Экономика • 17 Ақпан, 2020

Сақтандыру сегменті бәсекеге дайын ба?

415 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сақтандыру нарығы біздің халықтың тұрмыс-тіршілігіне әлі күнге дейін дендеп ене қойған жоқ. Бұл саладағы компаниялардың инвестициялық портфелі де әртараптандырылмаған. Отандық сарапшылар осы фактор компаниялардың инвестициялық тартымдылығына кері әсер етеді дегенді көптен айтып жүрген болатын. Енді осы пікірді сақтандырушы компаниялардың өкілдері де ашық айта бастады.

Сақтандыру сегменті бәсекеге дайын ба?

 

Табыстың көбі көліктен түседі

Қазақстандық сақтандыру ком­па­ниясының өкілі Олег Ханин соң­ғы жылдары адамның өміріне, денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру лимиті екі есеге өс­кенін, тарифтер қайта қаралмағанын айтып берді. Соңғы рет тарифтер 2007 жылы өзгеріпті. Содан кейін бұл тақырып мемлекеттік деңгейде қайта көтерілмесе де ішкі нарықта сақтандырудың бұрынғыларына мүлдем ұқсамайтын жаңа түрлері пайда болды. Сауатты заңнамалық нор­маларсыз кез келген саланың алға жылжымайтыны белгілі. Сақтандыру сегментінің «бір кем дүниесі» ел ішінде өздерін «сақтандыру ком­па­ниясының өкіліміз» деп танысты­ратын алаяқтардың көбейіп ке­туі­не, олардың бағыт-бағдарсыз жұ­мыс­тарын жалғастыра беруіне себеп болыпты. О.Ханин сақтандыру нары­ғына төніп тұрған басты қатер осы дейді. Себебі қазір сақ­тан­дыру­дың түрі көп: міндетті әлеуметтік сақ­тандыру, пәтерді, өмірді, көлікті сақтандыру болып жалғасып кете береді. Осылай жалғаса берсе, күні ертең бөксе мен белді сақтандырамын дейтіндердің пайда болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сол себепті, О.Ха­нин айтып өткендей, Ұлттық банк пен Үкімет және сақтандыру ком­па­ния­ларының өкілдері бірлесіп, саланың әлемдік тәжірибемен интеграциялану бағытын сын тезінен өткеріп, өзіміздің мүмкіндігімізге бейімдейтін кез әлдеқашан
келді.

Ал елімізде әзірге өмірден бұрын көлік пен мүлікті сақтандырудың бәсі басым болып тұр. Сақтандыру сегментінің тамырына қан жүгіртіп тұрған да осы.

Статистика комитетінің есебі бойынша 2019 жылы еліміздегі жеңіл автокөліктер саны 3 млн 700 мыңға жуықтады. Жеке меншіктегі автокөлікті сақтандыруды заң міндеттейді. Жылына әр көліктен орта есеппен 35-50 мың теңге сақтандыру қаржысы түседі. Демек, компаниялардың тек көлікті сақтандырудан түскен пайдасы жыл сайын 12-14 млрд теңгеге жуықтайды. Оның 40 пайызы сақтандыру жарналарына жұмсалса, 60 пайызы компания қалтасында қалады. Бұл тек көліктен түскен сақтандыру жарнасы ғана.

Ал сарапшылар болса қорға түскен қаржыдан сақтандыру компаниялары қомақты пайда тауып жатқанымен, көлік иелері үшін бұл мүлде тиімсіз заңнама екенін айтады. Егер заң тетіктері жұмыс істесе, сақтандыру салаларының көлік жарнасы арқылы ғана инвестициялық қоржындарын әртараптандырып алуға мүмкіндік бар екен. Мысалы, АҚШ, Жапонияда қымбат көлік иелері тек көлікті ғана емес, оның моторын, рулін немесе құтқару жастықшаларын бөлек-бөлек сақтандырады. Сақтандыру компаниялары құны 500 мың АҚШ долларынан асып кеткен қымбат көліктің бөлшектерін жеке-жеке сақтандыруға кеңес береді.

