Қоғам • 18 Ақпан, 2020

Газдан туған «наз»

320 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында газ баллон қондырғысы орнатылған көліктердің автотұрақтағы орнын шектейтін Үкімет қаулысы шыққан болатын. Қазақстанда көгілдір отынмен жүретін автокөліктердің саны 350 мыңнан асатынын ескерсек, бұл дау біразға созылуы әбден мүмкін.

Газдан туған «наз»

Даудың басы неден шыққанына сәл кеңірек тоқталайық. Былтыр желтоқ­сан айында Үкімет өрт қауіпсіз­дігі ережелеріне өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізді. Бұл өзгеріс көгілдір отын­мен жүретін көліктерге тікелей қатыс­ты. Тиісті талап бойынша жыл ба­сынан бастап газ баллон қондырғы­сы қойылған көліктерге сауда және ойын-сауық нысандарының, бизнес орта­лық­тарының автотұрақтарына, тұрғын үйлердің астындағы тұрақтарға кіруге тыйым салынды. Әрине бұл тақы­мы­на басқан көлігі газбен жүретін 350 мың жүргізушіге ұнамайтыны түсінік­ті. Клиенті ыңғайлы автотұраққа кіре ал­май кетіп қалса, ойын-сауық орталы­ғына да тиімсіз. «Газ баллон қойып бер» деп келетін жүргізушілер азайып кетсе, қондырғы орнатумен айналысатын кәсіпкер де шығынға батады.

Содан болар Ішкі істер министрлігі ереже талаптарының жай-жапсарын тү­сін­дірмес бұрын Алматы қаласы Кәсіп­кер­лер палатасының Кәсіпкерлер құ­қын қор­ғау және сыбайлас жемқор­лық­қа қар­сы күрес кеңесі осы мәсе­леге орай жиын өткізді. Отырысқа палатаның Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы кеңестері онлайн режімде қосылды.

Қалалық Кәсіпкерлердің құқын қорғау кеңе­сінің пікіріне салсақ, ережеге енгізіл­ген бұл нормалар кәсіпкерлердің және табиғи газбен жүретін, яғни эколо­гиялық көліктер иелерінің құқын бұзып отыр. Айталық, бір ғана Алматы шаһарындағы бизнес орталықтар мен ойын-сауық орта­лықтарында 120-ға тарта жабық автотұрақ бар. Тұрғын үйлердің астында орналасқан тұрақтар мыңдап саналады. Яғни, көгілдір отынмен жүретін көлік­тердің ойын-сауық орталығына аялдауы бұрынғыдан азая­тыны түсінікті. Автокөлік иесі өзінің қыруар қаржы жұмсап сатып алған заңды авто­тұрағына кіре алмаса, бұл да әжептәуір проблема.

Кәсіпкерлер құқын қор­ғау және сыбай­лас жемқорлық­­қа қарсы күрес кеңесі­нің бас­қосуына келген газ баллон қон­дыр­ғысын жөндеумен айналысатын компания­лар да шаш-етектен шығынға бата­тын бол­дық деп дабыл қағып жатыр. Газ баллон қон­­дырғысын алып тастауға мәжбүр бол­ған­дардың шағы­мы тағы бар.

Мысалы, дүкендерге тауар тасумен айналысатын «Арена S» компаниясы желтоқсан айында шыққан шешім­нің кесі­рінен  компанияға тиесі­лі көлік­тердегі газ баллон қон­дыр­ғысын алып тастап, жанар­майға көшіпті. Себебі көп жағдайда та­уарды жерас­ты тұрақтарына түсіруге тура келеді екен.

Сол сияқты «ЭКО Эксперт» компаниясы бұрын ай сайын 25 көлікке газ баллон орнатып, кәсібін дөңгелетіп отырған. Қаң­тар айында клиенттерінің саны бесеуден аспай, шығыны көбейіп кетіпті.

– Өрт қауіпсіздігі ере­же­­сіне түзету енгізу кезін­де мем­лекеттік органдар Кә­сіп­керлік кодекстің 65-бабы­ның 3-тармағы, яғни бұл нор­маны енгізу барысында кәсіпкерлік нысандарына келетін шығынның азаю не­месе көбею барысын қарас­тырмаған. Сонымен қатар 65-баптың 3-тармағында  қа­рас­­тырылған талаптар кәсі­п­кер­лік нысандарының мүдде­леріне қатысты құқықтық-нор­мативтік актілерді қабылдау міндетті түрде ескерілуі керек, – дейді Алматы қаласы Кә­сіпкерлер палатасының әкім­шілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Бақыт Заирқан.

Оның айтуынша, өрт қауіп­сіздігі талаптарын сауда және ойын-сауық нысан­дары­ның әкімшілігі қалай сақтайтыны, газбен жүретін көліктер автотұраққа кірмек болса қалай тоқтататыны да әлі нақтыланбаған. Бақыт Заирқанның айтуынша, Үкіметтің «2019-2022 жылдары табиғи газды мотор оты­ны ретінде пайдалану көле­мін ұлғайту туралы»  жос­па­ры бар. Ол жоспарды орын­дау­дың бір тармағы ретінде отан­дық автобус парктері мен авто­көліктерді газға көшіру қа­рас­тырылған. Ал жаңа ереже сол жоспарды жүзеге асыруға кедергі келтіретіні ай­дан анық.

Осы жиында айтылғандай, мемлекеттік органдар жабық автотұрақтарда газбен жүретін көліктердің кесірінен болған жарылыстар мен өрт туралы ешқандай статистикалық дерек келтірмеген. Ашық ақпарат көздерінде ондай дерек жоқ. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек,  соңғы 50 жылда газды мотор отыны ретінде пайдаланудың экологиялық тазалығы жоғары екені, өндірістік қауіпсіздігі дәлелденген.

