Таным • 11 Наурыз, 2020

«Жасымық» жоспарының Жетісудағы жаңғырығы

417 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бұрынғы Кеңес Одағында ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап жеке ұлттарды өзге республикаларға күштеп жер аудару саясаты қарқынды жүр­­гізілген екен. Бұл зұлмат зобалаңының 1950 жылға дейін үз­діксіз жалғасқанын да енді-енді ашық айта бастадық.

«Жасымық» жоспарының Жетісудағы жаңғырығы

Ұлы дала депортацияға дайын болды ма?

Осы озбыр саясаттың зардабы Одақ құрамында болған бас­қа рес­пуб­ликаларға қарағанда Қазақ­стан­ға ерекше ауыртпалық әкелді. Аштықтан аман қалған халықтың еңсесін Екінші дүниежүзілік соғыс салмағы езіп жатты. Дәл осы тұста өзге өңірлерден депор­­тацияланған ұлт пен ұлыс өкіл­дерін Ұлы далаға үсті-үстіне тоғыту қазақ ауылдарын тұралатып жіберді. Соғыс жылдарындағы Қазақстанның эко­­но­микалық жағдайын зерттеген ға­лымдардың еңбегінде сол тұста ел­дегі жағдайдың өте ауыр бол­ған­ды­ғы нақты есептермен көр­се­тіледі. Өйткені, колхоздастыру қате­лігі мен ашаршылық зардабынан сәл ғана бой жаза бастаған елдегі жағдай өлшеулі азық-түлік пен санаулы киім-кешекті мұқ­таж әулеттермен бөлісетіндей жағ­дайда емес еді. Соған қарамастан қазақ халқы депортацияланған ұлыс­тар­ға бір жапырақ нанын бөліп беріп, топты жанды тоқал тамының бір бөл­ме­сін босатып беріп, паналатты.

Ал бұл кезде соғыс жағдайындағы тәртіп бойынша еңбек етуге қабілетті әрбір қазақстандық отбасы «Қызыл әскер» қорына 50 кг ет, 3 кило сарымай және 30 жұмыртқа өткізуі тиіс болған. Бұл салық өтелмеген жағдайда ауыл адамдарына қудалау, күштеп жер ауда­ру, ауыр жұмысқа мәжбүрлеп жегу жазасы қолданылатын болған. Тағы бір деректерде 1941-1945 жыл арасында қазақ жұмысшылары майдан қажеті үшін 4 700 000 сом ақша жинап тапсырғаны айтылады. Тұрғындар тағы да соғыс қажеттілігі үшін мемлекет сатуға шығарған заем қағазы мен облигация, лотерея билетін мәжбүрлі түрде алған екен. Бұл саудадан отан бюджетіне бір ғана Қазақстаннан 3 миллиард 184 миллион 395 мың сом ақша түскен. Ал негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған аумақтар үшін ет тапсыру міндеті тіпті орасан еді. 1942 жылы ғана қазақстандық колхоздар 160 400 бас ірі қара мал және 878 100 бас қойды етке өткізген. Сондай-ақ осы жыл­­дары Кеңес Одағының авиа­­ция әске­ріне қажетті техника жасауға жылу жиналып, ел еңбеккерлері бірер күнде 842 533 пұт астық, 46 203 пұт кү­ріш өткізіп, басқа да дайын да­қыл­дар­дың түр-түрінен және 32 185 пұт жинап тапсырған екен. Біз бұл дәйек­тер­ді соғыс статистикасын жариялау үшін емес, сол жылдарда қазақ хал­­қының ішер асқа, киер киімге жа­ры­­май жүріп те депортацияланған ұлыс­­тарға жанашыр болып, қайырым көр­сеткенін нақтылау мақсатында алып отырмыз. Демек, бір халыққа бағыт­­талған саяси геноцид пен жен­дет­­тік ұстанымды екінші ұлттың ата дәс­­түрі мен адамгершілік болмысы жең­­гені анық.

 Қазақ келгендерді қалай қарсы алды?

