22 Тамыз, 2013

Бар игіліктің кілті – білімде

456 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдылығы»

атты республикалық педагогикалық тамыз кеңесі басталады.

Бүгін Астанада «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдылығы»

атты республикалық педагогикалық тамыз кеңесі басталады.

Табыс өздігінен келмейді

Жаңа оқу жылы да жақындап келеді. Дәл қазір ұстаздар қауымының алды еңбек демалыстарынан оралып, мектеп тіршілігі енді-енді қызып жатыр. Біз Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбековке жолығып, осы білім саласындағы істің жайы туралы сұраған едік.

– Сәкен Әсембекұлы, әңгі­ме­мізді облыстағы білімнің сапасы, яғни білім беру сала­сы­ның жетістіктері, жақсы жаңа­лықтарынан бастасақ. Биылғы ҰБТ қорытындысы, ол сында қандай білім ошақтары жақсы жағынан танылды?

– Оқушыларымыздың биылғы оқу жылында жеткен жетістіктері баршылық. Ең үлкен білім сайысы саналатын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада екі жыл қатарынан жоғары нәтижеге қол жеткізіп, республикада ІІІ орынды жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын алды.

Республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен оқушылардың мұғалімдерін ынталандыру мақсатында және өзге оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін мектеп мұға­лім­деріне 50 мың теңге сыйақы, ал, оқушыларға Айпад (iPad) план­шетнигі беріледі. Бұл шара жыл сайын дәстүрлі жалғасын табатын болады.

Биылғы жылғы ҰБТ қо­ры­тындысына тоқталатын бол­сақ, облыстың орта баллы 72,5-ті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,6-ға артып отыр. Сонымен қатар, ҰБТ-ның қорытындысы бойынша екі жылдық нәтижеге талдау жүргізе келе жұмысы төмен, ешқандай ілгерілеушілігі жоқ мектеп басшыларының қызметке сәйкестігін қарап отырмыз.

Биылғы жылы «Алтын бел­гіден» үміткер 1143 тү­лек­тің 336-ы, яғни 29,4 пайызы өз білімдерін дәлелдеді. Бұл өт­кен жылдан 98 «Алтын белгіге» ар­тық. Оның ішінде, Мақтаарал ау­данындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясынан 29, М. Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған №8 гимназиясынан – 15, Н.Оңдасынов атындағы Түркістан аймақтық «Дарын» мектеп-интернатынан 10 «Алтын белгі» иегерлері шығып отырғанын атап өткеніміз жөн болар.

– Өткен жылы облыста небәрі үш ауысымда оқитын 4-ақ мектеп бар екені айтылған еді. Жақында бұл сан 36-ға жетіпті. Мұның себебі неде?

– Иә, өткен жылы облыста үш ауысымда оқитын 4 мектеп болған болса, оның 2-уінің мәселесі шешілген болатын. Облыс әкімінің тапсырмасымен облыстың әлеуметтік картасын жасау барысында облыстағы үш ауысымда оқитын мектептер мен апаттық жағдайдағы мектептерді нақты анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні облыста 48 апаттық жағдайдағы, 35 үш ауысымда оқитын мектептер бар екені анықталып отыр. Ендігі жерде кезең-кезеңімен жыл сайын 150 орынға дейінгі мектептер мәселесі аудандық бюджет есебінен, 300 орынға дейін облыстық бюджет есебінен, ал 300 орыннан жоғары мектептер республикалық бюджет есебінен шешілетін болады.

– Жалпы, демографиялық дүмпуі күшті Оңтүстікте әлі қанша мектеп салынуы тиіс, қаншасының құрылысы жос­парланып, басталып қойды? Облыс бойынша қанша мектеп бар? Мектеп салу ісіне атсалысып жатқан демеушілер бар ма?

– Облыста 1019 мектеп жұ­мыс істейді. Оның 582-і типтік, 436-ы ыңғайластырылған ғима­рат­та, саманнан салынған, апатты және бұрынғы кеңсе, балабақша, мақ­та терімшілеріне арналып са­лынған ғимараттар. Бөлмелері тар, спорт, акт залдары, физика, химия, биология, мультимедиа кабинеттері және шеберхана т.б. жоқ. Сондықтан бұл мектептерге қосымша құрылыс немесе жаңа мектеп салуды қажет етеді. Облыс әкімінің қолдауымен осы күрделі мәселелер өз шешімін табуда. Бұған дәлел, соңғы 3 жылда 119 мектеп және 15 мектепке қосымша құрылыстар салынып берілді. Ал 2013 жылы 83 білім нысанының құрылысы салынуда, оның ішінде 55 мектеп, 12 балабақша, 7 қосымша құрылыс, 7 мектептің ғимаратын қайта құру, 2 кәсіптік мектеп бар. Құрылыс салуға атсалысып жатқан демеушілер де бар. 2009-2012 жыл аралығында олардың көмегімен 4 мектеп салынса, 1 мектептің ғимаратын қайта құру жұмыстары жүргізілді.

– Облыс білім беру меке­мелерін ің қысқа дайындығы қалай? Қандай түйіткілді мә­се­лелер бар бұл салада?

– Жаңа оқу жылына 126474,2 тонна көмір жоспарланса, бүгінгі күнге дейін оның 40 пайызы мектептерге жеткізілді. Ал кіші қазандықпен жылытылатын мекемелерге қажетті жанар-жағармайдың 53 пайызы дайындалды. Қалған қатты отындарды тамыз айының ішінде толық тасымалдау жоспарланған. Жанар-жағармайды келісімшарт бойынша ыдыстың сыйым­дылығына қарай тасымалдаушы мекеме жеткізіп тұрады.

Әңгімелескен

Оралхан ДӘУІТ.

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Лебіз

Білім мен білікті ұштастыру маңызды

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов «Елмен елді, халықпен халықты те­ңес­тіретін білім» деген екен. Білмегеніңді үйрену, тә­жі­рибесімен бөлісу, өзге жұрттың озық үлгілерін мең­геру қашанда маңызды. Осы ретте Назарбаев зияткерлік мектептері білім беру саласында республикамыздың қай аймағында болмасын педагог мамандардың жаңа буынын қалыптастыру ке­рек­тігін аңғартты. Қоғам­да сұраныс пайда бол­ға­н соң, мемлекет оған оң­тай­лы жағдай жасады. Соның арқасында Кембридж уни­­верситетімен өзара ын­ты­мақтастық жасалып, білім-білігімізді арт­ты­рып қайттық. Осы жыл­дың 1-12 шілде күндері Ұлы­бри­та­нияда «Мектеп басқа­ру­­дағы көшбасшылық» та­қы­рыбында мазмұнды дә­рістер тыңдадық. Ағыл­шын­ның белді ғалымдары «Көш­басшылық және коман­да­лық топтардың тиім­ді­лі­гін арттыру жолдары», «Топтық жұмыстағы көш­басшылық», «Тиімді жоспарлаудың шарттары», «Мек­тептің даму жоспарын жасау­дың ерешеліктері» тақы­рыбында мазмұнды баян­дамалар жасады. Сарап­тамалық жұмыстарға негізделген тренингтер жүргізді. Ұлыбританияда оқушылар 24 шілдеге дейін оқиды ғой. Осы жағдайдың арқасында мектептерде өтетін сабақтарда болып, көптеген қызықты кездесулерге қатысып қайттық.

Ондағы мектеп ғима­ра­т­тарының көлемі мен ма­териалдық-техникалық дең­гейі ерекше әсер етті. Де­генмен, соңғы жылдары елімізде пайдалануға бе­ріліп жатқан жаңа үл­гі­дегі білім ордаларының ағыл­шын мектептерінен еш кем түспейтініне де көзіміз жетті.

Ағылшын мектептерінің құрылымдарына келер болсақ, бастауыш сы­­­нып мектебі, негізгі мек­­­теп және жоғары сы­ныптардан тұратын ор­та мектеп болып жас ерек­шеліктеріне байланысты бөлек-бөлек оқытылады екен. Тұрмысы төмен оқу­шыларға әлеуметтік қыз­меткерлер бекітілген. Сон­дай-ақ, баланың жеке құ­қы­ғын қорғауда талап күш­ті және қоғамдағы әлеу­меттік теңсіздіктің алдын алу мақсатында көп қаржы бөлінеді. Ағылшын мұғалімдері ұстаз мәрте­бе­сіне сай жұмыс істеуді басты өмір қағидасына ай­налдырғаны байқалады. Бұл елдегі білім жүйесі үш негізгі принциптерге бағынады: жоғары деңгейде толеранттылық, білім бе­ру үрдісі жеке тұлғалық бол­мысты дамытуға бағыт­тал­ған мұғалімдердің кә­сі­би біліктілігіне жауап­кер­шілік қатаң талап етіледі.