«Біздің елде де осындай қымбат көліктер бар. Бірақ олар шетелдік компанияларға басымдық береді. Олардың сақтандыру жарналары сақтандырушы тараптың заңымен жүреді. Ал біздің елде көлік жүргізушінің өтілі, көліктің жылы, бағасы бойынша ғана сақтандырылады. Сол себепті қымбат көлік иелері бізбен жұмыс істегісі келмейді», дейді О. Ханин.

Сақтандырушы компаниялардың әлемдік тәжірибемен интеграциялана бастағанына біраз уақыт болды. Өмірін, денсаулығын, денесінің бір ағзасын сақтандырғысы келетін азаматтар бізде де баршылық. Бірақ сақтандырушы компания өкілдерінің айтуынша, бұл бағыт сақтандыру секторының ең әлсіз сегменті.

«Өздерін сақтандырғысы келетін клиенттер бар. Бірақ олар қазақстандық емес, жарғылық капиталы қомақты шетелдік компанияларға басымдық беретінін көріп жүрміз. Егер мемлекет МӘМС шеңберінде тек денсаулығын ғана емес, өмірді сақтандырғысы келетін компанияларға қолдау көрсетсе ғана сала әртараптанады және инвестициялық тартымдылығы артады. Бұл МӘМС пен сақтандыру компаниялары бірігіп талқалайтын тақырып», дейді О. Ханин.

 Оның пайымдауынша, өмірді сақтандыру клиенттердің дербестігін дамытуға ықпал етеді, жаңа сақтандыру шешімдерінің пайда болуына қуатты серпін береді, сондай-ақ сақтандыру қызметтерін бөлудің пайдалы және тиімді тәсілдерін, соның ішінде сандық технологиялар арқылы ашуға ықпал етеді. Нарықта жаңа ойыншылардың пайда болуы өмірді сақтандыру нарығының дамуына да оң әсер етеді, өйткені бұл халықты ерікті сақтандыру түрлерімен және заңды тұлғаларды міндетті сақтандырумен қамтуды ұлғайтады.

2020 жылдан бастап ДСҰ шеңберінде қазақстандық сақтандыру нарығына өз тәжірибесі, біліктілігі, өнімі, бизнес-процестері және АТ-жүйелері бар шетелдік ойыншылар келетінін осыған дейін де айтқанбыз. Біздің нарық шетелдік компанияларға қаншалықты қызықты екенін айту қиын, бірақ таяу болашақта олар Қазақстанға міндетті түрде келетіні анық. О.Ханин бұл кезде тек тиімді тарифтер мен қызықты өнімдер туралы ғана емес, ең алдымен бизнеске, сапалы сервиске және ішкі бизнес процестерге деген көзқарастар пайда болатынын айтады. Бұл сақтандырушылардан үлкен инвестицияларды талап ететін көрінеді.

Сарапшылар сақтандыру компаниялары басы артық шығындарға аттап басқысы келмейтінін осыған дейін де талай рет айтқан. Автокөлік иелерін сақтандыру түрлерін кеңейту қажеттігі осыған дейін Мәжілісте де, Үкімет қабырғасында да талай рет айтылған. Ал сақтандырушылар үшін бұл тек алдағы он жылдықтардағы ғана шешілетін мәселе. Себебі көлік иелерінің төрттен бір бөлігі үнемдеу мақсатымен толық бір жылға сақтандыруға шарт жасаспай, тек алты айға ғана сақтандыруды жөн көреді екен. Алайда апат болған жағдайда клиент толық сақтандыру төлемін алуға құқылымын деп есептейді. Ал сақтандыру компаниялары болса, бұл фактор бізге тиімсіз деп есептейді. Сондықтан олар осы мәселенің әділ шешілуін күтіп отыр.

Бұл туралы сарапшы: «Екі тарапқа да әділ шешім шығарылуы тиіс. Біз зейнеткерлер немесе бірінші топтағы мүгедектерге де осындай талап қоямыз деген ойдан аулақпыз. Жүргізушілер тек жарты жылға ғана сақтандыру шартына отырып, өтемақыны 1 жылға есептеп алғысы келеді. Ал сақтандыру нарығы сақтандыру сыйақысын ала алмай шығынға батады және сақтандырушылар сыйақыны қайта қарау туралы мәселені көтеруі мүмкін», дейді.

