Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Қобда ауданында АӘК қаражатын тиімді пайдаланудың оң мысалдары мол

751 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ел-жұрт ішінде мемлекет тарапынан төленетін атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тегін, әншейін келген нәрседей көріп, оны қалай болса солай, онды-солды жұмсап жүргендер кездесіп қалады. Әлеуметтік-қаржылай қолдаудың қадір-қасиетін бағалай білмеудің, және отбасы табысын толықтыруға мойыны жар бермеудің басты көрінісі осы да. Мұңдай жағдайда олардың кедейшілік шегінен шыға қоюы екіталай.

Қобда ауданында АӘК қаражатын тиімді  пайдаланудың оң мысалдары мол

Керісінше елдің шеті мен желдің өтінде тұратын тұрғындар арасында бірді екі етуге ұмтылып, АӘК-ні тиімді түрде жұмсаудың тетіктерін таба білген тұрмысы төмен отбасылар да жеткілікті. Атап айтқанда мұның оң мысалдары Қобда ауданында көптеп табылады. Мұнда өткен жылдың қорытындылары бойынша жасалған сараптамаларға сүйенсек 286 отбасыға 154 миллион теңге көлемінде АӘК төленген. Міне, соның ішінде 196 отбасы алған қаржылай көмектерінің бірде-бір теңгесін шашау шығармай өз кәсіптерін ашуға жұмсаған.

Бұл тұрғыда ауыл әкімдері тұрғындардың өздеріне тиесілі АӘК-ні тиімді түрде жұмсай білуіне түрткі, ұйытқы бола білгендері де құптауға тұрарлық мәселе. Сөйтіп, жүздеген шаңырақтарда шағын отбасылық шаруашылықтың негізі қаланған. Журналистік талдаулар мен зерттеулер барысында тұрмысы кедейшілік шегінен төмен отбасылардың мүйізді ірі-қара мен қой-ешкі секілді ұсақ малдар және қаз, үйрек, күркетауық құстарын сатып алғанына көз жеткіздік. 

Ендігі кезекте нақты мысалдарға тоқталсақ, аз қамтылған көп балалы отбасы иелері, ерлі-зайыпты жандар Мұздақбай Жетегенов пен Динара Шындауылова 620 мың теңге көлеміндегі АӘК қаражатына 1 бас ірі мүйізді қара және 10 бас ұсақ мал сатып алып, жеке қосалқы шаруашылығын құрыпты. Бұған дейін Динара негізінен бес баланың тәрбие күтімімен айналысып келген екен. Мұның сыртында өмір бойы таусылып болмайтын әйелдің үйдегі шаруасы мен күйкі тіршілігі қаншама десеңізші!?

Дегенмен ол соның бәріне уақыт тауып келіпті. Алдағы уақытта қосалқы шаруашылығымызға қарайласу маған қиындық келтірмейді. Өйткені ұл-қыздарымыз бір-біріне сүйеніш, таяныш болатындай кезге жақындап, өсіп келеді дейді Д. Шындауылова. Ал отбасы иесі аудандық білім бөлімінде газ қазандығының операторы болып жұмыс жасайды. Оның алатын жалақысының мөлшері бес баланы өсіріп асырауға мүмкіндік бермей келіпті. Осы орайда олар өздеріне мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанына дән риза.

Осыған ұқсас тағы бір тұрмысы төмен қобдалық отбасы туралы айта кетсек. Қайрат Қайрошұлы мен Айнар Сабырқызының аты-жөндері ауызға оралады. Амандық-саулықтан соң көңілге түйгеніміз отбасы иесі «Ерсін»  жеке кәсіп иелігінде қарапайым жұмысшы болып қызмет атқарады екен. Зайыбы Айнар бала күтімінде көрінеді. Олар АӘК-тің 750 мың теңге көлеміндегі қаражатына үш сиыр сатып алып, жеке қосалқы шаруашылығын құрыпты. Мұндай мысалдар жеткілікті. Қобда ауданында еңбекқор, табанды, жұмыс десе жанын беретін жандар қатары тек мұнымен шектелмейді.

Грант алып, жеке кәсіптерін ашқандар олардың санын толықтыра түседі. Бұл тігін, аяқ-киім жөндеу және жиһаз жинау цехтары, сондай-ақ азық-түлік дүкендері. Нәсібін осындай адал еңбек, маңдай термен айырып отырған, сүйтіп өз отбасыларын жеткілікті табыспен қамтуға жол аша білген тұрмысы төмен отбасылар тиісті құрметке де лайықты бола алады демекпіз. Мемлекет тарапынан тағайындалған АӘК мен гранттар тек осындай жағдайда теке кетпей, қайтарым коэфициентін көтере алары анық.

    - Мұндай санаттағы ата-аналар өз кіндіктері мен құрсағынан тараған перзенттеріне құрғақ сөз күйінде емес, нақты іс жүзінде үлгі-өнеге көрсете алады. Сонымен бір мезгілде отбасы бюджеті мен қоржынан толықтыру ісі де өз шешімін табады. Біздің басты парызымыздың бірі – дәл осындай санаттағы шаңырақ иелеріне ұдайы қолдау көрсету деп білеміз. Көңілге бір медей тұтарлық жайт, ауданымызда мұндай отбасылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді, - деді бұл жөнінде газет тілшісіне Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет.

Лайым да солай бола бергей!

 

Ақтөбе облысы

Қобда ауданы