Елбасының сындар­лы саясатының арқа­сын­да білім беру саласын­да үлкен жұмыстар ат­қа­рыл­ды. Сондықтан Ұлыбри­та­ния­дағы білім беру стандарттары біздің елде де жақын болашақта орын алатынына сенемін. Алдағы рес­публикалық «тамыз кеңесінде» шет жұртта көр­генімді, ойға түйгенімді ор­таға салып, баяндама жа­са­мақпын.

Гүлжан АЙДАРОВА,

№3 мектеп-лицейінің

директоры.

ҚЫЗЫЛОРДА.

Уақыт талабы

Ұстаздық жолды қалап, білім беру сала­сын­да еңбек етіп келе жатқаныма ширек ға­сыр­ға жуықтағанмен жаңа оқу жылы алдын­да қашанда толқулы боламын. Жас адам тез жетілмей ме?! Жазғы демалыстарында оқу­шы­ларымыздың ой мен бой жағынан да есейіп келуі, оқыту үрдісіне әрдайым биіктеп отыр­ған талап, қаладағы жаратылыстану-мате­ма­тикалық және қоғамдық-гуманитарлық кәсіби бағыттарда білім беретін танымал оқу орнының мәртебесін көтере түсудегі міндет толқытады.

Бәлкім, сырт көзге байқала қоймас, оқыту мен тәрбие ісінде мектептердегі жылдан-жыл­­ға жаңарулар жетіп артылады. Заман та­­лап-талғамына сай білім алуға жағдай жасау­шы интерактивті тақта, компьютерлер, элек­­тронды көрнекі құралдар, мультимедиа кабинеттері қазір ешкімге таңсық емес. Өзім жетек­шілік ететін оқу ұясы да сондайлығымен ерекшеленеді. Гимназиядағы білім беру жүйе­сіне экспериментальды 12 жылдық білім бе­ру, республикалық электронды оқыту «e-learning» жүйесі бойынша қанатқақты жобалар, ағылшын тілін 1-сыныптан бастап оқыту енгі­зілді. Оқы­тушыларымыздың 85 пайызы жоға­ры санаттағы ұстаздар саналады.

Шәкірттерімізге осы заманғы білім негіз­дерін сапалы меңгертумен бірге азаматтық, адамгершілік, тұлғалық қасиеттерін дамытуға, ұлттық үлгілі салт-дәстүрлерді жүректеріне сіңіруіне баса назар аударылады. Бұған дейін де бұл басты мәселе тұтылса, еліміздің беделі мен абыройы асқақтай түсуінде өзектілігі одан сайын өте зор екені соны міндеттер жүктеп отыр.

Педагогтардың республикалық тамыз кеңесінен көкейге көп ойлар түйілетіні сөзсіз. Ұстаздар қауымы қызметіне жаңа серпін беруін тілеймін.

Айман МУСИНА,

Қарағанды қаласындағы

№ 92 гимназияның директоры.

ҚАРАҒАНДЫ.

 

*Үйренетін үрдіс

Мұғалімге арналған ультрабук

Астанада Бiлiм және ғылым ми­нис­трлiгi баспасөз өкілдерін жаңа оқу жылының қарсаңында жүзеге асып отырған «Мұғалiмге арналған ультрабук» атты бағдарламасымен таныстырды. Қазақстандық ұстаздар қазіргі заманғы бұл мобильдi компьютерлерді пайдалану арқылы білім беру барысында көптеген артықшылықтарға қол жеткізе алады екен. Заманауи құрал арқылы педагогикалық соңғы жетістіктермен таныс болып, өз тәжірибелерін де көпшілікке ұсына алады. «Мұғалiмге арналған ультрабук» жобасы ҚР БҒМ-нiң 2011 жылы қабылданған «Электронды оқыту жүйесi» бағдарламасын қолдауға бағытталған.

– Жоба бастапқыда Ақ­мо­ла, Алматы, Қарағанды об­лыстарында және Астана мен Алматы қала­ла­рын­да енгiзiледi. Кейiн бұл игi ша­раны Қазақстанның барлық өңiр­лерiнде де тарату жоспарлануда», – дейдi жоба жетекшiсi, Бiлiм және ғылым министрлiгi Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар департаментi бастығының орынбасары Гүл Жүсiпова.

Берік САДЫР,

«Егемен Қазақстан».

Астана.