Аймақтар • 23 Қаңтар, 2020

«Ана мен баланы қорғау орталығында» 20 әйел тұрып жатыр

2516 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірде 178 отбасы кикілжіңдері тіркелген. Отбасылық өзара келіспеушілік кикілжіңдері  Павлодар, Екібастұз қалалары, Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Май, Успен, Павлодар аудандарында анықталған.

«Ана мен баланы қорғау орталығында»  20 әйел тұрып жатыр

Ал, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің көбі жұмыссыз жүргендердің әрекетінен, ішімдік салдарынан орын алған.

Өңірде профилактикалық шаралар ауқымды түрде жүргізілгенімен, мәселе әлі де өзекті.

Облыс орталығында Қамзин көшесі, 20-үй мекенжайында орналасқан «Аналар мен балаларды қорғау орталығы» ашылған.

Қазір орталықта отбасы кикілжіңінен  кейін  балаларымен бірге 20 әйел тұрақтауда. Ал, отбасында қорлық көрген әйелдер үшін полицияның көп арналы «102» нөмірі мен 87057072879 ұялы телефоны үздіксіз жұмыс істейді.

Полиция мәліметінше, дүйсенбі-жұма аралығында жедел қызмет көрсету орталығына 5-6 шақырту түссе, демалыс күндері қоңыраулар саны 10-15-ке артады екен. Қалалық полиция басқармасының өкілдері аналар мен балаларды бейімдеу орталығының мүшелерімен бірлесіп, түрлі шаралар ұйымдастырады. Бұл ретте 8-11-сыныптар арасында отбасылық құндылықтарға байланысты сауалнама жүргізіліп, тренингтер, семинарлар өткізіледі.

Мектептерде «Дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізіліп, сенім телефоны жазылған буклеттер таратылды.

Шара аясында жергілікті полиция қызметкерлерінің көмегімен 23 адамға  Әкімшілік құқық-бұзушылық Кодексінің 73-бабына сәйкес, қорғау нұсқамасы берілді. Қалалық соттың көмегімен отбасылардың арасында 38 кездесу өткізіліп, 27 отбасы қайта табысты. Департаменттің мәліметінше,полиция өкілдері биылғы жылдың алғашқы күндері тұрмысы төмен 42 отбасыны аралаған. Тексеру нәтижесінде ата-ана құқығын дұрыс сақтамағаны үшін 5 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.