Қоғам • 24 Наурыз, 2020

Таспаға басылған тарих

292 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің басты тарихи оқиғалары, бұқараның тыныс-тіршілігі мерзімді басылым беттерінде жарық көретіні белгілі. Жаңалықтың жаршысы болған Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» және «Звезда Прииртышья» газеттерінің тарихы тереңде. Аталған екі газеттің осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын жарық көрген нөмірлерін келешек ұрпаққа қаз қалпында электронды нұсқада жеткізу мақсатында С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасы қарқынды жұмыс жасауда.

Таспаға басылған тарих

Аталған кітапхана 2018 жылдың аяғында еліміз бойынша өңірлер арасында алғашқы болыпкөне басылымдарды цифрландыруды бастап кеткен еді. Осы орайда, С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасының директоры Шолпан Шахметованы әңгімеге тартқан едік.

-Шолпан Баянқызы, бұл жұмысты бастауға не түрткі болды?

-Газет – тарих. Біз өңіріміздің жылнамасын, кешегі келбетін тұрақты түрде жарияланып келе жатқан басылым беттерінен оқи аламыз. Алайда, көне газеттер бүгінде оқырманның барлығына қолжетімді деп айту қиын. Себебі, адамдардың барлығы кітапханаға немесе архивке барып ескі газет тігінділерін ақтарып отыруға мүмкіндігі бола бермейді. Дей тұрғанмен оқырман арасында ескі газеттерге деген сұраныс артпаса кеміген жоқ. Біз осы мәселенің оң шешімін таптық. 2018 жылдыңаяғынаноблыстық «Saryarqa samaly» және «Звезда Прииртышья» газеттерін цифрландыруды қолға алдық. Тың жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Павлодар облысының цифрлы баспа банкі» деген атаумен жүзеге асуда.

-Бәрекелді, бұл әсіресе, оқырмандар үшін өте маңызды бастама екен. Басылымдарды цифрландыру прцессі қалай жүзеге асырылады?

- 2018 жылдың соңында біз«ЭларСканА1» планертарлық сканер аппаратын сатып алдық. Бұл көптің қолы жете бермейтін құнды құрылғы. Аталған сканердің көмегімен А3-АО форматтарындағы газеттерді цифрландыруға болады. Электронды ресурсқа орналастырылған барлық мерзімді басылымдар осы құрылғының көмегімен цифрланып, PDF форматында сақталады. Әрі сапасы да жақсы. Қазіргі уақытта «Қызыл Ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетінің  1943 жылдан бері қарайғы нөмірлері, «Объединение» (қазіргі «Звезда Прииртышья») газетінің 1919 жылдан бастау алатын шығарылымдары цифрландырылуда. Бүгінге дейін аталған екі басылымның 6 мыңға жуық нөмірінің электрондынұсқасы жарыққа шықты.Сонау жылдардан сыр шертетін сарғайған басылым беттері бүгінде тозығы жетіп, үлбіреп тұр. Газеттердің кейбір парақтары жыртылып қалған. Жазулары да көмескі тартып көрінбейді. Сандық жүйеге ауыстыру барысында біз газеттерді барынша қалпына келтіруге тырысамыз. Цифрлық форматқа түскен газеттер компьютерге толық көлемде енгізіледі. Әрі түр-түсі мен жазу сапасы да сол қалпында сақталады. Бұл өте күрделі жұмыс. Біз аталған бастаманы Павлодар облыстық мемлекеттік архиві мен бірлесіп жүзеге асырудамыз. Сонымен қатар өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосып отырған «ERTIS MEDIA» ЖШС, Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейімен арнайы меморандумға отырдық. Осындай мекемелердің қолдауы негізінде жаңа жобаны іске асырудамыз. Бірақ кедергілер де жоқ емес. Мәселен, 90 жылдық тарихы бар қазіргі «Saryarqa samaly» газетінің алғашқы нөмірлері еш жерде жоқ. Әзірге біздің қолымызға түскен қазақ газетінің ең көне шығарылымы 1943 жылғы. Бұл өте өкінішті жағдай. 1929 жылы іргетасы қаланған өңірдің басты басылымының алғашқы нөмірлерін тапсақ, өлке тарихын түгендеуге атсалысқан болар едік. Әрі оның цифрлы нұсқасын келешек ұрпаққа ұсынуға мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта аймақтың ата басылымы - «Saryarqa samaly» газетінің алғашқы нөмірлерін табуға күш саламыз. Егер де көне басылымдар оқырмандардың қолында бар болса, облыстық кітапханаға хабарласуын сұраймыз. Газеттер сканерден өткен соң иесіне қайтарылатын болады. Қазақ басылымына қарағанда орыс тілді газеттер мұрағатта көбірек сақталған. Мәселен, бүгінде біздің қолымыздағы ең көне басылым1917 жылы жарық көрген «Свободная степь»газеті. Біз оны цифрландырдық.