– Сарапшылардың пікірін­ше, қазір қолданылып жүрген бензинмен немесе дизельдік отынмен салыстырғанда газ ең қауіпсіз отын санала­ды. Біз пайдаланатын зама­науи қондырғылар тиісті серти­фи­каттаудан өткен, қауіп­сіз­дік­тің бірнеше деңгейі қарас­тырылған. Естеріңізде болса, соңғы рет Алматы қаласы әл-Фараби даңғылында автобус өртенген кезде көлік дым қалмай жанып кетті, бірақ жарылыс болған жоқ. Бұл заманауи қондырғылардың қауіпсіз екенінің бір көрінісі. Егер бензинмен немесе дизельмен жүретін автобус болғанда жарылып кетер еді. Арзан әрі экологиялық отынды қолданудың орнына біз XIX-XX ғасырға кері шегініп, бензин мен дизельге көшуіміз керек екен. Газ баллон қондырғысының жарылуына қатысты статистика да жоқ. 6 жылдан бері осын­дай қондырғы орнатумен ай­налысып келеміз, біздің кесі­рімізден болған бірде-бір апат тіркелген емес, – дей­ді «Грин авто сервис» компа­ния­сы­ның бас директоры Ерлан Нұрпейісов.

Алматыдағы Кәсіпкерлер палатасының тиісті кеңесінің отырысынан кейін іле-шала мемлекеттік органдар да өз­дерінің бұл шешімінің дұ­­рыс­тығын  түсіндірудің қа­мына кірісті. Орталық ком­му­ни­кациялар қызметінде өткен арнайы брифингте Ішкі істер министрлігі Төтенше жағ­дайлар комитетінің төраға­сы Владимир Беккер өрт қауіп­сіздігін сақтау ережесіне бұл түзету неліктен енгізілгенін жан-жақты түсіндіріп беруге тырысты.

– Алдымен мәселе неліктен туындағанын, мұндай шешімді неліктен қабылдауға мәжбүр болғанымыз туралы айтайын. Бұл жұмыс 2018 жылы бастал­ды, соңғы 3 жыл ішінде газ­бен жүретін автокөлік құрал­дарының қатысы болған өрт оқи­ғалары сараланды. Жыл сайын бұл көрсеткіш ұлғайып бара жатқаны анықталды. Статистикаға жүгінсек, жыл сайын 2 жарым мыңға жуық көлік өртенеді. Соңғы үш жылда газбен жүретін көлік құралдары өртенген 374 оқиға тіркеліп, 5 адам қаза тапты, оның екеуі – бала. 34 адам жараланды, оның ішінде 3 бала бар. Біз осындай оқиғалар жыл санап көбейіп бара жатқа­ны­на көз жеткіздік. 2016 жылы осындай 64 оқиға тіркелсе, 2017 жылы 80 өрт болды, 2018 жылы 100-ден асты. Оған қоса, тұрғын үйлердің астында салынған автотұрақтарда газдың иісі шығуына байланысты азаматтардың шағымы көбейді. Біз шағым түскен оқиға орындарына барып, газ баллон қондырғысымен жаб­дықталған автокөліктердің шын мәнісінде қауіп төнді­ретінін, өрт немесе жарылыс туындауы мүмкін еке­нін анықтадық. Газды қол­дану­­дың қауіпті жақтары көп. Әсіресе тұрғын үйлердің төмен­гі қабатында жарылыс бол­ған жағдайда тұтас үй қи­рауы ықтимал. Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы құрылыс нормаларын да сараладық. Осы­ған орай біздің тарапы­мыздан Өрт қауіпсіздігі ере­жесіне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жобасы жаса­лып, Ұлттық кәсіпкерлер па­ла­та­сына, 17 әкімдікке және бар­­лық мүдделі мемлекеттік орган­дарға жіберілді. Сондай-ақ жоба Төтенше жағдайлар ко­ми­тетінің ресми сайтына жария­ланды, – деді Владимир Беккер.

Комитет төрағасының айтуынша, жоба қабылданбас бұ­рын тиісті тараптардың қа­ты­суымен талқылаулар өткі­зілген. Алайда осы норманы ен­­гізуге қатысты бірде-бір ұсы­ныс түспеген.

– 2019 жылғы 13 желтоқ­санда Үкімет осы жобада ай­тыл­ған талаптардың іс жүзі­не ене­тіні туралы қаулы шы­ғар­ды. Содан кейін ғана мәс­е­ле көтеріле бастады,– деді В.Беккер.

Комитет төрағасының айтуынша, азаматтық қорғау ұйымдарының тиісті талаптарды бұзған автокөлік иелерін әкім­шілік жауапқа тарту мүм­кіндігі бар. Азаматтардың ша­ғымы бойынша ереже бұз­ғандарға Әкімшілік кодекс­тің 410-бабы бойынша 5-50 АЕК аралығында айыппұл салы­нады. Егер газ баллон қон­дыр­ғысы орнатылған көлік құ­ралдарының ережені сақта­мауының салдарынан апат немесе басқа да жағдай бола қалса, Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша іс қоз­­ғалып 3 мың АЕК-ке де­йін айыппұл салынады. Оқи­ға кісі өліміне соқтырса, авто­кө­лік иесі 10 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айырылуы мүмкін.

Баспасөз мәслихатында айтылғандай, Ішкі істер министр­лігінің Әкімшілік по­ли­ция комитеті Жол қозға­лысы ережесіне газ баллон қондырғысы бар көліктерді тиісті белгі тағуға міндеттейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырып жатыр.