Экономика • 24 Қаңтар, 2020

Ет өңдеуде есе жібермедік пе?

256 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның етті тұқымды мал шаруашылығын дамыту мен ет экспортын арттыру кампаниясы бірқатар мүдделі топтың өзара келіспеушілігін туындатып отыр. Асыл тұқымды мал басын импорттау мен шетелге экспорттаушылар арасындағы мүдде қайшылықтары алдағы уақытта осы салаға қатысты үлкен өзгерістерге бастау болуы ықтимал.

Ет өңдеуде есе жібермедік пе?

Елбасы 2011 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырғаны есімізде. Сол жылы Ауыл шаруашылығы министрі болып Асылжан Ма­мытбеков тағайындалған еді. Жаңа министрдің негізгі миссиясы да етті мал шаруашылығын дамыту болған. Ол 2016 жылға дейін ведомствоны басқарған уақытта осы бағытта «Сыбаға», «Береке», «Алтын асық» секіл­ді бірқатар бағдарламалар қабыл­данды. Қоғам еттің есебін А.Мамытбековтен сұрайтыны содан болса керек.

Өткен жылдың қорытын­дысы бойынша, Қазақстаннан шет­елге 63,6 мың тонна ет экспорт­талып, Елбасы тапсырмасы ке­шігіп болса да орындалып отыр­ған. Ет одағының төрағасы А.Ма­мыт­беков белгіленген межеге ке­шігіп жетуіміздің себебі ретін­де мал басын санағанда көр­­­сет­­кіш көбейтіліп көр­сетіл­­­генін алға тартады. Оның айтуын­ша, бірер жыл бұ­­рын ірі қара басы 6 млн деп көр­се­тіл­ге­німен, шын мәнінде көр­сет­кіш 25 пайызға аз болып шық­­қан. Мемлекеттен несие алу үшін шаруа­лардың ірі қара құжат­­тарын қолдан жасайтыны тү­сінікті. Мәселен, ет экспор­тын дамыту үшін берілген несиелер арқы­лы республика бойын­ша ет бағытындағы 20 мыңнан ас­там жаңа ша­руа қожалықтары ашылған. Оның басым бөлігі – үй шаруа­шылықтары немесе қосал­қы ша­руашылықтар. Яғни, қара­пайым ауыл тұрғын­­дары­ның алған шағын несиелері. Ал бұл шағын несиелердің жоға­ры­дағыдай мал құ­жат­тарын қол­дан жасап, алынған несиенің мақ­­са­т­сыз пайдаланылуы әбден мүм­кін екені белгілі.

Ет шаруашылығының алдына қойылған міндеттеме то­лы­ғымен орындалып отыр де­ге­німіз­бен, бұл межеге жету үшін қай көзден қанша қаражат жұм­­салғаны белгісіз. Елдегі кез кел­­ген басқа сала секілді, ет шар­уа­­­­­шылығы да толығымен үкі­­мет­тік қолдауға қарап отыр. Сала­дағы бизнес қауымдастық са­лық төлеп бюджетті толтыру­шы емес, Үкімет қаражатын игеріп, берілген тапсырманы орындаушы болып қана отыр. Сөзімізге дәлел болу үшін соңғы бірнеше жылдағы мына статис­тикаға көз жүгіртейік. 2014 жылы Қазақ­стан­ға ше­тел­­ден 58,2 млн АҚШ долла­ры­­­на баға­ланған тірі мал им­порт­­­­талған. 2015-2016 жылдары көр­­сеткіш 25,9 және 19,5 млн дол­ларға дейін төмендегенімен, кейін қайтадан 26,2 млн долларға өсіп, 2018 жылы тіпті 53,7 млн долларға жеткен. Соның ішінде мал басы негі­зінен АҚШ пен Ре­сей­­ден сатып алынған.

Айта кетерлігі, мал басын асыл­дандырғысы келетін шаруа тіке­лей шетелден импорт­тай ал­май­­ды. Арадағы делдал ком­па­ния­лардың қызметіне жүгі­ну керек. Шетелден асыл тұ­қым­ды мал импорттап берумен ай­на­лы­са­тын арнайы компания­лар бар. Бұл компаниялардың қызмет құ­ны­ның қымбат бол­ғаны былай тұрсын, кей жағ­дайларда тікелей заң бұзу­шы­лықтар да анықталған. Бұл туралы жақында шаруалар ел­ордаға жиналып баспасөз кон­­­ференциясын өткізгенде би­­­лік­ке шағым түсірген еді. О­лар­дың пікірінше, ше­тел­­ден асыл тұ­қым­ды мал им­порт­­­тау­мен іс жү­зін­де айналы­сып отырған жалғыз компания – ресейлік, нақты айт­қан­д­а Татарстанда тіркелген «КамАгро» жауапкершілігі шек­теулі қоғамдастығы. Осы монополист ком­пания шетелден келетін асыл тұқымды мал басының баға­сы­на да әсер етіп отыр.