Кітапханамызда көне газеттерді сақтайтын арнайы орын бар. Бұл жерде «Қызыл Ту» (қазіргі «Saryarqa samaly») газетінің 1970 жылдан бері қарайғы шығарылымдары, «Звезда Прииртышья» басылымының 1967 жылдан осы күнге дейінгі нөмірлері сақталған. Ескі газеттерді барынша ұқыптылықпен сақтасақ та жыл өткен сайын сапасы төмендеп бара жатыр. Жаңа жобаның нәтижесінде көне басылымдардың ғұмырын ұзартып, қолданыс аясын кеңейтуге тырысудамыз.  Әрі біздің өлкенің тарихымен еліміздің кез келген тұрғыны таныса алатын мүмкіндік жасалынбақ.

-Бұл жоба бұқараға қолжетімді дедіңіз. Газеттің электронды нұсқасын пайдалану үшін оқырман не істеуі керек?

- Иә, аталған жобаның негізгі артықшылығы да осында. Ол ғаламторды қолдана білетін кез келген адамға қолжетімді. Ол үшін merzim.pavlodarlibrary.kz электронды сайтына кірсеңіз жеткілікті. Бұл жерден оқырмандар көне газеттердің PDF нұсқаларын қаз қалпында оқи алады. Жуырда «Павлодар облысы баспасының цифрлық банкі» деген атаумен жүзеге асқан жаңа жобамыздың тұсаукесер рәсімін өткіздік. Шараға зиялы қауым өкілдері, ардагер журналистер және облыстық «Saryarqa samaly» мен «Звезда Прииртышья» газетінің қазіргі ұжымы қатысты. Олар кітапханамыздағы «Өлкетану құжаттарын цифрландыру орталығында» болып, жұмыс барысын тамашалады. Барлығы да игі бастамаға ризашылықтарын білдіріп, заманауи әрі өміршең жобаға сәттілік тіледі.

- Басқа өңірлерде жүзеге асырылған осындай жобалар бар ма?

- Меніңше облыстық кітапханалардың барлығы да халыққа берері мол заманауи жобалармен айналысқысы келеді. Тек көпшілігінің оған мүмкіндігі жоқ. Ол үшін ең алдымен заманауи сканер құрылғылары қажет. Аталған техникалырдың бағасы қымбат. Бұл жағынан кітапханаларға мемлекеттің көмегі қажет. Мәселен, біздің қымбат құрылғыға қол жеткізгеніміз жергілікті биліктің өлке тарихына деген жанашырлығының көрінісідер едім. Өз басым бұл жобаны павлодарлықтар өңірлер арасында алғашқыболып іске асырып жатқандығын мақтанышпен айтамын.

- Осы бағытта алда тағы қандай жұмыстар атқармақшысыздар?

- Жоспар көп. Жұмысымыз ауқымды. Біз ескі газеттермен қоса кітапхана қорында сирек кездесетін кітаптардың да электронды нұсқасын дайындаумен айналысамыз. 2019 жылы кітапхана қорындағы 1882 дана сирек кездесетін кітапты сандық форматқа көшірдік. Келер жылы да осындай көлемдегі кітаптарды цифрландыру ойда бар. Бұл жұмыстар кітапханамыздың «Онлайн кітапхана» жобасында жүзеге асуда. Бұл жобамыз да өзгелерден заманауилық қырымен ерекшеленеді. Тың жоба негізінде оқырман сайтқа кіріп өзі іздеген кітаптың облыстағы қай кітапханада бар екендігін біле алады. Әрі сол кітапқа тапсырыс беру мүмкінідігіне де ие болады. Егер тапсырыс берген кітабы шалғайда болса, электронды нұсқасын «Онлайн кітапхана» сайтынан оқи алады. 

Ал «Павлодар облысының цифрлы баспа банкі» жобасы бойынша облыстық газеттерді сканерден өткізіп, ресми сайтқа жүктеп болған соң аудандық газеттерді цифрлық форматқа ауыстыруды бастаймыз. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың жылдық» деген қанатты сөз бар. Ғаламтор мен техника қарыштап дамығанымен мерзімді басылымдардың орны бөлек. Біз тарихымызды таңбалаған басылымдарды жаңа заманда да жарқыратып көрсетуіміз керек.

- Жұмысыңызға табыс тілеймін. Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен – Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ,

Павлодар қаласы.