«Ең басты талап – Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс жақсы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы қарқынды төмендетпеу керек», деді әкім.
Қазіргі кезде облыстың әлеуеті айтарлықтай жоғары. Алайда, ағымдағы жылдың бірінші айында өнеркәсіп, қайта өңдеу, инвестиция тарту сияқты салаларда төмендеуге жол берілген. Игерілген қаражаттың көлемі бойынша айтарлықтай артта қалуы байқалған. Бердібек Сапарбаев осы бағытта бюджеттік бағдарламалардың орындалу бойынша жұмыстарды күшейту қажеттігін және бірінші тоқсанның қорытындысы өткен жылдың нәтижесінен кем болмауы тиіс екенін баса айтты.
Жамбыл облысында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраса, ол республикалық орташа мәннің деңгейінде. Бірақ бұл ретте облыста өзін-өзі жұмыспен қамтымағандардың саны әлі де көп. Сондықтан әкім «Қазфосфат» және «Еврохим» сияқты жергілікті өнеркәсіптің алыптарымен тығыз жұмыс істеу, өңірге ірі отандық және шетелдік инвесторларды тарту қажеттігін де ескертті. Сонымен қатар, облыс аумағы арқылы үш ірі газ құбыры өтеді десек, бұл өңірдегі елді мекендерді газдандаруға зор мүмкіндік береді. Жиында осы мәселелерді айта келе, Бердібек Сапарбаев «Амангелді» газ кен орнының да қарқындылығын арттыру үшін салалық министрліктің көмегімен ауқымды геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, әкім суармалы жерлердің көлемін ұлғайту бойынша мемлекеттік қолдаудың аз емес екенін, соны кеңінен пайдалану және оларды пайдалану тиімділігін арттыру қажеттігін де айтты. Басқосу барысында егістіктерді әртараптандыру, рентабельді дақылдарға, майлы дақылдарға көбірек көңіл бөлу, жергілікті қант зауыттарын одан әрі жүктемесін арттыру үшін қант қызылшасының көлемін ұлғайту маңыздылығы да айтылды. Күн тәртібінде көтерілген мәселелердің бірі – көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, ауыл шаруашылығы техникасын уақытында дайындау, жоғары сапалы тұқым сатып алу және отырғызу болды.
Жиында Бердібек Сапарбаев өңірде бастау алған ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасының міндетті түрде өз жалғасын табатындығын айтып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. «Ауыл тұрғындары жыл бойы жұмыспен қамтылып, егін шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де айналысуы керек. Бұл орайда пилоттық жобаға бөлінген 7,2 миллиард теңге толық көлемде игерілуі тиіс. Біз жобаның өміршеңдігін көрсетуіміз керек, бұл алдағы уақытта қаржыландыру көлемін ұлғайтуға және көп адамдардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», деп атап өтті әкім. Сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысы тиісті деңгейде жүргізілуде десек, бұл үрдіс өз деңгейінде жалғасатын болады. Білім беру саласында апатты және үш ауысымды мектептерді жою үшін 17 мектеп ашу қажет.
Сонымен қатар тауар айналымын ұлғайту үшін облыстың транзиттік әлеуетін кеңінен пайдаланған жөн екенін, баламалы энергетика саласында 6 станцияның құрылысын аяқтау және күн және жел электр станцияларынан алынатын электр энергиясының жиынтық қуатын 400 мВт-қа дейін жеткізу көзделіп отырғанын да жеткізді. Жиында жамбылдықтардың табыс деңгейін арттыру, салық салу базасын ұлғайту, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, жалақы бойынша берешектерді жою, медициналық қызмет сапасын арттыру, денсаулық сақтаудағы бюрократия деңгейін төмендету, жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайту сияқты өзекті мәселелер де жан-жақты сараланды. Кеңесті қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев жауапты мемлекеттік органдар Қордай ауданында болған оқиғалардан қорытынды шығару керектігін атап өтті. «Бұл жағдай бізге сабақ болуы керек. Осы секілді қайғылы оқиғалар алдағы уақытта қайталанбас үшін тиісті шешім шығара білуіміз қажет. Мемлекеттік органдар, жұртшылық пен интеллигенция өз күш-жігерін біріктіріп, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау бойынша жұмыс жүргізуі тиіс», деп атап өтті әкім. Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев әкімдердің есептеріне жаппай мемлекеттік қызметшілердің емес, қарапайым халықтың қатысуы керектігін айтты.
Жамбыл облысы