Батыс Сібір және Алашорда үкіметтерімен байланысымыз
2 шілде күні үкіметіміздің мүшесі әрі әскер басшыларының бірі Абдулхақ Абидовты сол кездері Омбы қаласында құрылған «Батыс Сібір демократиялық үкіметтің» басшысы полковник Гришин Алмазовқа аттандырдық. Біз одан құрып жатқан әскери жасақтарымыз үшін қару-жарақ, қаражат және басқа да көмек сұраған едік. Кеңес Одағы менің Гришин Алмазовқа жазған хатымды жариялады. Бұл хатта мен әкімшілік басқару жайында: «Башқұртстанның басшылығы демократиялық сипатта болады, дегенмен ол комитетсіз демократия (безкомитетная демократия) ретінде құрылады» деп жазған едім. Менің меңзеп отырғаным – көп талқыға салынбайтын, тез шешім қабылдайтын, орталықтандырылған демократия болатын. Алайда кеңестік тарихшылар «Қызыл архив» басылымында менің хаттарымды жариялап отырып, мұны «кеңессіз демократия» деп берген екен. Араға бірнеше күн салып мен жаныма үкімет мүшелерінен Сейіткерей Мағазовты алып, Омбы қаласына келіп жеттім. Жолда біз мінген пойызда түн ортасында вагондарда тығулы жатқан бомбалар жарылды. Біз тез пойыздан түсіп, аулаққа барып, отқа оранған вагондарға қарап тұрдық. Бізді Омбы қаласынан арнайы жіберілген пойыз алып кетті. Гришин Алмазовпен сол күні жолықтық, ол біздің барлық талаптарымызды қабылдай отырып бір ғана шарт қойды. Ол шарты да башқұрт жасақтарының стратегиялық маңыздылығына орай Сібір үкіметінің Басқолбасшылығына бағынышты болуы еді. Біздің бір айдың көлемінде жасаған істерімізге көңілі толған генерал пәрмен шығарып, маған полковник атағын бергісі келді. Мен де әскери мектепте оқымағандықтан, мұндай әскери шенге лайық емес екенімді алға тарттым. Генералдың ұсынысын қабыл алуға үгіттегендердің бірі досым Сейіткерей Мағаз болатын. Ол Омбы қаласынан Семейдегі қазақ ұлттық үкіметі Алашордаға барып, біздің ұсынысымыз бойынша 18-21 шілде күндері арасында жиналатын мәжіліске қатысатын еді. Алашорда көсемдерімен болатын келіссөздер мен қол қойылатын құжаттардың жобасын Омбыда дайындадық. Алаш қаласына келгенде, Әлихан Бөкейхан мен Қоқандағы Түркістан автономиясының бұрынғы басшысы Мұхаметжан Тынышбаев бастаған топ жиналып қалған екен. Міне, осы мәжіліс Алашорда, Қоқан автономиясы және Башқұртстан арасындағы алғашқы құрылтай болды. Құрылтайда 12 баптан тұратын шешім қабылданды. Шешімдер арасында сол кездері Украинаны басып алған және Астраханьдағы қазақтармен байланыс орнатуға әрекет жасап жүрген Алманиямен келісімге келмеу, Ресейдің одақтасы сипатындағы Жапонияның Сібірдегі және Құлжадағы өкілдерімен байланыс орнату, ұлт-азаттық қозғалысымызды Ресейдің ішінде жүргізу сияқты мәселелер болды. Бұл пікірлерді алашордашылар да қабыл алды. Арада екі жыл өткеннен кейін (1920 жылы) большевиктер Астраханьның қазағы Мұхаметжан Тұнғашин деген зиялының құжаттары арасынан біздің Алашорда үкіметімен бірге қабылдаған 12 баптан тұратын ортақ мәміленің мәтінін тауып алыпты. Бұл шешімдердегі ұлт-азаттық күресті Ресейдің ішінде жүргізу туралы қарарымыз кеңестік басшыларға біз туралы жылы түсінік қалыптастырыпты. Өйткені большевиктердің де патшаның қызметкерлері сияқты орыс ұлтшылдары екенін кейіннен Чичерин арқылы білдім. Қазақ тілінде жақсы өлең жазатын Сейіткерей Мағаз қазақтардың астанасында үлкен ілтипатқа ие болды. Ол «Алаш Орда» деген басылымға мен туралы және башқұрт қозғалысы жайында мақалалар мен бір өлең жариялады. Түрікше жазылып, қол қойылған құжатты ол Челябі қаласына алып келді.
