Руханият • 29 Қаңтар, 2020

Сөз сойыл №88

11648 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Сөз сойыл №88

Шайтанның көкесі

Оған «Кет, шайтан алғыр, шайтандарыңа кет!» – деді.

Ол шайтандарға келді.

Шайтандар арақ-шараптарын ішіп, тамақтарын жеп сол күнгі істеген  әзәзіл істерін әңгімелеп, бір-біріне мақтанып отырған-ды. Келген қонақты дастарханға шақырды.

Бір шайтан: – Ешқандай жазығы жоқ болса да, күйеуіне әйелін мықтап сабаттырдым, – деді.

– Жарадың! – деп жолдастары оны қоштап қойды.

– Содан кейін олар ажырасты ма? – деп сұрады келген қонақ.

– Жоқ, – деді шайтан.

– Осындай да іс болғаны ма! – деп қонақ басын шайқады. – Бұл дегенің қанағатсыз, аяқталмаған іс қой.

Шайтандар енді оған ризашылықпен назар аудара бастады.

– Мен,  деді екінші шайтан, – әкесі мен баласын жанжалдастырғаным сондай, енді екеуі бірін-бірі көргісі   келмейді.

– Жарадың! – деп жолдастары оны да қоштап қойды.

– Тек болғаны осы ма? – деп қонақ тағы да араласты.

– Тек қана осы, – деп шайтан сескене мойындағандай болды.

– Бұл ісің іс емес, бұл – көзбояушылық! – деп қонақ күйіп-пісті. – Бүйтіп іс біте ме, істеген соң әкесі  не баласын қуып шығуы керек еді, не үйге тұруға хұқынан мүлдем айыруы керек еді, ал баласы әкесінен өш алу үшін оның жеңіл мәшинесінің барлық дөңгелектерін жарып кетуі керек еді.

– Бұл ойыма келмепті, – деп шайтан кешірім өтінгендей жер шұқылап кетті. Бөлмеде қолайсыздау тыныштық орнады.

– Мен былай істедім, – деп үшінші шайтан сөзін сенімсіздеу бастады, – бір бастықты  еш  себеп-салдарсыз орнынан алғыздым.

– Одан кейін не болды? – деп қонақ аяғын білуге құмартты.

– Ештеңе де болған жоқ.

 – Біле білсеңдер, мен бұндай істі ешуақытта аяқсыз қалдырмаймын, – деді қонақ. – Газетке сынатып, туған қаласын тастай қашуға мәжбүр етер едім. Ал сіздің бастығыңызды ең болмаса кәсіподақ мүшелігінен де шығарған жоқ па?

– Шығарған жоқ қой деймін, – деді шайтан міңгірлеп.

– Осыны да іс тындырдым деп! – қонақ тас-талқан боп ашуланды. – Сіздердің тамұқтарыңда ешқандай тәртіп деген жоқ екен.

Шайтандар ішіп отырған шараптары мен жеп отырған тамақтарын да ұмытты, тек біреуінің ғана батылы жетіп:

– Кешіріңіз, егер құпия болмаса, сіз жер үстінде қандай іспен шұғылданасыз? – деп сұрады.

–   Шынында   да,   менің істейтін ісімнің құпия екені рас, – деді қонақ. – Бірақ сіздер   ниеттес інішектер болғандықтан жасырмай айтуға   болады,   мен   – домалақ   арыз   жазудың шеберімін. Домалақ арызды қардай боратам, кімнің кім екеніне қарамаймын, тақырып та таңдамаймын.

Шайтандар оған зор ілтипат білдіріп,  масаттана қарасты.

– Жарайды, мен кеттім, – деді қонақ, – сіздерден үлгі-өнеге алатындай ештеңе жоқ екен. Мені сіздерге босқа жұмсаған екен. Сөйтті де ол шығып кетті. Шайтандар оны кеу-кеулеп есікке дейін шығарып салып, тек қонақтары тұманды қараңғылыққа сүңгіп, көзден ғайып болғанда барып бас шайтан демін "Уһ" деп алып:

– Міне, мынауың шайтанның көкесі ғой! – деді дауысы қалтырап, – кеткеніне шүкіршілік етемін, әйтпесе біздің үстімізден домалақ арыз жазады екен деп зәре құтым қалмап еді…

 

Георги СПАСОВ

О, бүкір заман-ай!

 О, тәлейлі  адам-ай,

Қарамайтын шамаң-ай,

Шатысып та жатасың,

Ақылы жоқ баладай.

Ойын-сауық құрады,

Теңіне ешкім қарамай,

Некесіз  туған қыз-жесір

Қоразсыз туған тауықтай,

Тастап та кетіп жатырсың,

Туа сала далаға-ай.

