Есте болса, былтыр желтоқсанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қол қойған еді. Осының нәтижесінде шаһар басшылығы 28 жаңа құзыретті енгізуге бастама жасап, оның ішінде жасыл экономиканы дамыту ісін айрықша назарға алған.
Алматы әкімдігінің жаңа құзыретінің бірі – қаланың жасыл желегін қорғаудың жеке ережесін әзірлеу мен бекіту. Жаңа ережелерді әзірлеу мегаполистің жасыл қорын дамыту жөніндегі жұмыс тиімділігін арттыра түспек. Мамандардың сөзіне қарағанда, жаңа өзгерістерде бұрыннан бар проблемаларды шешу тетіктері енгізіледі. Олар – стандарттар, регламенттер, нұсқаулар, әдістемелік тұжырымдамалар. Бұлардың барлығы елдімекендердің аумағында өсетін жасыл желекті қорғау, рұқсат құжаттары болмаса да, ағаш кесуге жол бергендерге қайта ағаш отырғызу нормаларын реттеу секілді мәселелерді қамтиды.
Е.Сейтеновтің айтуынша, бұған дейін ағаштарды заңсыз кесу кезінде жасыл қорға келтірілген залалды есептеу әдістемесі болған жоқ. Жасарту, кронды қалыптастыру, жасыл желектерді санитарлық кесу үшін рұқсат алу талап етілмеуі, бұл жұмыстармен нақты тәжірибесі жоқ адамдардың айналысуына әкеліп соқты. Нәтижесінде, осының барлығы жасыл желектердің жай-күйінің нашарлауына алып келді.
Жасыл желекті ұстау мен қорғаудың жаңа ережелеріне оны жасарту, санитарлық кесу, жасыл желекті күтіп-баптау жөніндегі технологиялық нұсқаулар, заңсыз кескені, жасыл желекке залал келтіргені үшін жауапкершілікке тарту, қаланың жасыл қорын қорғау нормалары енген.
Ержан Сейтенов бұл орайда жаңа ережелерді әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылғанын, оның құрамына сарапшылар қоғамдастығының, жұртшылықтың және ғылым өкілдерінің енгенін айтты. Алдағы көктем айларында жасыл Алматының жарқыраған жобасы басталатынын жеткізді.
Жаңа Ереже жобасына бірқатар жаңа норма енді. Оның іске асатын негізгі бөлігі мынадай: Ағаштарды санитарлық кесу, жасарту қала әкімдігінің келісімімен ғана жүргізілетін болады; Әкімдіктің рұқсатымен санитарлық жолмен немесе әдейі кесілген ағаштардың орнына жасыл желектер қайта отырғызылады, магистральды көшелердің бойына діңгегі 20-25 см болатын жапырақты ағаш түрлері отырғызылады, қылқан жапырақты ағаштардың биіктігі кем дегенде 2,5 метр (І немесе ІІ сыныпты сапа) болуы тиіс; Алынған ағаш шығынын өтеудің әдісі жасалды, соның нәтижесінде келтірілген залалдың нақтылы бағасы анықталады; Ағаш апатты жағдайда алынса, оның орнына отырғызылатыны – 1-ге 1, әдейі отырғызылатыны – бірінің орнына 10, заңсыз алынғаны үшін – біреуінің орнына 100; Жасыл желектердің кепілдемелі мерзімі – 3 жыл;
Бағдарламалар әкімгерлері орталық қолданыстағы жерлердегі жасыл желектерді көктемгі-жазғы және жазғы-күзгі мезгілдерде сауықтыру әрі зиянкестерден және түрі аурулардан қорғау үшін кем дегенде 4 рет нақтылы шараларды жүзеге асыратын болады.
Ережелер жобасы жергілікті ақпарат құралдары арқылы талқыланып, оның ішінде қалалық жасыл экономика басқармасының ресми сайтында да жарияланады. Сондай-ақ ниет білдірушілердің барлығы жасыл қорды жақсарту жөніндегі жеке ұсыныстарын жібере алады.
«Жұртшылықпен, «Атамекен» ҰКП-мен және басқа да мүдделі органдармен, ұйымдармен келісілген соң жасыл желекті ұстау және қорғау жөніндегі жаңа ережелерді бекіту үшін Алматы қаласының мәслихатына ұсынылады», деп атап өтті Е.Сейтенов.
АЛМАТЫ