Соңғы бірер жылда шетелден импортталатын мал басының кө­бею­ін тиісті министрлік малды асылдандыру деп түсіндіруі мүм­кін. Ал дайын ет пен ет өнім­де­рінің импортының артқанына жауап бере алатын ешкім жоқ. 2014 жылы елге 252,6 млн АҚШ долларының ет және ет өнім­де­рі импортталса, 2015-2016 жыл­дары көрсеткіш тиісінше 200 және 160 млн долларға төмен­де­гені­мен, 2017-2018 жылдары қай­тадан 207 және 211 млн дол­лар­ға көбейіп кеткен. Әрине осы уақыт аралығында экспорт көлемі де 2016 жылғы 18,9 млн доллардан 2017 жылы 20,9 млн долларға, ал 2018 жылы 45 млн долларға көбейген. Дегенмен, 45 млн долларға ет саттық деп кеуде қаққанымызбен, сырттан сатып алған етіміздің одан 5 есе көп болып отырғаны Үкіметте ешкімді толғандырып отырған жоқ. Оның үстіне алдыңғы жылы 53,7 млн долларға тірі мал сатып алып, сыртқа сатқан мал­дың құны 30 млн долларды құ­ра­ған. Тірідей де, сойылған кү­йін­де де, ет шаруашылығында да біз әлі импорттаушы ел болып қалып отырмыз. Экспорт пен импорттың арасы бірнеше есе алшақтаған. Енді ет экспортын 63 мың тоннаға жеткізіп тас­та­ға­нымыздың себебі де түсінікті болар.

Айтпақшы, малды тірідей сату 2018 жылы ғана көбейген. Мәселен, 2014-2017 жыл­­дары шетелге бар болғаны 3-4 млн АҚШ долларының ма­лын тірідей сатқан. Тек 2018 жылы ғана көрсеткіш 30 млн дол­лар­ға бір-ақ жеткен.

Тағы бір айта кетерлігі, тірі­дей мал басын шетелге сатуға ми­нис­тр­лік тыйым сал­мақ. А.Ма­мыт­­бековтың айтуын­ша, бұл ел­дегі ет бағасын тө­мен­дет­пей­ді. Бар болғаны делдалдардың пайдасын еселеп, бизнестің кө­лең­кеге кетуіне түрткі бола­ды. Бұл тұрғыда Ет одағы төра­ғасы сөзінің жаны бар. Қазір­дің өзінде отандық ет ком­би­нат­тары ұсынып отырған баға Өзбекстаннан анағұрлым қымбат. Яғни, бізде өң­дел­ген ет Өзбекстанда өңделген еттен қымбат болады деген сөз. Осыдан-ақ тірі малды сыртқа са­туға тыйым салу идеясының қай жақтан келіп отырғанын анық­тауға болады. Ал қымбат баға ұсынып отырған отандық комбинаттардан гөрі оңтүстіктің шаруалары малды Өзбекстанға сатуға неге құштар дейсіз ғой? Өйткені Өзбекстан малдың терісі мен жүнін де сатып алады. Ал бізде бұл сала жоқ. Сондықтан шаруалар үшін Өзбекстан нарығы тиім­ді­­рек. Мәселенің бір ұшы елдегі те­рі мен жүн өң­деу­дің дамы­мауын­да екен. 

Қорыта айтқанда, А.Ма­мыт­бе­­ко­втың бастаған кам­паниясы ет экспортын 60 мың тоннадан асыр­ғанымен, бұл Қазақстанда ет өндірісі дамыды деген сөз емес. Әрине мін­дет орындалды. Бірақ бизнес бұ­рынғы қалпында. Ха­лық­тың жеп отырған еті шетелге экспортталып, ішкі нарыққа ше­­тел­­­ден әкеліп сатылуда. Ер­кін сауда қағидасында экс­­порт­­пен бірге импорттың да көбей­ге­нінде әбестік жоқ шы­ғар, бі­рақ бұл жердегі мәселе – ауыл шаруа­шы­лығының әлі күнге дейін биз­нестің бір саласы ре­тінде қа­лып­тас­пауы.