15 Тамыз, 2013

«Газетке жаздыруды қойыңыздар!»

285 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үкімет назарына

Қазпошта«Қазпочта» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Пірімбетов дәл осылай дегенде нені көздеді?

«Қазпочтаның» қызметіне жұртшылықтың өкпесі қара қа­зан­дай екенін оқтын-оқтын естіп жүрміз. Газеттердің кешігіп жеткені өз алдына, енді тұрғындар саны екі мыңға жетпейтін ауылдарда пошта бөлімшелерін жауып тас­тауы ренішті одан сайын үдете түсті. Махамбет ауданындағы Жал­ғансай, Ақтоғай ауылдарында пош­та бөлімшелері жабылып қалған.

 

Үкімет назарына

«Қазпочта» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Пірімбетов дәл осылай дегенде нені көздеді?

«Қазпочтаның» қызметіне жұртшылықтың өкпесі қара қа­зан­дай екенін оқтын-оқтын естіп жүрміз. Газеттердің кешігіп жеткені өз алдына, енді тұрғындар саны екі мыңға жетпейтін ауылдарда пошта бөлімшелерін жауып тас­тауы ренішті одан сайын үдете түсті. Махамбет ауданындағы Жал­ғансай, Ақтоғай ауылдарында пош­та бөлімшелері жабылып қалған. Жалғансай селолық округінің әкімі Қайыржан Мәжиевтің айтуынша, пошта бөлімшесі жабылар тұста бұл ауылға аптасына екі рет жылжымалы пошта келеді, деп уәде етілген. Бірақ сол уәде құмға сіңген судай болыпты. Ал мұнда 118 зейнеткер, 47 әртүрлі топтағы мүгедек, 30 отбасы зейнетақы мен жәрдемақы алады екен. Ай сайын Жалғансайдағы зейнеткерлер мен арнаулы жәрдемақы алушылар үшін 5,5 миллион теңгеге жуық қаржы жеткізіледі. Оны не күзеті, не арнаулы көлігі жоқ пошташы жалғыз өзі такси жалдап әкеледі! Мол ақшаны тарататын арнаулы орны да, таратылмай қалған ақшаны сақтайтын сейфі де жоқ. Сол себептен, зейнетақы мен арнау­лы жәрдемақыға берілетін ақша округ әкімінің қызмет бөлмесінде таратылады екен.

Ақтоғай ауылында да дәл осындай жағдай қалыптасып отыр. Бұл елді мекенге де ай сайын 4,5 миллион теңге Жалғансайдағыдай жолмен жеткізіледі. Бетін әрмен қылсын, күні кешегі Ақмола облысындағы орын алған жағдай секілді бірнеше миллион теңгені жалғыз-жарым тасымалдайтын адамдарға қарақшылар қару кезеніп, өзін жазым етіп, мол қаржыны қолды қылса ше? Мұндай жағдай орын алса, оған кім кінәлі болады? «Қазпочта» басшылығы кемшілікті өз мойнына ала ма? Әлде бар кінәні әрі күзетсіз, әрі арнаулы көліксіз жеткізушінің мойнына арта сала ма?

Мұны «Қазпочтаның» бас­шы­лығы білсе де, көзжұмбайлыққа са­лынып отыр. «Бұл қылмысқа ­   жол ашу емес пе?» деп шырыл­дайды Жалғансай селолық окру­гінің әкімі Қ.Мәжиев. Пошта бөлімшесінің жабылып қал­ға­нына налыған Жалғансай ауы­лы­ның тұрғындары Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновке шағым айтыпты. Осы мәселенің түп-төркінін өздері айтсын деп шешкен сенатор С. Еңсегенов «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Пірімбетовті қолынан жетелеп, Махамбет ауданына алып келді. Онымен кездесу үшін осы аудан орталығына өзге аудандар әкімдерінің орынбасарлары, мәслихат хатшылары жиналды.

