Үлгі демекші, көзі тірісінің өзінде ғылыми ортада зор беделге ие болып, талай ғылым қайраткерлерінің оң пікіріне ие болған еді. Мәселен, ҰҒА академиктері, көрнекті тілші-ғалымдар Ә.Қайдар мен Ө.Айтбайұлы өздерінің «Өнегелі өмірдің өрелі биіктері» атты мақаласында Шора Шамғалиұлының есімі бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде де, тіпті көптеген шет мемлекеттерінде де әйгілі екенін айта келіп, «Оның басты себептері, біріншіден, ғалымның жеке басына тән қасиеттеріне – ғылымға деген адалдығына, жауапкершілігіне, принципшілдігіне, еңбек сүйгіштігіне байланысты болса, екіншіден, зерттеу жұмыстарының жан-жақты жүргізілуіне, ауқымдылығы мен ғылыми-практикалық тиімділігіне, актуалдылығына байланысты деп қараған жөн» деп ғалымның еңбегін үлгі еткенін ұмыта қойған жоқпыз.
Көрнекті ғалым, академик Р.Сыздықтың «Біз үшеу едік» атты мақаласында және атақты тілші-ғалымдар Т.Жанұзақов пен О.Нақысбеков дайындаған ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған қысқаша очеркте оның ғылымдағы ғибратты ғұмырының мәнін көрсетіп, тұлғалық келбетін сомдаған.
Бұл – ғалымның қаламынан шыққан 300-ге жуық ғылыми мақалалар, монографиялық еңбектер, оқулықтар мен сөздіктер, нақтылай айтсақ, қазақ тіл тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, этимология, терминология т.б. қазақ тіл білімінің өзекті салаларына арналған еңбектеріне берген баға деп түсінген жөн шығар.
Еліміздің шалғай жерін мекендеген тұрғындар тілінен және Қазақстаннан тыс жердегі қазақ тілінің мол байлығын, жергілікті қазынасын танып білу мақсатында талай жылдар диалектологиялық экспедиция ұйымдастыру нәтижесінде жиналған диалектілік материалдар негізінде терең зерттеулер жүргізіп, тың жаңалықтарды ғылымға енгізді.
Ерекше еңбегі ретінде, алтаистика мәселелеріне мән бергенін айтуымыз керек. Өйткені, қазақ тіл білімінде түркі және моңғол тілдерінің туыстық төркінін салыстыра зерттеген аз тілшілердің арасында оның атының айтылуының да жөні бар. «Диалектілік-лексика ұлт мәдениетінің дәйекті дерек көзі ретінде» деген мақаласында белгілі лексиколог-ғалым, профессор Ж.Манкеева: «...Тіл тарихы мен диалектология мәселелерін сабақтас қарау дәстүрін қарастырған, көшпелі тұрмысы мен мәдениет ұқсастығы негізінде қалыптасқан тілдік ортақтықты қазақ-моңғол туыстығы деп қараған, диалектілік-лексиканы әдеби тілді байытудың қайнар көздері деп санаған көрнекті диалектолог-лексиколог ғалым Ш.Сарыбаевтың бұқаралық ақпарат құралдары тіліндегі жаңа қолданыстар, аудармалар және терминдер туралы ой-тұжырымдарын тілге деген науқандық сипаттағы жай қызығушылық, әуестік деп түсінуге болмайды. Біздің ойымызша, оның тамыры жоғарыда көрсетілген ғалымның ғылыми-зерттеушілік мұрасы мен теориялық-әдістанымдық қағидаларымен сабақтасып жатқан, ішкі даму болмысын көрсететін идеяларымен сабақтасады» дей келе, диалектілік-лексиканы тіл тарихы мен ұлт мәдениетін жан-жақты бейнелейтін кәсіби және аймақтық лексикамен тығыз байланыста зерттеуші ғалым екендігіне ерекше тоқталған.
Фонолог-ғалым, ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор З.Базарбаева «Академик Шора Сарыбаевтың еңбектеріндегі интонация мәселелері» атты зерттеу нысанасы етіп алған мақаласында ғалымның қазақ тіліндегі одағайлар туралы монографиясын жоғары бағалап: «...Жарты ғасыр бұрын жазылған еңбегі соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан интонология саласының өзекті проблемаларымен ұштасып, қазақ тілінің интонация теориясының аясын кеңейтуге үлес қосатынына сенеміз», – дейді.
Ғалымның ерекше еңбектеніп, қажырлы еңбегін жұмсаған саласы – қазақ тіл білімінің тарихы. Тіл білімі саласындағы бай мұраны жинақтап, ғылыми жүйеге келтіре отырып, «Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткішін» әзірлегенін, әрі осы көрсеткішті шығарған кезде А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхаммедұлы, Т.Шонанұлы т.б. арыстардың жүз қырықтан астам еңбегі енгізілгені үшін бұл кітаптың пышақтың астында туралып кеткені және сол кездің солақай саясатына сәйкес, саяси қате жіберді делініп, қызметтен қуылғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Ғалымның басынан өткен қиыншылықтарына қарамастан ғылымнан қол үзбей, жемісті қызмет еткенін келешек ұрпаққа үлгі еткеніміз артық болмас. Танымал ғалым, профессор Т.Сайрамбаев Шөкеңнің «Библиографиялық көрсеткіші – қазақ тіл білімінің айнасы» деп бағалауының мәні зор.
