Жалпыхалықтық ерліктің символына айналған шайқастың елдік тұрғыда назарға алынбауы көпшілікке түсініксіздеу болып тұр. Десек те, біздің ойымызша жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу үшін кең көлемде атап өту де керек сияқты. Себебі Отырар тарихы қалай десек те біздің тарихымыз. Егер Отырар тарихы бізге жат, керек болмаса, 50 жылдан бері несіне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттеп жатырмыз?! Несіне музей салып, жүздеген ғылыми қызметкерлерге ай сайын миллиондаған теңге жалақы төлейміз?!
Отырардан бас тартсақ, одан 350 жыл бұрын өмір сүрген, биыл халықаралық деңгейде 1150 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған жерлесіміз, ұлы ғалым Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әт-Түрки әл-Фараби бабамыздан да бас тартуымыз керек шығар, бәлкім?!
Айта берсек, әңгіме көп. Ең өкініштісі әрі қорқыныштысы кейбір отырарлықтардың өз тарихынан жеріне бастауы. Бұл тенденцияны соңғы кезде әлеуметтік желілерден байқап та жүрміз. Өз қағынан жерудің соңы ешқашан жақсылыққа апармаған. Иә, қария-тарихқа тіл бітсе осылай деуі даусыз.
Сары дала төсінде, Арыстанды-Қарабас желінің өтінде, тіршілікке нәр берген қос өзен Сырдария мен Арыстың тоғысында аумағы атшаптырымдай, биіктігі 18-20 метрдей төбе тұр. Бұл көне грек, араб, парсы, түрік, қытай оқымыстылары мен шежіреші-тарихшыларының, жиһан кезген географтарының жазба деректерінде үнемі аталатын, аңыздарда айтылып, ақын-жазушылардың шығармаларында жырланатын, әлемге әйгілі ортағасырлық қала Отырардың археологиялық ескерткішке айналған қалдығы – Отырар төбе.
Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әт-Түрки әл-Фараби, қала берді Отырардан шыққан 30-дан аса барлық әл-Фарабидің және олардың арғы-бергі ізбасарларының мекені болған ежелгі Отырардың Отан тарихында да, әлем тарихында да орны ерекше.
Отырар – сол замандағы әлемдік екі алып мемлекеттің Шыңғысхан империясы мен Хорезмшах империясының мүдделері үшін болған жаһандық соғыстың ортасындағы от-жалында қалып туған халқының тәуелсіздігі үшін «Елім, жерім» деп айқасқа түскен Отырардың әміршісі Қайырханның басшылығымен жасанған жауды алты ай бойы Еуропаға жібермей, жер қаптырып, ұстап тұрған, әлемге әйгілі бірден-бір қаһарман қала. Ұлы Отырар – күллі әлемге ғылым мен білімнің, ерлік пен қаһармандықтың өнегесін паш еткен еңселі, өркениетті орда.
...Ортағасырлық Отырар. Ұлы Отырар өркениеті. Шығыс пен Батысты, Батыс пен Шығысты сан ғасырлар бойы жалғап, екі арада алтын көпір болған бұл шаһар. Гүлденген, өркендеген кезінде талайдың көзқұртына айналып, сұлу көркі алыстан көз арбаған, ғажайып қала бұл шаһар. Жылдың барлық маусымында ерсілі-қарсылы сапарлаған сауда керуендерінің аялдап, алыс-беріс жасап, сауда көрігін қыздырған бұл шаһар. Ең бастысы, ілім-білім іздеген жас талаптардың асыл арманы болған бұл шаһар. Сол кезеңде әлемдегі ең үлкен Александрия кітапханасына жетеғабыл кітапханасы бар, өнер-білім шамын жағып, ғылым ордасы атанған бұл шаһар. Осы кітапханадан білім нәрімен сусындап; ілім таластыруда өздеріне тең таппаған отырарлық ғұламаларды, бірінен соң бірін Бағдад, Мысыр, Шам шаһарларына шығарып салған бұл шаһар.
Туған жерінен түбіт иек бозбала шағында аттанып, терең білімімен аз жылда абызға айналған, білім сайысында араб, грек білімпаздарын тізе бүктіріп, даралығы мен даналығын мойындатқан, ғұламалардың Отаны болған бұл шаһар!
Қара шегірткедей қаптаған қалың жаудан қаймығып, кірпік қақпаған, қабырғаларын біртіндеп сөгіп, терілерін тірідей сыпырғанда да қыңқ демеген, басқа ел-жұрт қаһарлы әскерге үш-алты күннен әріге шыдас бермей, әміршілері қақпаларын айқара ашып, өз еріктерімен мойынсұнғанда, алты ай бойы Шыңғыс ханды тырп еткізбей бөгеген, ерлік пен өрліктің ең биік үлгісін көрсетіп, қас дұшпанын да мойындатқан, арыстан жүрек батырлар мекендеген, қаһарман қала бұл шаһар.
Жаужүрек сарбаздары жорықтарда тоқымын төсеп, ер-тұрманын жастық еткен, тұтас піскен жылқы етін қылышымен турап, қалқанын табақ еткен, етті найзасына шаншып жеп; дулығасымен сусын ішкен, тояттап, дамылдаған сәтте тістерін жебе ұшымен тазалаған, көкбөрі тектес баһадүрлердің, мекені болған бұл шаһар.
Өз бетімен ешкімге, ешқашан, жөнсіз соқтықпайтын, өзі келіп ұрынғанның аямай сыбағасын беретін, сүңгісін бұлдыраған сағымға қадайтын, жебесін ыдыраған бұлтқа ілетін; қылышының сілтенуі найзағайдан жылдам, найзасының екпіні дауыл тұрғызатын, қаһарланса Қаратаудың өзі қақ жарылып, жол ашатын, жылқы мінезді, намысын ешкімге таптатпаған, ата-баба аруағын сыйлаған, шейіттерін Құраннан жоқтаған; салт-дәстүрден аттамаған, Отырарлықтардың ұрпағы едік.
Алмас АҚЫЛБЕК