Алайда, олар «Қазпочтаның» тізгінін ұстаған басшының бірі Е.Пірімбетовтен көңіл көншітер сөз естіген жоқ. Қалың қазақтың ортасына келсе де орыс тілінде сайраған ол «Қазпочтаның» үнемі шығынмен жұмыс істейтініне көңіл аударды. Соның ішінде Махамбет аудандық пошта байланысы торабы биылғы бірінші жарты жылдықты шығынмен аяқтапты. Бұған сірә, екі жылдан бері осы пошта торабын басқаруға басшының тағайындалмағаны да әсер еткен секілді. Е.Пірімбетовтің пікірінше, «Қазпочтаның» шығынмен жұмыс істеуіне баспасөз таралымының өсуі де ықпалын тигізетін секілді.

– «Егемен Қазақстан» мен «Казах­станская правда» газеттері аптасына бес рет шығады. Осы газеттерді күн сайын бес рет сұрыптау, жеткізу қажет. Бұл –бізге мүмкін емес, – деп шіренді Е.Пірімбетов.

Газеттердің оқырман қолына көп кешігіп жететініне мысал өте көп. Махамбет аудандық мәс­лихатының хатшысы Ас­қар Құрманбаев «Егемен Қазақ­станның» сейсенбі күні (13 тамыз) шыққан нөмірінің келесі күні түс ауғанға дейін аудандық әкімдікке келмегенін тілге тиек етті. Аудандық әкімдікке жетпеген газет оқырман қолына уақытында жетеді дегенге кім сенеді?

Ал Құрманғазы аудандық мәслихатының хатшысы Рифхат Сұлтанияев: «Газеттер кей ауылдарға он-он бес күндей кешігіп жетеді. Осынша уақыт өткеннен кейін басылымның ақпараттық маңызы бар ма?» деп сауалды төтесінен қойды.

Осыған орай «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Е.Пірімбетов: «Газеттерге жаздыруды қойыңыздар!» деп төбеден жай түсіргендей дүңк еткізді. Сонда бұл басшы нені көздеп отыр? Осыдан кейін «Қазпочта» басшылығының пошта бөлімшелерін жабумен шектелмей, газет таратуды да артық жүк санап отырғаны аңғарылмай ма? Айтқандай, алдағы уақытта бұл мекеменің Атырау облысынан 17 пошта бөлімшесін жабу жоспары бар екені белгілі болып қалды. Соның ішінде Ресеймен шекаралас ауылдар да бар. Сонда «Қазпочта» басшылығын шекарада отырған тұрғындардың ел тынысынан, мемлекет саясатының барысынан шет қалатыны ойландырмайтын болғаны ғой!

– Мемлекет ауылдарға жаңа мектептер мен балабақшалар салып жатыр. Таза ауыз су желісін тартып, тұрғындардың тұрмысын жақсарту саясатын ұстанып отыр. Алайда, тұрғыны екі мыңға жетпейтін ауылдарда пошта бөлімшелерінің жабылатыны қалай? Бұл мәселе Үкімет деңгейінде оң шешімін табуы тиіс, – дейді Сенат депутаты С.Еңсегенов.

Қалай дегенде де «Қазпочта» басшылығы тарапынан жауапсыздық байқалып-ақ тұр. «Қызметі халықтың көңілінен шықпайтын осындай құрылымның өзі бізге керек пе?» дейді ел. Дұрыс сауал. Шығынмен жұмыс істеп келе жатқандарын сылтау етіп, мәселені шешуден тайсақтай берсе, сонда бұл мекеме не істейді, қандай жұмыс атқарады?

Газеттер таралымы, әсіресе мемлекеттің үні болып отырған басылымдардың таралымы – мемлекеттік мәні бар мәселе. Оны ескермеу – шолақтық. Әлде енді «Қазпочта» тасып үлгеруі үшін «Егемен Қазақстанды» аптасына 2 не 3 рет қана шығарсақ па екен?!

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.