылып, есінен айырылады. Сондықтан шынайы зиялы – «жынды суды» ішпеген есті емес, соны көпке ішкіз­беуге қайрат қылатын ер!