Сұхбат • 03 Ақпан, 2020

Дүниеде «Манас» пен «Қорқытқа» жететін жыр жоқ

710 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Әзербайжан әдебиетінің ардағы Анармен әңгімеде айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы

Дүниеде «Манас» пен «Қорқытқа» жететін жыр жоқ

Біздің білетініміз: Ол әде­биет­ті әспеттеген отбасында туып-өсті. Әкесі Расул Рза да, ше­шесі Нигяр Рафибейли де ау­зымен құс тістеген ақындар-тұ­ғын. Өнерге бейім өрен музыка мектебінде оқығанымен аңсары қалам-қағазға ауа беретін. Тағдыршешті таңдауы ақы­ры Әзербайжан мемлекеттік уни­верситетіндегі филология фа­культетінің табалдырығынан аттатты. Кейін Мәскеудегі жоғары сценарлық және режиссерлік курстарда білімін жетілдірді. Мә­­дениет мәселелеріне арналған «Гобустан» альманағына редак­тор­лық етті. Бірнеше кино сце­нариінің авторы атанды. Тіпті, режиссер ретінде екі-үш фильмді түсіріп тастады. Бірақ бір басына жетерлік атақ-даңқты әкелген қаламгерлік қарым-қабілеті еке­ні әмбеге аян. Оның еларалық дең­гейде танымал есім-сойы кешегі кеңестік заманда дүйім көп­шілікті дүр сілкіндірген Шың­­ғыс Айтматов, Нодар Дум­бадзе, Әбіш Кекілбаев, Грант Ма­тевосян, Фазыл Искандер, Юрий Рытхэу, Владимир Санги, Қайсын Құлиев секілді алыптармен бірге аталады. Отыз жылдан астам уақыттан бері Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы. Елеулі еңбегі үшін көптеген мәр­тебелі марапат алған. Мем­лекеттік сыйлықтың лауреа­ты. Милләттің мақтан тұтар мар­ғас­қасы болғандықтан ел Пар­ламентінің алғашқы отырысын ашу құрметіне бөленген. Ең бас­тысы, шұрайлы шығармалары ояу жүректі оқырман олжасы­на айналғаны қашан. Біраз дү­ниелері белгілі прозаик Берік Шахановтың тәржімалауымен қазақ тілінде де жарық көрген.

Анар ағаның айтқа­ны: – Бә­рі алған тәрбиеңе байланысты бол­са керек. Өлеңді өмірлерінің өзегіне айналдырған ата-анамның маған үйреткен үлгі-өнегесін айтып тауыса алмаймын. Екеуі де ерекше жаратылған жан­дар еді. Олар туралы мен «Сіздерсіз» атты роман-эссе жаз­дым. Сөйтіп перзенттік па­ры­зымды өтеуге тырыстым: көр­ген-білгендерім мен көңіліме түй­гендерімді жарияға жеткіздім.

Шынтуайтында әкем менің филфакта оқығанымды онша қа­ламады. Басқа басалқалы ма­ман­дықтардың бірін меңгеру қажеттігін санама сіңіріп бақты. Мәселен, дейтін ол үйішілік сырласу үстінде, – басқа саладан келіп жазушы, журналист болғандар көп, ал гуманитарлық дипломмен инженер немесе дәрігер атан­ғандар жоқ дейтін үгіт-насихатын үстемелей түсіп. Бірде Мәскеуде іссапарда жүргенде жазған хатын «Мен саған дәл ғылыммен айналысу жөнінде кеңес берер едім. Әгәрәки, Горький атындағы әдебиет институтына немесе МГУ-дің филология, я болма­са журналистика бөліміне құжат тап­сыруға ыңғай танытсаң, қар­сылық білдірмеймін. Талғамыңды таразылап дұрыс таңдау жасай­тын­дығыңа сенемін» деп аяқтапты.

Әкенің айтқанын тыңдап, айдауына жүретін бала қайда? Албырт шақтың асқақ романтикасы алды-артына қаратпай ала жөнелді. Көңіл шіркін көктегіні көксейді. Қиядағы қыранның жер­ден жем жейтінін есеп қыл­майды. Бұл жақсы ма, жаман ба? Оны ойлап жатпайсың. Тір­шілікті тереңірек түсіну үшін нақ­тылықты сүйетін кәсіптердің бірінің құлағынан ұстағаным дұры­сырақ па еді, кім білсін?!

