Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин форум қатысушыларына арнап сөз сөйлеп, Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлы күн тәртібін және осы бағыттағы одаққа мүше елдердің ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін Алматыдағы басқосу іскерлік дәстүрге айналғанын атап өтті.
Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин бұл жиынның цифрлы трансформация мен жаһандық экономиканың келешегі, сондай-ақ ЕАЭО-ның цифрлы күн тәртібі талқыланатын кәсіби алаңға айналғанын жеткізді. Ол бұл басқосудың аталған мәселелердің ЕАЭО-ның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалының маңызын жақсы түсінуге мүмкіндік беретініне және күрделі заманауи сын-тегеуріндерге жауаптарды әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.
«Цифрлы технология экономикалық сектордың кейбір сегменттерін жойып, адам күшін алмастыра бастады. Еңбек қатынастарына әсерін тигізіп, қоғамның тұрмыс-тіршілігін, салық саясатын басқа бағытқа бұрып жіберді. Бұл қоғамдық және мемлекеттік институттарға қауіп төндіреді. Біз алдағы уақытта осы мәселені жүйелеп алуымыз керек» дейді М.Мишустин. Ол сондай-ақ интеграцияланған және цифрланған экономикада делдалдарға орын жоғын да еске салды. Себебі осыған дейін сатып алушылар мен сатушылар арасындағы делдалдық байланыстардың иірімдерінен құзырлы орындар хабарсыз болып келген. Енді ол күндер келмеске кетті.
«Цифрлы платформалардың бизнес-модельдері контентті жақсартуға, қызметтерді күшейтуге, пайдаланушыларды көбірек тартуға және капиталдандыруды, жедел технологияларды, соның ішінде ақпаратты технология көмегімен жылдам арттыруға мүмкіндік беретін ғаламдық пайдаланушылардың деректерін жинауға негізделеді. Цифрлы бизнес минималды материалдық активтерге басымдық беріп, талант пен білім, сондай-ақ зияткерлік меншікті басты орынға шығарады. Экономиканы цифрлы тұрғыдан қайта құрылымдау үшін мемлекеттің, ұйымның рөлін, федералды және басқа органдардың жұмысын қайта қарастыру талап етіледі», деді М.Мишустин. Сондай-ақ Ресей еуразиялық интеграция динамикасын оның қызметінің барлық бағыты бойынша оң бағалап отырғанын айтып, мәселені ұлттық органнан жоғары тұрғыда реттеу тиімдірек болып келетінін айтты.
«Алға мынадай мақсат қойдық: «Бестік» елдері экономикасының өсімін қамтамасыз ету. Сонда одақта өмір сүретін адамдар ортақ кеңістіктің артықшылығын сезініп, тең мүмкіндіктерді пайдалана алады», деді Ресей Үкіметінің басшысы.
Форум бұдан кейін журналистер күткен тақырыптарға қарай ойысты. Қазіргі жағдайда Қазақстан және басқалар үшін де сыртқы серіктестермен тұрақты экономикалық байланыстарды дамытуға балама болар жол жоқ. Себебі әр елдің интеграция негізінде өз мүддесі бар. Ешкімнің есе жіберіп алғысы келмейтінін және реті келсе жаңа мүмкіндіктердің жалына жармасып қалатынын осыған дейінгі басқосуларда талай байқағанбыз. Қазақстан үшін бұл – бірыңғай кеден нормалары базасында экспортты жеңілдету, салықсыз сауда, әлемнің басқа макроэкономикалық аймақтарына шығуға жол ашатын интеграция. Отырыстың күн тәртібінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытуға, ЕАЭО ішкі нарығындағы кедергілерді жоюға, сондай-ақ экономиканың жекелеген салаларында интеграциялық әлеуетті дамытуға бағытталған 14 мәселе қаралатыны белгілі болды. Қазақстандық тарап бәсекелестіктің жалпы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл төлеудің қолданыстағы рәсімдеріне өзгерістер енгізу туралы бастама көтерді. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, әбден ақжемденіп кеткен тақырып болатын.
Еліміздің Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов зардап шеккен тарап залалды өтеу мүмкіндігінен айырылып келгенін, шеккен зиянды құқық бұзушы тіркелген елдің сот органы арқылы өндіріп алуға құқы болса да, бұл қосымша уақыт пен қаржылық шығындарды талап ететін ұзақ процедура екенін ЕАЭО елдерінің премьер-министрлері алдында жайып салды. «Ең бастысы, қолданыстағы ереже одақтың басты құндылықтарының бірінен саналатын іскерлік мүдделерді қорғамайды», деді Б.Сұлтанов.
ЕАЭО-ның цифрлы күн тәртібінің аясында Қазақстан мемлекеттік сатып алу рәсімдерін толық цифрландыру қажеттігі туралы мәселе көтерді. «Цифрлы технологиялар сатып алуға қатысушылар үшін неғұрлым ыңғайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа қатысатын барлық елдерде 100% мемлекеттік сатып алудың электронды форматына көшу ЕАЭО заңнамасында белгіленген ұлттық режім қағидатын толық қолдануды қамтамасыз етеді», деді Қазақстанның Сауда және интеграция министрі. Сондай-ақ ол заңсыз бағдарламалық қамтамасыз ету, көлеңкелі жолмен шығарылған өнімдер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі өз бағдарламаларын өндірушілерге айтарлықтай зиян келтіретінін де ескертті.
