Руханият • 20 Ақпан, 2020

Абай философиясы: шығу тегі, қалыптасуы және дамуы

5038 рет
көрсетілді
67 мин
оқу үшін

Дүниенің басы сайран, түбі ойран,

Озар сойды бұ дүние...

Доспамбет жырау

 

Ақыл-ойда, алдымен

сезім арқылы

берілмеген, ештеңе жоқ...

Джон Локк

 

Философияны философия

(даналыққа құштарлық) деп,

өзін философ деп, ең алғаш атаған

... Пифагор еді, оның ойынша,

адам – дана емес, философ, – даналық Құдайға ғана біткен қасиет.

Диоген Лаэртский

Абай философиясы: шығу тегі, қалыптасуы және дамуы

БЕСІНШІ ҰСТАЗ

Эссе

Преамбула

Жаз кезім. Атам екеуміз ауыл сыртында, іргедегі Жарлы өзені тұсында, сай-сала, иірім, су жағасын қуалай, бітік өскен қалың қау, көк шалғын арасында, жүзін ұзақ, мұқият қайраған ақ азу, қара шалғымен жапыра құлатып шөп шауып жүргенбіз. Шілде уақыты тамылжыған тамызға ұласып келе жатқан жайма-шуақ ұлы шақ. Үш-төрт жастағы менің сұрақтарым көп. Естіген нәрсемді сұраймын. Атам дембіл-дембіл тоқтап, шарықты шалғы жүзіне тақап, жанып-жанып қояды. Сосын, құлашын сермеп, ақырын сырғи жүрген шалғы соңынан бірқалыпты жылжып отырады.

Бұл жаз айлары Арқа жұрты күн нұрын төгіп, тылсым бақыт кешетін мезгілі. Көрші шабындықта Тәңірберген қоңсы құрал-сайманын түгендеп жатыр. Шаруасын бітіріп, шалғы түскенше, бір келіп амандасып кететін ғадеті.

– Әу, ассалаумағалейкүм, Төке, – дейді қасымызға тақап келе жатып, таяғанда, екі қолын беріп, екеумізбен де амандасады.  

– Уағалейкүмассалам!

Көзін көлеңкелеп төңірегін шолады. Қазбауыр бұлттар аспаннан ажырап, жерге салбырап түсіп келе жатқандай көрінеді. Күн ысып барады, шұғыла шашып тас төбемізден алабөтен жарқырайды, бұл уақыт – қыр даланың ең жылы маусымы. Тәңірберген маған қарап, сөзін жалғайды:

– Немереңізбен шығыпсыз ғой.

Атам шалғысын көтеріп, жүзін тексеріп тұрады, ежелгі дағдысы, қолы қалт етсе, абайлап саусағын тигізіп, жүзі кетіп қалған жоқ па деп, бір қарап, тексеріп қояды.

– Иә. Жұмсауға да бір адам керек. Қолқанат, – дейді сосын.

– Еңбекке баулыған жақсы, ертең қызығын өзі көреді.

Бұл сауалға да атамның жауабы дайын, іле-шала тіл қатады:

– Әрине... бірақ, сана бермесе, тағы болмайды. Бұл қарақ – аса саналы, ынталы, елгезек бала.

Тәңірберген шалғы салуға ерініп тұрған сияқты. Сағатына бір көз жүгіртіп қойып, тағы әңгіме бастайды. Атам да асықпайды, шөпшілердің бұл әдеті аса бір аяулы нәрсе, пішен кезінде көп сыр айтылады, өткен-кеткен қозғалады, әредік дау туып жатады, бір-біріне ренжіп, кетісіп қалатындар да болады. Мен ес жиып келе жатқалы ауыл арасындағы әңгіме-дүкенде Абай есімі көп аталады, шер тарқатысқанда, аман-саулықта, топтасып өрістен қайтқан малды күткенде жиі қайталанады, сөзіне дәлел келтіргенде, дерегіне дәйек іздегенде, ұлы ақынға жүгінеді, арқа сүйеп, негізге ала сөйлейді, көкірегі даңғыл Абай хәкімнің даңқы, тылсым даналығы бәріне бірдей жетеді, кейде менің де данышпан Абай атам секілді дүниедегі ең ақылды адам болғым келеді.

Оның Абайдан бір нақыл сөз айтайын деп келе жатқанын сездім, жүзінен танып қойдым, Абайсыз әңгіменің тұздығы жоқ тәрізді көрінетін.

– Абай айтқан екен, – деді ол, –  “Бейнет көрмей, дәулет жоқ”.

– “Сап, сап, көңілім, сап, көңілімде” ғой.

– Иә. Тағы бір айтатыны бар, бірақ, қалқа бала тұр.

Күлді.

– Бейнетқор бала, шаруаға бейім өзі.

– Жарайды, ақсақал, кеттім, қас қарайғанша осы тұсты бітіріп алсам.

– Тәңірберген-ау, кіші шошып, үлкен ұялатындай, қай сөзін меңзедің?

– Кейін, Төке, кейін.

– Әй, осы Абайдың жұмбағы бітпейді-ау.

Көрші езу тартып ұзап бара жатты. Кейін мен Абайдың бұл құпиясын аштым. Бір-ақ ауыз сөз. Бүкіл қазақ, бар адамзат табиғаты сыйып тұрған бір-ақ ауыз сөз. Абай ғақлиясында сөздің ірі-майдасы жоқ екен, сөзінің бәрі – сүйекті. 

 

Мұхтар Әуезов

Әсілі, Абайды әуелі алаштың өзіне, кейін төрткіл дүние жұртына кеңінен таныстыру, насихаттау жолында ғұлама заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов орасан зор рөл атқарды. Ғылымын (абайтану) қалыптастырды, шығармашылығын (өлеңдері, “Қара сөзі”) бір жүйеге келтірді (зерттеді, реттеді), көркем образын (“Абай жолы” роман-эпопеясы) сомдады (жазды).

Ұлы ақынды танып-білуге байланысты ұзақ жүргізілген жұмыстар өз жемісін берді. Нәтижесі, бүгінде хәкімнің қазақ руханиятындағы түбегейлі, орнықты орны, тиянақталған шығармалары үздіктігі тұрғысынан ешқандай күмән туғызбайды.

Әуезов – Абылай хан, Кенесары, Абай қадіріңе жеткен қаламгер. Кенесары туралы “Хан Кене” атты пьеса жазды, сірә, 1928 жылы болса керек, ал 1930 жылға дейін пьеса екі-үш жерде қойылып үлгерді. Белгілі мұқтартанушы Мамай Ахет куәлігінше, Мұқаң Абылай туралы үлкен шығарма жазуды ойластырса керек, көп дерек жинап қойған көрінеді.

Абайды дүние жүзіне әйгілеген Мұхтар Әуезов өз міндет-миссиясын XX ғасырда толығымен атқарып, орындап шықты. Кемел ақынның аяулы  бейнесін, сәулелі отбасын, зиялы ортасын, кертартпа қатыгез заманын, қоғамын кейіптеуде виртуоз қалам иесі барша талантын, қарым-қабілетін, оқып-білгенін түбіне шейін сарп етті. Тіпті, бүкіл өнерін, күллі өмірін, бар күш-қайратын осы мақсатқа сарқа жұмсағаны рас.

Абай, әрине, отбасынан басталады. Десек те, хәкім өмірінде елеулі із қалдырған, дүниетанымы қалыптасуына айрықша, қомақты үлес қосқан жарқын да жақын тұлғалар бар. Солардың бірі де бірегейі – Қалиолла.  

Қалиолла Өскенбаев

Үйімде, сөрелері сіресіп тұрған үлкен кітапханамда, алғысөзін Мұхтар Әуезов жазған аса бір қымбат кітабым бар. Бұл – Қазақтың Мемлекеттік Көркем әдебиет баспасында 1961 жылы жарық көрген Абай Құнанбайұлы шығармаларының бір томдық толық жинағы. Редакциясын қарап, түсініктерді, жаңа материалдарды толықтырып баспаға дайындаған – Әбіш Жиреншин.

Ұмытылып бара жатқан есім. Немесе, қазір ғалымдардың өзара әңгімесінде ғана аталатыны болмаса, ел арасында ұмытылған ныспы.

Кітапта Абайдың туысы Қалиолла туралы көп мағлұмат беріледі: “Абайды алғашқы рет орыстың өнер-білімі, кітаптары мен, сонау алыстағы Петербургтағы, Москвадағы орыс интеллигенциясының салт-сана, тұрмысымен таныстырған адам Абайдың өз інісі Қалиолла Өскенбаев. Қалиолла Құнанбайдың Айғыз деген бәйбішесінен туған, ерте кезден-ақ оны әкесі орысша оқуға береді. Абай елде жүргенде Қалиолламен Петербургке хат жазысып, хат алысып тұрады. Жазғы демалыста елге келгенде Қалиолла астана тұрмысынан қойын-қонышы толы көптеген әңгімелер мен кітаптар ала келетін болған, осы кітаптарды үнемі оқып Қалиолламен іштей сырласып, пікір алысушы немерелес ағайындарының ішінде зерегі Абай болған”.