Оңтүстік Оралдың қызылдардан азат болуы
Қызылдар 6 шілде күні Уфаны және 8 шілде күні Орынборды тастап шығуға мәжбүр болды. Соңғы аталған қала Орынбор казачилерінің атаманы Атаман Дутовтың билігіне көшті. Башқұртстан үкіметі мен Челябіде жасақталған башқұрт әскери жасақтары көп кешікпей Челябіден Орынборға көше бастады. Біз башқұрттардың көнеден келе жатқан ұлттық мұрасы Керуенсарайға орналастық. Қазақстан үкіметінің батыс аймағының өкілі Сейітазым Қыдырбаев еді. Ол ескі Торғай уәлиінің үйіне орналасты. Осылайша Орынборда үш үкімет пайда болды: казачилердің үкіметі, Башқұртстан үкіметі және Батыс Қазақстан өкілдігі. Қаланың басшылығы казачилердің қолында болды. Біз сол сәттен бастап Башқұртстанның барлық аймақтарында азаматтық билік институттарын орнатуға кірістік. Әскери мектеп аштық. Өзіміз Орынборға көшіп жатқан кезде Челябіде қалатын зиялылар үшін Фетхулқадир Сүлейман мен Тақи Исметидің басшылығында оқу-ағарту және баспа ісін ұйымдастыратын топты тастап кеттік. Фетхулқадир – қазір Анкарада өмір сүріп жатқан досым профессор Абдулқадир Инан. Ол осында шығып жатқан «Башқұрт» газетінің бас редакторы болатын. Бұл газет біз Орынборға көшіп кеткеннен кейін де тоқтаусыз шыға берді. Біз Самарада құрылған Ресей Құрылтай Мәжілісі үкіметімен (КомУч) байланыс орнаттық. Челябіден алып келген әскери жасақтарымызды үшке бөліп, олардың бір тобын Ташкент пен Орынбор арасында сол кезге дейін қызылдардың қолында болған Ақтөбеге, енді бір тобын Орск майданына және үшінші топты оңтүстік Оралды азат етуге аттандырдық. Бұлар Кашариндердің көзін жойды. Белоретскідегі бірінші жаяу әскер ротасы мен екінші атты әскер полкы да Орынборға келіп жетті. Олар да оңтүстік Оралдағы орыс фабрикалары мен ауылдарына бекінген большевиктерді ығыстыра бастады.
Самара және Уфадағы мәжілістер
30 тамыз – 7 қыркүйек күндері Башқұртстан, Қазақстан және күштеп таратылған Түркістан автономиясы үкіметтері арасында Орынбор және Самара қаласында маңызды келіссөздер болды. Бұл да Башқұртстан, Қазақстан және таратылған Қоқан үкіметі арасында жасалған екінші құрылтай болды (алғашқы құрылтай шілде айында Семей қаласында өткен еді). Бұл мәжіліске Алаш Ордадан Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және тағы басқа көптеген өкілдер, Қоқан үкіметінен үкімет басшысы Мұхаметжан Тынышбаев пен Сыртқы істер министрі Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев және тағы басқа кісі қатысып отырды. Бұл жерде де үкіметтердің «Оңтүстік-шығыс мұсылман өлкелер федерациясын» құру, башқұрт және қазақ әскери жасақтарын бір армияға біріктіру, Сібір, Самара үкіметтерімен, Орал және Орынбор казачилерімен бірге «Шығыс Ресей Одағы» негізінде кең ауқымды федерация құру үшін орыс ұйымдарына ұсыныстар беру сияқты көптеген мәселе қаралып, шешімдер қабылданды. Біз бұл жердегі келіссөздерден кейін Башқұртстан үкіметінің меншігіндегі вагондарға мініп, Уфада 8 қыркүйек күні басталатын «Ресей мемлекеттік мәжілісіне» (Российское Государственное Совещание) қатысу үшін жолға шықтық. Уфада бәріміз «Сібір» қонақүйінде тұрдық. Орыстардың эсер, социал-демократ, кадет және тағы басқа партияларының өкілдері, сол жылы Ресейдің шығысында пайда болған үкіметтердің ресми өкілдері мен генералдары қатысқан бұл құрылтай жиналысында біз көбіне эсерлер мен Самара үкіметінің шешімдерімен бірге қимылдадық. Ресейдің төңкеріс тарихына қатысты еңбектерде маңызды орын алатын бұл құрылтайда генерал Болдыревтің басшылығымен коалициялық үкімет құрылды. Дегенмен, бұл үкіметті адмирал Колчак құлатып тынды. Оның үстіне, оңшыл партиялар мен монархист генералдар құрылтайдың бас кезінде-ақ өздерінің диктаторлық жүйені қалайтынын жасырмай айтып, демократия туралы пікірлерді мазақ қыла бастаған еді. Бұл құрылтайда біз өз мәселелерімізбен, яғни дәлірек айтқанда, мұсылман түріктердің істерімен шұғылдандық. Сол Сібір қонақүйінде татарлардың зиялыларымен бас қостық. Олардың арасында жазушы Аяз Исхаки, ескі Думаның мүшесі Екрем Беглов пен әскери шенді Ескендір Ишмұхаммедов автономия және жеке армия құру ісіне қатты қарсылық білдіріп, Ресей мұсылмандарының діні мен оқу ісін қолдайтын әкімшілік жүйенің жалғасуын, сондай-ақ Сібір әскери басқармасында мұсылман әскерлердің діни істерін қадағалайтын жаңа бөлімшенің құрылуын және татар, башқұрт, қазақ және бүкіл Орта Азия халықтарының осы «Азия бөлімшесіне» кіруін қолдайтындықтарын ашып айтты. Олар осындай пікірмен шектелетін еді.
Мен шығыстағы түрік халықтарының тағдырына қатысты ойларым мен пікірлерімді орыс төңкерісінің алғашқы жылдарында, 8 қыркүйек күні кешқұрым Сібір қонақүйінде болған мәжілісте және 9 қыркүйек күні башқұрт әскер басшылары мен қонаққа келген татар әскерилерінің алдында «Ағаш қышла» деген жерде жеріне жеткізіп айттым. Бұл жерде маған сол күндері Түркістан мен Еділ бойы мұсылман зиялыларының, аттарын жоғарыда атап өткен жақсы адамдардың ұлы күресті жалғастыруға деген сенімі үлкен ықпал етті. 1917 жылы мамыр айында өткен Мәскеу құрылтайында және сол жылы жаз бен күз айларында Ташкент пен Орынборда, Уфа мен Қазанда өткен шығыс түрік халықтары құрылтайларында күмәннан арыла қоймаған мұсылман зиялылары арасында көптеген түйткілді мәселелер мен шешімін таппаған жайттар бар еді. Қазір болса, Әлихан Бөкейханның маңайына топтасқан қазақ зиялылары мен татарлардың көпшілігі тастүйін болып, автономия және ұлттық армия құру ісіне құлшынып тұрған еді, бұған күмән келтірушілердің саны да азайып қалған болатын.