Бірақ әйтеуір ата-анамды ұят­­қа қалдырмағаныма іш­­тей шү­кіршілік етемін. Ең қы­зы­ғы, менің балаларым да әде­биеттің ауы­лынан алыс кет­педі. Египеттегі елші ұлым сатира сарбазы болғысы келе­тін сияқ­ты. Туындылары өткір­лігімен һәм өзектілігімен ерек­шеленеді. Қызым да әулеттік дәс­түрімізді жалғастырып жүр. Кітап­тары бірнеше тілде жарық көрді. Бакудегі кітап орталығын басқарады.

Көзімді ашып көргенім – кітаптар. Ес білгеннен есті­ге­нім – әдебиет төңірегіндегі әң­гімелер. Үйімізден мәртебелі меймандардың аяғы үзілмейтін. Кім­дер келіп, кімдер кет­педі де­­се­ңізші. Кеңестік классик­тер­дің төрімізде отырып, дас­тар­қа­­нымыздан дәм татпағандары кемде-кем. Солардың сөлді сөздері әде­биет ауылына ат арқандауды армандай бастаған балаң қиял­дарымды аялай тербеткені анық. Ұлағатты жандарға ұқсап бақтым. Еліктеу-солықтау соңы жазу-сызуға деген мәңгілік махаббатқа ұласты білем.

Біздің білетініміз: Ақылдан ақша озған қоғамда әде­биеттің айы оңынан туа қой­майтыны анық. Бүгінде бәріміз жарыса жамандап жүрген со­циа­листік реализм тұсында жазушыларымыз идеологиялық қыс­паққа түс­кенімен, қаржылық жағы­нан таршылық көрмегені жасы­рын емес. Талап біреу-ақ – өкі­меттің саясатына сай келетін та­қы­рыптардың аясынан шық­пасаң болғаны. Қара теңіздің жағасындағы қаптаған демалыс орындарының ішінен қалағаныңа бар да, шабытыңды шақырып бұрқырата бер. Наз жүрмейтін на­рығыңыз онсыз да оңып тұр­маған руханиятты жоспарлы шы­ғынға батырды. Осындай ке­ңінен көсілуді көтермейтін қиын-қыстау кезеңде Әзербайжан Жа­зушылар одағының тізгінін ұзақ уақыт ұстап отыру оңай емес, әрине. Өйткені анау жоқ, мынау жетпейді. Мұң-налаға толы мұндай тығырықтан жол табуда бірінші басшының халық пен билік алдындағы абырой беделі аз рөл ойнамайтыны айтпаса да түсінікті.

Анар аға айтады: – Одақ бас­­шы­сының орынтағына жай­ғас­қаныма отыз екі жылдан асыпты. Бұған бір жағынан мақ­танамын. Себебі мені ЦК-ның пәр­менімен жоғарыдан «түсірген» жоқ. Жазу­шылардың өздері сайлаған бірінші төрағамын. Ал енді тым ұзақтау отырғаным үлгі етерлік үрдіс емес екенін ішім сезеді. Жағдай солай болып тұрса қайтейін...

Білесіз бе, біздің өзімізге тән қиындықтарымыз бар. Баяғыда цензура аяқ-қолымызды байлап тастап, ойдағымызды жаза алмадық қой. Енді, міне, еркіндік тиіп еді, материалдық кедергілерге маталдық. Бұрын кітаптарымыз жүз мың тиражбен басылса, қазір екі мың дананы қанағат тұтамыз. Әдеби журналдарымыздың да тара­лымы мүлдем азайып кетті. Егер топырағы торқа болғыр Пре­зидентіміз Гейдар Әлиев Жазу­шылар одағын бюджетке кір­гізбегенде, баспасөз құралдарына субсидия бөлдірмегенде шығар­машылық ұйым шаңырағы шай­қалып кететін еді. Елімізде кәсіби 1800-дей жазушы тіркелген. Солардың әрқайсысы өзін Ни­зами, Физулиден кем санамайды. Сөйтпесе сөлді сөз тудыра ма!