Әбіш Жиреншин Қалиолла жайлы жеткізе жазады. Бірақ, бізге мына бір деатльдары айрықша маңызды көрінді.

“Қалиолла ең алғаш Семейде оқып, ондағы оқуды тауысқан соң, Омбыдағы Шоқан оқыған Кадетский корпуске түседі. Бұл Шоқан Уәлихановтан соң. Оны да бітіріп, корнет офицер деген атақ алып шығады. Бұл тәрізі 1863-69 ж. мөлшерінде. Бұдан соң Қалиолла Москвадағы Павловский кавалерийский школды бітіреді. Бағзы бір мәліметтерге қарағанда Халел  1877-1878 жылдар орыс-түрік соғысына қатынасады. Онда да ерлік көрсетіп орыстың бір генералынан алғыс алады...”

Бұл қастерлі кітап маған, менің қолыма 2017 жылы Семейде тиді. Бір азаматтан сұрап алдым. Уақытша. Қасымда Сұлтан Ыбырай мен Омар Жәлелұлы бар. Бірақ, кітапты қайтарып беруім қажет.

 Ахмет, Тәкен, Зәки және Жабал

Сол бір балалық шақ жылдары мен Абай туралы құлағыма жеткен көп ғұлама сөздің бірін тұңғыш рет осылай санаммен естідім. Көрші Тәңірберген ақсақал қандай құпиясын айтпай кетті, білгім келді, Абайды ұғатын, түсінетін жасқа тез жетуге құмартып қалдым. Кейін есейгенде, осы бір жайма-шуақ өлеңді талай рет ашып оқысам да, не айтқысы келгенін бір адамдай түсінсем де, өзімді өлең шындығынан адасып жүргендей сезінемін, бұл жерде Абай басқа бір нәрсені белгілегендей көрінеді де тұрады, еуропалық философиялық жүйелер, еңбектер, кітаптар іздеген ақиқаттың көмескі бейнесі, асыл мұраты Абайдың осы бір өлеңіне сыйып кеткендей әсер қалдырады, бұл менің бала жасымнан шешімін табуға тырысқан өмір бойғы жұмбағыма айналды. Құпия күйінде, көлденең қалқиып әлі көз алдымда тұр.

Абайдың алғашқы өлеңдерінің бірі. Әсілі, 1855-1881 жылдар аралығында жазылған. Жұмбақ жырдың соңына қарай келтірілген құнарлы сөз, қуатты ой. Ұйқас қуған тіркес те, ажары болса да,  артық айтылған лепес те емес. Әркім қулығына, сұмдығына қарай бойлайды.

Жұмбақ жан десе – жұмбақ жан. Дәстүрлі орта, ата салты ардақтаған көшпелі құндылықтар жүйесі талаптары, дала заңы, орыс низамы қаз-қатар қысқан алмағайып заманда, қыр етегінде, түзде, әлем ілім-білімін таныған данышпан қалай, қайтіп туып-өсті, қайдан келді, қай межеде қалыптасты, сұңғыла табиғаты, ойшыл қабілеті, жалпы адамзаттық шеңбердегі пайым қасиеті сыртында не тұр, кім бар, ол бізге небір мыңжылдықтар айналысқан математикалық күрделі есептерге барабар, қиын жұмбақтар тастап кетті.  

Тәкен Әлімқұлов “Жұмбақ жан” атты еңбегінде Абай жолын дәп таниды:

“Сондықтан да Абай поэзияға төтенше жүктер артуға мәжбүр болды. Әбден тоқтасқан шағында туған қара сөздерін былай қоя тұрсақ, Абайдың фәлсапасы, эстетикасы, тұрмыстық толғаныстары оның поэзиясында, жұртқа тез тарайтын ұшқыр жанрда жатыр. Күн ілгері айта кету керек, Абайдың кейбір өлеңдерін орысшаға аударғанда, оның жалаң ақылгөй (дидактик), сырсыз шешен (риторик) боп көрінуінде осындай тарихи себептер бар. Осыған байланысты есте тұтатын және бір жәйіт, әдебиеттің жас кезінде, қалыптаспаған шағында поэзия әртүрлі міндет атқарып, әртүрлі жүк көтере береді. Горацийдің, Лукрецийдің поэмалары ғылми трактатқа жатса, Ломоносовтың кейбір ұзақ толғаулары шаруашылықты уағыздауға мәжбүр болады. Бұған баяғы Авиценнаның жырмен жазған ғылыми еңбектерін қоссаңыз, поэзияның алғашқыдағы орнын оңай аңғарасыз”.

Біздің білуімізше, кемеңгер Абайдың екі жолы бар: бірі мақсат ретінде, бірі сол мақсатқа жетудің әдіс-тәсілі ретінде. Өлең-жырлары – ой-толғаныстарын халыққа жеткізетін ең тиімді жолы еді. Себебі, “Төркіні тым әрідегі қазақ поэзиясының ұлттық өмірде араласпаған саласы жоқ” (Тәкен Әлімқұлов).

Аса заманауи, тіпті, заманынан, дәуірінен озық тұрған Абай пайымы қазақ санасына тез жетуі үшін ақын өзі өмір сүріп отырған ортада атақ-абыройға ие, қоғамдық ақыл-ойға қожа, көне шежіреден бері алаштың сана-сезімін, ұлт танымын билеп-төстеп келе жатқан халықтық жанрға бет бұрады.

Шұғыл жанр тез ұқтырады. Бірақ, бұл жерде де Абайдың күрделі тұлғасы танылды. Ахмет Байтұрсынов атақты мақаласында (“Қазақтың бас ақыны”): “1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғаны біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі.Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас,” – дейді.

Әйгілі академик Зәки Ахметов “Кемел ақын, кемеңгер ойшыл” атты еңбегінде (Абай, Бірінші том, Өлеңдер мен аудармалар, Алматы, “Жазушы” баспасы, Алматы) төмендегідей қисын келтіреді: “Қазақтың зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және Шәкерім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров секілді өлең сөздің өрен жүйріктері Абай сөзінің қадір-қасиетін бірден-ақ әбден түсіне білді десек те, ұлы ақынның әдеби мұрасына біртұтас орнықты көзқарас қалыптастыру оңай болған жоқ”.

Көрнекті абайтанушы-ғалым Жабал Шойынбет бір сұқбатында мынадай ой түйіндейді: “Абайды өзі өмір сүрген кезде қазақ халқы жете түсінбеді” деген пікірлерді естіп қаламын. Меніңше, бұл дұрыс емес, ол қазақ халқын кемсіту секілді көрінеді. Сол кезде-ақ Абайды қазақ халқы өте сыйлаған. Қайта осы күні Абайды жете біле бермейтін сияқты көрінеді маған”.

Зәкең мен Жабал айтқан екі ойдың арасында қайшылық тұрғандай көрінеді. Шын мәнінде, Абайды сырт айналған елі емес, қылышынан қан тамған Совет өкіметі еді.

Жабал сол интервьюде тағы бір жақсы пікір білдіреді.

“Көшпелі өмір болмысының ерекшелігіне орай, Абай туындыларының халық арасында таралу жолының үш жағдайда жүзеге аса бастағаны байқалады. Әуел баста, Абай өлеңдері ауызша біреуден біреу жаттап алып, әнге қосып насихатталып жатты. Екінші жағынан, ақын өлеңдері қолжазба түрінде біреуден біреу көшіріп алып, көзі қарақты санаулы сауатты адамдар арасында таралып жатты. Үшіншіден, ақын туындылары 1889 жылдан бастап баспасөз беттерінде әр қилы жағдайда басылым көріп жатса да, Абайдың көзі тірісінде өз атынан жарияланған емес”.

 Ортега-и-Гассет, Камю, Сартр және Мартин Хайдеггер

Біз Абайды қазақ кәсіби философиясының іргетасын қалаушы, іргелі категориялық түсінік аппаратын қалыптастырушы ойшыл тұлға тұрғысында танимыз (иманигүл, толық адам ілімдері туралы айтпаған күннің өзінде).

“Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

 

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.

Ойлан дағы үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл”.

Шығармада бәрі айтылып тұр. Біз алғашқы екі шумағын алға тартып отырмыз. Осы айтылған бәрі – тек сырт түсінік. Ал, үш махаббат, тәхқиқ, тағат, тасдиқ, руза тәрізді хуснизән – жақсы ниет, көркем ой, жақсы пікір – иманмен қатар, бірге танып, бірге білу қажет талаптары – шыңыраулар, тұңғиықтар. Шыңырау тереңдік те, шыңырау биіктік те болады. Жер ғана емес, аспан да – тұңғиық.

Кісілік – қасиеттер басы.

