Аймақтар • 23 Ақпан, 2020

Қарағандылық кәсіпкерлер – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының белсенді қатысушылары

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  Қарағанды облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлнәр Құрбанбаева өңірдегі әрбір екінші кәсіпкердің аталған бағдарлама жобасының қатысушы екенін мәлім етті.

Қарағандылық кәсіпкерлер – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының белсенді қатысушылары

Өткен жылы облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жобалар саны 200-ден 1 мыңға дейін өскен. Облыс тұрғындары ұсынған қызықты идеяларды кәсіпкерлер қызу қолдап отырыпты. Мысалы, бүгінгі күнге дейін өмір сүруді жақсарту бойынша 25-тен астам жоба меценаттар тарапынан қаржыландырылған және іске асырылған.

– Қайырымдылық акцияларға қатысатын әлеуметтік жобалар мен адамдар саны арта бастады. Әлеуметтік жобалардың көпшілігін меценаттар мен еріктілер жүзеге асырады. Яғни, 88 мың кәсіпкерлік субъектінің жартысы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді қатысатын біздің кәсіпкерлеріміз, – деді Гүлнәр Құрбанбаева.

Сондай-ақ, брифингте Қарағанды облысы әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі Бекзат Алтынбеков ағымдағы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады. Ең бірінші кезекте өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті ол.

– Биыл өңірде бірнеше жоба жүзеге асырылады. Мысалы, Абайдың 175 жылдығына арналған іс-шаралар аясында «Абайдың інілері – қазақтың ірілері» атты поэзия күнін өткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, биылғы жылы Қарағанды облысының 100 жаңа есімі анықталып, әр аудан мен қала бойынша көрнекті тұлғалардың тізімі жасалады. Қасиетті жерлердің сайты және оларға жолсілтемелер әзірленеді. Сонымен қатар, «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумын өткізу де жоспарда бар, – деді Бекзат Алтынбеков.

Брифингке қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын биыл жарияланғанына үш жыл толған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы жұмыстарға жергілікті атқарушы билік тарапынан  алдағы уақытта да айрықша мән берілетінін атап өтті.