Өкінішке қарай, жалпақ жұрт жа­зушылардан көрі эстра­да жұлдыздарын көбірек біле­тін «ауруға» ұшырады. Оқырман­дарымыз бұрын қолтаңба алуға құштар болса, бүгінде суретке түсуге сүйрелейді. Сен қалайсың ба, жоқ па, шаруасы шамалы. Әр заманның өз ерекшелігі болады да. Көреміз, көнеміз...

Әдебиетке шынайы берілген­дер ештеңеге қарамай жазып жатыр. Ал ақша мен атақ қуушылар тұйыққа тіреліп тұр. Бүгінде әде­биет сені асырай алмайды. Әде­биетке құлақкесті құл болу үшін шек­тен шыққан жанкештілік қажет.

«Поэт в России больше чем поэт». Орыс поэзиясының ортаң­қолдай өкілі Евгений Евтушен­коның бұл қанатты сөзінің астарында адам айтқысыз ауыр жүк жатыр. Неге екенін қайдам, ба­сына қара бұлт үйірілгенде қа­райған халық жәутеңдеп жазушылар жаққа қарайды. Біздегі Қарабақ оқиғасына байланысты қаламгерлер қауымы бұғып қал­мады. Аттандап алдыңғы шепке шықты. Бірнешеуіміз қол қо­йып Горбачевқа телеграмма жө­нелттік. Жазушылар одағы ел аумағының тұтастығын сақ­тау жөніндегі орталыққа айнал­ды. Кейін саяси партиялар пайда болған соң сабамызға тү­сіп, негізгі жұмысымызбен ай­­­налысуға көштік. Кезінде Ж­азу­шылардың шығармашылық үйін соғыс сойқандарынан зардап шеккен қарабақтық босқындарға берген едік. Президент соны жөн­детіп өзімізге қайтару жөнінде пәрмен берді. Әріптестеріміздің әлеуметтік қамқорлықтардан да тысқары қалмағанын атап өтуге тиіспін. Әдебиетке адал қызмет қылушы аға буын мен кейінгі толқын өкілдеріне жыл сайын арнайы грант бөлінеді. Осылайша ел қатарлы ептеп күн көріс жасап жатқан жайымыз бар.

Біздің білетініміз: Қазақстан мен Әзербайжанның тарихи та­мырластығы әріден бастала­ты­ны белгілі. Қазір де екі елдің ын­­ты­мақтастығы интеграция та­лаптарына сай тереңдей түс­кен. Осы орайда мәдени-ру­хани араластықтың алар орны ай­рықша. Бұған біздің кейіпкеріміз де қомақты үлес қосуда. Қазақ бауырларына оң қабақпен қарайды. Былтыр Бакуге іссапармен барған ақын Ерлан Жүніс оның қызмет үстелінің үстінде Абайдың ша­ғын мүсіні тұрғанын желпіне жет­кізгенде жүрегіміздің жылып сала бергенін қайтіп жасырамыз. Елден естуімізше, Анар ағамыз қазақтың кіндік қаласында жүргенінде хал-ахуалын сұрап жерлестерінің бірі телефон соғыпты: «Халім қайдан жаман болсын. Жегенім – қазы-қарта, ішкенім – қымыз. Бакуге барған соң сірә, жылқы болып кісінейтін шығармын», – депті қазақтардың қонақжайлылығына сүйсінісін әзілмен әдіптеп.

Анар аға айтады: – Ас­қар тау асып, телегей теңіз ке­шіп Қа­зақ­станға осымен үшін­ші рет келдім. Алматыда, бірде Ас­танада ат шалдырғаным есте. Әрине ондағы әсерлерім айрық­ша. Ал бүгінгі Нұр-Сұлтанның кел­беті тіпті керемет. Көз тоймас көркемдігі еріксіз таңдай қақ­тырады. Сәулеттік сән-салта­на­ты асқақтаған самаладай ша­һар салған қазақтарға қайран қа­ламын.

