Ет одағы жақында брифинг өткізіп, «экспортқа 63 мың тонна ет шығардық» деп хабарлады. Қазақстанның ішкі нарығы тұтынатын еттің көлемі – 1 млн 200 мың тонна. Жаңағы 63 мың тонна туралы әңгіме рас болған күннің өзінде, бұл елімізде тұтынылатын ет көлемінің бес-ақ пайызын құрайды. Бұл бағаның өсуіне де, төмендеуіне де әсер етпейтін өте аз көрсеткіш. Экспорт көлемі 15-20 пайыз болған кезде ғана ішкі нарықтағы бағаға ықпал етеді. Яғни бағаның қымбаттауына шетелге экспортталған еттің көлемі емес, даурықпа әңгімелер ықпал етті деуге негіз бар.
Тағы бір айта кетерлігі, 2018-2019 жылдары күз айларында ет қымбаттады. 1995 жылдан бергі аралықтағы азық-түлік нарығын бақылап келемін. Әдетте азық-түлік желтоқсан айының орта шенінен асқанда, яғни жаңа жыл қарсаңында қымбаттайды. Қаңтар, ақпан айларында баға тұрақталады. Наурыздың соңына қарай ет, көкөніс, жеміс-жидек бағасы тағы өсе бастайды. Себебі халықтың соғымы, азық-түлік қоры сарқыла бастайды. Ерте көктемде туған марқа әлі жас, көкөніс пен жеміс-жидектің пісуіне ерте. Мамырдың аяғы, маусымның басында баға тұрақтанады да, біртіндеп арзандай бастайды. Себебін өзіңіз де біліп отырсыз: марқа ет жинайды, оңтүстіктен көкөніс келе бастайды, нарыққа сүт өнімдері шығады дегендей. Оның үстіне күн ысыған кезде адамның ағзасы да құнарлы асты, ет пен майды қыстағыдай қажетсіне қоймайды. Тамыз айында жұрт малын сойып сатып, балаларын оқу жылына даярлаудың қамына кіріседі, сөйтіп ет тағы арзандайды. Жеміс-жидек піскен кезде баға тағы түсіп, желтоқсанға дейін сол деңгей сақталады. Мен осы құбылысты 25 жыл бойы бақылап, анық көз жеткізгенмін. Өкінішке қарай, соңғы екі жыл көлемінде қазан-қараша айларында азық-түлік қымбаттап кететін болды. Оған жаңа айтылған «Мал мен еттің бәрін шетелдіктер сатып алып кетіп жатыр» деген даурықпа әңгіменің де әсері бар.
– Ет өнімін арттыруды асыл тұқымды мал басын көбейту арқылы шешу қолға алынған еді. Сол жоспар не болды?
– 2013-2015 жылдары ет экспортына қатысты бағдарлама жасаушылар «Қазақстанда аналық мал аз, оны шетелден импорттауымыз керек» деген бастама көтерген-ді. 2018 жылы «1 миллион аналық мүйізді ірі қара әкелу керек» деді. Өзімізде аналық мал жетпей жатыр екен, онда оны не үшін шетелге экспорттап жатырмыз? Сол жағы түсініксіз.
Соңғы уақытта шет мемлекеттерден 130 мың сиыр әкелінді. Ал 2019 жылдың өзінде 156 мың бас мал шетелге сатылды. Жаңағы шетелден әкелінген 130 мың бас малдың әрқайсысына 225 мың теңгеден, барлығы 30 млрд теңге субсидия берілді. Шетелден келген әр сиырдың құны – 650-670 мың теңге. Ал өзіміз экспортқа шығаратын малдың орташа бағасы 250 мың теңге шамасында. Яғни айырмашылық – 450 мың теңге. Сонда министрлік кімді, не үшін субсидиялады? Қазақстанның фермерін бе, әлде Өзбекстанның фермерін бе?