Белгілі лексикограф-ғалым, профессор М.Малбақов академик Ш.Сарыбаевты қазақ аймақтық лексикографиясын теориялық тұрғыдан зерттеудің негізін салушы ғалым екенін айта келіп: «Жалпы қазақ тіл білімінің, қазақ диалектологиясының дамуына зор үлес қосумен бірге, күллі түркі лексикографиясында алғашқылардың бірі болып, диалектологиялық сөздік түзудің теориялық және құрылымдық негіздерін жасаған ғалым» екеніне назар аудартады.
Ғылым жолында жүрген жастар үшін үлгі ретінде тіл білімінің білгірлері, айтулы ғалымдар Қ.Айтазин, Б.Әбілқасымов, А.Құрысжанов, Ә.Нұрмағамбетов, С.Омарбеков, М.Серғалиев, Б.Хасановтардың ғалымның ғылыми еңбектерін саралап, айтқан оң пікірлерін оқып шығуды ұсынар едім. Өйткені, олардың үлгі етіп ұсынған орамды ойларынан да хабардар болар еді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент мүшесі, профессор Е.Қажыбек Шөкең туралы: «Қазақтың лексикографиясын, диалектологиясын, алтаистикасын шырқауға көтерген адам, шоқантанушы, библиограф, футбол зерттеушісі, әзілкеш, әнші, музыкант, ақын, сері, шешен... Айта бересің, айта беруге болады. Бәрібір тауысып айту мүмкін емес. Әмбебап адам. Ерекше адам, ғажап адам. Баяғыда-ақ аңызға айналған адам, баяғыда-ақ қазақ халқының сүйікті персонажына, кейіпкеріне айналған тұлға», – деп толғанады.
Еліне етене жақын «Egemen Qazagstanda» жарияланған «Қалыпқа сыймас қайраткер» атты мақаламда мен де өз ұстазым туралы, шама-шарқым келгенше диалектология дарабозы, библиография білгірі, сөз сарапшысы, термин тілекшісі, футбол фанаты, коллекция корифейі, күлкі королі деп айдар тағып, Шөкеңнің тұлғалық портретін жасадым деп мәз-мейрам болғанымның дұрыс еместігін мойындауға тура келіп отыр.
Жоғарыда тілге тиек еткен, еліміздің көрнекті тілші ғалымдарының қазақ тіл білімінің өркендеп дамуына, түркология ғылымында туған тіліміздің абыройын арттырып, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесінің биіктеуіне атсалысқан қомақты үлесіне берген жоғары бағаларына қарап, мен де Шөкеңді танып білдік, үлгі еттік, тұлғалық келбетін, адами қасиетін айқындадық деп ойлағандардың қатарында болғанымның қате екенін түсініп отырмын. Оның мәнісі мынада.
Ұстазымның мерейтойына байланысты ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарымен танысу мақсатында Шөкеңнің үйіне барып, әке жолын қуған, тілші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Майра Шорақызымен тілдескен едім. Міне, қызық! Майраның маған көрсеткен ұстазымның мұрағаттарынан шыққан жүзден астам, шаң басқан папкаларының арасынан жарияланбаған жазбаларын қарап шығып, ойға қалдым. Футбол фанаты деп жазған мақаламда, тек ұстазымның спорт туралы үш-төрт кітапша шығарғанын, Мексикада футболдан өткен әлем чемпионатына қатысқаны, футбол жайында төсбелгілер жинағанын жариялаған едім. Мұрағаттағы спорт тақырыбындағы папкадан оның тек спортқа хобби ретінде қарамағанын, ғылыми тұрғыдан қарастырғанына көз жеткіздім. Олай дейтінім, футболдың отаны Ұлыбританияның тілінде, яғни ағылшын тіліндегі спорт терминдерінің қазақша баламасын қалай беруге болатынын, әрбір сөздің шығу тегіне терең үңіліп, оңтайлысын ұсынған терминдер тізімін тізбектеп, оны ғылыми негіздеп, неге солай атау керектігі жөнінде нұсқаулық ұсынған. Стадионда футбол тамашалап отырған адамның бойындағы байқалатын эмоциялық-экспрессивті жағдайларын, айқайлап, жан ұшыра жақтасып, қапа болған, гол салғандағы қолдап-қолпаштау сөздерін, қазақ тілінің одағайын зерттеген маман ретінде, оларды бірнеше топқа бөліп жіктеп-жіліктеп, жүйелеп қағазға түсірген көркем жазуы – нағыз ғалым екенін айтпай-ақ ұғындырып тұрғандай болды маған. Осынау бір ыждаһаттылықты, сабырлылықты, жігерлілікті талап ететін істі қолға алғанын көріп қайран қалдым. Мен ұстазымды футбол сүюші жанкүйер деп жаңылысқаныма көзім жетті. Сөйтсек, Шөкеңнің бұл салаға қызығушылық негізі – қазақша спорт терминдерін қалыптастыру ниетінен туғанын мұрағат материалдары айғақтап тұрғандай.