Мен сіздердің мемлекет­теріңізге мейлінше меймандос­тық­пен мейірлене қараймын. Түтін­деріңіздің түзу ұшуына тілек­теспін. Өйткені біздің түп-тұқия­нымыз ортақ, дініміз бір, тіліміз ұқсас Әзербайжанда Абай­ды, Әуезовті ардақтайды, Олжас Сүлейменов, Әбдіжәмил Нұрпейісов, Мұхтар Шахановты ба­ғалайды. Айтпақшы, осы жолы өзіммен бірге Ұлықбек Есдәу­лет­тің жуырда ғана әзербайжан тілін­де шыққан өлеңдер жинағын әкелдім.

Әртүрлі әдеби жиындарда қа­зақ­стандық қаламдастарыммен әрдайым шұрқырай табысамын. Заманымыздың заңғар перзенті Олжас Сүлейменовпен сыйлас доспын. Ол еліміздің басына бұлт үйірілген қиын күндерде біз­бен бірге болды. Тарихымызда өш­пес­тей таңбаланған 90-жыл­дың қаралы қаңтарында шақыр­туымызды қабыл алып, Бакуге бір­­ден ұшып келгенін қалай ұмы­тайық. Қатты суық тиіп, дене қы­зуының көтеріліп тұрғанына қарамапты. Сабазың айналадағы атыс-шабыстан саспады. Қанды қақ­тығыстың қаңғыған оқтары жайғасқан мейманханасының қабырғасынан қайтып, өміріне қауіп төндірсе де сыр бермеді. Қазақтарымның қадір-қасиетін сонда жан-тәніммен сезінген едім.

Біраз хикаяттарымды қазақ­шаға аударған Берік Шахановпен тонның ішкі бауындай аралас-құраласпын. Алматыдағы оның, Бакудегі менің шаңырағымда шал­қып-тасып, екеуара етене сыр­ласқан сәулелі сәттер ойыма жиі оралады. Әлгінде сіз менен «Шеңбер» атты хикаятымдағы «Раз­делся лег. Погладил рукой ви­ся­­щию над кроватью карту, угадывая в темноте казахские наз­вания: Каратау, Аксуат, Аягуз...» деген жолдарды ауызға ал­дыңыз. Ол жерлерде ешқашан болған емеспін. Сталиндік депортация ке­зінде сол жаққа жер ауда­рыл­ған таныстарымның айтуынан білемін. Аталған ауылдар мен тау­ды көргім келеді. Бірақ сәті бір түспей-ақ қойды. Ғұмырым болса көрерміз...

Біздің білетініміз: Түбі бір туыс­тардың басын біріктіре алмай Тұранның ту ұстаған талай тұл­ғалары өкінумен өмірден өтті. Баяғы бағы ұшқан бастарына бодандық ноқтасын киген бауырлас елдер арасындағы байланыс үзіліп, бір-бірінен алыстағадай күй кешті.

Дүние-ай, десеңші. Ұлы түр­кінің ұпайы түгенделер ақжарыл­қап күн туар ма екен алдымыздан. Күпті көңілді жүз күдік жайласа да, жасындай жарқ еткен жал­ғыз үміт жарқын болашаққа же­те­лейді.

Аңсаған азаттық таңы атқан соң озбыр отаршылдық ойран сал­ған санамызға сәуле түсіп, ар­ғы бастауларымызды іздеуге аңсарымыз ауды. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде тары­дай шашыраған түркі тілдес ұлт­тардың өзара барыс-келісі өрістеп, жатбауыр бола жаздаған жақындар қайта қауышты. Туыс­тық туын биік­тетуге аянбай атсалысқан қай­раткерлер қата­рында Анар Расул­оглы Рзаевтың да жүргені әм­беге аян.

