Аудандық Кәсіпкерлер палатасына жас кәсіпкер ретінде тіркелген іскер әйел «Бастау-бизнес» жобасы бойынша арнайы курстан өтіп, сертификат иеленген. Бизнес жоспар құрып, оны арнайы комиссияда қорғап, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 3 млн теңге қайтарымсыз несие алған. Кәсібін 2019 жылы ашқан Назерке құрт өңдейтін және дөңгелек пішінде жасайтын аппараттар мен салқындатқыш құрылғы сатып алды.
Қазіргі таңда арнайы тапсырыспен ащы, тұзды, кептірілген жемістерден, қан көбейтуге арналған қызылшадан, мейізден, қан қысымы жоғары адамдарға жалбыздан, асқазанға пайдалы райхан гүлінен, сәбіз сығындысынан, кептірілген өріктен араластырып құрт жасап, сатуда. Осылайша, жас болса да осы үрдісті жаңғыртып, батыл қадамға барып отырған Назеркенің бұл бастамасы бүгінде жұмыссыз жүрген ауыл жастарына үлгі болып отыр. Бала кезінен әжесінен, анасынан ағарғаннан әртүрлі өнім дайындауды үйренген Назерке заман талабына сай алуан түсті құрт жасап, несібесін ағарғаннан айыруда.
Кәсіпкер әу баста, адамдарға таңсықтау бұл құрттарды сатып аларына күдік те болғанын жасырмайды. Алайда дәмі тіл үйірер түрлі-түсті құрттан ауыз тиген ауыл тұрғындары тапсырыс бере бастағанда, көңілі күдіктен арылып, ата кәсіпке деген құштарлығы арта түскен. Назерке алдағы уақытта осы кәсіпті кеңейтіп, сүтті сиырларды көбейтіп, түрлі-түсті құртқа деген сұранысты жоғарылатуды көздеп отыр.
Ең әуелі сүттен алынған дайын өнімді өзі туып-өскен Жамбыл ауылындағы дүкендерге, одан кейін көрші ауыл-аймаққа, қала берді ірі қалаларға шығарып сатуды жоспарлап отыр.
Түркістан облысы,
Бәйдібек ауданы