Қоғам • 28 Ақпан, 2020

Індет тәуекелі жоғары

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қытайдан тараған коронавирустің ошағы кеңейе түсті. Шекараны қымтауда Қытай елімен ғана емес, басқа да шет мемлекеттерге байланысты сақтық шаралары қолға алынып жатыр. Соңғы күндері әсіресе Оңтүстік Кореядағы ахуал алаңдата бастады. Аталған елде өткен тәулікте алдыңғы күнмен салыстырғанда инфекцияның өсім қарқыны 48 пайызға жеткен. Қытайда індеттің артуы тәулігіне 65-70 пайыз болғанын ескерсек, бұл айтарлықтай жоғары өсім.

Індет тәуекелі жоғары

 

Кеше Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов БАҚ өкілдерімен кездесуінде Оңтүстік Кореядағы жағдай күрделене түссе батыл шаралар қабылданатынын жеткізді. Мәселен, 1 наурыздан бастап әуе та­сымалының саны қысқарады. Қазір­дің өзінде түбектегі елде 30 мың Қазақ­стан азаматы бар. Ал олар­дың 25 мыңы елге оралғысы келсе, елі­­міз­дегі жұқпалы ауру­ха­на­­ларө­дағы қо­сым­ша орын саны ш­амамен 7 мыңды құрайды екен. Қосым­ша 3,5 мың медициналық ұйым­ды ка­рантин­дік мекемеге айнал­­дыру­ға болады. Бұл көрсет­­кіш соның өзінде бар­лық келу­шіні қамтымайтыны белгілі. Е.Бір­танов осы ретте шетелден келу­шілер­дің үй карантині бойынша оқ­шаулана­тынын жеткізді. Яғни, екі аптаның ішінде ауру қаупінің бар-жоғына көз жеткізгеннен кейін карантиндік оқшаулау тоқтатылады.

Министр елімізде коронавирус індетінің жоқ екенін, алайда аталған індет болған жағдайда оны жасыру мүмкін емес екенін де атап өтті.

«Коронавирус Қазақстанға кел­мей­ді деп айта алмаймын. Өйт­кені індеттің тәуекелі өте жоғары. Біз елімізде қажетті шараларды дайындап жатырмыз. Бұл дайындықтың маңызы үлкен. Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымы ең маңыз­дысы, аурудың алдын алу екенін айтуда. Мысалы, Германия үкі­ме­тінің басшысы елде эпидемия бас­тал­ғанын жариялады», деді министр.

Е.Біртанов коронавирус дүние жүзіне жылдам таралып жатқа­нын, бірақ ауруды жұқтырған адам­ның барлығы өмірмен қош айтысады деудің дұрыс еместігін айтады. «Жалпы, елімізде қызылша, тырысқақ сияқты әртүрлі инфекция­лық аурулар жыл сайын болады. Оған санитарлық қызмет тарапынан нақты шаралар қабылданады. Яғни, санитарлық дәрігер айтқан кеңестерді қолдау керек. Сонда қауіпті жағдайды төмендетуге мүм­кіндік бар. Қорқатын ештеңесі жоқ. Бұл кәдімгі инфекциялық ауру. Көз жұмғандардың саны 100 адамның ішінде 3 пайызды ғана құрайды. Басым бөлігі созылмалы аурумен ауыратын қариялар мен иммунитеті төмен жандар. Жалған ақпараттарға сенбеңіздер. Бүкіл қажетті ақпаратты беріп тұ­рамыз. Соны тыңдап, бақылауда ұстау қажет», деді Е.Біртанов.

Министрдің айтуынша, коронавирус қаупімен күрес әу бас­тан жан-жақты жүргізіліп жатыр. «Әуелгі міндет – инфекцияны елге енгізбеу болды. Сол себепті 6 қаңтарда үш кезеңнен тұратын күшейту жұмыстары жүргізілді. Қазақстан мен Қытай шекарасында 1 ақпаннан бастап бүкіл республика шекарасында мониторинг жүргізіле бастады. 20 ақпаннан бері қауіпті елдер тізімі ұлғайды. Оған Қытайдан бөлек бірқатар ел кірді. Шекарадан өткен әр адамға қатысты мәліметтер базасы бар. Біреулер «тепловизордан өтпедім, сауалдама толтырмадым», деп жатады. Мұндай бірен-саран дерек кездеседі, бірақ айта қоярлық проблема емес. Өңірлер күнделікті министрлікке есеп беріп отыр. Қытайдан келетін адамдар да тұрақты мониторингтен өтеді. Мәселен, осы күнге дейін Қытайдан келген 24 мың адамның жартысы 14 күндік карантиннен өтіп, мониторингтен шығарылды. Қытайдан келген 185 адам карантинде жатыр. 1 наурыздан бастап бізде тізім кеңейтіледі. Оған Оңтүстік Корея, Италия, Иран және Жапония азаматтары кірді. Біз бәрін ауруханаға жатқызбаймыз. Нақты ауру нышаны барлары ғана медициналық тұрғыда оқшауланады. Өздерін жақсы сезінген адамдар үйде бақылауда болады. Ең маңыздысы, инфекцияның елге келуіне және таралуына жол бермеудің бір ғана тәсілі бар екенін есте ұстау қажет. Бұл үшін әлеуетті тәуекелі бар адамдар ешкіммен байланыс­қа шықпай, 14 күн үйінде болуы қажет. Өйткені ол біреулермен ара­ласып, 10 күннен кейін онда ауру белгілері шықса, бізге онымен байланыста болған адамдардың барлығын іздеп тауып, оқшаулауға тура келеді», деді ве­домство басшысы.