Экономика • 19 Ақпан, 2020

30 млн тоннаға жуық мұнай өндірді

435 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1979 жылы ашылған Теңіз мұнай кеніші – әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі. Аталған кеніште 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан мен «Шеврон» компаниясы арасында жасалған келісім негізінде құрылған «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде былтыр мұнай өндіру көлемі 29,79 млн тоннаны (237,7 млн баррель) құрады.

30 млн тоннаға жуық мұнай өндірді

Жалпы, қазіргі таңда ТШО серіктестері мен олардың үле­сіне «Шевронның» 50%-ы, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ-ның 20%-ы, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» кәсіпорнының 25%-ы және «ЛукАрконың» 5%-ы тиесілі. Бар­ланған қоры жөнінен Теңіз кенішінде 3,2 млрд тонна (25,5 млрд баррель), ал Королев кен ала­ңында 200 млн тонна (1,6 млрд баррель) шамасында мұнай бар деп есептелінеді.

2019 жылы ТШО өндірілген газдың 98,7%-ын кәдеге жаратты. Сондай-ақ былтыр кәсіпорында суды қайта пайдалану көрсеткіші 40%-ды құрады. ТШО тұрмыстық ағын суларды кәдеге жарату, өндірістік мақсатта тазарту және қайта пайдалану арқылы суды үнемдеу бойынша іс-шараларды жүргізуді жалғастыруда. ТШО қалдықтардың 35-тен аса түрін қайта өңдеуге жібереді. 2019 жылы қалдықтарды қайта өңдеудің жалпы көрсеткіші 64%-ды құрады.

Былтыр компания сұйытылған газ сату көлемін шамамен 1,3 млн тоннадан асырып, құрғақ газ сату көлемін 7,9 млрд текше метр, ал күкірт сату көлемін 2,6 млн тоннадан асырды. Сондай-ақ өткен жылы ТШО-ның Қазақстанға төлеген тікелей қаржы көлемі 10,6 млрд доллардан асты. 2019 жылы компания қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 4,6 миллиард доллар шамасында қаржы жұмсады.

Былтыр «Игілік» ерікті әлеу­меттік инфрақұрылым бағдар­лама­сының бюджеті 25 мил­лион долларды құрады. Аталған қаржының негізгі үлесі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұм­салуда. Сонымен бірге Атырау және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау, білім беру салаларына қолдау көрсету және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақ­сатында әлеуметтік инвести­ция­­­лар бағдарламасы аясында 2 мил­лион доллардан астам қаржы бөлді.

2016 жылы ТШО серіктестері Теңіз кен орнының өндірістік қуатын арттырудың келесі кезеңі саналатын Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қы­сым­­­ды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыруға қатыс­ты қо­рытынды шешімнің қабыл­данғанын хабарлаған болатын. Сәтімен жүзеге асқан Шикі газ айдау/Екінші буын зауыты жобасына негізделген келешек кеңею жобасы мұнай өндіру көлемін жылына шамамен 12 млн тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттырмақ. Мұнай өндірудің жалпы көлемі жылына шамамен 39 млн тоннаны немесе тәулігіне 850 мың баррельді құрайды. Ал ҰЕҚБЖ ке­ніштегі ұңғы ернеуіндегі қы­сым­ды төмендетіп, өнім зауыт­қа жет­кен кезде қолда­ныс­тағы ал­­ты тех­но­ло­гиялық желі­нің кі­ре­­берісіндегі қы­сымды көтеру ар­­қы­лы Теңіз кен орнындағы зауыт­­тарды толық қуатта ұстап тұра­тын болады. Ел аумағында ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында 41 мыңнан ас­там қазақстандық азамат еңбек етеді, бұл Қазақстандағы жал­пы жоба қызметкерлері саны­ның 91 пайызын құрайды. ТШО қазақ­стандық компанияларды ККЖ-ҰЕҚБЖ аясындағы жобалау, сатып алу, модуль жасау жұмыс­та­ры­на жұмылдырды және 2 200-ден астам қазақстандық компания­ны ал­дын ала іріктеуден және 1 200-ден астам компанияны алдын ала ква­лификациялық бағалаудан өт­кізді. Жоба басынан бері ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында қазақстандық қамтуға жұмсалған қаржының жалпы көлемі шамамен 8,4 млрд долларды құрады.