Оның айтуынша, тиелген жүктің үштен бір бөлігі, яғни 82,5 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді. Компанияның негізгі қызметінен түскен табыс көлемі 930 млрд теңгеден асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға жоғарылапты.
– Былтыр тарифтік жүк айналымы 1,8%-ға ұлғайды. Ел тұрғындары үшін және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарға көмір мен астық сияқты әлеуметтік-маңызды жүктерді тасымалдауды да жылдағыдай жоспарға сай орындадық. Тасымалдаушы мен қазақстандық вагон иелерінің, атап айтқанда «Қазтеміртранс» АҚ және «Астықтранс» АҚ-мен үйлесімді жұмыстың нәтижесінде көмір тұтынушылардың, сонымен қатар көмір разрездерінің тарапынан ешқандай ескерту болған жоқ. Астық тасымалына қатысты өтініштер 100%-ға орындалды, – деді Қ.Сауырбаев.
Баспасөз мәслихатында айтылғандай, былтыр Атырау облысының Қарабатан стансасынан Балтық теңізі порттарындағы Лужская стансасына күкірт экспорттау жолға қойылды. Қарағанды облысында өндірілген көмір Шұбаркөл разъезінен Қара теңіз порттарына қайта бағытталды.
Компания басшысы тасымалдау жұмыстарының барынша ашық болуы үшін, сонымен қатар клиенттерге неғұрлым ыңғайлы жағдай туғызу үшін тиісті құжаттарды қағазсыз технологиямен ресімдеу жобасы енгізіліп жатқанына тоқталды. Бұл туралы Қ.Сауырбаев:
– Еліміз аумағында тасымал құжаттарын қағазсыз технология бойынша ресімдеу 94 %-ды құрайды. 10 мыңнан астам келісімшарт осылай ресімделді. Қазақстан мен Ресей арасында экспорттық қатынаста қағазсыз технология бойынша 6 мыңнан астам тасымал құжатын осылай ресімдедік. Сондай-ақ Қытай, Әзербайжан, Қырғыз теміржол әкімшіліктерімен Электронды мәліметтер алмасу туралы келісімге қол қойылды. Экспорттық-импорттық қатынаста қағазсыз технология интеграциясын одан әрі жалғастырамыз, – деді.
Брифинг барысында компанияның биылғы басым міндеттері туралы айтылды. Атап айтқанда, Қытайға темір рудасын, астық пен бұршақ дақылдарын тасымалдау қарқынын, Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Өзбекстанға құрылыс заттарын, цемент экспорттау көлемін арттыру жоспарланған. Өзбекстан, сондай-ақ Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға көмір тасымалдау көлемі артуы тиіс. Компания транзиттің өсімі есебінен тиеу көлемін жыл соңына дейін 2,5 %-ға арттыруды көздеп отыр.