Технология • 18 Наурыз, 2020

Мобильді ойындар «маэстросы»

384 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінгі балалар бәрін біледі. Компьютердің құлағында ойнайды. Ол – ол ма, еңбектеп жүрген сәбидің өзі смартфонға үңіліп, экран бетін сипап-сипап қоятынын қайтерсіз. Қолдарында бір-бір гаджет. Белін бүкірейтіп алып, түрлі мобильді ойындарды қыздырып жатқаны...

Мобильді ойындар «маэстросы»

Гаджет демекші, біздің кейіпкеріміз Алдияр Жұмажанов дәл осындай мобильді ойындар құрастырады. Оңтүстік өңірдің тумасы. Дәлірек айтсақ, Шымкентте туған. Жас өнертапқыш. 10 жылдан бері Қытайдың Цзинань қаласында тұрады. Mechanist Games internet technologies компаниясында мобильді ойындар мен қосымшаның продюсері. Сондай-ақ компанияның Мәскеу қаласындағы филиалының бас директоры. Еліміздегі «100 жаңа есім» жобасының үшінші кезеңіндегі жеңімпаздардың бірі.

Алдияр Жұмажанов «100 жаңа есiм» жобасын үш жылдан берi қадағалап жүріпті. Десе де ол өзін сол уақытта мұндай жобаға қатысатындай қабiлеттi санамаған екен. Тек былтыр шiлде айында өтiнiш берген. Жеңіп шығамын деп ойламаған. Өзi туралы қысқа әрi нұсқа: жасын, немен айналысатынын, қандай ойындар әзiрлегенін жазып жіберген.

– Мен жобаға осылай келдiм, – деді ол. – Өтiнiштi Шымкент қаласынан бердiм. Шынымды айтсам, «100 жаңа есім» жобасына саналы түрде қатыстым. Жеткілікті дауыс жиналды. Қазақстандықтарға қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы негізін қалаған жобаның жеңімпазы болып, өз қаламның атынан қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл біздің кәсіпкерлердің мобильді қосымшаларды жасап шығаруға деген қызығушылығын арттырып, ІТ саласына, мобильді ойындар мен қосымшаларды бағдарламалауға инвестиция құюға себепші болады деп ойлаймын. Бұл жоба маған өз жетістігім туралы айтуға, үлгі болуға, қол қусырып отырмай, өзіңе сенуге үйретуге мүмкіндік берді.

– «Ұлы Сұлтан», «Ұйқы шебері» сияқты мобильді ойындарды жасаған екенсің... – дедік біз Алдиярға.  

– Мен ойынның концепциясын жасадым. Басқа құрамдас бөлігі және жарнама бойынша командамен бірге жұмыс істедік. ТМД нарығында ойынды насихаттап, локализациясын жасап, компанияның SMM бөлімін басқардым, – деді ол. – Ал «Ұлы Сұлтан» – бұл менiң идеям әрi осы ойынды жасауға өзім ұсыныс бердім. Бірде Founder компаниясының негiзiн қалаушы жаңазеландиялық бастығым осындай мобильді ойындар бойынша 5 презентация қорғаған еді. Оған дейiн бiр ай бұрын «қай ойын өтімді болады» деп менің пікірімді сұрады. Инвесторлардың алдында қорғаған жаңа жобаны iске қоспақшы. Оның қолында үш жоба болды. Олар: «Ежелгi Рим», «Ежелгi Мысыр» және «Ұлы Сұлтан» ойындары. Мен көп ойланған жоқпын. Бұл ойындар туралы барлық мәліметтердi табу үшiн бiр-екi күн беруiн сұрадым. Содан кейiн осы ойындардың ТМД елдерiнде танымалдылығы бойынша талдау жүргiздiм. Талдай келе, бастығыма «Ұлы Сұлтан» ойыны бойынша жұмыс істегім келетінін айттым.

– «Ұлы Сұлтан» қандай ойын сонда? – Білгіміз келді.

– «Ұлы Сұлтан» мобильді стратегиясы өзіңді Осман империясының билеушісі сезінуіңе мүмкіндік береді. Сіз мемлекетті басқарып, әскери жорықтарға қатысып, империяны кеңейте түсесіз. Мемлекетті гүлдендіру оңай емес. Дұрыс шешім қабылдап, кеңесшілер тағайындап, мемлекеттердің қорғанысын күшейтуіңіз керек, – деді өнертапқыш.

– Бүгінде бұл ойындарды қанша адам ойнап жүр? – деп одан әрі қызығушылық таныттық.

– Бұл қосымша қазіргі уақытта AppStore және Google PlayMarket мобильді дүкендерде сатылады. Бүгінге дейін бұл ойын 20 миллион рет жүктелген, – деді ол.

а

Бұдан әрі Алдиярдан:

– «Ұлы Сұлтаннан» бөлек әлем бойынша алғашқы болып ежелгі Қазақстан туралы «Ұлы хан» 3D-мобильді ойынын құрастырып жатыр екенсіңдер... – деп сұрадық.

– Иә, бұл жоба қазақстандық кәсіпкерлердің қызығушылығын оятады деп үміттенемін. Біздің елде ІТ индустрияның дамығанын қалаймын. Ал «Ұлы хан» ойынына келетін болсақ, бұл – ежелгі Қазақстан, дұрысы, қазақ, татар, моңғол, бурят сынды көшпенді халықтар туралы. Ойын таза Қазақ хандығы туралы деп ойлаудың қажеті жоқ. Егер осылай болса, бұл тек бізге ғана қызықты болар еді. Сол себепті ТМД және Америка мен Канаданың, Орталық Азияның нарығын толтыру үшін мен бұл жобаны халықаралық деңгейге шығару керек деп шешім қабылдадым. Сол секілді өзге ұлттарға да  қызықты болуы үшін татарларды, моңғолдарды, жапондықтарды, корейлерді, орыстарды, украиндықтарды қостым. Онда белгілі бір уақытша учаске болмайды. Барлығы Шыңғыс ханнан басталады. Кейін біздің елге жетеді. Әрі қарай бізден кейін де жалғасады. Ойын биылғы наурызда тест түрінде жарыққа шығып, мамыр айында ойынның толық нұсқасы пайда болады, – деп жауап берді.

Біз өнертапқыштан өзі қызмет істейтін компания туралы сұрап, білдік. Оның айтуынша, бұл компания Қытайдағы 3000 IT компанияның iшiнде үздiк 16 топқа кiредi екен. Ал өзі тұратын қаласы бойынша топ 1-компания. Гонконгте, Мәскеуде, Түркияда кеңселері бар көрінеді. Біздің кейіпкеріміз бұл компаниядағы жалғыз қазақстандық. Онымен бiрге жұмыс істейтін әріптестері – Ресей, Түркия, Жаңа Зеландия, Филиппин, Польша, Морокко және Хорватия елдерінен. 

Цзинань қаласындағы өмiр керемет! Осында он жылдай тұрып жатырмын. Мұнда тропикалық климат. Жыл он екi ай жаз. Мен құрлықта емес, аралда тұрамын. Халқы айтарлықтай көп емес – 5 млн адам. 4 метро және жерасты LRT-сы бар. Қоғамдық көлiктi пайдалану үшiн барлық жағдай жасалған. Барлық жолда қоғамдық көлiкке арналған жолақ бар. Вьетнам, Тайланд, Тайваньға саяхат жасау өте жеңіл. Бұл жерден Филиппинге де билет арзан. Бірақ кемшiлiгi де бар. Сирек болса да жер сiлкiнiсi болып тұрады. Сосын маусымдық жауындары бар. Мысалы, ақпанның соңында және мамырдың басында жаңбыр жауады, – деді ол. 

Әңгіме соңында Алдиярдан:

– Еліміздегі IT компаниялардан шақырту болған жоқ па? Болашаққа құрған жоспарларың бар ма? – деп сұраған едік.

– Бүгінгі күнге дейін қазақстандық ірі компаниялардан ешқандай шақырту алған жоқпын. Қазақстанда Украинаның UNIT Factory білім беру жобасы негізінде бірінші IT мектеп ашу жопарымда бар. Мамыр айында ресми шақыртумен Киев қаласына барамын, – деді Алдияр Жұмажанов.

Жас өнертапқыштың айтуынша, ол бұл сапарында Киевтегі тараппен зияткерлік ресурсты қолдау бойынша келісімшартқа отырады. Сондай-ақ елімізде  IT мектеп ашу үшін қаражат жинауды бастайды. Әрине, бастапқыда ол өз уақыты мен қаражатын жұмсайтынын, алайда, бұл қаржы мектепті ұстап тұруға жетпейтінін айтады.

– Бастамамды қолдағысы келетін отандастарым маған хабарласса екен. Қазақстанда IT мектеп ашу үшін ақша жинап жатқанымды мәлімдеймін, – деді ол.

Соңғы жаңалықтар