15 Тамыз, 2013

Өнері – өмірбаяны

527 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өзінің бүкіл саналы ғұмырын мәдениет саласына арнап, осы қызметінен зейнет демалысына шыққан Қорлан Есімжанқызының өмір өткелдері, әсіресе, кейінгі ұрпаққа өнеге дерлік. Ақтоғай ауданының, Есіл ауылында дүниеге келген ол ауыл мектебінде білім алды. Алға ауылының Шаймерден есімді азаматымен көңілдері жарасып, шаңырақ көтерді. Жасынан ән өнеріне ғашық жан ауылдық клубқа меңгеруші болып орналасты. Көркемөнерпаздар ұжымынан Қорлан Есімжанқызы ән, би, драма, домбыра үйірмелерін ашты.

 

Өзінің бүкіл саналы ғұмырын мәдениет саласына арнап, осы қызметінен зейнет демалысына шыққан Қорлан Есімжанқызының өмір өткелдері, әсіресе, кейінгі ұрпаққа өнеге дерлік. Ақтоғай ауданының, Есіл ауылында дүниеге келген ол ауыл мектебінде білім алды. Алға ауылының Шаймерден есімді азаматымен көңілдері жарасып, шаңырақ көтерді. Жасынан ән өнеріне ғашық жан ауылдық клубқа меңгеруші болып орналасты. Көркемөнерпаздар ұжымынан Қорлан Есімжанқызы ән, би, драма, домбыра үйірмелерін ашты.

Драма үйірмесіне қатысушы өнер­паздар дайындық жұмысынан соң, ауыл сахнасына «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Адасқан қаз», «Ревизор» сынды әдеби-драмалық кесек туындыларды шығарды. Софы Сматаевтың «Елім-ай», халық аңыз-әңгімелерінен «Алдар Көсенің шықбермес Шығайбайды алдауы» секілді шығармаларды сахналап, көрермендер сүйіспеншілігіне бөленді. Қазақтың салт-дәстүрлеріне байланыс­ты көріністердің тартымдылығына ден бұрды. «Қыз Жібектің Төлегенді еліне шығарып салуы», «Тойбастар», «Қыз ұзату» секілді тақырыптар таңдалды. Ауыл клубының жұмысы өнерпаз жастардың ұйымшылдығымен әр кез жаңғырып, соны мазмұнмен байып отырды. Егін орағы, көктемгі мал төлдету, пішен шабу сынды науқандық жұмыстардың тұсында малшы, егінші, пішеншілерге Қорлан Есенжанова бас­қарған үгіт бригадасы талай рет кон­церттік бағдарламалар ұсынды. Драма­лық шығармалар бойынша рөлдерді кәсіби әртістерше ойнайтын білікті жас­тар буынын тәрбиелеп шығарды. Ауыл көркемөнерпаздары облысымыздың Ертіс, Ақсу, Екібастұз, Качиры аудандық мәдениет үйлерінде концерт қойды. Ұжым республика деңгейінде аталып өткен дүлдүл ақын Иса Байзақовтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Қаныш Сәтбаев пен Әлкей Марғұланның мерейтойларына қатысып, ән мен күйден, би мен жырдан шашу шашқан. Тіпті, 1988 жылы Шымкент қаласында өткен республикалық өнер фестиваліне қатысып, жүлделі 3-орынға көтерілген. Сол жылдары олар облыстық радио, телеарна арқылы қазақтың небір ән маржанын жұртшылыққа тарту етті.

Қорланның отбасы да шетінен өнерпаз. Отбасылық ансамбль облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, әркез жүлдегер атанған. Бүкілодақтың өнер фестивалдарында (алғашқы, екінші және үшінші фестивальдарында) ансамбльдің лауреат болғаны өз алдына бөлек әңгіме. Кезінде Кереку өңіріне айтыскер ақындығымен танылған Бейсенбі Мұқажанов пен Амангелді Асқаров Қор­­лан ананың шәкірттері болып табылады.

Нұрғалиевтар отбасылық ансамблі атанған өнерпаздар 1987 жылдың қыр­күйегінен «Естай Беркімбаев атындағы отбасылық ансамбль» деген құрметті есімге ие болды.

1986 жылы «Отырар сазын» Павлодар өңіріне бастап келген марқұм Нұрғиса Тілендиев Нұрғалиевтар отбасына арнайы атбасын бұрып, үйдің кенжесі Қайырболатқа ақ батасын берген екен. Ол кезде Қайырболат 12 жасар жас бүлдіршін бола-тұғын. Бүгінде Қ.Шахимарданұлы ән өнерін жете меңгерген тамаша орындаушы, Ертіс өңіріне есімі таныс әнші атанып отыр. Оның әні мен сөзін өзі жазған «Ауылым» әнін Павлодар радио­сы ауыл тақырыбына тұрақты арқау еткен. Қайырболат Исаның атақты «Желдірмесін», халық сазгерлері әндерін тамаша орындайды. Тұңғышы Нұрым да әншілік өнерді таңдаған. Павлодар музыка колледжінің 3-курсында оқиды. Қорлан ананың одан басқа Сымбат, Сабина есімді немерелері де би, домбыра өнерімен шұғылданады. Бүгінде 9-сыныпта оқитын немересі Арна өткен жылы облыстық «Жауқазын» ән байқауында жүлделі 1-орынды жеңіп алды. Қорлан Есімжанқызы өзімен шамалас өскен ауылдағы құрбы-замандастарының да ұстазы болды деп айта аламыз.

Еркін МУНДУИНОВ.

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы.