Қоғам • 28 Қаңтар, 2020

Қаңтардағы қарлы құрсау

527 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы күндері түтеп тұрған ақ боранға байланысты елордада төтенше жағдай жарияланды. Ұйытқи соққан қаңтардың қарлы боранынан қабағы ашылмай қойған кейінгі күндер ел астанасы мен теріскей өңірлердің коммуналдық және құтқару қызметі үшін сын болып тұр.

Қаңтардағы қарлы құрсау

Төтенше жағдай жарияланды

«Қысқы боран соқты үдей, соқты қарды үйіріп, қасат қарлар боп үйдей, қалды жолға үйіліп» деп Мұқағали ақын  жыр­ла­ған­дай, тақтақ жатқан жол б­ойын күр­тік қар басып, жол қоз­ға­лы­сы қиындады. Соның сал­­да­ры­нан қар құрсауында қа­лып қойған жолаушылардың мә­­се­­лесі өз алдына, коммунал­дық қыз­­мет көліктері тұрғын үй алап­­­та­рындағы қоқыс контей­нер­­леріне де жете алмағаны бай­қалды. Ал түзде жүйткіген бо­­ран қуалаған жолдардағы ахуал тіпті күрделі.

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қала­лық төтенше жағдай департа­ментінің жетекшілігі инженерлік құрылыс-жол техникасын жұ­мыл­дыру арқылы қаланың аза­мат­тық қорғанысының аумақ­­тық ішкі жүйесін төтенше жағ­­дай ре­жіміне ауыс­тыруды ұсын­­ған бола­тын. Сонымен бір­ге қалалық Тө­­тенше жағдай­лар де­пар­та­менті­нің бастығы Бауыржан Сыз­­дықов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімі­нің орынбасары Алтынбек Қай­сағалиев, қалалық Полиция депар­таментінің бастығы Ержан Сәденов елорда тұрғындарына үн­деу жолдап, ақтүтек бораннан ба­рынша сақ­тануға, жұмыс беру­­­ші­лердің жұмыс уа­қы­тын қыс­­­­­қартуға кеңес берген-ді. Үдей соқ­­­­қан үскірік бораннан әуе рейс­те­рі де кейінге шеге­рі­ліп, мек­­теп­­тер­де сабақтар тоқ­та­тылғаны мәлім.

Енді міне, долы боранның беті бері қарамаған соң елордада тө­тенше жағдайды енгізуге тура кел­ді. Ішкі істер министрінің орын­­басары Юрий Ильин Прези­дент жанындағы Орталық ком­му­н­­и­кациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында атал­ған жағдайдың Әділет басқар­масында тіркеуден өтке­нін, алты өңірде төтенше жағдай бо­йынша комиссия отырысы дайындалып жатқанын мәлімдеді. Вице-министр­дің айтуынша, елді ме­кен­дерде тіршілік жағдайын қам­та­масыз ету бойынша қиын­­­дық туындаса, сол жерде төтен­ше жағдай жарияланады.

Шешімді жергілікті әкімдіктер қабыл­дайды. Яғни, осы арқылы тір­ші­лік жағдайын қамтамасыз ету, адам­­дарды тұрғылықты жерлеріне және жұмыс орындарына уақтылы жет­кізу, сондай-ақ азық-түлікпен, ме­дициналық қызметтермен қамта­ма­сыз ету іспетті қауіпсіздік шаралары көзделген.

95 жол учаскесі жабылды

Өткен жексенбіде елдегі автокөлік жолдарының 95 учаскесінде қоз­ға­­лыс шектелді. Индустрия және инфра­құ­рылым­дық даму минис­тр­лі­гі­нің баспа­сөз қызметі таратқан мә­лімет бойынша, күн райының қо­лай­сыздығына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қара­ғанды, Қостанай облыс­тары мен Нұр-Сұлтанда жедел штабтар құрылды. Бұл штабтардың құра­мында аталған министрліктің Автомобиль жол­да­ры комитетінің, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ және ІІМ Төтен­ше жағдайлар мен Әкімшілік полиция комитеттерінің және Ұлттық гвардияның қызметкерлері енді. Алдыңғы тәулікте 13 өңірде дауылды ескерту жарияланып, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 61 учаскесі, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдардың 34 учаскесі жабылды. Республикалық маңызға ие автомобиль жолдарының 3 учаскесінде жүк және жолаушылар көлік­терінің қозғалысына шектеу қойыл­ды.

Құтқарушылар мен жол қыз­мет­те­рі­нің жұмыскерлері қар құрсауынан 750 адамды құтқарды. Олардың 82-сі – балалар. Қауіпсіз жерге шығарылған 447 адамның ішінде 11 бала бар. Жалпы есепте 1380 автокөлікке көмек көрсетілді. Республикалық маңызға ие «Нұр-Сұлтан – Шучинск» жолында екі бағытта да көліктердің ұзын-сонар кептелісте қалуына орай Ақмола облысында аса күрделі жағдай орын алды. «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Ақмола облысының әкімдігімен бірлесіп, 26-қаңтар күні сағат 15:00-де екі ба­ғыт­­тағы көлік құралдарының легін ар­на­йы техниканың, патруль көлігінің сүйемелдеуімен өткізу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ төтенше жағдай қаупі туралы халықты ескерту мақсатында азаматтардың ұялы телефондарына 224 СМС-хабарлама, «Дәрмен» мобильді қосымшасы ар­қылы 367 хабарлама жіберілсе, «Қа­уырт желі» телефонына 155 қоңы­рау түскен екен. Апаттық-құт­қа­ру жұмыстарына барлығы 913 адам мен техниканың 607 бірлігі жұмылдырылған.

