Аймақтар • 29 Ақпан, 2020

Соғысқа қатысқандардың электронды деректер базасы

1121 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының архиві Сәуле Мәлікованың басшылығымен республикамызда алғашқы болып Ұлы Жеңістің 75 жылдығының құрметіне облыс аумағынан 1939-1945 жылдары әскерге шақырылғандардың «Сіздер біздің есіміздесіздер!» деген атпен толық электронды тізімін құрастырып шығарды.

Соғысқа қатысқандардың электронды деректер базасы

Оған облыстың бұрынғы аумағынан Қызыл Армия қатарына шақырылған 70 мыңнан артық боздақтар енген. Электрондық базаға әскерге алынғандар туралы архивтерге түскен барлық деректер енгізіліпті. Сонымен бірге олардың аман келгендері, қайтыс болғандары және хабарсыз кеткендері  жүйеленген.

Осы күнге дейін, белгілі деректерге қарағанда, Қазақстаннан соғысқа барлығы 1 млн 196 мың 164 адам алынған екен. Ал сол кездегі республика халқының бала-шағаны, әйелдерді, кемпір-шалдарды қоса есептегендегі жалпы саны 6,5 млн адам. Бұл, барлық кәмелет жасындағы еркек кіндікті, сонымен қоса жүздеген мың қыздар да Отан қорғауға аттанған деген сөз. Бұлардың ішінде еңбек армиясына алынғандар саны жоқ. Майдан даласында қаза болғандар мен хабарсыз кеткендердің саны 630 мың. Демек - әскерге алынғандардың жартысы жоқ болған деген сөз.

Ал Солтүстік Қазақстан облысынан 1939 жылдан бастап барлығы 91 мың 5 адам әскерге шақырылған екен. Соның да қақ жартысы жоқ болған. Электронды деректер базасында олардың қаншасы қай ауданнан және Петропавл қаласынан шақырылғаны бөлініп көрсетілген. Соның бәрі қазіргі облыс аумағындағы 13 ауданның архивтерінен тірнектеп жиналған. Әзірге 70 мыңынан артығыныкі толық, қалғандарының деректері жиналуда.

Осы деректерге қарағанда Қазақстанда құрылған барлық әскери құрамаларға солтүстікқазақстандықтар да алынған екен. Шекарадан шегіну, Брест қорғаны үшін шайқастарға да біздің 1939-1940 жылдары әскерге алынған жерлестеріміз қатысыпты. Атап айтқанда солтүстікқазақстандық шекарашылар Қ.Абдрахманов пен В.Лобановтың, атқыш Қ.Иманқұловтың, пулеметші Е.Качановтың, минометші В.Фурсовтың, зеңбірекші Ғ.Жұматовтың және тағы басқаларының сүйектері осы Брест қамалында қалған.

Ал 314-ші атқыштар дивизиясы негізінен Петропавл қаласының тұрғындарынан тұрған. Бұл дивизия Ленинград, Балтық бойы, Польша мен Чехославакия жерлеріндегі шайқастарға қатысқан. Осы дивизия Солтүстік Қазақстан аумағында құрастырылған ең үлкен әскери құрама. Электронды деректер базасында оның барлық жауынгерлері туралы деректер толық жинақталған.

Солтүстікқазақстандықтар кейін «Генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия» атағын алған атақты 316-шы атқыштар дивизиясының құрамына да алынған. Олардың саны тіпті төрт мыңнан асады екен. Крюково мен Волокаламск бағытындағы соғыстарға қатысып, ерен ерлік көрсеткендердің қатарында мысал үшін айтар болсақ Е. Фейге, С.Юдин, Е.Хрущев, Г. Кабардин және т.б. болған.

Ақмола қаласында құрылған 29-шы атқыштар дивизиясының қатарында басқалармен қатар Есіл ауданының Жекекөл ауылының тумасы Мәжкен Ғаббасов ағамыз да болыпты. Бұл кісі соғыстан капитан шенін, бірнеше орден-медаль алып оралып, кейін облыс көлемінде ірі қызметтер атқарған. 29-шы атқыштар дивизиясының өзі Сталинград майданында көрсеткен ерлігі үшін «72-ші гвардиялық» деген атақ алған.

Электронды деректер базасы Солтүстік Қазақстианнан шыққан Кеңес Одағы Батыры мен Даңқ орденінің толық кавалері атағын алғандардың да толық тізімін көрсеткен. Батырлардың толық тізіміне қарағанда Солтүстік Қазақстаннан 55 Батыр және 11 Даңқ орденінің толық кавалері шыққан. Батырлардың арасынан Т.Позолотин подполковник, танк полкының командирі, Ә.Досмұхамбетов аға лейтенант, рота командирі, Жәлел Қизатов лейтенант, взвод командирі болған. Қазір солтүстікқазақстандықтар даңқты жерлестерінің атына ауыл мен қала көшелерін, оқу орындарын, мектеп аттарын берген.

Солтүстікқазақстандық архив қызметкерлері ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан жерлестеріміздің есімдерін осылай жаңғыртуды қолға алғандары құптарлық іс. Мұндай істі барлық облыстар қолдаса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Солтүстік Қазақстан облысы