Жалпы, бұл өлең – Абайдың ойшыл болмысын, философтық табиғатын, хакімдік әлемін ашатын қорытынды-тұжырым жасаған ерекше туынды. Кешенді, жүйеленген ілім көрінісі. Шығарма жазылған уақыт – эпистолярлық жанрға көшіп, қара сөз жазып, дүниеге жаңа ой-толғам әкелетін тұс. Бұл, тегі, жүзеге асқан сана төңкерісі. Таным өзгерісінің қақпасы – осы өлең. Бүкіл шығармаларының кілті. Ойшылдың ой кеңістігіне осы кілтпен есігін ашып кіресіз. Абай ойының шыңы. Немесе шыңдарының бірі. Программный документ – для нации. Определяющее, предвосхитившее будущее творение, созданное – во имя человечества.

Манифест гуманизма.

Абай – орыс ойшылы Николай Бердяев секілді діни экзистенциалистік философияға туыс, үндес тұлға. Лев Шестов құсаған еркін қатегориялармен ойлайтын сыншыл данышпан.  

Ол – шын мәнісіндегі, ойлау құралдары бар, қалыптасқан жүйелі түсініктеріне арқа сүйеген нағыз кәсіби философ. Ойшылдық кәсібін меңгерген, ой еңбегімен айналысқан, дүниежүзілік интеллектуалдық ізденістерді, қозғалыстарды, ағымдарды орыс баспасөзі арқылы қал-қадерінше жіті бақылап отырған философ.

Хакім ой жазбаларында пайдаланған түсініктер, ұғым тұрғысында қалыптасқан, орныққан, іріктеліп, тиянақталған сөз қоры, ойлаудың интрументі рөлін немесе қызметін атқарады.

“Болмыс”, “сана”, “бес нәрсе”, “заман”, “жүрек”, “ақыл”, “қайрат”, “ар-ұят”, “иманигүл”, “махаббат”, “бақыт”, “бақ”, “толқын”, “жаман”, “жақсы”, “көңіл” тәрізді ұғым сөздер – Абай философиясының шешімі.

“Жүректің” (ынталы, шошыған, шын, өртенген, өрбіген, үрпиген, қапаланған, жаралы, сөнген) сан қилы түрі, “көңілдің” (сезімпаз, күңгірт, қам, қара, сынық) бірнеше күйі бар.

Надан адам деген кім:

“Көп айтса – көнді,

Жұрт айтса, болды,

Әдеті надан адамның?”

Демек, надан адам – тобыр, масса. Ортега-и- Гассет (“Көпшілік көтерілісі”, орысша нұсқасы “Восстание масс”) пен Элиас Канетти (“Билік пен көпшілік”, орысша нұсқасы “Масса и власть”) тақырыбы. XX-XXI ғасырлардың өзекті мәселесі.

Канетти іргелі еңбегінде массаның мінез-құлқына сипаттама береді. Өтіп бара жатқанды өзіне қосып алады. Қосып алғанды өз тәртібіне бағындырады. Өз тәртібіне бағындырғаннан масса жасайды. Дербес ойсыз. Еркін емес, бір-бірін байлап, жібермей ұстайды. Масса өзін өзі басқарады, бірақ сыртқы ықпалға көнгіш, тәуелді, бодан. Оны күшейтіп тұрады. Тобырға ауқат пен қызық керек. Массаның ең қалың көрінісі – поп-эстрада, поп-мәдениет, поп-ғұмыр. Масса адамды ойлау қабілетінен айырады. Абай анықтаманы қалай дәл берген! Сосын, көпте ақыл жоқ дейді ұлт ұстазы.

Абай категориялары, Альбер Камю өзінің “Сизиф туралы аңыз” атты эссесінде тақырыбын талқылауда арқа сүйеген экзистенциализм категорияларына ұқсайды. Жан-Поль Сартр, кешенді пәлсапалық еңбектері мен көркем шығармаларында қолданған, қайшылықтағы әлем/адам сипатын бейнелейтін ұғым-түсініктерінен еш аумайды деуге де болады. Әрі Мартин Хайдеггер терминдерімен ағайындас ұғымдар.

Кейбір әсіре-академиялық ортада Абай философ емес деген пікір айтылып қалып жатады. Дәйек ретінде философиялық мұратын (көзқарасын, дүниетанымын, әлем пішінін) айқындайтын жүйелі еңбектері жоқтығын алға тартады.

Философияның өзі бірнеше деңгей-дәрежеге бөлінеді. Бірақ, әрине, біздің қарастырғалы немесе қарастырып отырғанымыз – кәсіби философиялық ілімдер.

Кез келген жүйенің арқа сүйейтін тіректері – онтология, гноселогия, логика, эпистемология, этика, эстетика – секілді топтас бөліктері, сонымен қатар,  құрамына енетін заңдылықтары – диалектика, индукция, дедукция және логика.

Социологиялық-культурологиялық категориялар арқылы ақиқатты табу жолында ізденетін философия бар.

Бұл философия – шартты түсініктерге толы. Кейде, философия туралы қасаң ой-пайымдар да кедергі келтіреді.

Модерн/постмодерн

Қазір философия постмодернистік құбылыстар жағдайында еркін кеңістікке шықты. Жаңа көкжиектері ашылды. Философия мен культурология теңесті. Бекет Нұржанов “Модерн. Постмодерн. Культура” атты кітабында (Алматы, “Өнер” баспасы, 2012 жыл) "бүкіл модерн институттары философиямен қатар ақиқатты жариялайтын инстанцияға айналады, деген қорытынды жасайды. Оның ойынша, “мәдениет – мән-мағына туғызушы еңбек” (орысша нұсқасы: “культура – производство смыслов и значений”).

Ал Макс Вебер: “Мәдениет – адам өміріне үстемдік құратын рухани және заттық игіліктер жүйесі” (орысша нұсқасы: “культура – это система духовных и материальных ценностей, подчиняющая себе жизнь людей”) деген пікір келтіреді.

Бұрынғы классикалық философияда мәдениет адам қолының ізі жатқан қасиет-құндылық ретінде түсіндірілетін. Енді қазір, постмодернистік дәуірде анықтама беру қиындайды. Себебі, руханият кеңістігі ұлғаяды, мәдениет аясы кеңейеді. Білім ақпаратқа айналады. Әсілі, ғылыми-технологиялық жаңалықтарды еркін пайдалануға мүмкіндік алған, ақпар-мәліметке қол жеткізген институттар (тарих, рационализм, театр, әдебиет, ғылым, шындық, ақыл-ой, БАҚ, пән), өз кезегінде, ағылып, тасқындап келіп жатқан хат-хабар негізінде өз тұжырымдамаларын, концептерін жасайды. Бұл өзгерістердің бәрі ақпарат технологияларының бүтіндей, тұтастай бұқаралық сипат алуымен тығыз байланысты. Бүгінде біз кітап оқымаймыз, гуглден қарай саламыз. Адамзаттың жиған-терген білімі, бүкіл тарихи танымы бір гуглге сыйып тұр. Тіл деп сөзді емес, таңбаны ұққандықтан, барлық өрнек, белгі, сан тілге айналады. Демек, архитектуралық нысандар, математикалық есептер, автомобильдер пішіні, қаланың бас жоспары, бәрі мәтін қызметін атқарады.

Модерндік дәуірде, идеяны, мән-мағынаны, құндылықтар мен үлгілерді туғызушы – философия еді, постмодернизм шеңберінде кез келген институт өндіруші күш – әдебиет, лингвосемиотика, культурология, социология, психология, медиология, тіпті, кинотану болсын. Постмодернизм – модернизм сияқты көзқарастардың жалпы жиынтығы емес, бір арнаға құйған, ортақ қасиеттері бар ағымдар бірлестігіне де жатпайды. Рас, түсініксіз. Модерндік жүйеде ницшешілдік, марксизм, фрейдизм, феноменология, экзистенциализм, структурализм, герменевтика, неоплатонизм бір таным жолындағы, бірақ, түрлі сипаттағы ізденістер. Постмодернизм – басқа, бір-біріне ұқсастығы жоқ ойшылдық. Ол тұтыну қоғамы, постиндустриалды қоғам, ақпараттық қоғам, медиамәдениет, ғаламдану (глобализация), жергіліктен(дір)у (глокализация) ұғым-түсініктеріне туыс, жақын. Гуманитарлық таным жүйесіндегі лингвистикалық төңкерістер, яғни, таңбаның дыбыс алдына шығуы, әлемді мәтінге айналдырды. Болмыс мәтін болды. Бұл – тілдің қалыптасуы жөніндегі семиотикалық теорияның трансформациясынан туды.

Абай – модерндік тұлға. Талаптары, бірыңғай ақиқат іздеуі модернизм философиясымен ұштасады.

Постмодернизм – модернистік түсініктердің дағдарысқа ұшырауы. Сондықтан, тарих аяқталған жоқ, ол жайлы түсінігіміз қайшылыққа түсті, философия өлген жоқ, мазмұны өзгеріп, алдына жаңа міндеттер қойылды, кітап қазасы да шартты нәрсе, оның табиғаты басқа сипат тапты, ғылым нәтижелері жойылған емес. эпистемологиялық ақиқат сыры, құрылымы күрделенді.

