Аймақтар • 22 Қаңтар, 2020

Хакім кітабы – халыққа

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Абай – әр үйдің төрінде» кітап сыйлау акциясын бастады. Шара аясында қо­ғамдық орындарда қала тұрғындары мен қонақтары арасында кемеңгер тұл­ға туралы сауалнамалар жүргізілуде. Сондай-ақ шара барысында Абай шы­ғар­малары, соның ішінде өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқыған, ком­­позитордың әндерін нақышына келтіре шырқаған қала тұрғындары мен қо­нақтарына Абайдың кітаптары сыйға берілді.

Хакім кітабы – халыққа

Акцияның алғашқы шарасы Павло­дар қаласындағы «Batyr mall» сауда және ойын-сауық орталығында өтті. Ең алғашқы болып сауалнамаға жауап беруші – Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің 2-курс студенті Ділнәз Кәрімова ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін мәнерлеп оқып берді.

«Мен Абай атамыздың бірнеше өлеңін жатқа білемін. Қазақтың басқа да классик қаламгерлерін сүйіп оқимын. Соның ішінде Абай атамыздың орны бөлек. Тау тұлғаның шығармаларын әр қазақ білуі тиіс. Ол ұлтымыздың темірқазығы», деді Ділнәз Кәрімова.

Кітапхана басшысының орынбасары Баршагүл Байжанова сауда орталығында айналасы бір сағаттың ішінде 20 шақты кітап сыйға тартылғанын айтты.

«Бүгін акциямыздың алғашқы күні. Сауда үйінде шараға қатысушылардың саны көп болды. Көбісі ақынның өлеңдерін оқуда. Кейбір қатысушылар Абайдың әндерін орындады. Жалпы, жауап бергендердің басым бөлігі жастар. Жас буынның Абай шығармашылығын білгені көңіл қуантады. Бұл акцияның астарында үлкен мән бар. Ұлы ойшылдың кітабы әр үйдің төрінде тұруы тиіс», деді Баршагүл Балтағұлқызы.

Айта кетейік, «Абай – әр үйдің төрінде» акциясы жыл соңына дейін жалғасын таппақ. Акция қоғамдық орындарда ұйымдастырылатын болады. Кітапхана ұжымы Абай шығармашылығын көп­ші­лік арасында насихаттау мақ­са­тын­да бірқатар тың жобаны әзір­леу­­де. Соның бірі Брайль қарпі бо­йынша көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандарға арналған Абай өлең­де­рі­нің топтамасы. Аталған жоба бойынша бүгінде облыстық кітапханада қызу жұмыс жүргізілуде.

Бұдан да басқа Абайдың 175 жылды­ғы­на арналған қызықты жобалар кітап­ха­на оқырмандары мен Ертіс-Баян өңірінің тұрғындарына алдағы уақытта ұсы­нылатын болады.