Індет қаптап барады-ай,

Анаша жаулап алды ғой,

Жер бетінде санаңды-ай.

Жалақың да жетпейді,

Жаныңды жүрсің  баға алмай,

Қарыз алсаң банктен,

Қашасың тағы жаба алмай.

Отырасың кей кезде,

Шақырғанға бара алмай.

Қарыз берсең қу қызға,

Қор боласың ала алмай.

Қоймайтын болды басқалар,

Көзін салып жағалай,

Қарайып алған көздері,

Маса құсап қан алмай.

Жезөкшелер жүрсіңдер,

Елді алдап қамалмай,

Көздеріңді май басты,

Жабылып мүлде қалардай.

Мың жасайтын адам жоқ,

Уақытты жүрсің санамай.

Арулар жүр әр елде,

Өзіне сыңар таба алмай.

Алданып қалған қыздар жүр,

Кегін одан ала алмай.

Биік тауда  сулар бар,

Арманда қалған аға алмай,

Өз ұлтын ұмытқан,

Өңшең ғана сараң бай.

Күні үшін байлардың,

Табанын  біреу жалайды-ай.

Тозаққа түбі түсесің,

Күнәңді кері ала алмай.

Түзелмейді көп адам,

Кеудесінен жан алмай.

Тектілердің талайы

Тізімнен қалды саналмай,

Құны кетті адамның,

Қырық жылғы малайдай.

Қайда бастап барасың

Ақыр заман болардай.

Аяғымның бүрі жоқ,

Желініп кеткен тағадай.

Бұзылып бітті бар адам,

О, тәлейлі заман-ай!

 

Қазыхан ӘШЕ

Алматы

 4

Тоңазытқыштың топалаңы

 Күндердің күнінде Өзгегүл жең­ге­лерің:

– Бізге тоңазытқыш қажет! – деп қойып қалғаны...

– Бізде айлықтан басқа... – деп келе жатыр едім:

– Айлық-шайлығыңды басыңа бүркіп бас, тоңазытқыш керек! – деп ақшаң ете қалған соң, әріге барып әбүйір таппайтынымды біліп, алдыма қағаз, қолыма қалам алып, әңгіме жазуға кірістім (жазушылар жазғанына күреп алады деп естігенмін). Айдақ жазумен айдап отырып, мектеп дәптерінің бірін бітіре бергенімде
әйелім:

– Бізге цветной телевизор алу керек! – деп, о бастағы ойын өзгерте қойғаны.

– Оған жетер ақшаны қайдан таппақпын? – дедім.

 Әйелімнің бет-аузы жыбырлап, көзі ойнақшып:

– Цветной телевизор қажет дедім ғой мен саған! – деп талмасы ұстап, қалшылдай бастаған соң, амалым құрып, бітуге тақау әңгімемнің желісін желдіртіп, повесть жазуға бет алдым.

Күн демей, түн демей жазып, повесттің соңғы тарауын қолға алғанымда әйелім:

– Балалардың папасы-ау, ақыр жазған соң ақшасы қомақты бір нәрсе болса игі еді, – деп еркелей үн қатқаны бар. «Әйел иісе, темір балқиды» демекші, көп сөзге келмей, жазып жатқан жайнамазымды жинап алып, маңдайына «пьеса» деп айдар тағып, қайта жаздым.

...Біраз бас қатырып, самай шаш ағартып барып көлемді пьесамды тәмамдай бастаған шағымда:

– Пітуа, бізге жайлы үй керек, – деп жеңгелерің жаныма жантая кетті.

– Маған қайт дейсің, оған жетер ақша қайда?! – дей бергенімде:

– Мына бізбен бірге тұрамын десең, табасың! – деп, айқайын менен асырып, табан тіреп, бүйір таянып тұрып кетті...

...Сонымен аяқталып қалған пьесаның бағытын роман ауылына бұруға тура келді.

Не керек, өлдім-талдым деп, мыңның тең жартысынан астам беттік романымды машинкаға бастырып, басқаны үшін елу мың теңге төлеп, баспаға алып бардым...

Сөйтсем, мен талғажау еткен атамнан қалған тақырып, ертедегі батырлар жырының бір тармағы екен...

Еңсем түсіп, үйге қайттым... Душ­тың астына бір көміліп шықтым да, баспадағылардың: «Талабыңыз қуантады. Тақырып өзгертіп, талпынып көрсеңіз...», деп айтқандары бойынша, осы жасқа дейін «ермек» етіп келген кәсібіме қол сілтеп, жазушылыққа ден қойдым...

