Парламент • 12 Наурыз, 2020

Өзекті мәселелер қамтылған құжаттар талқыланды

147 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасы жұмысқа алынып, бірқатар құжат талқыланды.

Өзекті мәселелер қамтылған құжаттар талқыланды

Ең алдымен депутаттар Асхат Дауылбаевтың Конституциялық Кеңестің мүшесі қызметіне та­ғайындалуын дауысқа салды. Мәжіліс Төрағасы өз ке­зе­гінде А.Дауылбаевтың Конс­ти­ту­циялық Кеңестегі өкілеттік мер­зімінің аяқталуына байланыс­ты оны қайта тағайындау үшін кандидатурасы ұсынылып отыр­ғанын айтып өтті. Нәти­же­сінде, Асхат Дауылбаевты Конс­ти­туциялық Кеңес мүшесі қыз­метіне тағайындау туралы қаулы қабылданды.

Одан кейін «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнама­лық актілеріне шетел валюта­сын­дағы ипотекалық қарыздар және көрсетілетін төлем қы­з­мет­тері нарығының субъекті­лерін реттеуді жетілдіру мәселе­лері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарақұсованың баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне ауыл­дық елді мекендерде интер­неттің қолжетімділігін қамта­масыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бо­йынша қорытынды әзірлеу жө­нінде баяндама оқыды. Депутаттар дауысқа салып, заң жобаларының қорытындысын әзірлеу жөнінде шешім қабылдады.

Ал Әлеуметтік-мәдени даму ко­митетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы туралы баяндамасында басқа мемлекеттердің аумағында жауынгерлік қимыл­дар атқарған ардагерлерді, Қазақ­стан Республикасының бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндет­темелерін орындаған әскери қыз­метшілермен бірге жеке санатқа бөлуді ұсынды. Заң жобасында ардагерлер үшін әлеуметтік қол­даудың бірнеше шарасын белгілеу қарастырылғанын, сонымен бірге комитет заң жобасын жұмысқа алуға әрі ол бойынша қорытындыны 2020 жылдың 24 маусымына дейін ұсынуға дайын екенін жеткізді.

«Аталған заң жобасы қол­да­ныс­тағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобасында ардагерлер үшін бірқатар әлеуметтік құқықтық кепілдік белгілеу қарастырылған. Осылайша құжатта Социалистік Еңбек Ерлеріне және үшінші дәрежелі Еңбек Даңқы орден­дерінің иегерлеріне 138,6 АЕК-ке дейін арнаулы мемлекеттік жәр­демақы мөлшерін арттыру көз­делген. Сондай-ақ басқа мемле­кет­тердің аумағында болған соғыс қимылдарына қатысушы ардагерлерге 6,19 АЕК мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы белгілеу ұсынылады», деді Гүл­шара Әбдіқалықова.

Одан әрі депутаттар «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Заң жобасын таныс­тырған Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, заң жобасы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыр­күйектегі Жолдауын орындау мақсатында әзірленген. Құжаттың негізгі мақсаты – азаматтардың бейбіт және қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізуге конституциялық құқықтарын іске асыру, сондай-ақ елді мекендердегі арнайы орындарды анықтау. Ол комитеттің заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2020 жылғы 27 қарашаға дейінгі мерзімде қоры­тынды әзірлеуге дайын екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ отырыс бары­сын­да Әкімшілік рәсімдік-про­цестік кодексінің жобасы бірін­ші оқылымда мақұлданды. Әді­лет министрі Марат Бекетаев жариялық, құқықтық дауларды шешу мәселесі әлі де шешімін таппағанын ескерте келе, бүгінде жария-құқықтық даулар, әсіресе азамат пен мемлекеттік аппарат мәселелерінде тараптардың тең­сіздігі және азаматтардың мүм­кіндіктері мемлекеттік аппарат ресурстарымен сәйкес кел­мейтінін айтты. «Бұл туралы Мем­лекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өтті. Осыған байланысты Президент әкімшілік әділет құрылымын енгізу қажеттігін белгіледі. Осы міндеттерді шешу үшін Әділет министрлігі Жоғарғы сотпен бірлесіп, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасын әзірледі. Кодекс жобасы бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктер жиынтығын бекіту ескерілген. Екіншіден, жоғары тұрған орган мен сотта билік органдары дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін белгілеу қарастырылған. Билік өкілеттігін тек мемлекеттік органдар ғана емес, өзге де тұлғалар жүзеге асыратынын ескере отырып, «әкімшілік орган» ұғымын бекіту ұсынылады. Кодекстің жобасында міндетті түрде даулардың сотқа дейінгі шағымдану институты енгізіледі. Алайда бұл салық және кеден дауларына таралмайды. Шағымды қарау бойынша іс жүргізу жеделдетілген тәртіппен, 15 күнге дейін өтеді. Аталған инс­титут азаматтардың мәселелерін тез шешуге, уақытты үнемдеуге және сот шығыстарын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Сот актілерінің орындалуына сот бақылау институты енгізіледі», деді Марат Бекетаев.

Отырыста «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқы­­лымда мақұлданды. Бұл жөнін­де Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрайымы Анар Жа­йылғанова баяндама жа­са­ды. Аталған заң жобасы негі­зінде ауылдарға білік­ті маман­дарды тартудың жаңа тетік­тері таныстырылып, Мем­лекет­тік қызметшілерге арнал­ған конкурстық рәсімдер 14 күн­ге қысқартылатыны мәлім болды. Сонымен қатар мемле­кет­тік қызметтегі  сыбайлас жем­қор­лық мәселесі де назардан тыс қалмады. «Сыбайлас жем­қор­лық құқық бұзушылық немесе мемлекеттік қызметке кір келті­ретін теріс қылық жасағаны үшін жауап­кер­шілігі қаралатын адамдарды басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жұмыстан босатуға тыйым салу ұсынылады. Осындай шектеулер құқық бұзушылық жасаған адамдарды жауапкершіліктен босатудың жолын кесу үшін қол­даныстағы заңда өз еркі бойынша жұмыстан босату да қа­рас­тырылған», деді А.Жайылғанова.

Сондай-ақ «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пай­далану саласындағы аза­мат­тық-құқықтық жауаптылық мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды. Заң жобасын таныстырған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ядролық залал келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілік мәсе­лесін де қозғады. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Қазақ­станда заңнамалық деңгейде 1997 жылғы Вена конвенциясының ережелерін қолдану шарттары регламенттелмеген.

 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының екінші оқылымы өтті. Баяндама жасаған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кәрібай Мұсырман  «оралман» сөзінің орнына, алдағы уақытта «қандас» атауы қолданылатынын айтты.

Талқылау барысында депутаттар тарапынан айтылған пікірлер ескеріле отырып, заң жобасы одан әрі жетілдірілмек. Заң жобасымен 9 кодекске және 21 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.