Біздің Абай туралы таным-түсінігіміз тереңдеді, жаңа қырлары ашылды, хакімнің іліміне қатысты деректерге бар қазақтың қолы жетті. Ғаламтор арқасында әрбір қазақ абайтанушыға айналды. Бұл – ақпараттық технологиялар туғызған құбылыс, техникалық табыстардың әсері, постмодерн салдары, информация көбейген, кең тараған, тасқындаған заман қалыптасқанының белгісі.

Жаңа ситуацияда күн тәртібіне шыққан, аталған мәселелердің барлығы – еркін ой иелерінің тақырыптары. Яғни, философия, дүниетаным, ғалам пішіні туралы түсінік өзгерді.

Бүгінде, Иммануил Кант, Георг Вильгельм Фридрих Гегель, Иоганн Готлиб Фихте емес, XIX-XX ғасыр алыптары Фридрих Ницше, Артур Шопенгауэр, Эдмунд Гуссерль, Ролан Барт, Мишель Фуко, Жиль Делез, Жак Деррида, Жан-Франсуа Лиотар, Жан Бодриар, Фредерик Джеймисон тәрізді жаңа парадигмадағы ойшылдар қажет. Себебі, басқа жағдай қалыптасты.

 Кант/Гегель

Бұрын қандай еді. Еуропалық классикалық философияның бір үлгісі, озық үлгісі – неміс иделизмінің аса көрнекті өкілі – Георг Вильгельм Фридрих Гегель жүйесіне тоқталайық.

Ой мен түсініктің диалектикалық дамуын жете пысықтаған Гегель философиясы әлем негізінде абсолюттік бастау (қайнар) жатыр деп есептеді. Абсолюттік идея – ғалам түпнегізі (субстанциясы), толық күйінде көрсетілген универсум мәні (значение). Бұл мән табиғи, қоғамдық және рухани құбылыстар өзегі әрі оның (құбылыстардың) бойында жасырын, құпия түрде өмір сүреді. Өз даму барысында ол абстрактілі жалпы түсініктерден нақтылы мазмұнмен толыққан түсініктер қатарына өтеді. Екі рух – объективті және субъективті рухтың қызметі – жеке тұлға мен қоғамдық ой-сана (әлеуметтік болмыс формалары) арқылы жүзеге асады. Екі рухтың бірлігі – абсолюттік рухты қалыптастырады. Оның үш түрі бар: өнер, дін, философия. Жүзеге асқан (практикалық) ақыл-ой мен еркіндік – рух философиясына тең, ал еркіндік меншік ұғымында өмір сүреді. Бірақ, әлеуметтік өмірдің ең жоғарғы формасы – мемлекет. Мемлекет мүддесі азаматтық қоғам мен қоғам мүшелерінің мақсат-мұратынан биік тұр деп санады Гегель.

Өнер – абсолютті – сезім образдары тұрғысынан бейнелейді, дін қалыптасқан түсініктер арқылы таниды, ал философия ұғым-категориялар бойынша зерттейді.

Тура Абай. Ұлы Абайдың үш сүюден тұратын иманигүл іліміндей жүйеленеді.

Енді – Кант. Платон мен Аристотельден кейінгі – үшінші ұстаз. Диалектикалық таным методының бастаушысы. Космостың газ тектес тұманнан түзілгенін тұңғыш болжаған ғалым, теңіз-мұхит атаулының тартылуы мен жайылуын Айдың Жерге қарағандағы кезеңдік орналасуымен байланыстырған алғашқы астроном.

Жалпы, неміс ойшылы жериеленушілікке қарсы болды, көп пайымы, көзқарасы соңынан ерген Гегельден өзгеше еді. Ол адам ар-намысын, құқығын кез келген саяси институттардан жоғары қойды. 

Иммануил Канттың төрт антиномиясы (ғарыш шексіз немесе басы мен аяғы бар, әлем күрделі ме, жоқ, қарапайым ба, еркін өмір сүреміз бе, әлде табиғи заңдарға бағыныштымыз ба, Құдай жаратты ма, әлде бәрі кездейсоқ жаратылған ба) Абай жырларындағы, қара сөздеріндегі Құдай танымы туралы ойларына сәйкес келеді.

“Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,

Жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл”.

Яғни, Абайдың, егер тарих (өткен), тіпті, жаратылыс жалған болса, ақиқаты – Тәңір дегені. Бұл жерде уақыт пен кеңістік – дәурен сөзімен беріліп тұр. оны Кант феномен немесе заттың көрінетін бөлігі, яғни, құбылысы деп атайды.

Біз заттың өзін емес, бұл өмірдегі құбылысын “сезім” арқылы қабылдап, “ақыл-ес” (рассудок) көмегімен зерттейміз. Бірақ, “ақыл-ес” шындыққа жете алмайды. Ақиқатты тануға ұмтылатын және де бұл таным жолында табысқа жететін, тәжірибеге сүйенген, жалғыз парасат – “ақыл-ой” (разум) ғана.

Қайран Абай да қыр етегіндегі киіз үйде отырып, алакөлеңке шам жарығында осыны айтып отыр:

“Ақылмен ойлап білген сөз

Бойыңа жұқпас, сырғанар,

Ынталы жүрек сезген сөз

Бар тамырды қуалар”.

Демек, Кант баспалдақтап – сезім, ақыл-ес, ақыл-ой десе, Абай кері сатылап түседі – ақылмен ойлап, білгенге жетеді, сосын, жүрек ынтасы сезгенді көреді... “рассудогымыз” – жүректің ынтасы немесе көңілдің ынтасы – ақыл-ес (рассудок) немесе ақыл-ой (разум) сезім арқылы келетін ақпар-мәліметке (тәжірибе мен тәжірибе нәтижелеріне) арқа сүйемесе – “бойыңа жұқпас, сырғанар” (шындық емес), сондықтан тәжірибеге негізделген сөз (категория-таным) – “бар тамырды қуалар” (шындық). Менің ойымша, ақиқат – зат мазмұны, мәні, мағынасының сол зат туралы түсінігімізбен (білім) үйлесуі. Шындық – танымның ақиқатқа қарай жүріп келе жатқан межесі. Кезең-кезең. Шоқы-шоқы.

Немесе:

“Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек”.

В.И. Ленин айтады: “Материя дегеніміз бізге түйсік, сезім арқылы жеткен объективтік дүние (реальность)”, (“Материя – объективная реальность, данная нам в ощущении”). Ал, сана – субъективтік дүние көрінісімен қатар, таным, көңіл, жад, сезім, ерік тәрізді қасиеттерге ие адам қабілеті. Менің ойымша, Абай сырт дүниені көре, сезе, түсіне алатын ақыл ұғымына аталған адами бес қасиетті сыйғызып отыр, енді оған кісілікті үстеп, ізгілікті қоссақ, сана шығады, ал кісілік дегеніміз сәуле. Демек, көрген-білгенін түсіне алатын, қадірлей білетін ақыл-ой – сәулелі, яғни, зерделі сана. Кісі сипаты, кісілік жолы. Бір сөзінде: “Бірақ, пендесінде ақыл – хүкімші, қайрат, қуат – қызмет қылушы еді”. Ақылға сәуле қонбаса... бәрі теріс, хайуандық сипаттар сонда туады.

Танымға байланысты мынадай қортынды жасайды: “Ғақлия дәлелім құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бір пайда алатұғын жаратыпты”.

Демек, мына шексіз әлемде адамның ой-санасы қамти алмайтын антиномиялар, парадокстер, қайшылықтар өмір сүреді. Бірақ, пенде атаулыға жаратылысты немесе тіршілік иелерін, өлі табиғат пен тірі дүниені, сана, рух және жан құбылысын танырлық қабілет-қарым берген екен.

Абай  кісілікті ақ көреді. Ол – тазалық, мөлдірлік, айқындық сыңары. Сөзімізді келесі өлең жолдары дәлелдейді.

Тағы:

“Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,

Өмір сәуле көрсетер судай тұнық”.

Тұнықтық – сәулелілік, сәулелілік – ой көздің жемісі. Сана. Ақыл-ой. Содықтан, түсінудің, ой көзінің жемісі деп тұрғанымыз, ол – ақыл-ой. Ізденістің, еңбектің, танымның нәтижесін өзіне пана тұтады.

Тұнық сәуле – өмірдің белгісі. Мақұлық өмір сүрмейді. Ғұмырды сүю – адам нәсіліне деген шексіз құштарлық. Абай – планета ақыны. Планеталық құбылыс. Өзі – бір үлкен дербес планета.

Кант та Абай секілді адамзатты сүюге шақырады. Екеуі де – адамның баласы. Адамзат перзенті. Бейнет тарихы жоқ сөз – бос сөз. Мазмұн бетін бүркеген, жапқан, бітеген – сылдыраған құр сөздің тасқыны.

“Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма,

Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін”.

Модерн заманында адам табиғаттан ажырамай, дүниенің бір бөлігі, қала берді, басты бөлігі ретінде қарастырыла бастады. Постмодернде бұл түсінік жойылады. Пост-адам төңірегіне салтанатпен емес, күмәнмен қарайды.

