22 Тамыз, 2013

Үміт ұшағы

264 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қыздың бұрымындай сылаңдап ағып жатқан Сырдың бойын мекендеген аймақтың арғы басынан күн шығып, екінші шетінен кеш бататындай әсер ететіні бар. Себепсіз емес. Жаңақорған жағы оңтүстікпен шектессе, Арал беті батысқа мұрнын тығып жатыр. Мына салынып жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күрежолының 812 шақырымы Қызылорда облысын басып өтеді. Көлікпен жүрсеңіз, жарты күндік уақытыңызды сарп етесіз. Ал жол толық аяқталмаған осы кезде одан да көп уақыт шығындауыңыз бек мүмкін. Бұл қарапайым жолаушының көрер қиындығы.

Қыздың бұрымындай сылаңдап ағып жатқан Сырдың бойын мекендеген аймақтың арғы басынан күн шығып, екінші шетінен кеш бататындай әсер ететіні бар. Себепсіз емес. Жаңақорған жағы оңтүстікпен шектессе, Арал беті батысқа мұрнын тығып жатыр. Мына салынып жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күрежолының 812 шақырымы Қызылорда облысын басып өтеді. Көлікпен жүрсеңіз, жарты күндік уақытыңызды сарп етесіз. Ал жол толық аяқталмаған осы кезде одан да көп уақыт шығындауыңыз бек мүмкін. Бұл қарапайым жолаушының көрер қиындығы.

Егер осы жағдай дәрігерлер­дің басына түссе ше? Мысалы, Аралда ауыр халде жатқан адамды шұғыл түрде облыс орталығына жеткізу керек дейік. Оның сыртында алдындағы науқастың жағдайын бағамдау, диагноз қоюда жеткілікті медициналық құрал-жабдықтардың болмауы, дәрігер біліктілігінің кемшіндігі, денсаулыққа келетін елеулі зиянның алдын алу немесе өмірге төнген қатерді жою керек. Ол қалай болмақ? 103-тің жедел жәрдемі науқасты орталыққа жеткіземін дегенше үзіліп кетуі де мүмкін ғой. Осындай тосын жағдайлар ескеріле отырып, аймақта санитарлық авиация жұмыс істеп тұр. Расын айтайық, санавиация талай адамды ажалдың тырнағынан арашалап қалды.

Біздің облысымызда санитар­лық авиация қызметінің тарихы сонау 1927 жылдан бас­тау алады. Ал 1949 жылы отауын бөлек алып жедел және шұ­ғыл медициналық көмек көр­се­те­тін бөлімше болып ашылады. Алғашқы кезде бөлімшеде медициналық қызмет көрсететін бір бригада, бір санитарлық автокөлік қана болған екен. 1967 жылы қалалық ауруханада жедел жәрдем қызметі ашылып, облыстық ауруханада тек шалғай елді мекендерден түскен шақыруларға шұғыл медициналық көмек көрсететін бөлім болып қайта жасақталады. Материалдық-техникалық базасы кеңейіп, білікті мамандар толыққанды медициналық көмек көрсететін болды. Жылдық ша­қы­рулар саны сол кезеңдерден бастап 100-ден асып жығылды. Мамандандырылған дәрігерлік топ аудандар мен ауылдарға шығып, оталар жасап, шұғыл кө­мектерін беріп жүрді. 1990 жылы облыстың экологиялық жағ­дайын ескере отырып, арнайы жабдықталған (госпиталь-тікұшақ) көлік берілді. Бірақ сол кезеңнің мемлекетіміздегі қар­жылық-экономикалық жағдайына байланысты, кейін көлік Ден­саулық сақтау министрлігіне қайтарылды.

Тәуелсіздіктің 18 жылында республиканың ішінара облыстарында, санитарлық авиа­ция жұмысы қайта жандана бастады. Біздің облысымызға республикалық бюджеттен 16,2 миллион теңге бөлініп, АН-2 ұшағы берілді. Облыстық медицина орталығы жанынан арнайы мамандандырылған санитарлық топтар құрылған бөлімше ашылды. Ол тәуліктің қай мезгілінде де толыққанды медициналық көмек көрсетуге дайын білікті мамандармен және ана мен сәбиге, инсульт алған науқастарға, апатты жағдайларға арналған мамандандырылған құрал-жабдықтармен жабдықталды. Сол 2009 жылы санитарлық авиация бөлімшесіне 421 шақырту түссе, оның 26-на жедел түрде ұшақпен көмек көрсетілді. Бүгінде ажалдың бәрі автокөліктен келіп жатқан сияқты әсердің бары рас.