«Қарақшылық өнімдерге қарсы күрес – әлемдік тәжірибе. Біздің елдеріміздің әрқайсысының контрафактілік бағдарламалары бар. Бірақ біз экономикалық одақта авторлық құқықты бұзудың жалпы тәсілдерін жасау керек деп санаймыз. Бұл ЕАЭО-ның экономикалық интеграциялық бірлестік ретіндегі позициясын күшейтеді», деді министр. Сонымен қатар цифрлы көлік дәліздерін құру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтып өтті. Бұл да сарапшылар тарапынан көп күткен ұсыныс болатын. Цифрлы көлік дәліздерін енгізу ақпараттық өзара іс-қимыл деңгейін жоғарылатады, сондай-ақ бизнес үшін көліктік бақылау рәсімдерін жеңілдетеді.
Беларусь Премьер-министрі Сергей Румас 2020 жылы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО органдарында төрағалықты қабылдаған тараптың өкілі ретінде еуразиялық интеграцияның одан әрі жүйелі дамуы үшін барлық күш-жігерін салуға ниетті екенін айтты.
«ЕАЭО нарықтарындағы шектеулерді алып тастауға, сондай-ақ тосқауылдардың жаңа түрлерінің пайда болу мүмкіндігінің алдын алуға назар аударылды». Бұл мақсатқа қол жеткізу құралдарының бірі – бірінші кезекте техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шаралар қолдану, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру, субсидиялар ұсыну тәрізді салаларда ЕЭК-ның ұлттық органдардан жоғары құзыреттерін күшейту. Алдағы уақытта негізгі басымдық кедергілерді жоюға, ЕАЭО нарықтарындағы шектеулерді алып тастауға, сондай-ақ кедергілердің жаңа түрлерінің пайда болуының алдын алуға бағытталу қажет. Ең алдымен техникалық реттеу және санитарлық-эпидемиологиялық салалардағы ЕЭК ұлттық құзыреттілігін нығайту. Ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру және субсидиялар беру мәселесін шешіп алуымыз керек. Одақтың мақсаттарына қайшы келетін және өзара саудаға кедергі келтіретін ұлттық заңнамалық актілерді қабылдаудың алғышарттарын жою өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және басқа саладағы бірыңғай саясатқа көшумен байланысты. Менің ойымша, негізгі базаны құрған жалпы инфрақұрылымдық жобаларды құру туралы мәселелерде, мемлекеттеріміздің экономикасы үшін тең болуы тиіс техникалық реттеуге байланысты жобаларды құруда айтарлықтай ілгерілеу керек», деді С.Румас.
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян цифрлы салада ЕАЭО алдында тұрған негізгі трендтер мен сын-тегеуріндер туралы айтты. «Цифрлы экономика тәуелсіздігі сөз болғанда ЕАЭО-ға бізден бұрын мүше болған мемлекет басшылары «Біз әзір оны талқылайтын кезеңге жеткен жоқпыз. Біз қолдағы ақпараттардың бәрімен сіздермен бөлісуге дайын емеспіз. Оның уақыты келеді. Сіздер уақыттан алға озып кетпеңіздер» деген уәж айтады. Сонда цифрлы экономика тәуелсіздігі дегенді біз қалай түсінеміз? Және біз оны қалай басқарамыз? Мен осы сауалдарға жауап күтемін», деді ол. Оның түсіндіруінше, Арменияның бірінші сыныпты 10 мың бағдарламашысы басқа мемлекеттер үшін жұмыс істейді. Сонымен қатар Арменияның IT-компаниясы Қазақстандағы тендерді ұтып алды және шетелдік платформаны қолданып, ЕАЭО аясында емес, басқа халықаралық платформалар арқылы ақпарат алады. Спикердің айтуынша, бұл одақ елдерінің өз деректерін қорғамайтынын білдіреді. «Еуропалық одақ дерекқорды қорғаудың нормативті құжаттар пакетін қабылдады. Осыған байланысты жүздеген ақпараттық компания ЕО-да жұмыс істеу мүмкіндігін жоғалтты. Біз цифрлы экономиканы қалай басқаратынымыз туралы ойлауымыз керек. Бұл мемлекеттік құрылымның ойлау жүйесін өзгертеді. Сонымен қатар бізге Amazon және Alibaba сияқты корпорацияларды көшіруге тырысудың қажеті жоқ. Өйткені олармен бәсекеге қабілетсізбіз. Сондықтан өзіміздің жеке жүйемізді дамыту керек. Бұл мәселені шешудің кілті – заманауи процестерді басқару жүйесі. Біздің елдеріміз өзінің цифрлы егемендігін бөлек жүзеге асыра алмайды, жалғыз мүмкіндік – оны еуразиялық жоба деңгейіне көтеру», деп түйіндеді Т.Саркисян.
2019 жыл ЕАЭО үшін маңызды жыл болды. Біріншіден, одақтың құрылғанына 5 жыл толды, алдағы 5 жылға одақтың дамуына негіз қаланды. Екіншіден, бірқатар маңызды құжат қабылданды. Әрі қарай дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді, одаққа мүше елдердің ішкі су жолдарына қолжетімділікті жеңілдететін кеме жөнелту туралы келісімге қол қойылды, ортақ энергетикалық нарықты құру үшін құқықтық негіз құрылды, ЕАЭО үшін ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілді. 2019 жылғы 20 желтоқсандағы Жоғары экономикалық кеңестің отырысы барысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жұмысшыларын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойылды.
АЛМАТЫ