Заттардан адамның өзіне (объектіден субъектіге) көңіл бөлген философия енді пенде ғұмыры мағынасын, метафизикалық көңіл күйін, түрлі жағдайларын, үрей, қорқыныш, алаңдаушылығын, панасыздығын, өзіне-өзі жауапкершілігін, қорғансыздығын, мәңгілік болмыстың пенде алдындағы қысқалығын, уақытша екендігін, кісіліктің өмір таусылатындығымен қарама-қайшылыққа түсетіндігін, ар-ұяттың салыстырмалылығын, бәрін талқыға салуға кірісті.

 Ницше

Мен Абайды Ницшеге ұқсатамын. Екеуі де жыршы, ақын, ойшыл, қоғамтанушы, мәдениеттанушы, дінтанушы, ойларын білдіруге эпистолярлық жанрды таңдап алған сұңғыла философ.

Әмбебап ойшылдар – кемеңгер, данышпан, кемел. Екеуі де қатал сыншы, Ницше еуропалық рухани-мәдени концепт пен танымның ескіргенін жариялады, Абай болса, қазақ салтын, ой-санасын жаңаға үндеді.

Дионистік мұраттарын аполондық бейнетпен ашқан зерттеушілер. Қос философ та метафоралармен ойлайды. Ғұлама, терең ойларын қанатты сөздермен жазады. Бұл жазу мәнері жиырмасыншы жүзжылдықта үлкейіп көрінді. Модернизм, феноменология, экзистенциализм, структуралистер, герменевтика өкілдері, постструктуралистер, сан салалы постмодернизм ағымдары, тегіс цитаттық әдіс-тәсілді таңдады.

Он тоғызыншы жүзжылдық перзенттері Фридрих Ницше мен Федор Достоевский – жалпы адамзаттың, жиырмасыншы ғасыр мәдениетінің негізіне, өзегіне айналды. Осы кезеңдегі өмір-мәдениет түсініктерінің барлығы аталмыш екі ойшылдың шығармашылығына сүйенеді.

Сонымен қатар, XIX ғасырда дүниеге келген, қырда еңбек еткен ұлы Абай қазақтың XX-XXI ғасырлардағы руханиятының темірқазығына айналды.

Ницше ешқашан аралықты немесе ортаны меңземейді, ол әр уақ дөп тигізеді. Не бар, не жоқ. Қателеспейді. Адаспайды. Мүлт жібермейді.

Абай да. Әділ, анық, дәл. Екеуінен де, әсіре-академиялық түсініктегі философияны іздеудің қажеті жоқ.

Біздің Абай қазақ тақырыбы мысалында жалпы адамзаттық мәселелерді көтереді.          

Абайдың шығу тегі – көне Шығыс, есте жоқ ескі түркі замандары, Қазақ Хандығы уақыты, Кенесарыдан кейінгі алаштың хал-ахуалы, Ресей империясында айдауда жүрген орыс гуманистері, өз сойы.

Ницше еуропалық ой-сана дағдарысқа ұшыраған кезде дүниеге келді. Абай қазақ туы құлаған дәуірде туды, жетілді, өсті.

Он тоғызыншы ғасырда қоғам қастерлеген бағалы құндылықтар ауысты, орта өзгерді, көзқарастар кеңейді. Ғылым қарыштап дамыды, ілімдер өрістеп, көбейді, сан алуан өндіріс түрлері күшейді. Жаңа дүниетаным қалыптасты. Табиғат құпиясына жеткен, болмыс жұмбағын шешкен адамзат дағдарды да, қуанды да, үміттенді де. Осы күйді ой талқысынан өткізіп, түсініп, жүйелеп, реттеп алмақшы болған еуропа қоғамы ұлы ойшылдарды тудырды. Көркем шындықты айтқан Виктор Гюго, Оноре де Бальзак, Федор Достоевскийлермен қатар ірі философтар түрлі болжамдар жасады, сәуегейлік танытты.

Иммануил Кант ізбасарлары Шеллинг, Гегель, Фихте таным мәселесін түйіндеп, Ницше, Шопенгауэр, Маркс, Энгельстер қоғамтануда, адамтануда үлкен-үлкен жаңалықтар ашты.

Қазақ сақарасында ұлы драмалар жүріп жатты.

 Түсініктер

(пәлсапалық, ғылыми, діни)

Көнеден мұра болып келе жатқан, шешімі жоқ мәңгілік сауалдар да бар. Абай отыз сегізінші сөзінде: “Құдай тағаланың жолы деген алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз болады,” – дейді.

Шегі бар, өлшеулі деген араб сөзі. Демек, таным – мәңгілік ізденіс. Хақ, екінші бір аты – Хақиқат, қашанда – мұрат. Шындық – таным жолындағы біздің біліміміз жеткен меже.

“Ол – алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж”... Бұл тұжырымды біз төмендегі еуропалық данышпандар ойларынан да байқаймыз. Абсолют орнына шексіз әлем деп те жазуымызға болады, одан мән-мағына өзгеріп кетпейді.

“Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі,” – дейді Абай... “Алла  сипаттары: Хаят (өмір, тіршілік), Ғылым, Құдырет (күш, құдырет), Басар (түсіну, білу, қабылдау), Сәмиғ (естуші, тыңдаушы), Ирада (тілек, мақсат, қалау), Кәлам (сөз, тіл), Тәкин (тудыру, жасау, бар қылу)”.

“Жә, біздің өзіміздің бойымыздағы сегіз зәрра аттас сипатымызды ол алла тағаланың сегіз ұлығ сипатынан бас бұрғызып, өзге жолға салмақпенен біздің атымыз муслим бола ала ма?”

Фиғыл (әрекет, пиғыл), тағриф (түсіндіру, анықтау), мағрифатулла (Алланы тану, білу), мүмкинат (болуы мүмкін нәрселер, мүмкіншілік), ужуді (болу, өмір сүру, болмыс) деп, Абай пысықтап, санамалай келе, алла тағаланың субутия (орнықты, дәлелді, тұрақты), затия (өзіне лайық, меншікті), фиғлия (нақтылы) түр-сипатын келтіреді. “Мен мұнда төртеуін білдіремін. Оның екеуі – ғылым, құдырет. Сегіз сипаттан қалғана алтауы бұларға  шарх (түсінік, ашу, анықтау). Ол алтауының бірі – хаят, яғни тірілік”.

Сол қара сөздің бір тұсында: “Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз,” – деген уәж келтіреді. Бұл түсінік бойынша том-том кітап жазуға болады.

Енді бірде: “Һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады”... Демек, табиғат, ғарыш, әлем – біздің санамыздан тыс, еркімізге бағынбайтын, дербес, тәуелсіз дүние.

“Бұл көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай құдыретпенен жарастырып, қандай құдыретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді”.

Батыс Еуропа ойшылдығында бұл тезистер XIX және XX ғасыр философиясынан анық көрінді. XXI жүзжылдықта ғылыми табыстар өз ізденістеріне өздері шектеу қойды: танымның шекарасы жоқ. Абай бұл терең эпистемологиялық түсінікті этикалық ұстынға жетелетеді. “Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді”.

Тағы бір ғажап ойы бар: “Әрбір наданның бір тарихатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады”.

Мысалы, болмыс проблемасы түбегейлі шешілген емес, категориясы әлі толық айқындалған жоқ. Түйін де (сущность) сол, тіпті, Бертран Рассел оны жасанды түсінік деп те жариялады. Себебі, мән (значение), мағына (смысл), мазмұн (содержание) көп жерде түйін (сущность) мен түпнегіз (субстанция) ұғымдарына ұқсас әрі бесеуі де бір контексте түсініксіз. Ерекшеленетін айырма-белгілері тең дәрежеде, нөл. Өмірде жоқ абстрактілі дүниетаным категориялары секілді.

Біз түйінді қалай түсінеміз:

  1. Түйін (сущность) – заттың (материя) немесе ойдың (идея) мағынасы (смысл), әлде мәні (значение), жатқа – тәуелділігі жоқ, дербес, егемен ұғым, өзіне-өзі тең.
  2. Қандай күй (күн) туса да өз мағынасынан айрылмайтын тұжырым.
  3. Қорыта айтқанда, түйін (сущность) біртұтас нәрсе.
  4. Түпнегіз (субстанция) – барлық жай-күйдегі тұрақтылық.
  5. Сапаның бір аты – мағына.
  6. Демокрит бір нәрсенің түйіні (сущность) сол нәрседен айырусыз деген пікірді алға тартады. Бірақ, өзін құрайтын атомдардан қалыптасады.
  7. Платон бойынша, түйін (сущность) – идея, аса сезімтал, заттық емес, мәңгілік, шексіз, нақты құбылыстардың ілкі бейнелері прообразы.
  8. Аристотель түйінді нәрселердің формасы ретінде түсінеді. Форма заттардың бойында өмір сүреді. Алайда, түйін өзін құрайтын материалдан жасалынбайды.
  9. Джон Локк жалпылық туралы бейтарап бағытты ұстанса да, түйін (сущность) жайлы схоластикалық тұжырымдаманы теріс санады: біз түйінді қалай тани аламыз, қолымызда сөзден туған құбылыс пен жалпылама терминсөзден басқа ештеңе жоқ.
  10. Жиырмасыншы ғасырда түйін (сущность) ұғымы сирек қолданылды.
  11. Неопозитивизм ағымы түйінді мүлдем жоққа шығарады, түйсік арқылы жеткен немесе қалыптасқан құбылыстарды ғана мойындайды.
  12. Феноменология қиялдан идея туған атау деп қана түсінеді.
  13. Экзистенциализм өмір сүру ұғымын түйін идеясына қатыссыз-ақ қолдана береді.
  14. Бертран Рассел елді шатастыратын түсінік ретінде қарастырады.

