Қоғам • 12 Ақпан, 2020

Татулық араласудан басталады

918 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің Қордай ауданының Масаншы, Сортөбе ауылдарындағы бол­ған оқиғалар жұртшылықты дүр сіл­кіндірді. Жеке адамдардың орта­сында болған кикілжің халықтар дос­ты­ғына, қоғамдық келісім мәселесіне сына қаққандай болып отыр. Әрине, оның негізгі себептерін арнайы құ­рыл­ған комиссия анықтай жатар. Де­ген­­мен қолыма қалам ұстаған журна­лист болған соң осы оқиғаға орай­лас ойым­мен бөліскім келеді.

Татулық араласудан басталады

Мен еліміздің Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы Қарабұлақ ауылында туып-өстім. Бала кезімізде Қарабұлақ ауылы көп ұлтты ауыл болды. Ауылымыздың едәуір бөлігін орыстар құрады. Одан бөлек украин, өзбек, татар, ноғай, дүнген, болгар халқының өкілдері де өмір сүрді.

Зайсан ауданы – Қытаймен шекаралас өңір. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Кеңес әскерлері мен қытай сарбаздарының арасында болған Алакөл маңайындағы Жалаңашкөл оқиғасынан кейін ауданымыздағы орыс халқының өкілдері дүр етіп орындарынан көтеріліп, бірер жылда ішкертін жаққа қарай тұтас көшіп кетті де, басқа­мыз қала бердік. Біздің ауылымызда да бірен-саран орыстар ғана қалып, мек­теп­тегі орыс кластары жабылды.

Дүнген Ушызы ерте қайтыс болып кетті де балаларын зайыбы Минаш апай (ол кісіні ауыл балалары солай айтатын) жеткізді. Минаш апай мектеп кітапханасында кітапханашы еді. Мәулен, Дәукөшөк, Бақатай деген балалары болды. Бәрі қазақша сөйлейтін. Қазақ балаларымен өте тату ойнап өсті. Өздері ержетіп, шешелері қайтыс болған соң ауданымыздың басқа ауылында тұратын нағашыларына қарай кеткен екен. Қазір Мәулен Өскемен қаласында тұрады деп естимін. Қарабұлақтағы бала күнгі достары – қазақ жігіттерімен әлі күнге дейін араласып, достық қарым-қатынас ұстайтын көрінеді.

Татар Әнеш Вахитов ауылымыздың моншасын жағатын. Монша ауылдық ке­ңестің моншасы болғанымен, оны жұрттың бәрі «Әнештің монша­сы» деп атайтын. Шамасы, бұл ауыл адам­да­ры­ның Әнеш ағайға көрсеткен құрметі болса керек. Болат, Рафаэль деген балалары болды. Болат қазақ қызы Нәсипаға үйленіп, әке-шешесінің қара орманына ие болып қалды. Рафаэльмен жасымыз шамалас болған соң бірге ойнап өстік. Біз оны өзімізше Рапайыл деп айтатынбыз. Бала кезінде қызуқандылау еді. Бір нәрсеге ренжісе қып-қызыл болып дауласатын. Жиі шекісіп, жиі татуласып жататынбыз. Оның ашуланшақтығын қызық көріп, «Рапайыл – көкайыл» деп мазақтайтынбыз. Негізінде көкайыл дейтін түгіміз жоқ. Өзімізше ұйқас құраған және оның ашуланшақтығын меңзеген түріміз. Рафаэль қазір Семейде тұрады. Ауылға жиі келіп-кетеді екен. Қазақ қызына үйленді деп естідім.

Тағы бір ұлты татар Найыл ағамыз ауыл­дың дүрілдеген киномеханигі бол­ды. Өзінің пысықтығы, еңбек­қор­­лығымен ауылымызға келген ең ал­ғашқы жекеменшік жеңіл көлікті сол кісі сатып алып, мінді. Қызы мен ұлы болды. Қызы ауылдағы қазақ жі­гіт­те­рі­нің біріне тұрмысқа шықты. Қазір Зай­сан қаласында тұрып жатыр деп ес­тимін.

Тәліп ағайдың қай ұлт екенін әлі күнге білмеймін, ауыл адамдарының бәрі ол кісіні сарт дейтін. Ауылымыздың ірге­сіндегі іші неше түрлі жеміс ағаш­тарына толы кеңшардың бағын «Сарт­тың бағы» деп атайтын. Өйткені сол бақтың бағбаны әрі күзетшісі Тәліп ағай еді. Бала кезімізде сол баққа жиі ұр­лыққа түсуші едік. Үлкендігі кеседей қызыл апорт алмалар, уылжыған өрік, жүзім, қауын-қарбыз бізді солай қарай тарта беретін. Тәліп ағай да өз ісіне мығым. Атпен тасырлатып бізді қуа жөнеледі. Кейде діңкелетіп үйге дейін қуып әкеледі. Әкелеріміз ол кісіні құда күткендей «Тәке, жолыңыз түсіп бір келіп қалған екенсіз» деп аттан қолтықтап түсіреді. Бұған ақкөңіл Тәліп ағайдың көңілі майдай ериді. Сөйтіп қонақ болып бір-ақ аттанады.

Бұл күнде Тәліп ағайдың қайтыс болғанына да көп уақыт болған. Өйткені осында айтылған жайттардың бәрі осыдан жарты ғасыр бұрынғы бала кездің оқи­ғалары ғой. Тәліп ағайдың баласы Тайыр Өскемен қаласында тұрады деп естимін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері ел өмірінде болған өзгерістерге байланысты байырғы қарабұлақтықтардың көпшілігі қала сағалап Алматы, Өскемен, Семей, Талдықорған секілді қалаларға қоныс аударды. Біраз бөлігі әлі де ауылда. Кеткендердің орнын Қытайдан келген қандастарымыз басты.

Сонда өзімнің өткен өмірімнен екшеп, ойлап қарасам – халық пен ұлттың жаманы жоқ. Барлық мәселе татулықта тұр. Ал тату болу үшін халықтар араласып өмір сүруі керек. Жамбыл облысының Масаншы, Сортөбе ауылдарында тұратын халықтың 90-95 пайызын дүнген халының өкілдері құрайтындығын енді естіп отырмыз. Мұның өзі үй ішінен үй тігу деген сөз ғой. Бір-бірімен дұрыс араласпай жеке отау тігіп отырған соң мұндай кикілжіңдердің алдағы уақытта да орын алуы ғажап емес. Сондықтан ел халықтарының аралас-құраластығын арттыру мәселесі мемлекеттік саясатымызда басты назарда болғаны жөн деп есептеймін.