Жолдың бойында жойқын апаттар орын алып, адамдардың о дүниеге аттанып жатқанын көзіміз көріп жүр ғой. Осы мәселе де ескерілген болуы керек, 2011 жылы республиканың 6 облысында 150 шақырым қашықтықта болған автокөлік апатынан жапа шегетін ауыр науқастарға, мүгедектікке алып келетін жағдайларға, екіқабат ана мен сәбилерге көмек көрсету мақсатында пайдалану үшін МИ-17 тікұшағы пайдалануға берілді. Оған республикалық бюджеттен 100 миллион теңге қаражат бөлінді. Осының арқасында 69 науқасқа ұшақ арқылы көмек көрсетіліп, осыншама үміттер қайта жағылды.

2012 жылы 99 рет, 2013 жылдың 7 айында 69 рет әуе ұшағымен медициналық жәрдем берілді. Оның ішінде таратып айтар болсақ, Астана, Алматы қалаларындағы республикалық клиникалар мен ғылыми орталықтарға 19 науқасты апарды. Оның 3-уі аса ауыр инсульт жағдайында, тағы 3 адам ауыр күйік шалған, 9 жүкті әйел, өмір есігін аша сала ажалмен бетпе-бет келген 4 сәби еді. Республикалық жедел-жәрдем орталығынан 20 рет ұшақпен 13 білікті маман-дәрігерді жедел жеткізген де осы санавиацияның көлігі-тін.

Сөзіміз жалаң болмас үшін бір оқиғаны баян етейік. Осы өткен сәуір айында Шиелі ауданынан 27 жастағы жүкті әйел облыстық перенатальды орталыққа жеткізілді. Оны бірнеше күн жіті тексеріп, дәл диагноз қою мүмкіншілігі болмады. Ауру дәрігердің диагноз қоя алмағанына қарасын ба? Сағат санап жүкті әйелдің жағдайы нашарлай берді. Республикалық шұғыл медициналық көмек көрсету ғылыми орталығынан арнайы мамандандырылған топ шақыртылды. Аса білікті деген маман-дәрігерлер мен қажетті құрал-жабдықтардың тексеруі нәтижесінде, «өкпе жетімсіздігі» анықталды. Бірақ, Астана қаласына алып кету мүмкіншілігі жоқ еді, себебі «жасанды өкпе» құрыл­ғысы қажет. Жас ана демалдыру аппаратына қосулы болатын. Егер одан ажыратса, бір сәтте-ақ науқастан айырылып қалуға болатын. Дәрігерлердің алдынан: «Не істемек керек?» деген мәңгілік сұрақ тағы шықты. Әрбір секунд қымбат. Санитарлық авиация барлық ғылыми орталықтарға хабарласты. Соңында ғана Астана қаласындағы кардиохирургия орталығында жылжымалы жасанды өкпе қондырғысы табылып, олардың рұқсаты алынды. Тез арада екінші ұшақпен қондырғы мен арнайы маман келді. Дегенмен, науқасты бір аппараттан екіншісіне қосу оңай емес екен. Бұл жағдайда аса біліктілік пен ептіліктің қажеттігін байқадық. Нәтижесінде, 8 сағатқа созылған аппарат қондыру сәтті аяқталып, жас ана Астана қаласындағы Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығына ауыстырылды. Қазіргі кезде әлгі әйел аман-есен босанып алды. Сәбиі жанында. Бүгінде бақыттың құшағында десек, әсірелеп айтқандығымыз болмас. Біріншіден, баласы аман-сау өмірге келді. Екінші, өзі де ажалдың ауылынан алыс­тады. Егер санавиация болмаса, бір шаңырақтың отанасы мен дүниеге келмеген сәбиі ортамызда болмас та еді ғой.

Бұл бір ғана жағдай болса, қаншама жаңа ғана өмір есігін ақаумен ашқан нәрестелер аман қалды. Шақалақтың жарымжан болып туылғандығы, тумай жатып отаға түсуі, одан аман шығуы күдік пен күмәнді кезек алмастыратын сәттер екені белгілі. Сонда да болса, үміттер үзілмек емес. Әрине, барлығына Алла төреші. Адамның өмірге келуін де, өтуін де Жаратқан шешеді. Десек те, Құдай тағала санитарлық авиацияны адамдардың өмірін арашалап қалуға себепші қылып отырғанын сеземіз.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.