Медицина • 06 Ақпан, 2020

Қатерлі ісікпен күрес – өмірге үлес

299 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша қазір ғаламшарда қатерлі ісік ауруына шалдыққан 20 миллионнан астам науқас бар. Аты жаман дерттің алғашқы белгісі жыл сайын 30 мың адамның бойынан анықталады. Ал Қазақстанда обыр диагнозымен 180 мыңнан астам тұрғын тіркелген.

Қатерлі ісікпен күрес – өмірге үлес

 

Жалпы, әлем дәрігерлерінің қатерлі ісік ауруымен күресу ісі толық жеңіспен аяқталмаса да, адам­зат үшін үміт сәулесін жақты. Яғни, рак қазір адам үшін «өлім үкімі» тізімінен шыға бастады. Бұл жер­дегі жеңіс тек медицинаның қо­лында емес, науқастардың өмір сүруге құш­тарлығы мен ауру­дың ал­дын алуға деген жа­уапкершілігіне де бай­ланысты екен.

– Рак ауруымен күресу барысында медицина үшін науқастың бастапқы кезеңде келгені өте ма­ңызды. Адам әрі қарай ем алса, қажетті шараны үзбесе, құ­­лан таза айығып кетуіне 100 пайыз кепілдік бар. Ал адам бо­йын­да ауру белгілерінің бар-жо­ғын тек медициналық тексеру ке­зінде ғана анықтай аламыз. Ол үшін тұрғындардың өз ден­сау­лығына немқұрайлы қарамай, мүм­кіндігінше жиі тексеруден өт­кені дұрыс, – дейді Алматы об­­­лысы аймақтық онкология дис­пансерінің директоры Саяхат Олжаев.

Аумағы үлкен Алматы облысында 2 онкология диспансері бар. Жоғарыдағы деректер Алматы қаласы маңындағы облыс тұрғындарына қатысты мәлім болған дәйек. Ал өңірдің шығыс аймағындағы аудан­дар мен облыс орталығы тұрғындарының денсаулығына жауапты – Талды­қорғандағы онкология дис­пан­сері. Өкінішке қарай, былтыр осы аймақтағы тексеруден өткен тұрғындардың 21,2 пайызынан обыр ауруының алғашқы белгілері табылып отыр. Талдау нәтижелері көрсеткендей, рактың 3-4 стадиясындағы адамдар қа­тары Ақсу ауданында 12,5 па­йыз­дан 28,6 пайызға, Кербұлақ ауданында 9,1 пайыздан 22,2 пайызға көбейгені белгілі болды. Ал бұған дейін аты жаман ауру белгілері тіркелмеген Балқаш ауданында да науқас саны 33,3 пайызға жетіпті.

Жалпы, аты жаман аурудың күрт көбеюін онкологтер бірнеше факторға сілтейді. Табиғи пата­логияның асқынуы мен сыртқы жарақат салдарынан пайда болатын обыр түрлерін айтпағанда, қазір рак ісігінің асқынуына әлеу­меттік жағдай жиі әсер ете бастапты. Адамның жүйкесіне түскен салмақ пен саламатты өмір салтының сақталмауы дерттің пайда болуына ғана емес, ем қонбайтын деңгейге дейін жетуіне себепші болып отыр екен. Бұл жерде дерттің асқынуына қатысты науқас пен дәрігер арасындағы пікірлерде алшақтық барын да айтуымыз керек. Мысалы, онкологтер рак­тың көбеюін науқастардың ем қабылдауға кешігіп келуіне апарып тіресе, науқастар дертті анық­таудағы кедергілердің барын алға тартады. Былай қарағанға екі жақтың да уәжі орынды. Алайда облыс аудандарында білікті онколог дәрігерлердің тапшылығын денсаулық саласының басшылары да мойындайды. Тіпті онколог маман былай тұрсын, аймақ­тың барлық ауданында жалпы тәжірибе дәрігерлері жетіспей отыр.

Сондай-ақ обырға қарсы тек­серілуге кететін қаржы мен дәрі-дәрмек бағасын кез келген ауыл әйелінің қалтасы көтермейді. Мә­селен, Еңбекшіқазақ ауданын­дағы Сөгеті ауылының тұрғыны Ғалия Бартаева ауыл мен ауданда білікті онкологтың болмауынан Алматы қаласына барып қа­ралуға тура келетінін айтады. 4 жылдан бері сүт безі обырымен күресіп жүрген ана облыстық диспансерге қаралудың ұзын-сонар кезек екенін әрі қажетті сараптамалар мен талдаулар үшін ақша төлеуге мәжбүр болғанына налиды. Әр қаралған сайы 3 мың теңгеден 10 мың теңгеге дейін қаржы жұмсайтынын айт­қан Ғалия Бартаева ауылдағы жұмыссыз әйел үшін бұл өте ауыр соғатынын да айтты. Қазір ауыл тұрғыны жергілікті дәрі­гер­­­­лердің немқұрайлылығымен та­­ғайындаған емнің са­пасыздығы шар­шатқаннан кейін, жекеменшік клиникаларға қаралуға көшкен.

Өкінішке қарай, Алматы облысында да тұрғындардың қа­­терлі ісікке шалдығу дерегі азай­­май отыр. Өткен жылы өңірде 2835 адамға осы дерттің диаг­но­зы қойылыпты. Ал ауруы ас­қынған 1108 адамның ажалына араша түсу мүмкін болмаған. Статистиканы сараптағанда, аты жаман аурудың әйелдер арасында өршіп келе жатқаны байқалған. Жалпы, рак ауруының 20 мың түрі бар екен. Оның ішінде алғашқы тізімде сүт безінің ісігі тұр. Жатыр мойны обырына шалдығу да жоғары. Былтыр осы диагноз бо­йынша аймақтың онкология диспансерінде 238 науқас ем қабылдапты. Ауру белгілері ерте анықталған 178 әйелдің дерттен құлан таза айығуына үміт бар. Ал жағдайы өте ауыр 14 науқас рак­­тың соңғы стадиясында ғана он­­кологтерден ем-дом іздеп келген екен.

 

Алматы облысы