Жалпы, Кеңес Одағы бойынша депортацияға ұшыраған ұлыстардың статистикасы 3,2 миллион адамға дейін жеткенін айтады. Бұл Сталин билік басында болған 1920-1950 жыл­дар аралығындағы жағдай екен. Ал осы мерзімде Қазақстанға күштеп жер аударылғандар үлесі 1 200 000 адамға дейін жеткені айтылады. Яғни, 1930-1940 жыл межесінде қазақ даласына Кеңес Одағы аумағында тұратын неміс ұлтының 38 пайызы, чешен, ингуш ұлтының 83 пайызы, корей ұлысының 59 пайызы, балқарлардың 55 пайызы, қарашайлардың 58 пайызы, гректердің 76 пайызы, күрдтердің 62 пайызы күшпен қоныстанғаны анық. Өкініштісі, қазақ даласының «ұлттар лабораторясы» атауын иленуі де сол заманның қасіретті шындығы мен мұрасы болып қала беретіні. Осы жерде 1920 жылдан басталып, мемлекеттік деңгейде дайындалған де­портациялау жоспарына қазақ ұл­­ты­ның өкілдері алғашқы болып ұшы­ра­ғанын ашып айтуымыз керек. Мысалы, Ұлы даладағы байларды «кәмпескелеу» жүргізілген жылдары, мал мүлкі тәркіленіп, өздері Сібірге жер аударылған әулеттердің саны 5500 адамнан асып кеткен. Бұл енді басқа тақырыптың еншісіндегі әңгіме. Әзірше, қанды саясаттың шеңгеліне түсіп, қазақ даласына келіп тірі қалған ұлт пен ұлысқа қатысты сөзімізді сабақтайық.

– 1943 жылдың күзінде Қап тауы­ның етегін мекендеген балқар, қара­шай, ингуш, чешен, қырым татары мен месхет түрік ауылдарын бір түн­де депортациялаған ғой. Мыл­тық дүмімен қарт пен бала-шаға­ны арба­ға тиеп, еркек пен әйелді жаяу айдап темір­жолы бар аумаққа көшір­ген. Содан жүк вагондорына тоғы­тып, бел­гісіз бағытқа жөнелткен. Депор­та­ция кезінде аштықтың, ауру­дың, аяқ асты­на тапталып қалудың салдарынан жүз­деген адам өлген екен. Олардың мүр­десін пойыз аялдаған кезде сыртқа лақ­тырып, тастап отырыпты. Хызыр атам сол жылдары ересек бала болған ғой, небір сұм­дық­ты көзімен көрген. Қазір тарихи дерек­тер­ді қарап отырсам сол жылдары Қаз­ақстанға 507 000 бал­қар, қарашай, ингуш пен чешен ұлты­ның өкілдері жер аударылыпты. Бұлар сияқты 110 000 месхет түріктері мен 180 000 қырым татары да қазақ топы­рағына жетіп жығылған екен. Менің атам Хызыр осы сұмдықты өз көзі­мен көрген ғой. Шамамен 10 жас­тағы бала екен. Шүкір, біздің әулет­тің көрер жарығы бар екен. Атам отырған жүк вагонын Алматы қала­сына келіп бір-ақ ағытқан ғой, жолдағы аштық пен зұлматтан аман қалғандардың аяғы қазақ даласының топырағына тиіп­ті, – дейді бізбен әңгімесінде жеті­су­лық балқар қызы Фаризат Хад­жие­ва.

– Біздің әулет бірер айда кірпіш құйып, қабырға қалап, екі бөлмелі там салып алыпты. Қонысқа кірер кезде жұрт мәре-сәре болып, құтты болсын айтып жатқанда Әбіш пен Әлжан өздерінің қызыл бұзауын жетелеп келіп, есік алдына байлапты. Мұндай сыйды күтпеген Әзірет бабам азар да безер болып бас тартқан екен, Әбіш атамыз «Бұл қазақтың дәстүрі ғой. Ырымы осындай. Аз болса да бір шаңырақ астында тұрдық, балаларымыз бір-біріне бауыр басты. Енді бөлек үй болып жатырсың. Бұл біздің сендерге берген еншіміз...» деген екен. Ол бұзау үлкен сиыр болып өсіп, бұзаулап, малдың басы болыпты, – дейді атасынан естіген әңгіменің бір шетін шығарған Фаризат.

 «Жасымық» операциясы қалай жүрді?

