Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың соңына дейін жұмыс істейтін азаматтардың өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігі туралы ұсыныс енгізуге тапсырма берген болатын.
Аталған тапсырманы қарау үшін Үкімет жанынан Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен 25 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының мүшелері жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын, ықтимал сын-тегеуріндерді, халықаралық тәжірибені зерделеді, БЖЗҚ тұрақтылығы бойынша алдын ала актуарлық есептер назарға алынды.
Әзірленген тәсілдерді жұмыс тобы мүшелерінің көпшілігі қолдады, Экономикалық саясат жөніндегі кеңес мақұлдады және «осы маңызды мәселені шешудегі алғашқы қадам» ретінде Мемлекет басшысының мақұлдауын алды.
«Бүгінгі таңда БЖЗҚ-да 9,9 млн зейнетақы шоттары бар. Өкінішке қарай, оның 53%-ының көлемі 500 мың теңгеден аз, 16%-ы – 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін, 15%-ы – 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды. Осылайша салымшылардың 84%-ында жинақ көлемі 2 млн теңгеден аспайды» деді Б.Нұрымбетов.
Осыны ескере отырып, Үкімет жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіруді ұсынды. Ол үшін бірқатар мәселені шешу қажет. Біріншіден – Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі өте жас. Оған бар болғаны 21 жыл болды (ал дамыған елдерде зейнетақы жүйесін қалыптастыру үшін 35-40 жыл қажет етіледі). Екіншіден – халық табысының төмен деңгейі. Үшіншіден – зейнетақы жарналарының төленбеуі. Бүгінгі таңда шамамен 100 мың кәсіпкер өз қызметкерлері үшін зейнетақы жарналарын төлемейді. 2,7 млрд теңге қарыз бар. Төртіншіден – инвестициялық кірістер тиісінше ұлғайып жатқан жоқ.
Жұмыс тобы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдаланудың бірнеше нұсқасын ұсынды.
Бірінші санат – тұрғын үй сатып алуға немесе қымбат емге (жеке тізбе бойынша) зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын беру ұсынылатын жұмыс істейтін азаматтар – бұл «жеткіліктілік шегінен» асатын зейнетақы жинақтары бар БЖЗҚ салымшылары.
Бұл ретте БЖЗҚ «жеткіліктілік шегін» әрбір жас үшін, ерлер мен әйелдер бойынша жеке есептеген. Жастау адамдардың жинақтауды жалғастыру үшін болашақ еңбек қызметінің кезеңі (зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін) неғұрлым ұзақ болатыны назарға алынды. БЖЗҚ ұсынған «жеткіліктілік шегі» дегеніміз – жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тұрақты қатысатын (яғни зейнетақы жарналарын тұрақты түрде төлеп отыратын) салымшыда жаңа жарналар мен инвестициялық табыс есебінен өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз ету үшін қажетті соманы кейіннен толықтыруы арқылы жиналуға тиіс зейнетақы жинақтарының ең төменгі шегі. Салымшының жасы кіші болған сайын, «жеткіліктілік шегі» соғұрлым төмен болады.
Мысалы, 40 жастағы салымшы үшін (орташа еңбек өтілі 18-20 жылды құрайтын) жинақтаудың ең төменгі шегі: ерлер үшін 6,9 млн теңгені және әйелдер үшін 9,8 млн теңгені құрайды. 63 жастағы салымшы, яғни зейнеткерлік жасқа жеткен адам үшін бұл шек ерлерге 8,2 млн теңгені және әйелдерге шамамен 10,1 млн теңгені құрайды.
Екінші санат – бұл зейнеткерлер, оларға тұрғын үй сатып алу немесе қымбат ем үшін өзінің зейнетақы жинақтарының 50%-ын пайдалану мүмкіндігі ұсынылады. Осы ретте міндетті шарт – жоғалған табысты 40%-дан төмен емес деңгейде алмастыруды қамтамасыз ететін зейнетақының (базалық, ынтымақты және жинақтаушы) мөлшері болып табылады, бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
Бүгінде Қазақстанда зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасы әзірленуде. Президенттің тапсырмасы бойынша сондай-ақ зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігі берілетін азаматтар тобын біртіндеп кеңейту жөніндегі жұмыс жалғасады.
Жұмыскердің пайдасына төленуге тиіс жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімі 2020 жылдан 2023 жылға ауыстырылды. Осылайша Қазақстанда мемлекеттің, жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ жауапкершілігіне негізделген зейнетақы жүйесі құрылады.
«Бүгінде мемлекет 2,2 млн адамға төлейді. Бұл шамамен 2,4 трлн теңге. Мемлекет жинақтаушы зейнетақы жүйесімен шығатын және инвестициялық табысы инфляциядан аспайтын адамдарға кепілдік төлейді. Қызметкердің өзі жалақысының 10%-ын төлейді. Тұжырымдамада жұмыс берушілер де қызметкерлерге жинақтаушы зейнетақы қорына 5% жинақтаушы жарналар түрінде жауапкершілік алғаны айтылған. Заң қабылданды және 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс еді. Алайда, Президент өз Жолдауында бизнес-қауымдастықтың пікірі мен үндеулерін ескере отырып, заңның қабылдануын 2023 жылға ауыстырды» деді Б.Нұрымбетов.
«Ең төменгі кепілді зейнетақыны енгізу де Зейнетақы жүйесін жаңғырту тұжырымдамасында жазылған. Бұл өте маңызды. 1998 жылдан бастап біз жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көштік. Бүгінде мемлекет төлейтін ынтымақты немесе еңбек зейнетақысын 1998 жылғы қаңтарға дейін кемінде 6 ай жұмыс өтілін жинаған азаматтар алады. Мұндай адамдар жыл өткен сайын азаюда. Қазіргі таңда зейнетке 1957 жылы туған ер азаматтар шығып жатыр және бүгінде олардың толық талап етілген өтілі, сәйкесінше, толық зейнетақысы жоқ» деді Б.Нұрымбетов.
Осылайша министрдің айтуынша, зейнетақы жүйесінің ортақ құрамдас бөлігі біртіндеп тоқтатылады. 2043 жылы еңбек зейнетақысы тағайындалатын адамдар теориялық түрде болмайды. Тек базалық зейнетақы болады. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2028 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі кепілдік берілген зейнетақыны енгізуді ұсынды. Ол бүгінгі базалық зейнетақы төлемін ауыстырады. Егер бүгінде 10 жылдан аз жұмыс өтілі бар адамдар үшін базалық зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құраса, тәжірибе ескеріледі. Министрлік ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы 5 жылдан аз жұмыс өтілі бар адамдарға беріліп, ол ең төменгі күнкөріс деңгейінің кем дегенде 70%-ын құрауы керек деп санайды және одан әрі қарай зейнетақының бұл түрінің 1,5 ең төменгі күнкөріс деңгейіне дейін көтерілуін ұсынады.
Баспасөз мәслихатында журналистер қойған сұрақтың барлығы зейнетақы салымындағы қаржыны мерзімінен бұрын алып, тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану мәселесі туралы болды. Осыған қарап-ақ аталған мәселенің қоғамды мейлінше толғандырып отырғанын аңғару қиын емес.