Абай өз өлең-жырларында, ғақлияларында кездесетін түсінік-сөздерге пәлсапалық анықтама беріп отырады. Түйінін (сущность) шешеді. Мысалы, Сейдалы Оразалиев деген ғалым “Абай шығармаларындағы шет сөздер” атты (abai.kz) еңбегінде адам түсінігіне хәкім берген түсініктемелер жайлы таратып жазады:

“Ұлы ақын 27-қара сөзінде адам мен жан-жануарларды салыстыра келіп, әлемнің бірінші ұстазы Аристотельдің өз ұстаза Сократпен сұхбатында адамның басқа мақлұқтардан артықшылығын: «...адам баласын артық көріп, қамын әуелден алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар...» (ІІ, 184) деген грек ойшылдары біздің дәуірімізге дейінгі заманда-ақ даналық ойларын білдіргендігінен Абай бізге хабардар еткен. «Ол сендердің аталарың Адамды топырақтан, сосын оның бүкіл ұрпақтарын мәни-ұрықтан, сосын ұйыған қаннан жаратқан» (Ғафыр сүресі (40) 67-аят) деп, әркімге өзінің қайдан келе жатқанынан хабар беріп отыр”.

Немесе:

“ Оны ұлы Абай да екі түрлі мағынада қолданғанын байқауға болады, мәселен, “Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен” атты өлеңінде:

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ, (І, 234)”.

Білім қайдан келеді? Білімнің қалыптасу үш жолы бар: гуманитарлық (философиялық, мысалы), ғылыми және діни. Біз ғылыми нұсқасын қарастырамыз. Ғылыми таным үш кезеңнен тұрады: болжам (құбылыстың себеп-салдары туралы), гипотеза (құбылыстың және оның қасиеттерін бірін қалдырмай түсіндіретін жалпы принциптің тууы), теория (көп гипотезаның ішінен бірінің тәжірибе жүзінде бірнеше мәрте дәлелденуі), соңғысы – логиканың индукция және дедукция әдісіне құрылған, танымның үшінші сатысында тұрақтанған ғылыми білім.

“Болмыс туралы” және “Тозақтан қашқандар” атты эсселерімізде жаздық, шынтуайтына келсек, болмыс – тілдің туындысы.

Сөзден туған перзент. “Пристуствие”. Бар болу. Философияда сөздің мәніне ерекше назар аудару қажет. Бар. Болу. Басты айырма-белгісі – бар екендігі. Бұл – болмыстың негізгі қасиеті.

Тегінде, болмысты сонау замандағы көне гректерден бастап, жиырмасыншы ғасырдағы Мартин Хайдеггер (“Болмыс және уақыт”), Эдмунд Гуссерль (“Формалды және трансценденталды логика”, 1929; “Рене Декарттық (Картезий) ой-толғаулар”, французша, 1931; “Еуропа ғылымының дағдарысы және трансценденталды феноменология”), Жан-Поль Сартр (“Болмыс және ештеңе”) тәрізді пәлсапашыларға, ойшылдарға шейін түгел зерттеді.

Бірақ, негізінен, кешегі танымнан әрі аса алған жоқ. Болмыстың қуаты – тілдің құнарында. Тіл, Хайдеггердің айтуынша, – болмыстың мекені.

Тіл – болмысқа пана, уақытқа – серік. Тіл уақытты мәңгілікке сүйрейді. Болмыс – қатысушы, қатынасушы нәрсе, болмаған нәрсе – болмыс емес. Құнарлы тіл болмысты мәнге толтырады. Құрдымнан құтқарады. Болмыстың қазасы – тілдің абстракциялық күшінің жойылуы.

Тегінде, ілімсіз таным, танымсыз ілім жоқ. Ілім – танымның жолы. Кең мағынасында. Танымның жаратылысты тану әдіс-тәсілі – ілім. Ілім – таным-түсініктің жеткен тереңі. Задында, ілім таным-түсінікті жетелеп отырады.

Бірақ, Абай айтпақшы, бір қайғы жүз қайғыны қозғайды. Немесе ақыл алтау, ой жетеу, дейді Абай. Бір сөзінде, қайғы шығар ілімнен, дейтіні тағы бар. Сондықтан сауал таусылмайды. Абайдың түсінігінде, ой да, қайғы да – сауалдың баламасы. Қайғы сауалдан туады, оймен аяқталады. Ой мазалайды, мазалап сұрақ туындатады, сосын, жауап іздеген ойдың сауалы біртіндеп, баспалдақтап қайғының өзіне айналады.

Абай ұғымдары да күрделі һәм абстрактілі. Жоғарыда келтірілген үлгілер, мысалдар бізге Абайды кәсіби философиямен айналысқан тұлға деп түсінуімізге негіз бола алады.    

Қазақ

Әсілі, Абайдың – қазақтың ұзақ тарихында, ұлтымен біте қайнасып, бірге мехнат көрсе де, – ғұмыры қысқа болды. Бірақ, қас-қағым сәт ғұмыры елінің өмір бойы оқитын мәңгілік эпопеясына айналды.

Ол елдің болмысын тап басты. Жаратылысын терең таныды. Абай – экзистенциалистік ақын. Пенде тіршілігін диалектикалық қарама-қайшылықта көре білді. Әрі шешті де. Түйіні индукциялық немесе дедукциялық тұжырым жолымен тарқатылды.

Абайды жаңаша оқу арқылы біз оның көлеңкелі, таса тұстарын ашамыз. Ол Күн сияқты, қай жағынан қарасаң да, Күн. Түсіп тұрған көлеңке Күндікі емес. Күннен көлеңке түспейді. Ол – Күн сәулесін бүркеген, көлеңкелеген, қымтаған көлемнің не биіктің сұлбасы.  

Күн жүзін ештеңе көлегейлей алмайды.

Абай – қазақтың Күн сияқты маңдайына біткен жарық жұлдызы.

“Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса,

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса”.

Бұл тұста ойшыл Күн (мәңгілік, салыстырмалы түрде) мен уақыт  (өтпелі)

арасалмағын өлшеп, айқындап, салыстырып тұр.

Ол алаштың жанының да, тәнінің де күретамырын іздеп, өзегін тапты, табиғатын ұқты.

Бар қырын жете зерттеді. Жұмбағын шешті, құпиясын жария қылды, сырын ашты. Еңбегі көп.

Қазақтың Абай білмейтін мінезі жоқ. Қазақты көр де, Абайға қара. Көз тік, қалтарысын байқа, жазғандарын оқы.

Оны неге бүкіл қазақ жақсы көреді. Сыналса да, ықылас-ілтипаты артып, мейірімі төгіліп тұрады. Ақынға деген адалдығы бір сәт өзгермейді. Тура Абай келтірген ауыр сөзді басқа қазақ айтса, нақақ санайды, теріс көреді. Тегінде, ұшқары пікір, қиянат сөзге жол берген ділмар шешен тез арада ел ішінен қуылар еді немесе абайшыл алаш баласы оны қаңғытып жіберері де айдан анық. 

Себебі, Абай қазақ туралы жаны ашып айтады. Әрі күйініп жаны ашып айтқаны анық көрініп тұрады. Халқымен шынайы тілдесе білген ақын қалай жазды, солай өмір сүрді. Ойы, сөзі, әрекеті – бір жерден шықты. Үштаған кезең арасында алшақтық болған жоқ, өйткені ойланса да, сөйлесе де, қаракет жасаса да, бір ниеттің құзырына жүгінді. Ұлықтың ұлтына деген пейілі ақ еді, ол – бала жұртын есейту, бейнеттен көз ашпаған халқын ұшпаққа шығару.

Ол таусылып та жазды, сүйіп те қалам тербеді, үміт артып, өсиет те айтты. Көшпелі жұрт бірқалыпты қоңыр тыныс-тіршілігінен қол үзе алмады. Алайда, қазақ пен Абайды ажырату мүмкін еместігін байқадық. Абайсыз қазақ, қазақсыз Абай жоқ.

Бір-біріне деген махаббаты терең, сүйіспеншіліктері биік. Біртұтас одақ. Ел өзгере ме, өзгермей ме, белгісіз, бірақ, бір-біріне деген жайсыздығы да, жайлылығы да – пешенесіне, маңдайына жазғаны, тағдыры.

