Үкімет • 29 Қаңтар, 2020

Әрбір тапсырма орындалуымен құнды

226 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар қаралды.

Әрбір тапсырма орындалуымен құнды

Экономикалық даму жоспары қабылданады

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету және халықтың табысын арттыру жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. Жалпы 80-нен астам тапсырма берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша шаралар ке­шенін ұсынған Ұлттық экономика ми­нистрі Р.Дәленов орта мерзімді кезеңге ар­налған экономикалық даму жоспарын әзірлеп, үш заң актісін қабылдау қажет екенін айтты. Бұл – жаңа редакциядағы «Техникалық реттеу туралы» заң, Бюджет кодексіне өзгерістер және Денсаулық кодексі. Сондай-ақ үш бағдарламалық құжатты бекіту қажеттігі айтылды. Бұл – Ақша-несие саясатының стратегиясы, Сауда саясаты бағдарламасы және Су ресурстарын басқару бағдарламасы.

«Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын мазмұнды әрі жедел пысықтау қажет. Осыған байланысты Премьер-Министрдің төрағалығымен Үкіметте жұмыс тобын құру ұсынылады», деді Ұлттық экономика министрі. Жұмыс тобы шеңберінде 10 шағын топ айқындалмақ. Бұл топтар Мемлекет басшысының бар­лық тапсырмасын қамтиды. Мемле­кет­тік органдардың бірінші басшылары шағын топтарды басқарады және оларға дербес жауапкершілік жүктеледі. Әрбір шағын топтың шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іс жүзінде орындауға бағытталған нақты шаралар әзірленуде.

Соның ішінде Салық-бюджет саяса­ты бойынша мемлекеттік бюджет­тің тұрақтылығы үшін ашық және праг­ма­тикалық саясат құру бойынша шаралар әзірленетін болады. Барлық салықтық преференциялар мен жеңілдіктер олар­дың тиімділігі тұрғысынан талданады. Биыл 1 шілдеге дейінгі мерзімде Бюд­жет кодексіне контрциклдік бюджет қағи­даларын бекіту бойынша өзгерістер енгі­зіледі. Екіншіден, ақша-несие саяса­ты мен қаржы секторы бойынша (Ұлт­тық банк пен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі) инфляция мен экономикалық өсу арасындағы консен­сусқа қол жеткізуге бағытталған шаралар және биылғы 1 шілдеге дейін ақша-несие саясаты стратегиясы және хеджирлеу инфрақұрылымын дамы­ту бойынша ұсыныстар әзірленеді. Үшін­шіден, Мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор бойынша (ҰЭМ) құзыреттілік пен тиімділікті арттыруға және дебюрократияға қатысты шаралар әзірленеді. Төртіншіден, кәсіпкерлікті, бәсекелестікті дамыту және мемлекет меншігінен алу бойынша кешенді шаралар әзірленіп, іске асырылады.

Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау мен консультация алуын оңайлату мақ­с­атында «Бизнеске арналған үкі­мет» бірыңғай терезесі құрылып, жеке­ше­лендіруге жататын объектілердің тізімі кеңейтілетін болады.

Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп және құрылыс, сауда саясаты, әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, білім беру салалары бойынша барлығы 10 шаралар кешені әзірленеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылғы 15 мамырға дейін ортамерзімді перспективаға арналған экономикалық даму жоспары қабылданатын болады. Жұмыс тобы әзірлеген негізгі шаралар жоспарға енеді. Әрбір орталық мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы орган оны жүзе­ге асыруға белсенді қатысады», деп түйін­деді Р.Дәленов бұл жайындағы сөзін.

 Ақша-несие саясатының стратегиясы

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тиісті іс-шаралар жоспары келісілгенін мәлімдеді.  Оның айтуынша, Ұлттық банк­ке бекітілген іс-шаралар шеңберінде бір­қатар бағыт бойынша жұмысты жүр­гізу көзделген. Оның ішінде ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру, қар­жы жүйесінің тұрақтылығы мен жалпы экономикалық даму қажеттілігі ара­сын­дағы теңгерімді қамтамасыз ету, валюта нарығын дамыту бағыттары бар.

«Ақша-несие саясатының тиімділігін арттыру, инфляциялық күтулерді тұрақ­тандыру және экономиканы ұзақмер­зімді қорландыруды қамтамасыз ету үшін біз биылғы жылғы наурыздың соңына дейін Ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясының жобасын әзірлейміз. Сараптамалық қауымдастықпен талқыланғаннан және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін жоба ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Ұлттық банк басқармасына ұсынылады», деді ол.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Үкіметпен бірлесіп, 2020 жылдың 1 қазанына дейін Ұлттық төлем жүйесін дамыту бағдарламасын әзірлейді. Ұлттық төлем жүйесі барлық мүдделі тараптар үшін өзара тиімді негізде құрылатын болады. 

Сондай-ақ Е.Досаев Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, 2020 жылғы
1 шілдеге дейін Қаржы технологиялары мен инновацияларды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжы­рым­дамасының жобасын әзірлейтінін айтты.

