14 Тамыз, 2013

Сал ауруына қарсы сапалы ем

970 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматылық сынықшы Абай Баймағамбетов жуырда елордаға келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Ондағы мақсаты – сал ауруына шалдыққан балалардың толық сауығуы үшін толассыз оқыту мектебіне ата-аналарды жинау, әр балаға өз ата-анасы жақын екенін, ауру балаға ұзақ әрі шыдамдылықпен жаттығу жасату барысында тиімді нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәріптеу.

 

Алматылық сынықшы Абай Баймағамбетов жуырда елордаға келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Ондағы мақсаты – сал ауруына шалдыққан балалардың толық сауығуы үшін толассыз оқыту мектебіне ата-аналарды жинау, әр балаға өз ата-анасы жақын екенін, ауру балаға ұзақ әрі шыдамдылықпен жаттығу жасату барысында тиімді нәтижеге қол жеткізуге болатынын дәріптеу.   Баспасөз жиынын «Руханият» халықаралық мұсылман университетінің ректоры, профессор Мұрат Мыңбаев жүргізіп отырды.   Жиынға Абай сынықшымен бірге республикалық «Жан мейірі» журналының атқарушы директоры Кәрім Қуаныш, Ата-аналардың балалар мүгедектігімен күрес қозғалысының жетекшісі Бикен Әбішова, «Алтын орда» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Берік Өмірзақов және сал ауруына душар болған балалардың ата-аналары қатысты.

Абай Баймағамбетов – жеті атасынан бері сынықшылық дарыған әулеттің ұрпағы. Ресейден көшіп келгеніне екі жылдың жүзі болған. Осы екі жылдың көлемінде ол еліміздегі сал ауруымен ауыратын балалардың аяғынан тұрып кетуі үшін өзінің «Абай емші» орталығында балаларды дамылсыз емдеу­де. Баспасөз жиынында Абай сынықшы: «Біздің емдеу әдісіміз – Айкүне деп аталады. Яғни, Айкүне жаттығуларын жасату арқылы сал ауруына ұшыраған балалардың белгілі бір нәтижеге жетуіне күш саламыз. Бізден бұрын өмір сүрген қазақтардың арасында сал ауруы кездеспеген екен. Аттың жалында, түйенің қомында ержеткен жауынгер халық емхана, аурухана дегенді білмей, өз ауруларын өздері жазып алатындай қасиетке ие болған. Оның ішінде шөп дәрімен емдеу, сынықшылық, емшілік сияқты қасиеттер халықтың дені сау, ғұмыры ұзақ болуына септігін тигізген. Бұл күнде ондай қасиетке ие адамдар аз да болса, ел ішінде кездеседі. Менің мақсатым – білгенімді өзіммен бірге ала кетпей, ізбасар-шәкірт тәрбиелеу. Солар арқылы қазақ даласында сынықшыларды көбейту. Ал, балалардың сал ауруына келетін болсақ, бұл жазылмайтын ауру емес. Бірақ оған шыдам, төзім керек. Әрбір ата-ана өз баласын шыдамдылықпен емдей білуі қажет. Бұл үшін біз оларға Айкүне жаттығуын үйретеміз» – деді.

Жиында Абай емші туралы біраз мәліметке қанықтық. Оның бір парасы мынадай. Баймағамбетов ойлап тапқан Айкүне жаттығуына 1998 жылы Ресейдің Жалпы патология ғылыми-зерттеу институтында және 2005 жылы Санкт-Петербург Мемлекеттік Педиатрлық медицина академиясында тәжірибе жасалған. Бұл жаттығуға екі рет патент алынған. 2005 жылы Санкт-Петербург қаласының Денсаулық сақтау комитеті Айкүне жаттығуын емдік дене шынықтыру әдісі ретінде бекіткен. 2003-2006 жылдары Абай емшінің денсаулық шеберханасы негізінде медициналық және оқу мекемелерінде Айкүне технологиясын оқыту және енгізуде ғылыми-зерттеулер мен конференциялар ұйымдастырылған.

Айкүне – көне түрік тілінде «жаныңды аш, шынайы сөйле» деген мағынаны береді екен. Абай Баймағамбетов бұл жаттығудың дененің, рухтың және жанның табысуына әсер етіп, адам ағзасында денсаулықты теңгерімде ұстауға есептелгенін айтты. Бұл күнде Ресей, Үндістан, Украина және Қазақстанда Айкүне ізбасарлары 10 мыңнан асып кетіпті. Сондай-ақ, «Айкүне кәсіби медициналық орталығы», «Айкүне психотерапиялық орталығы», «Айкүне қауымдастығы», «Айкүне қозғалысы» сынды одақтар дүниеге келген.

Елімізде сал ауруымен ауыратын бала­лардың саны 2010 жылы 10 мыңнан асқаны белгілі. Еліміздегі оңалту орталықтары мен басқа да денсаулық сақтау мекемелерінде бұл балалардың көпшілігі жыл сайын ем қабылдағанымен, тіпті, шетел асып, қымбат-дәрі-дәрмек пен операцияларға жүгінгенімен, аяқтан тұрып кететіндері бірен-саран екені баршаға аян. Әйтсе де жылт еткенді жақсылыққа балайтын әрбір ата-ана өз баласының болашақта сауығып кетуінен үміттеніп, үміт отын өшірмек емес. Абай емші бұл тұрғыда нағыз «іздегенге табылған» қамқоршы дер едік. Ол әрбір ата-анаға Айкүне жаттығуын тегін үйретуге даяр. Бастысы, ниет пен сенім керек.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».