Сұхбат • 18 Ақпан, 2020

«Пайда ойлама, ар ойла»

1040 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қарағандыдағы «Nәtige» сүт фабрикасының құрылтайшысы Ерлан Әшіммен арадағы әңгіме қазіргі уақытта тасы өрге домалаған кәсіпорын туралы емес, руханият әлеміне жол сілтеген өзгеше бағытта өрбіді.

Кәсіпкердің кеңсесінде Абай мен Ахмет Байтұрсынұлының портреттері ілулі тұр. Хакімнің суретінің тұсында «Біріңді, қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген асыл сөздер маржандай тізіліпті, ал Ахаңның портретінің жанында «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай және күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген ғұламаның өз сөзі таңбаланған. Арқа төсіне есімі мәлім азаматтың жақсы аты кеншілер астанасындағы көше атауларын өзгертуге арналған көпшілік тыңдау кезінде жалпақ жұртқа кеңінен жайылды. Әңгімеміздің әлқисасы да өңірдің рухани өміріне сілкініс әкелген осы оқиғадан бастау алған еді.

 

«Пайда ойлама, ар ойла»

– Ерлан мырза, Қара­ған­ды қаласында биыл 13 қаңтар күні өткен қала көше­лерінің атауларын өзгерту жөніндегі көпшілік тың­дауда елді елең еткізген мәлімдеме жасадыңыз...

– Жалпы жиындарда көсем­­сігенді ұната қоймай­мын. Бірақ сол жерде сөй­леуге мәжбүр болдым. Мені итер­­­мелеген – залдағы жан­жал­­дың ушығудың сәл ал­дын­дағы жағдайы еді. Бір-екі жас блогердің «Босқа ақша шығындап, осының не қажеті бар еді?», «Одан да ол қар­жы­ны көмекке зәру басқа сала­ға неге жұмсамасқа?», деген сыңайдағы сөздері намысыма қамшы болып тиді. Қарап тұрсам, жаңағылардың сұрағы жауапсыз қалатын түрі бар. Сол кезде ортаға шық­тым да, «Егер қажет болса, осы өзгертулерге кететін шы­ғын­ның бәрін «Nәtige» ко­м­­паниясы өз мойнына алу­ға әзір» деген мәлімдеме жа­са­дым. Мұндай қадамға, біріншіден, залдағы ұрыс-керістің бұлтын сейілту үшін, екіншіден, жастарға рух беру үшін, үшіншіден, аяқ ас­ты­нан ақша санай қалған «үнем­шілдердің» аузына құм құю үшін бардым.

Рас, 35 млн теңге деген сүт компаниясы үшін көп ақша. Шынын айтқанда біз жылына 70 млн теңге табыс тапсақ, қуа­намыз. Сүт дегеніңіз мұ­най емес қой. Бірақ әңгі­ме ұлт­тық мүддеге келіп тірел­генде қаржы мәселесі кейін­ге шегерілуі тиіс. Хакім Абай­дың өзі «Пайда ойлама, ар ойла», деді емес пе?!

Менің ойымша, дәл осындай мәселелерге келгенде, ұлтаралық араздық қозбауы тиіс. Мәселен, осы көпшілік тыңдауға келгенде қолына кеңестің қызыл туын ұстап, қалт-құлт етіп жүрген бір ке­йуананы көрдім. Әдейі жанына барып қарап едім, әлгі туда «171-я стрелковая Идрицко-Берлинская Краснознаменная ордена Кутузова дивизия» деген жазу тұр. Яғни, бұл кісі­нің күн тәртібіндегі мәсе­лені талқылауға келген түрі жоқ. Қақтығысқа келген жан­ның кейпін танығандай болдым кескінінен. Тағы бір егде әйелмен сөйлесіп едім, «1840-жылдары менің ата-бабамды Абылай хан мен Бұқар жырау ша­қыр­ған», деп өті­рікті шындай соғып тұр. Та­рихтан мүлдем хабары жоқ, жылайсың ба, күле­сің бе?.. Оны­мен қоймай, «Егер Ле­нин болмаса, мен дүни­еге келмес едім», дегенін қайтерсіз...

Сол кездесуде қазақтың жалын­даған жастарына қат­ты риза болдым. Олар екі тілде өте сауатты сөй­леп, тарихты терең білетін­дік­­тері­мен, болашаққа деген мақ­саттарының айқын­дығы­мен ерекше тәнті етті.

Осы жерде айта кеткім келе­­тіні, дамыған елдерде мұн­дай қоғамдық мәсе­лелер­дің күрмеуін үкіметтік емес ұйым­дардың өздері-ақ шешіп тастап отырады. Ал бізде, өкінішке қарай, өкіметке қол жаю әлі күнге дейін жойылмай келеді.