1,5 мыңнан аса көлік шығарылды

Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин кеше министрлік бөлімшелерінің, жергілікті атқару органдарының, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ Автожолдардағы жағдай күшімен 140-тан астам көлік Ақкөл қаласына дейін жеткізілгенін, әкімдік тара­пы­нан адамдарды орналастыру мен тамақтандыру шаралары ұйым­дас­тырылғанын айтты. Сонымен қатар елорда маңында адамдарды құт­қа­ру жұмыстары жү­ріп жатқанын, алдыңғы тәулікте 750-ден астам адам құтқарылып, 1,5 мың­нан астам көлік қар құрсауынан шыға­рыл­ғанын жет­кіз­ді. Десе де қар үрлеп тастаған кей жерлерде тұрып қалған 500-ге жуық көлікті эвакуациялау қиынға түсіп тұр. «Бұл көліктерді жол тазар­­тыл­ғаннан соң алып шығамыз. Қазір Қорғаныс министрлігінің бөлім­ше­­лерін жұмылдырып жатырмыз. Арна­йы техникамен адамдарды қар құр­сауынан шығару жұмыстары жал­ға­су­да», деді Ю.Ильин.

Жексенбіден дүйсенбіге қара­ған түні таңғы сағат 06.30-ға дейін Қа­ра­­ғанды облысының Төтенше жағ­­дай департаментінің құт­қа­ру­шы­­ла­ры «Орталық» Өңірлік қол­бас­­шы­лығының әскери қыз­мет­ші­ле­­рі­­мен бірлесіп қар құрсауында қал­ған автокөліктерді шығарды. Олар «Алматы – Екатеринбург» тас жо­лы­ның 1047-1073-ші шақырымында, яғни Теміртау қаласының маңында қар құр­сауында қалған автобус пен жеңіл автокөліктерден 187 адамды құтқарды, оның ішінде 40 бала бол­ған. Адамдар Теміртау қаласының ҚарМИУ және №31 колледжінің жатақ­ханасына орналастырылды. Құтқа­рылған азаматтар медициналық көмекті қажет етпеген. Сондай-ақ жолда 20-дан астам жүк көлігі, 40 жеңіл көлік және 1 автобус қалған. Қат­ты боран салдарынан көрінбей қалған жол үстінде 4 вахта, «Трэкол» жол талғамайтын көлігі және 6 жол тех­никасы құтқару жұмыстарын жал­ғас­тыруда.

Сол сияқты Ұлттық ұлан сарбаздары сенбіден жексенбіге қараған түні «Нұр-Сұлтан – Шортанды» бағытындағы тасжолда қалған 100-ден аса адамды қар құрсауынан шығарды. Олардың арасында 28 ересек, 4 бала және 1 аяғы ауыр әйел болған. Түн ортасы ауа Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі командирінің техника және қару-жарақ жөніндегі орынбаса­ры, подполковник Самат Аюпов пен екі жүргізушісі бар ұландық экипаж, сондай-ақ төтенше жағдай депар­таментінің үш қызметкері жолда қал­ған адамдарды құтқарып, елор­да­ға қайтар жолда тағы 20-ға жуық автокөлікті қардан алып шыққан.

 Автожолдардағы жағдай күрделі

Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев автожолдардағы жағдай әлі де күрделі күйде қалып отырғанын жеткізді. Жалпы, елдің 10 облысында күрделі метеорологиялық жағдай сақталуда. Министрдің айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланыс­ты тұрғындарға жолға шығу жоспарын кейінге шегере тұрып, жолдың ашық немесе жабық екенін бақылап отыру қажет. Жол жабылғаны туралы ақпарат әр 2 сағат сайын жаңартылып отырады. Әсіресе елордада жағдай күрделі. Жуық арада жел күшейіп, аяз басталады және ауа температурасы төмендейді деп күтілуде.

«Эвакуациялық-құтқару жұмыс­та­рына шамамен 2 мыңдай по­лиция қыз­меткері, Төтенше жағ­дай және Ұлт­тық ұлан әскери қыз­мет­керлері тар­тыл­ды. Жолда жүруде жоғары мүм­кін­ді­гі бар 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыстың бәрі ауа райының қиын жағдайында жүр­гізілуде. Сондықтан аза­маттар өз қа­уіпсіздігі үшін елді­ мек­ендер ара­сындағы жолдармен жү­руден аулақ болуы керек. Мұндай жағ­дайда «өзім­бі­лем­дік» қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін», дейді Е.Тұрғымбаев.

 Боран алдағы тәулікте басылады

Жалпы, 26-27 қаңтарда қабыл­дан­ған шаралардың нәтижесінде 2 мың­нан астам адам құтқарылып, қ­ауіп­сіз жерге эвакуацияланған. Олар­дың ішінде жүзге жуық бала бар. Қар құрсауынан 1400-ге жуық техника құтқарылды. Айта кетерлігі, жекелеген жүргізушілер бекеттерді айна­лып өтіп, өз өмірімен бірге жолау­шыларға да қауіп төндірген. «Төтен­ше жағдайдың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі азаматтарға ескерту хабарламаларын ескеріп, ішкі істер органдары мен төтенше жағдай қызметкерлерінің нұсқауын орын­дау­ға кеңес береді», деді Ішкі істер министрі.

Кеше «Қазгидромет» РМК ауа райын қысқа мерзімге болжау бас­қар­ма­сының басшысы Алуа Саханова алдағы күндері боран басылатынын жеткізді. Яғни, 29 қаңтардан бастап солтүстік-батыс антициклоны мен ауа температурасының төмендеуіне бай­­ланысты жауын-шашын тоқтайды. «29 қаңтар күні түнде қар жауып, тұман түссе, 30 қаңтар күні ара-тұра тұ­ман болып, түнде -26 -28, ал күндіз -16 -18 градус аяз болады», дейді А.Саханова.

3