Абайдың жаратылысынан қазақтын асқақтығын көреміз. Кемеңгерлік – ұлт ақылының көрінісі, ұлыс өресінің деңгейі. Ұстаз әрі ұлт серігі, досы, жолдасы. Бір-біріне сенеді, бір-бірін тастап кете алмайды. Екеуі осы күйінде қалады. Көз жазбайды, жұп жазбайды.

Адамзат

Абай адамзаттық танымға біртіндеп емес, бірден жеткен тұлға. Алғашқы өлеңдерінен-ақ ұлт шеңберінен шығып, жалпы адамзаттық кеңістікте қанат жайғанын аңғарамыз.

Ол метафизиканы талқылайды, адамзат алдында тұрған философиялық мәселелерді қозғайды, жауап іздейді.

Жалпы, осы күнге шейін Абай қолданған, қарастырған даналыққа жедеқабыл деңгейдегі (философия туралы Лаэртский жеткізген Пифагор сөзін есімізге алсақ) философиялық түсініктен жүйелі категориялар дәрежесіне дейін көтерілген ұғым сөздердің тізімі жасалған жоқ.

“Сөз мәнісін білсеңіз,

Ақыл – мизан, өлшеу қыл”.

Бұл категориялардың бір-бірімен тығыз байланыстылығы философиялық кешенді жүйенің бар екендігін білдіреді.

Абай категориялары табиғат құбылыстарын білдіретін нақты ұғым-түсініктер емес, болмысты, ойлауды, сананы белгілейтін абстрактілі жалпы сөздер. Зат болмысы орнына жалпы болмысты талқыға салады.

Ол – эпистолярлық жанрдағы философ. Фридрих Ницше, Артур Шопенгауэр, Николай Берядев, Лев Шестов, үлгісіндегі ойшыл, дедік.

Лао-цзы, Конфуций, Сюнь-цзы қатарындағы абыз.

Абай  категорияларына оралып келіп отырады. Қара сөздері мен өлең-жырлары біртұтас жүйе құрайды.

 Білім – кісілік

Хакімнің терең ойлы жыры мен қара сөзі қазақ философиясының негізін қалады. Кез келген ілім мәні қол созған мұраты мен жеткен межедегі таным қосындысынан тұрады. Экзистенциалистік жүйе, шешкен түйін (сущность) мен түпнегіз (субстанция) жүріп өткен жолынан қалыптасады деп үйретеді: “существование предшествует сущности”. Яғни, мазмұн (өмір) көлеміне тарихы мен мақсатынан құралған мән – тең. Жиырмасыншы ғасырдағы атақты ағым өкілдері пысықтаған мәселелердің бәрі дерлік Абай философиясында бар: абсурд, ғұмыр мәні, өмір жолы, өлім мәселесі, бейнет, өзін-өзі өлтіру, жат көріну, үрей, табиғи дүлей күштер мен оған қарсы тұрған адамның нәзік болмысы,

“Сизиф туралы аңыз” атты еңбегінде Альбер Камю абсурд дегеніміз өзінің шекарасын анық аңғарып отыратын сана деп көрсетеді.

Сартр “Тошнота” романында жаттану мәселесін көтереді, ол Абайда былай келтіріледі: “Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір” немесе “Қай қызығы татиды қу өмірдің Татуды араз, жақынды жат қыларға?” Бұл енді Альбер Камюдің “өмір құны – сүрген бейнетіңе тұра ма, жоқ па” деген қағидатына сәйкес келедi, тіпті, оны Камю философияның басты сұрағы деп жариялайды

Санаға байланысты. “Малда да бар жан мен тән, Ақыл, сезім болмаса,” – дейді Абай. Яғни, ақыл мен сезім сананы құрайды. Санадан рух қалыптасады немесе – керісінше.

Менің ойымша, Абай философиясының бастауында қазақ мехнат көрген ұлы тарихи уақиғалар жатыр. Тарихтың ізі мәніне айналды. Бір өзгеріс – бір өзгерісті тудырды. Соңғысы өз бетінше келесісін шақырды.

Хакім философиясы – ғылыми аппараты қалыптасқан ілімдік жүйе. Ол бодандықта жүріп азаттықты аңсаған алаштың философиясын жасады. Философия ұлт жолын тануы, табуы керек еді.

Иә, Абай – XIX ғасырдағы қазақ философиясының авторы. Философ ретінде хәкім білімнің маңыздылығын шығармаларында қадап айтып отырды.

Жаңа ел – білімді ел. Білім (алу) – ұлттық құндылық, білік (кәсіпті меңгеру) – ұлттық қасиет. Білімді жұрт біліктік қасиетке ие: ол жаңа шаруашылықты тиімді жүргізе алуы тиіс – технология.

Білім мен білік – ізденістің нәтижесі. Ізденіс, өз алдына, еңбекқорлықтың көрінісі. Демек, бейнетқор ұлт бақытты өмір сүреді.

Кемеңгер Шоқан да ел басқарғысы келді. Бірақ, Абай...

Абай ұлт танымын кеңейтті. Қара сөздерінде XIX ғасырда, сақарада көшіп-қонған қазақ халқын ұшпаққа шығаруды арман етті. Оқу, тоқудың соңы – әлеуметтік әділдікті орнату.

Білім жалғыз болмауы керек, кісілік – оның серігі. Сонда “білім – білік – кісілік” формуласы шығады. Білім кісіге қызмет етеді. Шексіз әлемді түсіндірудің үштаған тарихи жолы діни, гуманитарлық және ғылыми танымнан қалыптасады. Абай: 

“Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге”.

Заманы жолайырықта екіұдай күй кешті. Ел жақтады, ез қолдаудан қашты. Хәкім туғанда, екі жылға созылған бейбіт келісімді қайтадан бұзған Ресей патшалығына қарсы Кенесары сарбаздары жанталасып қайрат көрсетіп жатқан еді. Абай ел басына күн туған қиын заманда, соңғы жаугершілік кезеңде дүниеге келді.

Абайда еңбек пен адамды азат етуге шақырған әлеуметтік-философиялық жүйелердің адамзаттың бағын ашуға талпынған жарқын идеялық үлгілері бар.

Кісіліктен асқан бақыт та, мұрат та жоқ.

Кемеңгеріміз екі мәселені шешті: дағдарған қазақ қоғамына жол көрсетті, бағыт-бағдар нұсқады, сосын, ұлт мұратының қалыбын алға тартты. Ұлттық дүниетаным үлгісі. Немесе – әлем пішіні (“модель мира”), яғни қазақ көзімен қарағандағы дүние бейнесін қалыптастырды.

Яғни, мұрат пен мұратқа баратын жолды айқындап берді. Бұл – бүгінгі біздің өміріміз.

Тіл үйрену, кәсіп меңгеру, адами қасиеттерге ұмтылу – қазіргі таңдағы біз таңдаған ұлттық құндылықтарымыз.

Абай бұл философияға қалай келді? Бұл заманда қандай уақиғалар жүріп еді?

 Философиялық тарих немесе тарихи философия

 Абылай қазасынан кейін қырық жылдай уақыт өтіп, Қазақ хандығын құлатқан низам шыққанда, сақара жұртын дүбірлеткен тағы бір сойқан таяды. Патшалық Ресей шебі елді мекен, бетпақ түзге зеңбірегін сүйретіп, қамалын тұрғызып дендеп ене бастады. 

Бастаушысынан айырылған ұлт-азаттық күрес біртіндеп әлсіреп, жалпыұлттық  қарсылық басылғанда, ұлт болашағы күңгірт тартты. Қалыптасқан жағдайға байланысты, қазақ келешегін ойлаған жұрт тығырықтан жол табу қажет еді, 

Ол екі қазақ ортасында тұрды.

Екі дәуір арасында туды. Бір дәуір күйреді, бір дәуір – өзі еді. 

Ердің сойы Кенесары қаза тапқанда, алаштың туы жығылды. Керей-Жәнібек тұсында іргесі бекіп, қыстау салған, жайлау көшіп, ен даланы кең жайлаған көшпелі жұрт алты алаш қазақ атанғалы талай ғасыр өтіп еді.

Соңы Абылай болатын. Хан қазасы мен Қазақ хандығын жою туралы низам арасында бақандай қырық жыл уақыт бар еді. Сол уақыт рәсуа болды. Ұсақ-түйек іске, ырду-дырду тірлікке, өзара талас-тартысқа жұмсалды.

Қала салып, зеңбірек құятын, болат темірден қара мылтық жасап, оқ-дәрі дайындайтын асыл уақыт, есіл уақыт зая кетті.

Іргесіндегі империя күшейіп, нығайып келе жатқанда, қазақ неге бейқам отырды, түсініксіз. Неге соғыс өнерін заманына қарай жетілдірмеді, неге өнеркәсіп салмады, көшті тоқтатпады, отырықшы ел болмады.

Сұрақтар көп. Дала ұйықтап жатқандай әсер етті. Оны гүрсілдеген зеңбіректер үні оятты. Қасым балалары атқа қонғанда, Ресей шекарадан өтіп, сақарада бекініп алған болатын.