Мен де ұлтын сүйетін ұлан­­­ның бірімін. Адамзатқа ор­­тақ құндылықтар да маған жат емес. Мысалы, жиында орыс ұлтының екі өкілі үшін қол көтеріп, дауыс бердім. Оның бірі Потанин болса, екін­­шісі – Затаевич. Екеуінің де қазақ­қа сіңірген еңбегі орасан зор.

Сонымен қатар «ұлтшыл» Ерлан екі қазаққа қарсы дауыс берді. Өйткені олардың елдің есінде қалатындай еңбегі жоқ еді. Кеңес өкіметі кезінде ком­­мунистік партияның қатар­­дағы қызметкері болған.

Бізде басқа ұлттардан келген бір дүмбілездеу дағды бар. Көшелерімізді ұлы адамдарымыздың фамилия­сымен атаймыз. Мәселен, аста­намызда «Құдайбердиев» деп аталатын көше бар. Соны «Шәкәрім көшесі» десе құ­лаққа қандай жағымды естілер еді? Қарағандыдағы басты даңғылды «Қалқаманұлы даңғылы» деп емес, «Бұқар жы­рау даңғылы» деп жүр­міз ғой. Сол сияқты облыс орта­лығындағы көшені «Қасым ақын көшесі» немесе «Ақын Қасым көшесі» деп ата­сақ, әлдеқайда дұрыс болар еді деп есептеймін. Осы ша­руа­ның басы-қасында жүрге­н­дер болашақта мұны қаперге алса деген тілек бар.

Қарағандыда есімі ұзын­нан-ұзын жатқан көшеге беріл­ген Кривогуз деген кісі­нің өмір тарихын зерт­тедім. Кеңес өкіметі орнар кезде ақ­тар­дың әс­ке­рінде болыпты. Одан кейін қы­зыл­­дар қатарына өткен. Ал енді, бұ­лар­­дың «Ақ қашып, қызыл қуған» ала­­сапыран заманда совдептің мүшесі бо­­лып, қазақ­тың жерінде қандай зор­л­ық-зомбылық жасағанын біз тарихтан жақ­­сы білеміз. Бір сөзбен айтқанда, Ленин кетті ме, Кривогуз да қоса кетуі тиіс.

Жиынның соңына таман жергілікті бір газеттің тіл­шісі келіп, «Сіздің бұл пози­цияңыз патриоттық сезімнен туындаған ба?», деп сұрақ қойды. Сонда: «Тек қана сол мағынада деп қабылдаған дұрыс емес шығар. Мен, балаларыма тарихты айтып отырамын. Ленин құрған Кеңес өкі­меті туралы, олардың қазақ­қа жасаған қиянаты жа­йында айт­қанымда, олар маған «Ен­деше, неге бізде Ленин көшесі бар?», деген сұрақ қояды... Түсінесіз бе, мен жауап таба алмай тосыламын», дедім.

– Сіз орыс тілінде өте сауатты және жатық сөй­лейді екенсіз. Қазақ тілін­де сөйлегенде де ойы­ңы­з­ды көбі­несе әдеби тіл­мен жеткізуге ты­ры­­са­ты­ны­ңызды байқадық. Кәсіп­­кер­лер арасында мұндай ұстаным­дағы адамдар жиі кездесе бермейді...

– Өмір бойы орысша оқы­дым. Тек жиырма бес жасымда ғана қазақша оқуды, жазуды үйрене бастадым. Сол кезде «Егемен Қазақстан», «Жас алаш» газеттерін жаздырып алатынмын. Отыздан асқан кезімде «Абай жолын» қазақша оқып шықтым. Не­гізі, бұл шығарманы он екі жа­сымда орысша оқыған едім.

Отыз жастан асқан кезде «Менің атым Қожа» деген кітапты оқыдым. Сүйсініп оқыдым, қаршадай бала­ның патриоттығы, образының шына­йы­лығы, сезімталдығы керемет әсер етті.

Былтыр бір досым Дулат Исабеков деген жазушының кітабын оқуға кеңес берді. «Сіздің құндылықтарыңызға сай келеді ол кісінің шы­ғар­малары», деді. Содан Дулат Исабековті оқи бастап едім, өзім үшін бұ­рын беймәлім бо­лып келген ғажап әлемнің есі­гін аштым. Сізге өтірік, ма­ған шын, жазу­шының кітап­тарын оқу үшін жұмыстан үйге жеткен­ше асығатынмын. Бұдан бөлек, біздің компанияда іс қағаз­дары түгелге дерлік қазақ тілін­де жүргізіледі. Мұны биз­нес­тің бір міндеті деп санаймын.

– Қазір сіз студенттер мен мектеп оқушылары алдында семинарлар мен тренингтер өткізіп жүрсіз. Мұндай қадамға баруыңызға не себеп болды және көздеген мақсатыңыз қандай?