Халық емшілігі туралы, денсаулық сақтау, саламатты өмір сүру салтын сақтауды мақсат еткен, әрі ол жөнінде жүзден астам емнің шипасы туралы жинаған коллекциясына қарап, «Халық емшісі» атанып кеткен ұстазымыздың бұл салаға мән беруінің мәні өзгеше екен. Сарғайған сары қағаздарда түзілген ауру аттары мен оның қазақша беруге болады-ау деген баламаларын әр аурудың тұсына тәппіштеп жазып қойғанын көріп, тағы да жоғарыда айтқанымыздай хобби қуғандық емес, халық қамын ойлағандық деп қабылдадық. Өйткені, ұстазымның мұраты – халқының денінің саулылығымен қатар, ғалым ретінде бұл мәселеге тереңінен үңіліп, қазақша медициналық терминдерді тірілтуді мақсат еткен екен. Бұл да мұрағат берген мағлұмат.
Коллекция корифейі деп айдар тағып, әр сала бойынша мыңдаған төсбелгі, кеңестік дәуірде шығарылған сан түрлі значоктар, жүзден астам папкада Шоқан туралы жинастырған мәліметтер, әлемнің [оның ішінде шығыстың] ұлы адамдарына арналған жүз шақты күнпарақ пен ашық хаттар, сондай-ақ онға тарта жәшіктерде жинақталған мақал-мәтелдер, афоризмдердің жөні бөлек екенін жұртқа жеткізіп едік. Сөйте тұра, оның түбіне үңілмеген екенбіз. Тағы да сол ұстазымның мұрағатына қарап отырып, үлгі еткен істерінің мәнісі ретінде әрбір коллекциялық затқа сипаттама беріп, оның тарихынан сыр шертер оқиғалар жөніндегі ой-толғамдары ойып жазылған қолжазбалары қолданбалы ғылымның өзегі болып табылатынын тереңдей зерттеп-зерделеу керектігін аңғартты. Реті келгенде айта кетейік, бұл күндері Шөкеңнің әулетінде Динара бастаған немерелері атасының дәстүрін жалғастырып «Қазақтың ұлы әйелдері» жобасымен жұмыс істеуде. Мұрағат материалдары коллекция жинау дәстүрінің – тәрбиелік тағылымымен бірге, қолданбалы ғылымды дамытуда септігі бар екенін көрсетті.
Той-томалақтарда, отырыстарда асаба болып, ән салып, әзіл-қалжың, қағытпаларды, анекдоттар айтып, елді қыран күлкіге қарық қылып, отырыстың ажарын ашатынын бағалап, мен де мақаламда «Күлкі королі» деп Шөкеңнің осы ерекше қасиетін сөз еткен едім. Бірақ мен ұстазымның ұстамының тереңдігіне бойлай алмаған екенмін. Мұрағаттарындағы бірнеше папкаға жинақталған, тақырыптық тәртіппен орналастырылған той өткізу қағидасы, тойға келген адамдарды туыстық, ағайындық, әріптестік топтарға бөліп, әр топқа сай айтылатын әзілдердің, тілектердің жиынтықтарын әр қағазға жеке жазып, тойда айтылатын өзі таспаға басқан әндердің мәтіндерін, анекдоттар айтқанда күле білу, күлдіре білумен қатар, күлкі болмаудың амалдарын айшықтап, қалжың мен қылжақтың аражігін ажырата білуді мықтап есте ұстау керектігі жөнінде жазған қолжазбаларына қарай отырып, оның қасиетті өнерді қастерлеп, әрбір мәдени іс-шараға жеңіл-желпі қарамай, үлкен жауапкершілік тұрғысынан қарау керек екендігі туралы ойын енді ұғынуға түрткі болғандай.
Жалпы, жоғарыда айтылған мәселе, бір өзі – бір мұрағатқа жүк болатын Шөкеңнің мұрағаттарындағы үш-төрт папкаға жеңіл-желпі көз жібергендегі байқағанымыз ғана. Негізінде, ұстазымның мұрағатындағы мұраларды мұқият зерттеу керектігін түсіндім. Біз білмейтін, оның туған тілімізді ғылыми түрде терең зерттеулерді жалғастыру, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру, ұлттық тіл мен ұлттық тәрбие жөнінде жарияланбаған қолжазбаларын зерделеп, докторанттарымыз бен магистранттарымыздың диссертацияларына тақырып етіп беру – біздің парызымыз деп есептейміз. Сонда ғана, академик Шора Сарыбаевтың тұлғалық келбеті толыға түсері анық.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор