Руханият • 21 Наурыз, 2020

Сөз сойыл №91

8244 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Түйенің түйгендері

«Түйе байқұс бойына сенемін деп жүріп, жылдан құр қалыпты», деген  сөз сонау ықылым заманнан бері айтылып келеді. Енді бірде: «Түйенің танығаны жапырақ» деп мені кемсітеді. Сол айтқыштардың айтуынша, жер бетіндегі мақұлықты тұтас жиып жаңа жылды қарсы аламыз депті, дейді. Түйенің үстіне мына келген жылдың иесі тышқан шығып алып: «Әне, жыл келе жатыр» – деп айқайлапты. «Түйе жарықтық аңқаулығының арқасында жылдан құр қалыпты» деген сөз содан тараған деседі. Сол жиында сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, маймыл, тауық, ит, доңыз атаққа іліккен. Алыстағыны бойы ұзындары бірінші көрсе – жылқы қайда қалған. Қоян, ұлу, жылан жылқыдан қалай бұрын тұр? Сондықтан, мен он екі жылдың тұтас құрамына қарсымын. Мәңгі осы он екісі басқара ма? Мен әрқайсының істеген ісі, қоғамға келтірген пайдасы мен залалы жайлы айтпақпын. Жыл басы Тышекең өзінің тұқымдас жүздеген түрі барын біле ме? Жайнап тұрған бау-бақшаны қазып тастайтын көртышқан атты бауырына күні бүгінге дейін қой деген емес. Мұнысымен қоймай, ішіп отырған адал асыңды аралап кетеді. Тұмау таратады. Қағазды көрсе, жүндей түтеді. Соңғы жылдары тісі қышығаны сонша, пластмасса құмыраны да тесіп тастайтын бопты. Ауыл мен қаладағы егеуқұйрық пен тышқан қиын болып тұр.

Сөз сойыл №91

Бұл тышқандарды  бүкіл ел дәрімен улап, қақпан құрып жатқанда біз оны жылдың басы деп әулие санауымыз қалай? Бұған қарағанда төрт түліктің бірі – сиыр әлдеқайда пайдалы емес пе? Ет десең еті, сүт десең сүті, терісі бар, керек десең тезегі де отын болады. Бар айыбы, бұрыңғы тегі қодас  сияқты, тебін тебе білмейді. Солармен будандастырса сиырдың аты көкке шығар еді. Ал бұл сиырлар болса тойып алады да, ұйықтап жата береді... Келесі жыл иесі барыс қой. Мысық тектес, арыстан мен жолбарыстың жартысындай жыртқыш. Тауешкі мен арқарға күн бермейтін түсі суық хайуан. Ашықса құс пен тышқанды да қорек етеді. Мұның да қоғамға келтірер пайдасы жоқ... Он екі жылдың бірі қоян. Барыстан қашып жүріп тіршілік етеді. Қоянның су жүректігі сондай, қамыс сылдыр етсе көжегін тастап қанжығада көрісейік деп тайып тұрады... Ұлудың да бірнеше түрі бар. Құрлықта және суда жүреді. Айналып келгенде, құстың жемі. Еккен жемістің жартысын жеп қояды. Тышқан мен ұлудың тұқымын құрту үшін үкімет дәрі себеді... Ал жылан айыр тілді нағыз оңбаған. Торғайды, тышқанды, құстың жұмыртқасын жалмайды. Білгіш дәрігерлер уын алу үшін керек дейді. Менің пайымдауымда, пайдасынан зияны көп. Кірпі, түлкі, кейбір құстың түрлі тұқымын құртады... Жылқы – қасиетті жануар. «Жесең тісіңнен, жемесең түсіңнен кетпейді» деп айтады. Сүті дертке ем, қазақ ең сыйлы қонағына тай сойған, құдаларына ат мінгізген. Он екі жылдың ішінде жетінші орында тұрғанымен ең беделді төрт түліктің бірі. Қазақ қымыз ішпесе, ет жемесе тұра алмайды... Ағылшын ғалымы Дарвин алжасып адамның тегі сүт коректі маймыл деген. Ол библияны, құранды, тауратты, інжілді мүлде көрмеген болу керек. Өз қиялымен адамға ұқсас маймыл ғана деп түйген. Миллион жылдар бойы бір маймыл адамдық сана мен қасиет танытып па? Мешітке барып Алла дейміз де, үйге келіп балаларды арғы тегіміз маймыл деп үйретеміз... «Тауық  күлге аунаса да туады» деген сөз қате. Тауық үстіндегі бүргесін кетіру үшін күлге, құмға аунайды. Қолдағы тауықтан көрі жабайы тауықтар еңбекқор. Сондықтан, соңғы жылдары тауық ұя баспаған соң балапанды инкубатормен шығарып жүрміз. Инкубатордың балапанында махаббат та, сезім де болмайды екен. Бұрын ұяда бір әтеш 15-20 тауыққа ие болатын. Бір тал дән тауып алса, бәрін шақырып тең бөліп беретін. Қазір заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, әтештер теріс қарап өзі соғып алатын бопты. Қорадағы әтештің қадірі кетіп, тауықтар көрші қораларды аралап жүр. Қаңғыбас тауықтардың ерткен балапандары отағасына ұқсамайды... «Ит жеті қазынаның бірі», адамның жақын досы деп айтылады. Итті үйге бағуға дінімізде тыйым салынған. Атасы басқалар бір бөлмеде итімен бірге тұрады. Иттің демінен құрт ауруы пайда болатынын білмесе керек. Сондықтан да итті байлап ұстаған жөн... Мұсылман дінінде доңызды пайдалануға рұқсат жоқ. Халқы көп елде біз үш нәрсені жемейміз деген ақпарат бар: аспандағы ұшақты, жердегі танкті, теңіздегі кемені. Олар жер бетіндегі қыбырлағанның бәрін жесе жесін, тек мұсылманның ауызын былғамаса болды.

– Иә, мен бес халал, жеті арамнан құралған 12 жыл басына қысқаша тоқталдым. Төрт түлік малдан жыл басына менің ілікпей қалғаным қалай? «Тауық жылы құтты болсын»  деп тост көтергендерге,  не бетімді айтайын.

Сәлеммен, төрт түліктің атасы Қара бура деп білгейсің.

 1

 Қазыхан ӘШЕ

Алматы

  Мысық асырайсың ба?..

Мына келген тышқан жылымен бірге үйде тышқан пай­да болды. Жалғыз менде емес, көрші үйлерде де солай екен. Не істеуге болады? Жұрт «мы­сық асырамайсың ба?» деп кеңес берді. Асырағанда да үл­кендеуін алу керек. Кіші­сін алсаң, ол өсем дегенше қан­ша уақыт кетеді. Содан жар­намадан мысық іздедім. Бізге бәрі мысық болып көрін­ге­німен, бұлардың да сан түр­лі тұқымдары бар екен. Бірақ әттең... бағасы қымбат. Кей­біреу­лері 500 мың теңгеге дейін барады. Ал маған тұқымы жақсы, өзі үлкен, әдемі әрі те­гін мысық керек. Еркек болса тіптен жақсы. Балалап бәле болмайды. Ақыры тегін мысықтың біреуін таптым. Сібірлік тұқым екен. Дереу егесіне телефон шалып: «Мы­сығыңызды кешке барып алып кетейін», – деп келісіп қойдым.

Кештетіп қасыма Рүстем деген көршімді ертіп, «Жұлдыз» шағын ауданына бардық. Егесі орыс кемпір екен. «Келіңдер, оты­рыңдар» деп ілтипатын көр­сетіп жатыр. Арғы бөлмеде бір ересек қыз жылап жүр. Сөйтсек о байғұс мысығын қимай жүр екен. Содан сұрақтар кетті.

– Мысықты не үшін беріп жатырсыздар? – дедім.

– Басқа қалаға көшіп бара жатырмыз.

– Мысығыңыз қанша айлық?

– Айлығы несі, екі жасар...

– А, кешіріңіз... Асылтұқым­ды ғой, ә?

– Сібір мысығы.

– Ол қандай?

– Қазір көресің, – деді де, «Балу» деп дауыстады. Есіктен тоқтыдай мысық еріне басып кіріп келді. Жүндері ұзын, әб­ден семіріп алған. Көріп шошып­ кеттім. Сөйтсем сібірлік мысық­тар­дың жүндері ұзын, терісі қалың болады екен ғой. Қайдан білейін?! Кәдімгідей ойланып қалдым. Орыс кемпір мысықты әрең дегенде көтеріп, қолыма берді де:

– Ал, енді тыңда, – деді. – Егер қағаз-қаламың болса, жазып ал.

– Жоқ, есіме сақтап аламын. Айта беріңіз, – дедім.

– Мұның есімі – Балу. Құ­жаты, міне. 2017 жылдың 1 сә­уір­інде дүниеге келген, – деді құ­­жатын беріп. «Айдоспен туған күні бірдей екен, ә» деп қойдым ішімнен.

– Мұны екі айда бір рет арнайы клиникаға апарып тек­сертіп тұрасың. Мынау мед­кітап­шасы. Үш екпесін салғыздым. Қалған жетеуін өзің салғызасың. Мынау сусабын. Айына екі рет шомылдырасың. Мынау сүлгісі. Жүнін міндетті түрде фенмен кептіресің. Әйтпесе суық ұстап қалады. Бұл фенге үйренген, қорықпайды, уайымдама, – деп қояды. Құдды бір мен соны қатты уайымдап тұрғандай...

– «Киткаттан» басқа тамақ бер­мейсің. Соған үйренген. «Вис­кас» беріп құдай ұрып қал­масын, ішіне жақпайды. Мынау жастығы, түнде осыған ұйық­тайды. Төсегі жылы жерде бол­сын. Күнде кешке жүнін тарап бересің, мынау тарағы. Сосын қатаң ескертетін нәрсе! Кана­лиза­цияның суын беріп, ауыртып қойып жүрме. Бес литрлік «Тассай» суын алсаң біразға же­теді. Тамақ ішетін ыдысын­ ас ішкен соң бірден жуып қой. Бірақ «Фэйримен» жуған соң әб­ден шай. Сабынның иісі шығып тұрса Балу тамақ ішпей қояды, – деп барып тоқтады әжем.

Балудың түріне қарасам көзін жұмып алып, тіземде пырылдап жатыр. Мойнына «Балу» деген жазуы бар алқа тағып алыпты.

– Балу сипалағанды қатты жақсы көреді. Егер мазасы қаша бастаса алдыңа ал да, сипала. Ашуы тез басылады. Егер ашуландырып алсаң, үйіңнің бәрін шашып тастайды. Далаға шығарма. Қорқып, үрейленіп қалады. Енді сен маған үйіңнің мекенжайын, телефон нөміріңді бер. Екі күнде бір рет телефон соғып, Балудың жағдайын біліп тұрамын.

Бердім, жазып алды.

– Бір сұрағым бар еді. Бұл тышқан ұстай ма? – дедім.

– Тышқан?! Жоқ, ұстап көр­меген. Сонда сен мұны тыш­қанға салайын деп тұрсың ба? – деді көзі атызданып.

– Иә... Үйде тышқан көбейіп кетіп еді. Соған мысық керек болып...

– Қарағым, сен білесің бе, тышқанда қаншама инфекция болатынын... Балу оны жеп ауы­рып қалса қайтесің? Бірақ үйде тышқан болып жатса, әри­не Балу қуатын шығар. Мүмкін, қорқытады. Мысықтың иісін сезіп те тышқандар қашып кетеді. Уайымдама, – деп жұбат­қандай болды.

Мұндай кезде шұғыл шешім қабылдау қиын екен. Мысықты не алар, не алмасымды білмей отырып қалдым. Рүстемге сыбырлап: «Рәке, не істесем болады?» дедім. Ол ішек-сілесі қатып күліп отыр. Кемпір де түріме қарап: «Айбек, все порядке? У тебя глаза больше стало чем моего кота», деп қояды. Мен байғұс не дейін... Сұрап, іздеп келген өзім. Амал жоқ, аюдай мысығын арқалап есіктен шықтым. Жол бойы мысық машинаның салдыр-гүлдірінен қорқып мазасызданған сайын ашуланып кетпесін деп басынан сипалап қоямын.

Содан үйге жеттім. Әйелім мысықты көріп шошып кетті. «Есің дұрыс па? Кәрі, дәу мысық­ты неменеге әкелгенсің? Мынаны тойдыра алмайсың ғой», деп ұрсып жүр. Менде үн жоқ. Егер кемпірдің айтқан талаптарын тізер болсам, әйелім талып құлайтын шығар. Мысық үйдің бөлмелерін аралап, кердең-кердең басады. «Тышқандар Балудың иісін сезіп, жүктерін жинап жатқан шығар» деп іштей өзімді жұбатып қоямын. Төсегін салып бердім. Әйеліме айтпай, табағына «Тассай» суынан құйып қойдым. «Киткат» да дайын. Тарағын, сусабын бір бұрышқа қойдым. Бір кезде телефоным шырылдады. Тұтқаны көтер­сем, орыс кемпірім. Балудың жағ­дайын сұрап жатыр.

– Бір нәрсе айтуды ұмытып кетіппін. Балу еркек мысық қой. Оның күйлейтін кезі болады. Оны дәрігеріне апарсаң, уақытын өзі айтады. Сол кезде бір ұрғашы мысық әкелесің де, бір күнге екеуін бір бөлмеге қа­мап қоясың. Далада жүрген жабайы мысықты әкеліп жүрме. Бүр­гесі жұғып кетер. Оны дәрі­гер­мен ақылдасасың ғой, – деді.

Шыдамым осыған жетті... Тышқан ауламаса мұның несі мысық?! Енді мысықты бағып-қағу қалып еді. Түнімен дөңбекшіп, таңғы сағат 5-ті әрең болғызып, мысығын егесіне апарып тастадым. Құрысын, бүйтіп тышқан ауламай-ақ қойдым.

 2

Айбек НӘБИ

  Тышқан жылғы сүзеген сұрақ

«Қызыл кітапқа» енген өсімдікті «Қызыл кітапқа» енген жануар жеп жатса не істеу керек?

*  *  *

Кейінгі кезде біреуден қарыз алсам ұмытам да қаламын, ал біреуге берсем оны әсте естен шығармаймын… Бұл ұмытшақтықтың алғашқы белгісі ме, әлде басқа бірдеңе ме?

*  *  *

Екі қолың бос емес кезде мұрынның қышитыны неден екен?

*  *  *

Күйеуі әйеліне:

– Үйге қызметтегілер келетін еді, дастарқан жайып, ас әзірлеп жіберсең…

– Қалай етіп дайындайын: келесіде тамсана келетіндей етейін бе, жоқ әлде мүлдем бас сұқпайтындай ғып жіберейін бе?..

*  *  *

Жігіт қызға сұрақ қойды.

– Сен ақымақ байшыкешке күйеуге шығар ма едің?

– Қиындау сұрақ екен… Дегенмен, қанша ақшаң бар?

 2

 Мен жайлы мәтелсымақтар

 Жанынан безген тышқан иттің көзін шығарады.

                                  *  *  *

Ер қартайса қазан­шы­л болады,

Бүркіт қартайса тышқаншыл болады.

                                 *  *  *

Диірменде туған тышқан найзағайдың гүрілінен қорықпас.

                                *  *  *

Өлетін тышқан мы­сық­тың таңын қасиды.

                               *  *  *

Мысық жоқта тыш­­қан төбеге шығады.

                               *  *  *

Құтырған ит иесін қабады,

Жынданған тышқан мысыққа шабады.

                              *  *  *

Өз інінде көртыш­қан да батыр.

                              *  *  *

Инабатты адам тыш­қаннан да ұялады.

                             *  *  *

Маймылдың пы­сықты­ғы, тыш­қа­н­ның тірлігі қажет.

                            *  *  *

Жабылып кетсе, тыш­қан да арыстан терісін тесіп тынады.

                           *  *  *

Тышқанға мысықтан үлкен мықты жоқ.

                           *  *  *

Мысық жоқта тыш­қан мияулайды.

                           *  *  *

Тышқан екеш тышқан да ит болғысы келмейді.

 

Мүйісті жүргізетін Берік Садыр