– Он екі жыл бұрын он бес­тегі баламды Алматыдағы колледжге оқуға жібердім. Он­дағы ойым үйден жырақта өз бетімен өмір сүруге дағ­дылансын дегендік еді. Арада екі-үш ай өткенде балам хабарласып тұр: «Бізде сырттан кісі шақырып, студенттермен кездесу өткізетін дәстүр бар екен. Көбі қызықсыз, ішті пыстыратын әңгіме айтады, ұйқымыз келеді. Сіз келіп, дәріс оқысаңыз жақсы болар еді», деді. Содан балам­ның колледжіне барып, оқу­шылармен түрлі тақы­рып­тар бойынша әңгімелер өткізіп тұратын болдым. Сол жердегі сөздерім ұнаған болса керек, басқа жерлерден де шақыртулар түсе бас­тады. Содан, Қарағанды ғана емес, басқа да өңірлердегі жоғары оқу орындары, мектептер, кәсіпкерлер шақыра бастады. Қазақстанның қай жерінде болса да сол кездесулерге өз қаражатыммен барамын, гонорар алып көрген емеспін.

Жастарға «Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сияқ­ты классик­терді оқыма­саң­дар, бизнесте болсын, бас­қа салада да болсын та­быс­қа жете алмайсыңдар», деген­ді міндетті түрде айтамын. Болашақ кәсіпкерлерге «Ме­нің атым Қожа» кітабын оқың­дар деп кеңес беруден жалық­қан емеспін.

Семинар өткізген кез­дерім­де балалардан «Кәсіп­кер боламын деген­дерің бар ма?» деп сұрап аламын. Жартысынан көбі қол көтереді. «Роберт Кийо­­саки­дің «Богатый папа, бедный папа» кітабын оқы­дық», дейді бәрі бірдей жамырап. Мен олардың осылай дей­тінін алдын ала біліп отырамын. «Балалар, – деймін сонан соң, – менің тілімді ал­саңдар, сол кітапты өртеп жі­бе­ріңдерші». Содан кейін неге олай дегенімді тал­дап түсіндіріп беремін. Мы­салы, аталған кітапта былай дейді: «Менің әкем табысты емес, қарапайым адам. Ал досымның әкесі, табыс­ты, ақшасы мол. Сол себеп­ті, досым екеуі­міз оның әкесі­нен үйренуге шешім қабыл­дадық...». Ау, сонда «Әке – асқар тау» деген қазақтың құндылығы қайда? Әкесін құрмет тұтпаған бала күні ертең кімді жарылқамақ?

Сол кітапта «Бизнес деген ақша табу» деп үйретеді. Ал менің ұстанымым бойымша, бизнес деген ақша табу емес, ол елге қызмет ету, қоғамға пайдалы болу. Абай: «Пайда ойлама, ар ойла!», деп бекер айтпаған!

– Сіздің ұлтшыл бағыт­та­ғы ұс­та­нымыңыздың осын­­ша берік қа­лып­­та­суы­на тікелей кім әсер етті?

– Егер сіз айтып отырған құнды­лықтар шынында менің бойымнан көрініс тапқан болса, ол отбасындағы тәрбие­ден тамыр тартады. Менің шешемнің тілі керемет шешен еді. Ол кісінің бар-жоғы төрт сыныптық білімі болса да, түйсігі терең, парасат-пайымы өте мол еді. Таңның атысы, күннің батысы үй шаруасымен жүретін анамның екі қасиеті есімде мәңгі сақталып қалды. Біріншісі, ол кісі дастарқан басында сөзін мақал-мәтел­мен дәмдеп, ылғи да ғибрат­ты әңгіме айтып отыратын. Қолы қалт еткенде, қолынан кітап түспеуші еді. Қашан көрсең, шаруасын бітіріп тастағаннан кейін сынған құлағы жіппен байланған көзілдірігін киіп алып, кітап немесе «Жұлдыз» журналын оқып отыратын. Яғни, бойым­дағы жақсы қасиет, ұлт­тық құндылықтардың ең асылын анамның сүтінен, әкемнің қанынан алдым деп есептеймін.

– Қазір ақылы түрде тренинг, семинар өткізетін спикерлер көбейді. Осыған көзқарасыңыз қандай?

– Қазақ – сенгіш халық. Негізі, бұл жаман қасиет емес. Бірақ арамза бизнес-тренер кездессе, бұдан қазақ оңбай таяқ жейді. Жалпы, жұрт алдына шығып, сөз сөйлеп, ақыл айту үшін терең білім керек, парасат-пайым қажет, адамның өзіне деген сенімі зор болғаны жөн. Ал енді, бизнес-тренердің айтар ойы, жастарға берер пайдалы кеңесі мол, ең бастысы ниеті таза болса, онда неге ел алдына шықпасқа?!