Күш тең емес еді. Кеңсесі, басқару тетіктері қалыптаса қоймаған мемлекет көшіп-қонып жүрді.

Қасым сұлтан Ресей құзырын мойындамай, күрес жариялап, Қаратау асқанда, империя қазақ жерінде әскер орналастырып, күшейіп алған еді. Ол түз далада билік орнатып, ауылдарды үркітіп-шошытып, жаулай кірді. Арқада сегіз дуан құрылып, қалалар салынды. Қарулы шерік бекіністерге шоғырланды. Дау айтқандарға зеңбіректер сөйледі.

Біз қолы ұзын елдің қандай тілде сөйлейтінін білдік.

Қосынды әуелі жаужүрек әкелері басқарды. Қасым сұлтан соңынан Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопы, Кенесары, Бопай ханша, кейінірек Ержан Саржанұлы ерді. Жалпы, Қасым сұлтанның он екі ұлы болды. Әрбіреуінің қасында бес жүзге тарта төлеңгіт жүрді. Кенесары сұлтан сол кезде небәрі жиырма/жиырма бес жас аралығында еді.

Немере туысы, тақтың заңды мұрагері Ғұбайдолла Уәлиұлы сұлтанды сенім қағазын алу мақсатында, Қытайға бара жатқан жерінен ұстап, абақтыға қамағанда, Ресейге қарсы Қасым мен күллі сұлтан ұрпағы көтерілді. Кейін ол Кенесары жорықтарына жалғасады. Хан Кене шабуылдарда төрелерді бірінші қатар, алғы шепке шығарып отырды.

Қазақ өмірін түбегейлі өзгерткен 1822 жылғы жаңа низамға мойынсынбаған Абылай (Қасым) ұрпағы тағдырын танығандай еді. Жолы бөлінді, жасықтық танытқан шоғыр шен-шекпен иеленді.

Кейін Қасым да, Саржан да, Есенгелді де Ташкент құсбегісі Мәделі хан қолынан қаза тапты. Кенесары, Ержан, Наурызбай үшеуі екінші ағайын жұрт топырағында көз жұмды. Соңғы ханды жоқтаған қаралы көш Кекілік тауынан сырғып, Қаратауға бет алғанда, арба соңынан еріп бара жатқан Сыздық төре он жаста еді. Болашақ жаужүрек сардар кетіп бара жатып артына қарап-қарап қойды ма екен, кім білсін...

Бодандықтан бой тартқан Кенесары-Наурызбайдың жалпы алаштық күресі бұл қозғалысты мемлекеттік деңгейге көтерді.

Үміт оянды.

Бірақ, мемлекет құлады. бүкіл қазақ күңіренді. Майтөбе түбіндегі шайқаста қолға түскен Кенесары отыз екі сұлтанмен (кей деректер басқа мәліметті алға тартады) бірге шаһид болды. Кекілік тауы етегінен Арқа жеріне суыт жеткен қаралы хабар сақараны ойсыратып кетті. Кенесары өлді дегенге кім сенеді.

 Ту құлаған күн

Ұлттың туы жығылды. Еңсесі биік елді тосын ажал құлатты. Қазақтың сағы сынды, жігері құм болды, еркін жұрт бодандыққа ұшырады.

Батыста баһадүр Исатай қаза тапты. Жеңілген елдің амалы таусылды. Шарасыз қазақ ноқтаға түсті.

Ұлт арманы күйреді. Құлап жатқан елді тұрғызатын күш жоқ еді. Сахнаға сал-серілер шықты. Тақырып өзгерді.

Өлең-жырда сыңсу көбейді.

Ән енді күреске шақырған жоқ, ол әйел сұлулығын жырлады. Ертеңгі күннің жарқын мұраты ұмытылды, бүгінгі күннің қызығы алға шықты.

Күй жасыды. Бірақ, Кенесары ақ туын аңсаған, кешегіні әуелетіп еске алған алып әндерден қаһармандық мотивтер толық және біржола жоғала қойған жоқ.

Махамбеттің жаңғырығындай жаңа әндер бар қазақ жерінде күркіреді. Сүйінбайлар Кенесарыны жырға қосты. Жамбыл (Сыздық төремен қырғыз жеріне баруы) мен Абай (Кенесары күресінен кейінгі жаңа философия тууы) ұштасты. Арқада Мұстафа Бүркітбайұлы (“Бүркітбай әкем аты, Мұстафа атым, Айтайын оның баян хикаясын, Ішінде Жанғозының мен Төлебай, Сүйіндік сұрасаңыз арғы затым”), Мәди Бәпиұлы (“Немене көрген қызық көрмегендей, Жас дәурен жауар бұлттай өрлегендей, Жастық шақ көк семсердің жүзі емес пе, Қайрап ап қалың жауға сермегендей.”), Иманжүсіп Құтпанұлы (“Ақтау, Ортау, Сарысу, Көктің көлі, Жайлаушы еді жаз болса көшіп елі, Сағынғанда көзіме жас келеді, Ақ туын Кенесары тіккен жері”) сахнаға шықты.

Алайда, жыраулық поэзия дәуірі Кенесары заманымен аяқталды. Соңғы өкілдері Махамбет пен Нысанбайлар болды.

Жалпы, ән атаулыдан қайрат кеміді, ұлттан береке қашты, кешегі батырлар барымта-қарымтада жүрді. Жер қорыған жорықтар араз елдің жылқысын алған жортуылдарға айналды.

Ел іші бүлінді. Барымташылар қарасы көбейді. Тәртіп кетті, ереже бұзылды. Екеуара дауын шешуге оязға жүгінді. Бір кезде қол бастаған қаһарман тарландар әлсіздің малын талады, жуанның қолшоқпары болды.

Басында еркіндігі жоқ елдің өнері де, өмірі де ойран болады. Қазақтың басына күн туды.

Не істеу керек?

Бодандыққа, қараңғылыққа қарсы күресетін жол бар ма? Құлдық санадан қайтіп құтыламыз? Жауынгерлік күрестің жолы жабық еді. Шерік құратын заман өтті. Қуатты империя талай ұлтты жұтып жатты.

 Қазақ философиясы

Сол кезде қазақтың бағына қарай Абай туды. Ұлт жетекшісі қарулы қарсылық тұйық жол екенін ұқты. Күш тең емес. Заманауи соғыс өнерін толық меңгерген империя жалын ұстатпайтын кез.

Ол елін білімге бастады. Заман мұратын таныған ұстаз халықты өнерге шақырды. Өрге сүйреді. Өнер дегеніміз кәсіп еді. Бүкіл әлем өнеркәсіптік капитализм жолында жарыса еңбек етіп жатты.

Абай қазақ қатарынан қалмасын деді. Өнерді игеріп, кәсіпті меңгеріп, қаланы бағындырса, жаңа қала салса, білімді қоғамға айналса деп ойлады.    

Білік пен білім, кәсіп пен өнер заманы әр еуропалық ортада ұлт қалыптастырып келе жатқаны анық еді. Дүние жүзінде, бірі ерте, бірі кеш, капиталистік қоғамда мемлекет елдің басын біріктіріп, өз ғұзыры аясында халықтарды біртұтастандырып, ұлтқа айналдыра бастады.

Мемлекет рөлі зор болды.

Ол белгілі бір территория көлемін иеленіп, жергілікті, тұрғылықты халықтың еркін дамуына жағдай жасады.

Бір сипаты қоғам қажеттілігі, қасиетінен туындайтын ортақ қызмет еді. Ол – басқарудың аса жоғары дәрежеде ұйымдасқан түрі – саяси билік жүйесіне бағынды. Ол капталистік дамуға жол ашты.

Қоғамдық сана дәуірге тән ұжымдық ұғым-түсінік жиынтығынан қалыптасты.

Философиялық категория ретінде рухани өмір, адам санасында бейнеленген орта, көзқарас, ой-зерде көрінісін, түрлерін түгел қамтыды.

Ең әуелі ұстаз алдында қазақ санасын ояту міндеті тұрды. Ескі өмір, тұйық тіршілік, кешегіні арқасына байлаған салт-дәстүр Абай әкелген өзгерістерге қайшы, түсінбеген қамшы ала жүгіріп қарсылық білдірді.

Жаңалықтың жолы қашанда ауыр әрі ұзақ.

Жігері жасыған қазақ қоғамына Абай жаңа жол ұсынды: бұл білім арқылы азаттыққа жету концепциясы еді. Алашордашылар – тегіс білімдар тұлғалар болды. Олар Абай философиясымен қаруланды: XIX ғасырда жасалған қазақ философиясына сүйенді.

Түбінде аталмыш философия қазақты Абай аңсаған арманға жеткізді.

Киіз туырлықты алаш жұрты Ақорда күмбезінде Тәуелсіздіктің көк байрағын желбіретті.

Азат ел босағадан төрге шықты!

Абай десек, қазақ есімізге түседі. Тегінде, ұлт дүниетанымын қалыптастырған жаңа арман, асыл мұрат жолында бейнет кешіп, мехнат көрген осы бір аяулы жұмбақ жанға бәріміз де қарыздармыз.

 

04-23.10.2019