Мемлекет басшысы атап өткендей, тікелей инвестицияларды тарту – елді дамытудың негізгі құралы. Бұл ретте Ұлт­тық банк барынша айқын мәліметті алу үшін 2020 жылғы сәуірден бастап мұнай-газ саласын есепке алмастан тікелей шет­ел­дік инвестициялардың әкеліну статис­ти­касын тоқсан сайын жариялайтын болады.

Бірінші басшылар дербес жауап береді

Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова аталған шаралар аясындағы қаржылық реттеушінің жұмыс бағыттарының бірі ‒ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, оның ішінде банк жүйесін қалыпқа келтіру екенін айта келе, биыл ақпан айында 2019 жылы басталған банк жүйесі активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау аяқталатынын мәлімдеді. «Банк секторын қалыпқа келтіру бюджет қаражатын пайдаланбай нарықтық жағдайларда провизиялар мен капиталдың барабар қорын құру арқылы жалғасады», деп атап өтті ол.

Аталған мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөніндегі Үкімет шараларының кешені осы жылдың соңына дейін мемлекеттік аппарат құрылымын оңтайландыруды, бәсекелестікті қорғау жөніндегі жұмыс­ты күшейтуді, «Техникалық реттеу туралы» заң жобасын дайындауды, серти­фикаттаудың ұлттық жүйесін дамытуды, осы жылдың бірінші жартысында салық жүйесін реформалауды, 2025 жылға дейін сауда саясатының бағдарламасын әзірлеуді, биыл бизнестің бірыңғай ақпараттық сервиске қол жеткізуін қамтамасыз етуді көздейтінін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ­стандықтардың нақты табысы мен тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді», деді А.Мамин. Ол инвестицияларды белсенді түрде тарту, экономиканың шикізаттық емес секторларын, шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру Үкіметтің әрбір мүшесі мен әкімдердің негізгі басымдықтарына айналуы тиіс екенін айтты.

«Ұлттық экономика министрлігі Мем­лекет басшысының тапсырмала­рын іске асыру бойынша шаралар кешенін ұсынды. Жауаптылар мен орындалу мерзімдері анықталды. Енді үйлесімді жұмысты ұйымдастыру қажет. Президенттің алға қойған барлық міндеттері нақты орындалуы тиіс. Бұған мемлекеттік органдардың бірінші басшылары дербес жауап береді», деді А.Мамин.

Президенттің өнімсіз бюджет шығыс­тарын қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет басшысы ми­нистрлерге, өңірлердің әкімдеріне және ұлттық компаниялардың басшыларына бір апта мерзім ішінде Қаржы министр­лі­гіне тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.

 Мақсат – су тапшылығының алдын алу

Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­за­ғалиев 2020-2030 жылдарға арнал­ған Қазақстанның су ресурстарын бас­қару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасын таныстырды. Бұл құжат та Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмасына сәйкес әзірленді.

М. Мырзағалиев атап өткендей, елдің жыл сайынғы жерүсті су қоры 100 текше шақырымды құрайды, оның 46 текше шақырымы Қазақстаннан тыс жерлерде қалыптасады.

«Жалпы, 100 текше шақырым судың 50 текше шақырымы экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қажет. 24 текше шақырымға жуығы экономикада қолданылады, оның ішінде, 16 текше шақырымы  – ауыл шаруашылығында, 7 текше шақырымы – өнеркәсіпте және 1 текше шақырымы су шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланылады», деді министр.

Дүниежүзілік ресурстар инсти­ту­тының бағалауы бойынша, Орталық Азия елдері су тапшылығы жоғары елдердің қатарына жатады, ал Қазақстан орташа-жоғары су тапшылығы бар елдердің қатарына кіреді.

«Ескірген инфрақұрылым және со­ның салдарынан болатын судың ысыраппен пайдаланылуы, сапалы судың тапшылығы, тариф есептеуде қолданылатын тетіктің әлсіздігі, білікті кадрлардың жетіс­пеу­шілігі, көршілес мемлекеттермен су бөлу мәселелері – қазіргі су саласын­дағы аса өзекті мәселелер. Жоғарыда атал­ған проблема­лар­ды шешу үшін Қазақстанның су ре­сурс­­тарын басқарудың 2020-2030 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағдарла­масын әзірлеу қажет. Осы мәселе бойын­ша Елбасы мен Мемлекет басшысы­ның тиісті тапсырмалары бар», деді М.Мыр­зағалиев.

Аталған мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Ел­басы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев біздің алдымызға еліміз­дің су ресурстарын пайдалану мен қор­ғаудың тиімділігін арттыру міндетін қойды. Осыған байланысты Су ресурстарын басқару бағдарламасының тұжырымдамасы жасалды. Ол біздің стратегиялық мақсаттарымызға жа­уап береді және Парламенттен қолдау көрсетілген. Тұжырымдама сала сарапшылары, депутаттар және Nur Otan фракциясының мүшелерінің қатысуымен талқыланды», дей келе, бағдарламаның сапалы әзірленуін қамтамасыз етуді тапсырды.