Кеңес саясаткерлері 1940 жылдары Қазақстанға күштеп көшіру жұ­мысын «Жасымық операция­сы» деген атаумен жүргізген ғой. Негі­зі­нен Кавказ аймағынан де­пор­та­ция­ланған ұлыстың ұзақ жолдағы азапты жүрістен аман қал­ғаны Же­ті­суға табан тіреген екен. Сол тұста Ал­маты маңына тоқтаған аза­лы сос­тав­тардан 1 миллионнан астам адам түскен деген дерек бар. Қа­­зір­­гі дерек бойынша Жетісуда 105 этнос өкілі тұрмыс-тіршілік ке­шіп отыр. Диаспора өкілдерінің өткен тарихындағы ортақ ақтаңдақ – «Жа­сы­мық» операциясының кесі­рі­нен атамекен, туған жерінен айырылып, қуғындалғаны ешқашан ұмы­тыл­май­тын оқиға болып қала береді. Ал мұқым ұлыстың қазақ сияқты мейірбан халықтың арқасында жойылып кетуден аман қалуы – бүгіндегі тәубе етер жалғыз шүкіршілігіне айналып отыр.

«Жасымық» жоспарының Же­ті­су­дағы жаңғырығы талып естілетін өңірдің бірі – Түріксіб темір жолын бойлай қоныстанған Қаратал ауданы. Осы ауданға қарасты Үшкөмей ауылында 1944 жылы Қазақстанға жер аударылған чешен мен ингуш ұлтының өкілдері тұрады. Бүгінде осы ауылдағы қазақ, ингушқа сыйлы ақсақал болған Зайынды Мучраев ол кезде бала екен. Көзімен көрген оқиғаны еске алса, ұйқысы бұзылады. Осыдан 76 жыл бұрын, 23 ақпанда тау арасындағы чешен, ингуш ауылдарына солдаттар сау ете қалады. Бұл – Кеңес әскерилері соңына дейін аса құпия сақтап, жасырып келген «Жасымық» жоспарының жүзеге аса бастағаны еді. Мамыражай ауылдың тұрғындарын екі тәулікте тік көтере көшіріп, ағаш вагондарға тиегенде ана мен бала адасып, үлкен мен кіші ажырап қала беріпті. Ауылда бас көтерер адам да аз еді. Іске татырлық ер-азамат майданда, тылдың қара жұмысында болатын. Зайынды ақса­қал­дың әулетінің зұлматтан аман қалғаны Қазақстанның бірнеше облысына шашырап кетіпті. Заман жақ­сарғанда туыстарының бір тобын Сол­түс­тік Қазақстан облысынан тауыпты.

– Қару асынған солдаттар ауылға алғаш келгенде бүкіл бала қызықтап тұрып едік. Бірақ олар бізге жылы қабақ танытқан жоқ. Ауылды жинады да, жылдам көшу керектігін ес­­кер­тіп, жиналуға уақыт берді. Тұр­­­ғындар не болғанын түсініп те үлгер­меді, қарсылық танытатын қауқар да жоқ еді. Әскерилер «Чешен, ингуш ұлтының арасында неміс фа­шис­теріне жақтасып, Отанға сат­қы­н­­дық жасайтын адамдардың көп екені анықталды. Сондықтан сендер сенім­сіз адамсыңдар. Не көшесіңдер, не осы жерде қырыласыңдар...» деп әңгімені қысқа қайырыпты. Көп адам қолына ілінгенді алып, көлікке мініп жатты. Біздің үйде атадан балаға мұра болып келе жатқан Құран кітабы бар, әжем соны жаулығына орап, кеудесіне тығып алыпты. Мұны көрген таныстары «Одан да азық-түлік алсаңшы, енді кітаптің көмегі тие қояр ма екен...» дегенде әжемнің «Бұйырса, нан табылар, бұл қасиетті кітап, бізді пәле-жаладан сақтайды» дегені есімде қалыпты. 1901 жылы басылып, түптелген сол Құран кітабы біздің үйде қазір де сақтаулы тұр. Арғы атамнан қалған қастерлі мұраны қолыма алып тәубе етемін. Біздің әуле­тіміздің, тұтас ұлтымыздың тігер­ге тұяқ қалмай қырылып кетуінен әуелі Алла, сосын қазақ халқы сақтап қал­ды ғой, – дейді қария.

Айтпақшы, бұларды депор­та­ция­л­аған кезде әскери шенді айтқан «Чешен, ингуш ұлтының арасында неміс фашистеріне жақтасып, Отанға сатқындық жасайтын адамдардың көп екені анықталды. Сондықтан сендер сенімсіз адамсыңдар...» деген үкімге бер­гісіз сөз жалған еді. Сол кездің өзінде чешен мен ингуш ұлтынан 18 500 адам әскерге шақырылған болатын. Олардың 70 пайызы кеңестік Отанды қорғауға өз еркімен аттанған екен.

 «Бастөбенің» басында тәубе еткен кім?

«Жасымық» операциясының зардабын корей ұлтының өкілдері де аз тартқан жоқ. Бұйрық іске ас­қан­да, бұйығы тіршілік кешіп отыр­ған еңбек­қор жұрт босып кеткен. Же­­тісу топырағына сол заманда
200 000 шамасында корей жер ауда­рыл­­­ған екен. Олардың дені әлі күнге дейін Қара­тал ауданын мекен етіп отыр. Қиын-қыстауда қазандағы қара суын бөліп берген қазақтың жақ­сы­лы­­ғын ұмыт­қан емес. Елімізде ең ал­ғаш­­қы­лардың бірі болып корей диас­по­расы «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіш орнатты. Осы Қаратал аума­ғындағы Бастөбе ауы­лындағы биік төбенің басына. 2012 жылы диас­пораның бастамасымен, қалталы корей азаматтарының қаржысына тұр­ғы­зылған ескерткіш қазақтың киіз үйін еске салады. Шан­шыл­ған уық кө­те­ріл­ген шаңы­рақ­ты ұстап тұрғандай әсер береді. Ұлт достығының, тағзым мен алғыс­тың нышаны осы тас тұғырға сыйып тұрғандай...

– Корей диаспорасының ұйытқы болуымен қайырымдылық шаралары жиі өтіп тұрады. Корейлердің үлкен Отаны да қарайласып отыр. Мұн­дағы қандас бауырларына жаса­ған қазақтың қамқор ниетін олар да жоғары бағалайды. Қазақстан халқы Ассамблеясымен арадағы бай­ла­­нысқа орай Оңтүстік Кореяның атақты «Хендэ» клиникасы көмекке мұқ­таж отан­дастарымызды тегін қабыл­дап, тегін ота жасап тұрады. Облыс дәрі­герлеріне бірнеше рет тегін дәріс оқып, шеберлік сағатын өткізді. Аза­мат­тар өзі бастама көтеріп аудандарда тұратын әлеуметтік қолдауды қажет ететін 80 отбасының үйіне күрделі жөндеу жасап берді. Мұндай мысалдар бар. Мұның барлы­ғы депортацияланған ұлттардың бү­гін­гі ұрпақтарының ел мен жер алдын­дағы жауапкершілік сезімі деп ойлаймын, – дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық филиалы хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай.

Сол сияқты, облыстағы неміс диас­­­по­расы да Германиямен арада­ғы дос­тыққа дәнекер болып отыр. Мы­салы, «Видербург» неміс мәдени бір­­лес­тігінің бастамасымен Балқаш кө­лі­­нің оңтүстігінде жойылып бара жат­қан өсімдіктерді қалпына кел­ті­ру жобасы жүзеге асуда. Неміс үкі­­ме­ті­нің қолдауымен 200 гектар аумақ­қа сексеуіл мен жасыл бұтақты ағаш отыр­ғызылды. Оларды күтіп-бап­тауға диас­пора жауапты екен.

Түйіндеп келгенде, мұның бар­лы­ғы Қазақстандағы ұлтаралық тату­лық­қа негіз болып отырған іс екені аян. Енді диаспоралар жұмысын рухани жаңғыру тұрғысынан дамыту жоспары күн тәртібінде тұр. Заман талабы бәрі­мізге қазақ дәстүрі мен мәдениетін тану­ды міндеттеп, мемлекеттік тіл­ге деген шынайы құрмет арқылы біртұтас халыққа айналу міндетін жүктейді. Ендеше, ақ жол!

 

Алматы облысы