Анар аға айтады: – Сы­­пайылық сақтап, сызылмай-ақ қояйын. ТҮРКСОЙ-дың құ­ры­луына бастамашы болған­дардың бірімін. Орайын тауып, түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сын ашу қа­жеттілігін Тұрғыт Озалға да, Сүлеймен Де­мирелге де айттым. Ақыры Түркі­ тіл­дес мемлекеттер басшыла­ры­ның қолдауымен осынау беделді халық­аралық ұйым кереге керді. Оның алғашқы бас хатшысы біз­дің дарынды композиторымыз Полат Бұлбұлоғлы болғаны мәлім. Түркі кеңесі, Түркі акаде­миясы аясында ауқымды істер атқарылуда. Мұның бәрі біздің бір-бірімізбен жақындай түсуімізге септігін тигіз­бек. Кейде ғалымдарымыз ортақ түркі тілін енгізген абзал деген сыңайда емеурін білдіріп қояды. Меніңше, бұл – ешқашан жүзеге аспайтын шаруа. Өйткені қазақты иулдуз, әзербайжанды жұлдыз деуге көндіре алмайсың.

Қазақстанның латын әліпбиіне көшу бағытындағы қадамын құп­таймын. Тек бұған бұрынырақ көшкен ағайындарының қателік­терін қайталамаса болғаны.

1926 жылы Бакуде түрко­лог­тардың бірнеше съезі өткенін білесіздер. Сонда сөйлеген Ахмет Бай­­тұрсынов латынға көшпей-ақ араб әліпбиіне бейімделуді ұсыныпты. Дұрысы сол еді. Қан­шама қазыналарымыз араб ал­фавитімен жазылған. Әттең, қы­зыл өкімет жалын кесіп тастады. Болары болып, бояуы сіңген соң өкінгеннен не пайда?!

Біздің білетініміз: Анар ақса­қал­дың өмірі мен шы­ғар­­машылық жолына шолу жа­сасақ, қайраткерлік қыр­ларына тоқталсақ, ақпарат құрал­дарын­дағы интервьюлерін оқысақ, он­дағы көтерілген мәйекті мәсе­лелердің байыбына барсақ, кейіп­керіміздің әуелден-ақ түрік­шілдік бағытты ұстанғанын бай­қаймыз. Осыған байланысты Бе­рік Ша­ханов ағамыздың аузынан естіген мына бір әңгіме есіме түсіп отыр. Алматыдағы алқалы әде­би фо­румға қатысушылардың бі­разы жағалары жайлауда бейресми жағдайда әңгіме соғып отыр­май ма. Сонда соқталы сөз сүлей­лерінің біреуі әзіл-шы­­нын араластыра Шыңғыс Айт­ма­товтың түрі түріктерге ұқсай­ты­нын айтып қалыпты. Кеу-кеулес­кен көңілді топ езулеріндегі күл­кіле­рін енді жия бергенде, Ане­кең жұлып алғандай: «Өй, сендер өзі қызық екенсіңдер. Осындағы бә­ріміз түрік емеспіз бе?! Тек Шың­ғыс – қырғыз түрік, сен – қазақ түріксің, мен – әзер­бай­жан түрікпін...», депті айна­ла­­сындағыларға астарлы ойын аң­ғартып. Мазмұны социалистік мәдениеттің малтасын езген өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында мұндай «қылжақты» советтің солақай саясаты көтере алмайтын. Түрікшілдіктің аяғы қайда апарып соғатынын түсінгендіктен бұлайша батылдау сөйлеуге екінің бірінің жүрегі дауалай бермейтін. Соған қарағанда, бұл кісінің өнбойында тектілерге тән өр рух атойлап тұрған тәрізді.

Анар аға айтады: – Ұлт­­тық дәстүрлерімізді ұлық­тау­ға келгенде алдына жан салмайтын әкемнің үзеңгі дос­тарының бірі оғаш ойлары­мен билікке жақпай, елінен Мәскеуге ауған түріктің аса көрнекті ақыны Назым Хик­мет бо­латын. Қоғамдық құбы­лыс­тарды келемеждегенде тілінен у таматын әйгілі Әзиз Несин­мен де дидарласып, лебізін тың­да­дым. Мүйізі қарағайдай бұл мықтыларың оңаша отырыстарда қаңсыған түркілік тамырымызға қан жүгірту қажеттігін қамыға айтатын. Осындай мәслихаттар ой-өрісіміздің кеңеюіне әсер етпейді деймісіз.

Оның үстіне аяулы анамның төркін жағы да жақсы-жай­саң­дардан кенде емес-тұғын. Нағашы атам – Денсаулық сақтау министрі болған кісі. Большевиктер атып тастады. Ұрпақтары қуғын-сүр­гінге ұшырады. Кейбіреулері эми­­грацияға кетіп тынды. Түр­ки­ядан пана тапты. Арнайы ша­қыр­тумен өзім де Ыстанбұл уни­вер­си­тет­терінде әзербайжан ті­лінен дә­ріс оқыдым. Сөйтіп түр­кі­лік негі­зі­мізге жақындай түссек керек.

Біздің білетініміз: Қазақ пен әзер­байжанды бай­ланыстыра­тын алтын арқау тым әріден желі тартады. Сонау ХІІ ғасырда әзер­байжанның ұлы ақыны Низами Гян қыпшақ аруы Аппаққа арнап «Сенсіз» дейтін мұңды өлең жазған. Қазіргі Әзер­байжанның аумағында Қазақ атты аудан бар. Қайдан білейік, аталған өңір тұрғындарының түр-түсі біз­ге ұқсайтын көрінеді. Онымен қоймай өздері етке құмар және өлең-жыр құрауға бейім дегенді құлағымыз шалады. Анық-қа­ны­ғын ғалымдарымыз ажы­рата жатар.

Мұқым түркінің ортақ мұрасы саналатын «Қорқыт Ата кітабы» жайында да зерделі зерттеулер жетерлік. Қармақшыдағы Қорқыт бейіті, қобызға сарын қосқан жау­һар жырлар, қылаяғы «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дейтін мәтелге айналған мәнді тіркес көненің көп шежіресінен сыр шерткендей.

Анар ағаның айт­қа­ны: – Қазақстанның Қы­зыл­ор­да облысында ғана емес, та­ғы бір­неше елде зираты барынан ха­бардар­мын. Әзербайжанда мазары бол­ма­ғанымен, теңдессіз эпостың ішінде біздің елдегі жер-су атаулары көбірек айтылатыны талассыз ақиқат. Ең бастысы кітап­тың тілі әзербайжаншаға жа­­қындау. Оғыз тілі – түрік, әзер­бай­жан, түрікмен, гагауз тіл­дерінің атасы.

Мен «Қорқыт» кітабымен бо­та тірсек бозбала шағымда та­ныс­тым. Әр оқыған сайын сан түрлі жаңалық ашамын. Ондағы оқиғалар көз алдымда кино кө­рініс болып көлбеңдейтін. Содан отыра қалып сценарий жа­зайын. Бірақ проза жаныма жа­қындау болғандықтан ойым по­веске айналып кетті. Мен жыр­дағы он екі сюжеттің басын қосып өзім­ше өрнектедім. Қал-қа­дерім­ше көненің көзіндей рухани қ­а­зынаның көркемдігін жоғалт­пау­ға тырыстым. Фольклорға ой­дан қосқан образдарым да жоқ емес.

Түркі әлемі көптеген ұлы ақын­ды дүниеге әкелді. Алай­да түркі тектестер арасынан Шекс­пирмен шендесетін драматургтер, Сервантес, Достоевский, Толстой және Бальзакпен иық тірестіруге жарайтын романис­тер шықпағанын мойындауға тиіспіз. Есесіне олардың жырлары өзінің поэтикалық қуаты, көлемі жағынан «Қорқыт» пен «Манасқа» жетпейді.

«Қорқыт Ата кітабы» – әйдік әлем. Халық өмірінің тұтас энциклопедиясы. Бұл – Отанды сүюге үндейтін ода. Ғылыми пайымдаулар бойынша ол Гомердің «Одиссейінен» бұрын туған. Қор­қыт – кітаптың аты айтып тұрған­дай, осынау орасан зор еңбектің авторы. Мен Қорқыт туралы «Сөнген оттың жарығы» атты екі сериялы фильмнің сценарийін жазу құрметіне ие болдым.

«Қорқыт» – біздің ортақ мәде­ние­тіміздің мәйегі. Түркі­ тілдес мемлекеттер кинематографистері бірігіп сүбелі сериал түсірсе деген арманым бар. Бұйырса, ондай мақсатқа да жетер күн болар, бәлкім...

 

Әңгімелескен

Талғат БАТЫРХАН,

«Egemen Qazaqstan»