Қос азамат мәдени орталықты салуға ұзын-ырғасы 40 миллионға жуық қаражат жұмсаған. Ел игілігіне айналатын сәулетті сарай аз ғана уақыттың ішінде бой көтеріпті. Жақсы істің жанында ауыл әкімдігінің бас маманы Ерқанат Таушиев те жүріпті. Ауылда басталған құрылысқа қол ұшын берген азаматтар аз емес. Тұрғындар да қарап отырмаған. Жұдырықтай жұмылған, бірлік танытқан. Енді міне, адами әдемі істердің ұйытқысы болатын еңселі ғимараттың есігі айқара ашылып, алыстан өзіне тартып, менмұндалап тұр.
Мәдениет ауылынан жақсы мен жайсаңның көп шыққандығын айта кеткен ләзім. Олардың арасында Социалистік Еңбек Ерлері, ғылым докторлары, генералдар бар. Тектілердің табаны тиген топырақта бүгінгі күні өткеннің өміршең өнегесі бүр жарып тұр. Бүгінгі мәдениет ошағы көпшіліктің жай ғана бәтуалы шараға бас қосатын жері емес, жалпақ жұрттың ғасырлар қойнауында қалғып кеткен мол мұрасы қапталып, рухани жаңғырудың баға жетпес алтын бастауына айналатын орны.
Орталықтың ашылу салтанатында жасы жүзге жуықтап қалған ауыл ақсақалы Дулат Әбдірашұлы бата берді. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов пен «Ақтілек» мәдени орталығының ашылуына сүбелі үлес қосқан Мүтәллап Жұманбаев ақ тілектерін жеткізді. Оқу озаты Дәмір Қарабай үлкендермен бірге дәстүрлі лентаны қиюға қатысты. Қуаныштың белгісіндей шашу шашылды.
70 орындық кіші, 220 орындық үлкен залы бар мәдени орталық қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ендігі арада 650-ге жуық тұрғыны бар ауыл өздерінің барлық салмақты шарасын осы жерде өткізетін болады. Туған топырағын көркейтсем деген ізгі ниеттің айғағындай қос кәсіпкердің арқасында бой көтерген жаңа орталықтың әдемі мысалы өзгеге өнеге болса, қанекей?!
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.