Аймақтар • 12 Наурыз, 2020

Ел пікірі елеусіз қалмайды

136 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістанда елді әлеуметтік жаңғыртудың өзекті мәселелерін талқылау, қоғамдық институттарды одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында «Ұлттық кеңестің аймақтық аспектілері. Мақсаты. Бағыты. Шешу жолдары» атты дөңгелек үстел өтті.

Ел пікірі елеусіз қалмайды

Еуразиялық интеграция институты мен Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырған іс-шара­ға жергілікті мемлекеттік орган­дар, ҮЕҰ өкілдері, Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің мүшелері, ғалымдар, журналистер мен блогерлер қатысты. Іс-шара модераторы Ұлттық кеңес мүшесі, Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Саиров еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық аспектілерін одан әрі жаңғырту мен трансформациялау үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасында табысты диалог қажет екенін атап өтті. «Өңірлерде сараптамалық талқылаулар өткізу маңызды, өйткені барлық қазақстандық қоғамның реформаларды талқылауға қатысуынсыз, жергілікті халықтың пікірін және өңірлердің ерекшелігін ескермей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдаманы сапалы жүзеге асыру мүмкін емес», деп есептейді Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Сариев.

«Өңірде барлық аудан, қала әкімдерінің есеп беру науқаны аяқталды. Өткен жылдың қоры­тын­дысымен тұрғындар тарапынан облыс әкімдігіне жер, әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық және басқа салаларға қатысты 4134 өтініш келіп түскен. Аталған мәселелерді шешу үшін тиісті басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма беріліп, жұмыстар жүйеленді. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы мен орынбасарлары 809 азаматты жеке қабылдады. Олардың сұрақ­тарына дер кезінде жа­уап беріп, қалған азаматтарға заң талап­тарына сәйкес түсіндірме берілді. Ал басқарма тарапынан әрбір өзекті ақпарат пен сыни мақа­лаға қатысты жылдам әрекет ету ал­горитмі бар. Әлеуметтік желі, БАҚ бетіндегі әрбір сыни мақала­лар сарапталып, ел мүддесіне сай жұ­мыс атқарылады. Ресми ақпа­рат беріледі», деді басқарма басшысының орынбасары. Сондай-ақ Д.Сариев мемлекет тарапынан өңір­дің дамуына үлкен қолдау көрсе­тіліп жатқанын, осы ретте бас­қарма азаматтық қоғам өкілдерімен, еркін ойлы азаматтармен бірлесіп жұ­мыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Жиында сондай-ақ бейбіт ми­тин­гілер өткізу туралы заң жобасы, қоғамдық институттарды одан әрі дамыту, қазақстандық өзін-өзі сезіну және өңірлік контексте елді әлеуметтік жаңғыртудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті, ҰҚСК мүшесі Мұрат Әбенов саяси жүйені жаңғыртуға ғана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуге де назар аудару қажеттігін, реформалар жүйелі түрде іске асырылуы тиістігін атап өтті. Ал Ұлттық кеңес мүшесі Айгүл Орынбек қоғамды одан әрі демократияландыру және азаматтардың құқықтарын қорғау үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдаманы ілгерілету қажет деп есептейді. «Митингіге шығушылар да нақты талап, ұстаным болуы тиіс. Қазіргі таңда олай болмай тұр. Жастарды құқықтық сауаттылыққа үйрету керек», деді Айгүл Орынбек.

Ұлттық кеңестің ашық және жариялы жұмыс істейтінін айтып өткен Ерлан Саиров ұсыныс, талап-тілектерді әлеуметтік желі арқылы да жіберуге болатынын ескертті. «Бізді халық та, билік те сынайды. Бұл қоғамдық жұмыс. Бізге дәреже керек емес. Тек өзекті мәселелердің шешімін табуына септігімізді тигізсек дейміз. Сонда ғана игі іс жасадық деп айта аламыз», деді Еуразиялық интеграция институтының директоры. Бұл орайда Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжехан Төлебаев Түркістанда бастау алған әкелер мектебін республикада құру, бастауыш сыныпта ұлттық сабақтарды оқыту қажеттігі жөнінде ұсынысын жеткізді. «Серпін» Ұлттық білім және инновациялар палатасының президенті М.Әбенов жиында айтылған барлық ұсынысты ескерусіз қалдырмауға уәде етті.

 

Түркістан облысы