Экономика • 20 Ақпан, 2020

Табысты жылыстатудың жолдары

423 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қылмыстық жолмен кірісті жылыстату һәм ақшаны заңсыз қолма-қолға айналдыру – құқық қорғаушылардың бас ауруына айналған әлемдік проблема. Мәселен, былтыр қылмыскерлер биткоин арқылы 3 млрд долларға жуық қаражатты қалтаға басыпты. Бұл деректі Chainalysis компаниясы арнайы зерттеу нәтижесінде келтірді.

Табысты жылыстатудың жолдары

 

Криптовалюта нарығында алаяқтар көбейді

Көбіне қаржы алаяқтары заңсыз әрекеттерін криптовалю­та нарығы арқылы іске асырып отырған. Көлең­келі опера­ция­лар әсіресе Binance және Huobi платформаларында жиі орын алыпты. АҚШ-тың қаржы министр­лігі (қазынашылық департа­менті) ресейлік миллиар­дер Олег Дерипаскаға Ресей би­лі­гіне табысты жылыстатуға қол­ға­быс етуі мүмкін деген күдік кел­тірді. Қазақстандағы ахуал да көңіл көнші­терлік емес. Еге­мен­дік алғаннан бері елімізден ша­ма­мен 200 млрд долларға жуық қаражат жыраққа шығарылған.   

Елдегі жағдайды тарқатпас бұрын, алдымен әлемдік конъюнктураны бағамдап көрейік. Цифр­лы дәуірдің артықшылығын киберқылмыскерлер ұтымды пайда­ланып келеді. Chainalysis компа­ниясының мәліметінше, 2019 жылы биржаларға биткоин тү­рінде заңсыз алынған 2,8 млрд доллар түскен. Бұл қара­жат­тың 52%-дан астамы тек екі плат­формаға – Binance және Huobi-ге жі­берілді. Сарапшы­лар­дың ба­ға­­лауынша, 300 мың­нан аса есеп­­шот қылмыстық іспен байла­ныс­ты болған. Осы рет­те ақша­ның 75%-ы, яғни жал­пы сомасы 819 млн доллар тек 810 әмиянға түскен.

Мамандар бұл мекенжайдың дені тәуелсіз брокерлерге тиесілі бол­ған­дықтан KYC рәсімнің (клиентті анықтау тәртібі) жеңілдетілген талаптары оларға алаяқтармен бірлесіп, биржалардағы қаражатты жымқыруға септесті деп санайды. Осыған байланыс­ты Rogue 100 тізімі жасақталып, оған табысты жылыстатуға көмектесетін 100 ірі дербес брокердің есімі жарияланды. Сол жүздіктің 70-і Huobi биржасында жұмыс істейтіні және 2019 жылы бұл брокерлерге қылмыстық құ­рылымдардан 194 млн доллар бит­коин­мен берілгені анықталды. Бір қызы­ғы, бұл тізімдегі бірде-бір брокер Binance-те жұмыс істемейтін болып шықты. Алайда кейбіреуінің аталған биржада және басқаларында аккаунттары болуы мүмкін. Зерттеу нәти­же­леріне қаныққан Binance өкілдері плат­формадағы кірісті жылыстату тәуекелдерін азайту үшін KYC және AML процедураларын жетіл­д­іру­ге уәде етті. Бұл орайда жоғары­да­ғы ті­зімде алаяқтармен жұмыс істей­тін бар­лық дербес брокерлер көр­сетіл­меген. Себебі олардың көпші­лігін анық­тауға тура келеді. Сорақысы сол қауіп­ті тізім­дегі брокерлердің белсен­ділігі жыл санап артып келеді.

 Дәстүрлі валютаға сұраныс жоғары

Былтыр тамыз айында АҚШ-тағы Вествуд шаһарының тұрғыны Кунал Калра криптовалюта арқылы 25 млн долларды жылыстатқанын мойындады. Бұл – кәсіпкерліктегі кірісті жымқыруға қатысты Құрама Штаттардағы алғашқы федералдық қылмыстық іс.

Осыған ұқсас жағдай Скандина­вия аймағында болды. 33 жас­­тағы даниялық азамат биткоин­мен 450 мың доллар  қаражат жым­­қыр­­ғаны үшін 4 жыл 3 айға бас бос­­тандығы­нан айырылды. Жер­­­гі­лікті полиция­ның мәліметіне сүйенсек, айыпталу­шы биткоин сатып алып, оны шетелдік криптовалюта биржаларының шоттары арқылы қа­тысушыларға жіберіп отырған. Нақты қандай биржалар екені есепте көрсетілмеген. Тергеу ба­ры­сында күдіктінің банктегі шот­тары­ның біріне бопсалау арқылы иеленген ақшалары түсіп отырғаны әшкереленді. 

Әйтсе де арнайы зерттеу көрсет­кендей, қылмыскерлер арасында әлі де дәстүрлі ақшаға сұраныс жоғары. Өйт­кені қазір дүние жүзін­де криптовалюта­мен жасалатын қыл­мысқа қарсы кү­рес күшейіп келеді. Сол себепті қыл­­мыс­кер­лер фиат­ты қаражатты пай­да­лану­ды жал­ғас­­тыруда. Rand Corpo­ration ком­мер­циялық емес талдау ор­та­­лығы крип­товалю­та тер­роризмді қар­­жы­лан­дыру әдісі ретінде аса қатты қауіп төн­дір­мей­ді деген қорытындыға келген.

Көршілес Ресейде ақша мен мүлік айналымын Ресей қаржы мониторингі бақылайды. Бұл құрылым банктегі қаражаттың шығуы туралы ақпаратты сұрастыруға құқылы. Ал тексерудің қоры­тындысын салық немесе полиция органына бере алады. Ресейде қолма-қолға айналдырылған ақша қатаң бақыланбайды. Сол себепті заңсыз ақша айналымы фактілері жиі кездеседі. Батыс елдеріндегі табыс­ты жылыстатудағы модельдің аса танымал болмауы да осында жатыр. «Батыс мемлекеттері мен Ресейдегі заңсыз қолма-қол ақшамен күресте айырмашылық бар. Мысалы, Ресейде қолма-қол ақшаға пәтер алсаңыз, бұл ақшаның қайдан келгенін ешкім сұрамайды. Ал егер дәл осылай Ва­шинг­тон орталығынан баспана алуды қаласаңыз, онда бұл ойыңыздан түк шықпайды. Ешкім сізге үйін сатпай­ды. Тек ақшасыз есеп айырысу ар­қылы ғана жылжымайтын мүлікке қол жеткізе­сіз. Неге? Батыста қомақты қолма-қол ақша – қылмыстық эле­менттің негізгі белгілерінің бірі. Өйт­кені есірткі бизнесі, жезөкшелік және тағы басқа қылмыстар қолма-қол ақшамен жасалады. Героин партиясы үшін ақшасыз есеп айырысса, бірден мемлекеттік қаржылық қадағалауға алынады. Сондықтан қылмыстың дені қолма-қол ақшаның айналасында шоғырланған.

Ал Ресейде барлығы керісінше. Ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны қай­дан алдың деп ешкім сұрамайды. Егер есепшоттағы қаражат болса, онда жағдай басқаша. Бұл орайда салық төлеп, кірістің қайдан келгені жөнінде ақпарат беруге тура келеді. Бюджет қаражатын сыртқа шығарып, оны қолма-қол ақшаға айналдыру қарқын алды. Алаяқтардың жүйесі қарапайым: Бір күндік фирмамен шарт жасалады. Осыдан кейін мемлекеттік бюджет қолма-қол ақшаға аударылып, қылмыскерлер ізін суытады. Кірістің шығуы жөнінде сұрамайынша, заңсыз қолма-қол ақшаның мәселесі Ресейде өзекті болып қала бермек», деп әлеуметтік желіде ойымен бөлісті ресейлік заңгер Руслан Решатов. 

Ресми дерек беймәлім...

Қазақстанға келсек, бұл ретте Қаржы министрлігі қаржы мони­торингі комитетіне арнайы сауалхат жолдаған едік. Өкінішке қарай, құ­­зыр­лы орган тарапынан қана­ғат­­­танарлық жауап ала алмадық. Ведомство­ның ресми жауабы мынау: «ҚР Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті Сіздің Қазақ­станнан ақша қаражатын шығару туралы мәлі­мет­терді ұсынуға қатысты 2020 жыл­ғы 4 ақпандағы №08-46/62008 сұра­нысыңызды қарас­тырып, келесіні хабарлайды. «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жы­лыстатуға) және терроризмді қар­жы­ландыруға қарсы іс-қимыл тура­лы» Қазақстан Республикасы Заңы­ның 18-бабының 3-бөліміне сәйкес (бұдан әрі – заң) құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік орган­дардың уәкілетті органға қаржы мониторингіне жататын опе­ра­ция туралы мәліметтер мен ақпа­ратты ұсыну туралы сұрау салуды жіберуі Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және оның орын­ба­сарларының санкциясымен жүзеге асырылады. Заңның жоғарыда көр­се­тілген бабының 5-1 тармағына сәй­кес қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы, сондай-ақ қар­жы мониторингі субъектілерінің клиент­тері туралы мәліметтер мен ақ­па­ратты уәкілетті орган осы заңда көзделмеген тәртіппен бермейді. Осыған байланыс­ты, заңнама нормаларын бұзуға жол бермеу мақсатында осы сұраныс бо­йынша ақпарат жолдау мүмкін болып табылмайды. Сонымен бірге Қаржы мониторингі комитеті Сізбен алдағы уақытта ҚР заңнамасы шеңберінде ынтымақтастыққа дайын».

Әлбетте, арнаулы уәкілетті орган­дардың белгіленген жұмыс тәртібі бар. Оны жоққа шығару қисын­сыз, ол заңмен реттелген. Десе де Пре­зи­дент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­­дамасының іс жүзінде орындалуын қаласақ, онда мемлекеттік орган­дар­дың ашықтығы, сондай-ақ қажетті ақ­параттың қолжетімділігі соған ла­йық­ты деңгейде болуы тиісті емес пе?!