1994-1995 жылдары Жезқазғанда қызмет атқардым. Бұл аймақта бір кеңшарда орта есеппен 60 мың қой болады, 200 адам жұмыс істейді. Жекешелендіру кезінде жұрттың бәрін фермерге айналдыратын болып, 60 мың қой 200 адамға 300 тұяқтан бөліп берілді. Фермер деген – кәсіпкер, ал екінің бірі кәсіпкер бола алмайды ғой. Ақын, композитор, суретші, журналист сияқты, кәсіпкер болуға да дарын керек. Содан аз уақыт ішінде кеңшарлар жабылды, жұмыс жоқ, жалақы жоқ. Халық ұн, күріш сияқты азық-түлікті, арақ-шарапты, тұрмысқа қажетті заттың бәрін қойға айырбастай бастады. Еті тірі, пысық азаматтар қаладан үй алып, көлік мініп үлгерді. Соңында әлгі 200 адамнан 5-6 фермер ғана қалды. Олар заманға бейімделді, мал басын 5-6 мыңға жеткізіп, тұрмысын түзеп алды. Ал қалған малдың бәрі бірер жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстанға кеткенін көзімізбен көрдік. Іскер жігіттер қарбыз-қауын тиеп солтүстік, орталық облыстарға әкеліп өткізді де, қайтарда көліктің тіркемесін екі қабат қылып тақтаймен бөліп, жекенің қолындағы қойды тиеп, оңтүстікке алып кетті. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін жұрт Оңтүстік Қазақстаннан қой әкеліп, Жезқазған мен Сәтбаевтың базарында сата бастады. Егер министрлік малды тірідей экспорттауға шектеу қоймағанда, екі-үш жылдан кейін тура осы жағдай қайталанып, қазақтар етті Өзбекстаннан әкеле бастауы әбден мүмкін еді. Қазір 2 жарым мың теңгенің етін қымбатсынып отырмыз, болашақта Өзбекстаннан 10 мыңға сатып алуға мәжбүр болар едік.
– Экспортты шектеу бизнесмендерге соққы болды деген уәж айтылып жатыр. Оған не дейсіз?
– Мен біраз фермерлермен жүзбе-жүз кездесіп, пікірлестім. Өзбекстанмен шекараға малды Семейдің, Қарағандының, Ақтөбенің фермерлері апарған жоқ. Фермер шекараға мал тасып жүрсе, ауылдағы малына кім қарайды?! Шындығында, Өзбекстанға тірілей сатылған малды шаруа қожалықтардан делдалдар арзанға сатып алып кетті. Экспортталған малдан түскен таза пайда шаруаның емес, делдалдардың қалтасында кетті. Қорыта келгенде, малды тірілей экспорттауға тыйым салғаннан шаруалар ұтылмайды, екі ортада жүрген делдалдар ғана ұтылады. Қазір ет комбинаттарының шикізаты жоқ, 40 пайыз қуатпен жұмыс істеп тұр. Оларға шикізат берсек, бизнестің ұтқаны сол емес пе.
– Былтыр жыл соңында «Кейбір заңнамалық актілерге агроөнеркәсіп кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Бұл құжаттың қандай артықшылығы, тиімді тұстары бар?
– Бұл құжатты әзірлеу 2016 жылы басталған-ды. Агроөндіріс кешенінің 5 жылдық даму бағдарламасын жасауға сарапшы ретінде біз де қатыстық. Сөйтіп 2016-2017 жылдары жаңа заң жобасы әзірленді. Мәжіліске ұсынған кезде 13 Кодекске, 30-ға тарта заңға өзгеріс енгізілді. Агроөнеркәсіп кешені Жер кодексі, Су кодексі және Орман шаруашылығы кодексімен тікелей байланысты сала. Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы, астық шаруашылығы, мақта шаруашылығы, ауылдық елді мекендерді дамытуға және басқаларына қатысты 15-ке тарта заң да агроөнеркәсіп кешенін дамытумен байланысты. Соның бәріне өзгеріс енгізілді.
– Ауылшаруашылық саласында ғылымды қаржыландыру жағы қалай жүріп жатыр?
– Жаңа өзіңіз айтқан заңда аграрлық ғылымды мемлекеттік қолдау мәселесі де қамтылды. Иә, ғылымға бөлінген қаражат бір кездері 0,1 пайызға дейін түсіп кеткен-ді. Соңғы бір-екі жылда түрлі қаржы көздерінен ауылшаруашылық ғылымына қаражат бөлу көрсеткіші 17,5 млрд теңгеге жетті. 4 триллион теңгені құрайтын ІЖӨ-ге шағатын болсақ, шамамен 0,4 пайыз. Яғни қаржыландыру көлемі 3-4 есе өсті. 2021 жылы бұл көрсеткіш 0,5 пайызға, 2030 жылға қарай 1 пайызға жетеді деген жоспар бар.
АҚШ, Аргентина, Аустралия сияқты ауыл шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, саланы қаржыландыруға тауар өндірушілердің өздерінің қызығушылығын тудыру қажет. Мәселен, АӨК өкілі өзінің жұмысын жеңілдететін жағдайды айтып, тиісінше талап қояды, ақшасын төлеп тапсырыс береді. Айталық АҚШ-тағы фермерлер қауымдастығы, басқа да одақтар ғылыми орталықтарға бидайдың жаңа тұқымын әзірлеуге тапсырыс береді. Олар тез өнетін, өнімі мол, сапасы жоғары, климатқа төзімді болуы керек деген сынды талап қойып, 5 миллион доллар қаражат аударды делік. Қалған қаржыны ғылыми орталықтарға мемлекет төлейді. Яғни тапсырыс бірінші кезекте өндірістен түседі. Ал өндіріс өзіне не керегін жақсы біледі ғой, көрдіңіз бе.
Ал осыған дейін біздегі жағдай басқаша болды. Министрлік бюджеттен 2 млрд теңге қаражат бөледі, ғылыми институттар оған 40-50 түрлі тақырыпта зерттеу жүргізеді. 2007 жылы тіпті 500 тақырыпқа дейін ғылыми жұмыс жазылыпты. Ол зерттеулер өндіріске керек пе, жоқ па, белгісіз. Әрине одан бері зерттейтін тақырыптарды азайттық. 2013 жылы ғылымды қаржыландыруға тауар өндірушілердің өздері қатысуға тиіс екенін айтып ұсыныс жасадық. Тауар өндірушілердің қаражат бөлгенін де көрдік, бірақ оған мемлекет қаржылай көмектескен жоқ, себебі тиісті заң әлі шықпаған болатын. Былтыр қазан айында қабылданған құжатта алғаш рет экономиканың басқа салаларына қарағанда аграрлық сектордағы ғылымға ерекше көңіл бөлінді. Тауар өндірушілер ғылымға қанша қаражат бөлсе, соның 80 пайызына тең сома мемлекеттің есебінен субсидияланатын болды. Мысалы, тауар өндіруші ғылыми институтқа «маған осындай тұқым дайындап бер» деп 1 миллион теңге берсе, оның 800 мың теңгесін мемлекет өзіне қайтарып береді. Сонда ғалымдар тікелей өндіріс талап еткен жұмыспен айналысады.
2015-2019 жылдары ғалымдар өсімдік шаруашылығында 300-ге жуық, мал шаруашылығында 200-ге тарта жаңалық ашты. Оған дейінгі жобалар мен осы 500 инновацияны іріктеп алынып, электронды порталға салынды. Өкінішке қарай тауар өндірушілер оны кәдеге жаратуға әзір құлықсыздық танытып отыр. Отандық ғалымдар шығарған будандастырылған тұқым түрлері де өте көп. Алайда еліміздегі 18 миллион гектар егістік алқабының үштен бір бөлігіне ғана отандық тұқым себіледі.
Аграрлық сала қарқынды дамыған Аргентина, Израиль сынды елдердің тәжірибесімен танысып көрдік. Бұл елде аграрлық ғылымның құрылымы үш блоктан тұрады екен. Бірінші блогы – зерттеу институттары, университеттер. Бұл біздің елде бар. Екінші блок – білім тарату саласы, extension дейміз. Яғни жаңа технологиялар, жаңа тұқымдар туралы ақпараттар фермерлерге жүйелі түрде жеткізіліп отырады. 2008 жылы Қазақстанда осындай орталық ашылды, 2024 жылға дейін олардың қатарын 200-ге дейін көбейтуіміз керек. Үшінші блок – инновациялық жүйенің қызмет көрсету саласы. Бұл дегеніміз, саланы коммерцияландыру, венчурлық қорлар, технопарктер құру. Фермер мен ғылымды тікелей байланыстыратын жүйе осы үшінші блок. Қазақстанда осы үшінші блок жоқ, ғалымдардың ашқан жаңалықтары өндіріске жетпейді. Қазір ғылымның жетістіктерін агрофермаларға таратуды қолға алып жатырмыз.
– Ауылшаруашылық жерлерін ғарыштан мониторингілеу туралы жиі айтылып жүр. Соның мәнісін түсіндіріңізші.
– Ғарыштық мониторинг – ғылыми-техникалық прогрестің жемісі, оның артықшылығын, пайдасын мойындау керек. Дегенмен кеңірек ойластыратын жақтарын да айтпай кетуге болмайды. Мысалы, фермер бір алқапқа биыл бидай ексе, келер жылы оны тыңайту үшін мал азығын екті делік. Ол ғарыштан түсіргенде арамшөп болып көрінуі мүмкін. Сол үшін «жер игерілмей жатыр» деген желеумен алып қоюға болмайды ғой.
Медицинадағы УЗИ, томогроф сияқты құрылғылардың түсіргенін дәрігер ғана түсінеді ғой. Космомониторг те сол сияқты, оның түсіргенін оқитын мықты маман керек. Аймақтарда ондай маман аз. Тікелей космомониторингпен айналысатын маман дайындап жатқанымызға бір-екі-ақ жыл болды, оларды геология, жол құрылысы сияқты салалар талап әкетіп жатыр. Соған қарамастан ауылшаруашылық саласын тиісті мамандармен толық қамтамасыз ету керек.
Әңгімелескен
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»