«Тарифтерді бір ретке келтіру» деген мәселені сақтандырушылар көптен көтеріп келеді. Қазір тарифті есептеу коэффициенті Алматы қаласында орта есеппен – 2,96, Таразда – 1, Шымкентте – 1,1. Автоинспекция қызметінің мәліметіне сүйенсек, күн сайын Алматыға шамамен 250 мың көлік кіреді. Нәтижесінде полис құнының коэффициенті төмен аймақтан келген көліктер Алматыда әлдеқайда қымбат тұратын жергілікті көліктерді соғуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, сол үшін еліміздің барлық аумағына бірыңғай сақтандыру тарифін енгізу қажет. Кей аймақтар үшін бұл тиімді болғанымен, кейбіріне үшін сыйақы көлемі жөнінен тиімсіз болатыны түсінікті.

Алаяқтар жағалап жүр

Сақтандыру төлемдерінің 20 пайызы алаяқтардың қалтасына кетеді. Бұл туралы сақтандыру саласының мамандары айтып отыр. Мәселен, алаяқтар мен көлік соқтығысының 20 пайызы қасақана жасалатын көрінеді. Мысалы, көлікті сырып, аударып тастайды немесе жақын шетелдерден соғылған көлік әкеліп, елге келген соң сақтандыру құжатын рәсімдеп, қитұрқы әрекеттер арқылы сақтандыру төлемін өндіріп алады.

Бұл туралы О.Ханин: «Біздің есебіміз бойынша, ішкі нарықтағы жалған сақтандырушылардың үлесі 15-18 пайыз арасында. Олардың жұмысының заңдылығын анықтау сақтандыру нарығын бақылап отырған құзырлы орындарға да қиынға соғады. Олардың бизнесін экономикалық жағынан тиімсіз жағдайға түсіру үшін ірі сомадағы бір жолғы сақтандыру төлемдерін талап етуге жол бермеу керек. Сақтандыру саласындағы алаяқтардың көбі осындай жағдайға тап болған көліктерді жағалайды. Дағдарыс ұзаған сайын, сақтандыру төлемақыларының көлемі арта береді», дейді.

Таяуда еліміздегі зейнетақы аударымдарының жаңа ережелері қабылданғаны белгілі болды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әр жұмыс беруші міндетті 10 пайыз аударымнан бөлек, қызметкердің жалақысының қосымша 5 пайызына тең қаржыны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударуы керек.

Сақтандыру секторының сарапшысы Гүлжан Жақсымбетова 2020 жылы сақтандырушылардың азаматтардың 50-55 жасқа дейін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетақы аннуитеті шартын жасасу құқығын көздейтін зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы бастамасы зейнетақы аннуитеті нарығының дамуына мүмкіндік беретінін айтты. «Жалпы алғанда, жаңа зейнетақы жүйесі қоғамда «қаншалықты көп еңбек етсең, сонша көп зейнетақы аласың» ұғымын қалыптастыруға бағытталған. Нәтижесінде зейнетке шыққан адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алмай-ақ, демеушілер мен меценаттардың қайырымдылық қаржыларына мұқтаж болмай-ақ, өмір сүретін болады», дейді Гүлжан Жақсымбетова.

Осы саланың мамандары unit-linked – инвестициялық бағдарламасынан көбірек үміт күтетінін жасырмайды. Бұл сақтандырушы компаниялары мен қаржы институттарының бір-бірімен интеграциялануына мүмкіндік беретін құжат. Бұл құжатты Ұлттық банк пен Үкімет құп көрсе, сақтандырушы компаниялар инвестициялық табыстарды қаржы институттарымен бірдей пайдалана алады.

Гүлжан Жақсымбетованың айтуынша, Ұлттық банк бұл мәселені тездетіп дайындауға мүдделі. Енді шегінудің реті жоқ. Алдағы уақытта резерв немесе тарифті анықтауға мүмкіндік беретін тетіктермен жұмыс істеу керек. Әзірге қолдағы құжат жобасының сақтандырушы емес, инвестициялық сипаты басым. Сондықтан сарапшылар енгізілетін өзгерістерде сақтандырушы сипатына басымдық беріледі деген үмітте.

АЛМАТЫ

 

 

Соңғы жаңалықтар