Ең қызық кездесу патшайым Екатеринаның пәрменімен салынған «Собрания», дәлірек айтқанда «Мұсылман рухани мәжілісі – Мүфтият үйінде Юсуф Акчураның қатысумен өтті. Юсуф Акчура тегі бойынша Симбирск қаласынан шыққан әйгілі бай, бірнеше фабриканың қожайыны Акчуриннің баласы болатын. Ол Стамбулда және Парижде саясат білімі бойынша жоғары оқу орнын бітіріп, 1905-1907 жылдары арасында Қазан мен Петерборда саяси істермен шұғылданған, кейіннен Түркияға кетіп, Түркия университеттерінде саясаттану профессоры болып қызмет атқарған, осылайша Ататүріктің сеніміне кірген ғалым әрі ойшыл болатын. Кейінгі жылдары Түркия Тарих Құрылымының басшысы болды. Өзі Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты еді. Осы кісі 1917 жылы төңкеріс кезінде де саяси істерге араласқысы келгенімен, тек 1918 жылы ғана Түркия «Қызыл ай» қоғамының өкілі ретінде Мәскеу арқылы Уфаға жеткен еді. Ол Уфада ескі досы Алимжан Барудинің мүфтияттағы үйінде қонақ болып жатқан. Әлихан Бөкейхан, Мұхаметжан Тынышбай, Мұстафа Шоқай және мен Самарада «оңтүстік-шығыс мұсылман өлкелері федерациясын» құру мәселесі бойынша Юсуф Акчурамен сөйлестік және француз тілін жетік білетінін ескере отырып, құрылатын біріккен мұсылман ұлттық үкіметінде оның Сыртқы істер министрі болуын өтіндік. 12 қыркүйек күні Мүфтият үйінде болған бұл кездесуде Акчура өзі Түркия азаматы болғандықтан, біздің саяси әрекетімізде ресми сипатпен қызмет ала алмайтынын алға тартты. Құрылуы жоспарланған аталған мемлекеттің аты туралы сөз болғанда бұл кісі «шығыс түріктері федерациясы» деген атауды ұсынды. Әлихан болса, біздің ұлттық қозғалысымызға орыстардың құлақтары үйренгенге дейін «пантүрікшіл» атаулардан мейлінше сақтану қажеттігін, уақыты келгенде ондай атты да қабылдайтынын, қазірше «шығыс Ресей мұсылмандарының федерациясы» деген атаудың жеткілікті болатынын айтты. Юсуф Акчура кейінірек Стамбулда бір кездескенімізде Уфадағы осы кездесу туралы жақсы естелігін айтты. Біз Түркістаннан, Қазақстаннан және Қазаннан келген қонақтарымызға қымыз беріп, күтіп, шығарып салдық. Бұл қымызды Дым өзенінің жағасындағы Қандыракөлден алдырған едік. Ол жер башқұрттардың ең жақсы жылқылары шығатын жер болатын. Аңыз бойынша Заятүлек атты бір жігіт Сусұлуы деген су перісіне ғашық болып, осы жылқылар сонда қыздың артынан жасау ретінде көлден шығып келген екен. Бұл жылқылардың қымызы бал татитын. Уфада қоштасқан кісілердің көбімен, соның ішінде Әлихан Бөкейханмен де бұдан кейін кездесе алмадық. Мен мемлекеттік мәжілістің аяқталуын күтпей жатып Уфадан кетіп қалдым. Дутовпен бір пойызда болғанымызбен, Уфадағы мәжілістерде арамыз суып қалғандықтан, жол бойы ләм деп тіл қатысқан жоқпыз.
Біз Ресей ішінде социалистермен ынтымақтасып жұмыс істейтінімізді барлық іс-әрекеттеріміз арқылы байқатып жүрдік. Сол кездері ұлт пен социализм негіздерін үйлестіріп, «Ерік социалист партиясын» құру ісімен айналысуда едік. Жоспарымыз бойынша бұл партия шығыс түріктерінің басын қосатын ұйым болуға тиіс еді. Қазақ зиялыларынан Әлиханның сол жағында жүргендер, өзбектерден Низамхожаев, ақын Шолпан, бұхаралық Абдулхамит Арифов осы партияның негізін қалаушылар арасында болды. Осы топтың өкілдерінің араласуымен Башқұртстан үкіметі жер мәселелерін реттейтін бір заң шығарды. Бұл – ауылшаруашылық министрі Халил Емировпен бірге жасаған ісіміздің нәтижесі болатын. Үкіметтің төменгі мәжілісінде жан-жақты талдаудан өткеннен кейін жарлық шығып, ол 20 қыркүйек күні күшіне енді. Бұл заң туралы қазіргі Башқұртстан тарихында да айтылып жүр.
Аударған
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ
(Жалғасы бар)