Өзгегүл бірер сағат жастықтан бас алмай:

– Қайран ғана елу мың теңгем-ай, машинисткаға бергенше тоңазытқыш алсамшы... – деп қайта-қайта қайталап айтып, айтқан сайын терең күрсініп, күбірлеп жатып ұйықтап кетті...

 

Ерсұлтан МАҒЖАН

Алматы облысы

5

  

Қожанасыр хикаялары

Молда әйелімен тіл табыса алмай жүреді. Әйелі бір көкбет тілі қыршаңқы, шатақшыл еді. Молдекеңді әбден титықтатқан-ды. Ұрыс-жанжалдан жалыққан молда бір досының үйіне екі-үш күнге демалуға барады.

Досы жылы қарсы алып, тамақтанып болған соң ұйқыға жатады. Таңертең молда оянып терезені ашып аулаға көз салса, үй иесі терезе алдындағы ағашты кесіп жатыр екен.

– Жайқалып тұрған ағашты неге кесіп жатырсың? – деп сұрайды молда. – Жаның ашымай ма?

– Молдеке, бұл зұлым ағаш, – депті сонда досы. – Мен бұл үйді сатып алмай тұрғанда осы үйдегі әйел асылып өлді. Ал бүгін көршінің әйелі асылып өлді. Бұған кінәлі осы ағаш деп кесіп тастағалы жатырмын.

– Құдай үшін! – деп айқай салыпты сонда Қожа, – бір күнге күте тұр! Ертең мен әйеліммен осында көшіп келейін...

*  *  *

Қожанасыр әйеліне жетіп келіп:

– Әй, қатын, тезірек ас қамда, бүгін бізге қонақ келеді, – дейді.

– Ол қандай қонақ?! – деп айқай салыпты әйелі. – Үйде жейтін ештеңе жоқ, бала ауру, ал мен моншаға баруым керек, балаларға шешем келіп қарайды.

– Е, міне, осы себепті мен досымды қонаққа шақырып едім, – депті Қожанасыр, – әйел, бала-шаға, ене және олардың ауру-сырқаулары қалай болады – соны өз көзімен көрсін деп едім. Байғұс үйленбекші болып жүр еді.

*  *  *

Бір күні Әмір Темір жиһангер молдадан:

– Молда, менің сарайыма жұлдызшы көріпкел керек еді, бірақ лайықты ешкімді таба алмай жатырмын. Сен жұлдызшы болсаң қайтеді? – дейді.

– Тек әйеліммен бірге ғана жұлдызшы бола аламын, – дейді сонда ол.

– Неге олай? – дейді Темір.

– Баяғыдан бері, – депті сонда молда, – менің пікірім мен әйелімнің пікірі еш­уақытта сәйкес келмейді. Мәселен, егер мен аспанға қарап «ертең жауын болады» десем, ол «жоқ, жауын болмайды» дейді. Бұдан соң әркім өз айтқанынан қайт­пай қояды. Өлсек те бір-бірімізді қош­тап, мойындай қоймаймыз. Айталық, ол биыл егін бітік болады десе, мен сөз жоқ, «жоқ, болмайды» деймін. Бірнеше жыл бойы осылай, не менің, не оның сөзі рас болып шығады. Үшінші жағдай болмайды. Сол себепті тек әйеліммен бірге жұлдызшы көріпкел бола аламын.

6

 

Көрші-қолаң күңкілі

Мереке күнгі көрші келіншектер арасындағы әңгіме.

– Қайырлы таң, көрші. «Бас ауруың» қалай?

– Таң атпай карта ойнауға зытып кетіпті...

*  *  *

– Естідің бе, менің көршім бақытсыздыққа тап болды!

– Естідім! Не жағдай?

– Менің әйелімді алып қашып кетіпті.

*  *  *

– Ана өздерінше «ақылдырақ» қаладағылар баласының музыкаға бейімі болса, оған скрипканы тегін алып бере қоюдың тәсілін қолдана қояды екен...

– Қалайша?

– Қарапайым барабан сатып әпере қояды екен...

– Содан?

– Күндегі қарабайыр даңғылдақ барабанның үнінен зарыққан көршілер ақша жинап, музыкаға бейімі бар балаға скрипка сатып әпере қояды екен...

*  *  *

– Үй тонаушы бір пәтердің есігін енді ашқанда қарама-қарсы есік сәл ашылып, ондағы тұрғын сыбырлай:

– Олар бағалы заттарын гүл салынған ыдыстың түбінде, ал ақша атаулыны аквариумның астында сақтайды, – деген екен.

6

 

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР