Аймақтар • 18 Наурыз, 2020

«AZALA Textile» тоқыма фабрикасы еліміздегі тігін цехтарын матамен қамтуда

696 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы ең үлкен кәсіпорындарының біріне айналған тоқыма фабрикасының жұмысымен танысты. Мұрат Дүйсенбекұлы өндіріс орнында «AZALA Textile» комбинатының иіру, тоқыма, бояу-әрлеу, тігін цехтарының жұмысымен танысып, комбинаттың өндіріс қуаттылығын көрді.

«AZALA Textile» тоқыма фабрикасы еліміздегі тігін цехтарын матамен қамтуда

«AZALA Textile» – еліміздегі тоқыма өндірісінің көшбасшыларының бірі. Серіктестік сырттан шикізат сатып алмай, өз өнімі өзін толық қамтамасыз етуге жетеді. Мақта зауыты мен жіп, мата дайындау цехы толық қуаттылықпен жұмыс істеуде.

Тоқыма фабрикасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған.

Компания жеңіл тоқыма өнімдерін өндіреді, көрпе тыстары мен жастық, сүлгілер, ақжаймалар мен басқа да тұрмыстық жағдайға қажет бұйымдар шығарады.

Айына 500 тонна мақтаны өңдейтін фабрикада 1,5 миллион метр мата тоқылады. Өз өнімдерін республикамыздан бөлек алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды. Мұнда қолданылатын шикізат отандық, яғни Оңтүстік өңіріндегі Мырзакенттен жеткізіледі. Онда 700-ден астам жұмысшы еңбек етуде.

Сонымен қатар, еліміздегі тігін цехтарынан медициналық бетперде жасауға қазір фабриканың сапалы маталарына, бөздеріне сұраныс артқан. Атап айтқанда, кәсіпорын Шымкентпен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларынан тапсырыс алуда.