– Қайырымдылық істер­мен, меценаттық жасау­мен ұдайы айна­лыса­тыны­ңыз­ды жақсы білеміз. Осы жа­йында аз-кем айта кетсеңіз.

– Бұл тақырып турасында сөз қозғағанды аса ұната қоймаймын... Бірақ, сұрап отыр екенсіз, шет жағасын айтайын. Табысымның басым бөлігі игі істерге жұмса­латыны рас. Дегенмен, маң­дайтермен келген малды оңды-солды шашуға жол берген де емеспін. Әлбетте, қайы­рымдылық бюджеті бір-екі жыл бұрын жазылып, бекітіледі. Бұл жерде белгілі бір стратегиялық бағыт ұстанатынымызды айтқым келеді. Негізінен білім саласына көңіл бөліп, жастардың оқуға, ғылым­ға құштарлығын арттырып, қол­дауды мақсат етеміз. Мектептерге, білім ошақтарына жиі баратыны­мыздың бір себебі де осында жатса керек. Негізінде, бұл игі істерді таза ниетім­мен жасаймын және мұны әлеу­меттік желіде немесе басқа да жолдар бойынша жария етіп, жарнамалауға немесе дабыра қылуға мүлде қарсымын.

Мектептерге жиі баратынымызды айттық. Сондай кездесулердің бірінде ер бала­лардың дәретханасын әдейі барып көрдім. Кірсем, қатар-қатар тұрған алты уни­таздың арасы бөлінбеген. «Бала­л­арға жақсылық туралы әңгіме айтқанша, олардың дәретханасын дұрыстап беріп, жақ­сылық жасасаңшы», деге­нім есімде өзіме іштей. Содан, мектеп директорынан рұқсат алдым да, сантех­никамен ай­­налысатын кәсіп­кер дос­­тарыма хабарласып, әлгі дәрет­хана­ның ішін стандартқа сай етіп жөн­деп бердім. Соған көп ақша да кет­кен жоқ: бар-жоғы 600 мың теңге­дей жұмсалды-ау деймін. Сөйтіп жүріп, бүгінге дейін төрт мек­тептің дәрет­ханасын дәл осылайша ретке келтіріп бер­дім. Енді мына қызықты қара­ңыз: сол дәретханаларға жөн­деу жүргізген кәсіпкерлер келе-келе төленген ақшадан бас тарта бастады. Яғни, олар да қайырымдылық жасау­дың қа­сиетті іс екенін, оның сауабының мол болатынын се­зінді. Тіпті кейде зейнет жа­сын­дағы адамдар да келіп, өз­дері­нің үлесін қосқысы келіп, ниеттерін білдіріп жатады. Міне, осындай игі істер адам­ның жанын семіртеді. Жақ­сы істің шарапаты деген осы.

– Қазір сізді білім меке­мелері жиі шақырып тұра­ды екен. Өскелең ұрпақ өкіл­дерімен кездескенде қандай өзекті тақырыптар туралы әңгіме қозғайсыз?

– Иә, мектептер жиі ша­қы­рып тұрады. Тіпті, кейбі­ріне өзім барып жүремін. Жас­өспірімдермен әңгімеден ерек­ше ләззат аламын. Әрбір кез­десуде жас ұрпақтың санасына елді, жерді, ұлтты сүю­дің, яғни отансүйгіштіктің дәнін сіңіруге тырысамын.

Жас буын өкілдерінің қызыға тың­дағаны маған қуат береді, қайы­рымды істерге шабыттандырады. Олардың бойына ізгіліктің нәрін құю үшін өзім де жатпай-тұрмай ізденемін.

Кездесулерде ылғи кітап оқитын жастарды көтерме­леуге тырысамын. Күшіне ғана сеніп, одыраңдап жүретін ба­ла­ларды әдейі солардың ал­дына жығып беріп отырамын. «Әлі-ақ көресіңдер, қара күшіне ғана сеніп жүрген әпербақандар біраз жылдан кейін кітап кемірген «ботаниктерден» қарызға ақша сұрап жүретін болады», дегенді қалжыңға жыққандай қылып отырып жиі айтамын. Сондай кездерде байқап отырамын, менің осы сөздерімді аудитория дұрыс қабылдап жатады. Ұстаздар да дән риза.

Қорыта айтқанда, ең басты мақ­сатым – жастарымыздың білімді, мәде­ниетті және көр­кем мінез иесі болып қалып­тасуына аз да болса үле­сімді қосу. Иә, жастарымыздың мі­нез­­ді болғаны керек. «Ұлт­қа қыз­мет білімнен емес, мінез­ден», деп Алаш­тың көсемі Әлихан Бөкейхан тегін айт­паған ғой!

 

Әңгімелескен

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

 

ҚАРАҒАНДЫ