Қош, біздегі заңсыз қолма-қол ақ­шаның конъюнктурасын білу үшін сарап­шылардың пікіріне жүгіндік. Әсі­ресе шет елдердегі бағалы қағаз­дар нарығы, сондай-ақ валюта және қор нарығынан түсетін табыс Қазақ­стан­да қолма-қол ақшаға аударылуы мүмкін деген ақпарат бейресми дерек көздерінен қолымызға түс­ті. Тұтас­тай алғанда, шетелдік трей­дерлер үшін Қазақстанда табысын қолма-қол ақ­шаға айналдыру қан­ша­лықты тиімді? Трей­дерлердің табысы Қазақстанда фискалды органдармен реттелген бе, яғни та­бысының қанша пайызы салыққа төле­неді? Міне, осы сұрақтарға Wall Street Invest Partners филиалының директоры Ілияс Қас­жанов жауап берген-ді.

– Алдымен қаржы нарығында сауда қалай жүргізілетінін анықтап алуы­мыз керек. Қаржы нарығы деп мең­зеп тұр­ғаным: валюта, тауар, шикі­зат және құнды қағаздар на­рығы. Атал­ған нарық­тың біреуіне шы­ғуға ниет біл­дір­сек, ең алдымен брокердің көмегіне жүгі­нуге тура келеді. Брокер дегеніміз кім? Ол – құзырлы органның рұқсатын, яғни ли­цен­зиясын алып, жеке және заңды тұлғаларға сауда алаңына шығуға мүмкіндік беретін кәсіби қатысу­шы. Оның негізгі көздегені – комиссия. Яғни, брокер әр инвестордың жаса­ған сау­д­асынан белгілі мөлшерде өз пай­да­сын алып отырады. Әрине ол пай­да ин­вес­тордың табысымен салыс­тырғанда әлдеқайда аз. Сон­дық­тан шығысы да жоқ. Мұнымен айтқым кел­гені, әр инвестор өзі қала­ған нарыққа шығуға мүмкіндік бере­тін брокерді таң­дайды. Мысалы, елі­міздегі биржалар­да сауда жасағысы келген инвестор біз­дің жергілікті брокерлердің көмегіне жүгі­не­ді. Өйт­кені бұл сала енді ғана дамып келе жатқанына қарамастан Ұлттық банк қатаң қадағалайды. Брокер инвесторға сауда шотын ашады. Ақша банк­тегі есеп­шотыңыз арқылы аударылады. Тура солай ақшаңызды сол банк ар­қы­лы аласыз. Ескертетін жайт, брокер ақ­шаны шоттың иесіне ғана аударады. Бұл стандарттар AML деп аталады (қылмыс­тық жолмен алынған кірістерді заңдас­тыру­ға (жылыстатуға) және терроризмді қар­жы­ландыруға қарсы іс-қимыл тура­лы стандарттар). Сондықтан да шет ел­дегі құн­ды қағаздардан түскен пайда Қазақ­стан­ға келсе, ол тек еліміздің өркен­деуі­не үлесін қосады. Себебі қаржылай сауат­ты адамдардың әл-ауқаты еселене түседі. Түскен пайдадан салық төленеді және сұранысты өтейді, – деді І.Қасжанов.

Сала маманы шетелдік трейдерлер үшін Қазақстанның құнды қағаздары тартымсыз дейді. Себебі нарықтағы қатысу­шылар тым аз. Демек, алатын пайда да шамалы болса керек. Сон­дық­тан трейдердің тапқан пайдасы тұрып жатқан еліндегі банктердің шотына түседі. Қазақстанда Елбасының баста­масымен іргесі қаланған Астана Халық­аралық қаржы орталығы шетел­дік инвесторларға тиімді ұсыныс жасап келеді. Мұнда ағылшын құқығына негізделген сот жүйесі іске қосылған және қатысушылар 50 жылға салық төлеуден босатылған, деді І.Қасжанов.

– Қазақстанның салық заңнамасы­на сәйкес құнды қағаздармен сауда жасап, тапқан пайдаға салық салынады. Бұл өте ауқымды тақырып. Өйт­кені құнды қағаздардың бағасы ауыт­қуынан табатын пайда бар. Диви­денд ретінде келген пайда мен шет ел­дегі брокерлердің көмегіне жүгін­ген адамдар да бар. Қысқаша айтқан­да еліміздің әр азаматы деклара­ция толтырған кезде өзіндегі құнды қағаз­дарды көрсетуі керек. Бұл қағазға жеке табыс салығы 10% мөлшерінде салынады, – деді І.Қасжанов.

Соңғы жылдары Қазақстанда қаржы бақылау органдары бір мыңға жуық қыл­мыстық істің қозғалуы­на негіз бол­ған көлеңкелі жүйелерді анық­­та­ды. Былтыр 800-ге жуық жауап­­сыз клиент­термен іскерлік қаты­нас тоқтаты­лып, 280-нен астам ны­сан қаржы мони­торингінің есебіне қойыл­­ды. 2019 жылы 800-ге тарта күмәнді компания­лар анықталып, олардың кіріс айналымы миллиардтаған ақша­ны құраған.