Жамбыл облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мақсұт Нәлібаевпен әңгіме
Жамбыл облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мақсұт Нәлібаевпен әңгіме
– Қазіргі таңда Жамбыл облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті аймақта экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргізіп, бірқатар жемқор басшылардың «бетпердесін» сыпырып, олардың шын мәнінде кім екенін халыққа әшкерелеп беруде. Бұл жұмыс қалай жүргізілуде?
– Жамбыл облысының қаржы полициясы қызметкерлері 6 ай ішінде экономика саласында орын алған 246 қылмысты анықтады. Облыста арақ-шарап өнімдерін қолдан жасайтын 2 жасырын цех әшкереленіп, 3 778 мың жалған акциз маркалары мен спирт өнімі заңсыз айналымнан алынды. Сонымен қатар, ағымдағы жылғы наурыз айында қаржы полициясы департаментімен «Coca-Cola», «Sprite», «Fanta» сусындарын антисанитарлық жағдайда заңсыз жасайтын астыртын цехтың «қызметіне» нүкте қойылып, 3 434 жасанды сусын құйылған бөтелкелер тәркіленді. Ойын бизнесі саласында 21 заңсыз ойын-сауық залдарының, оның ішінде 2 астыртын казиноның қызметі тоқтатылып, 3 рулетка, 3 покерлік үстел, 63 ойын автоматтары, 13 терминал және 136 жүйелі блогтар «бизнестерін» тоқтатты.
Сонымен бірге, ағымдағы алты айда сыбайлас жемқорлық бойынша 115 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 13 парақорлық (10 пара беру, 2 пара алу және 1 парақорлыққа делдалдық жасау) фактілері бар. Мысалға, «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық сипатында жасалған 6 қылмыс анықталды. Айталық, ақпан айында Талас ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастығына қатысты ҚР ҚК 307-бабының 2-бөлімі (қызмет өкілеттігін теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни, мекеме басшысы лауазымды тұлға бола тұрып, белгілі бір адамдарға пайда мен артықшылықтар беру мақсатымен Ойық ауылын сумен жабдықтау құрылыс жұмыстарының қалай атқарылғандығын тексерместен қабылдап, «Ауыз су» және «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламалары бойынша бөлінген 81 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын «СК Биік асулар» ЖШС-не атқарылмаған жұмыстар үшін аударып жіберген. Талас аудандық сотының үкімімен «СК Биік асулар» ЖШС-нің банк шоттарына, жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салынды. Сарыкемер ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Д. Сумелидиге қатысты ҚР ҚК 177-бабы 3-бөлімінің «а», «б», «г» тармақтары (алаяқтық), 314 бабының 3-бөлімі (қызметтік жалғандық жасау), 235-бабының 2-бөлімі (ұйымдасқан қылмыстық топты немесе қылмыстық қауымдастықты (қылмыстық ұйымды) құру және оны басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысу) бойынша қылмыстық істер қозғады. Ауданның бас сәулетшісі А. Момынжановтан, Өзбекстан Республикасында туған Н.Жұбаевтан, Сарыкемер ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Д. Сумелидиден, К.Құралбаевтан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты Байзақ ауданы Сарыкемер ауылдық округінің бұрынғы әкімі Я. Мұсаев басқарған. 2001-2010 жылдар аралығында олар азаматтардың сеніміне қиянат жасап, алдау арқылы жер телімін беру үшін барлығы 9 миллион теңгеден астам көлемдегі қаражатты иеленіп кеткен. Д.Сумелиди, өз кезегінде, Сарыкемер ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы деген уақытша қызметін жеке бас пайдасына пайдалану үшін, заңсыз шешімдерге қол қойып және оны бекіте отырып, оралмандардан 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін пара алып, қылмыстық топ мүшелеріне бөліп беріп отырған. Байзақ аудандық сотының үкімімен Д. Сумелиди алаяқтық, қызметтік жалғандық жасау, ұйымдасқан қылмыстық топты немесе қылмыстық қауымдастықты құру және оны басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысуы бойынша кінәлі деп танылып, дүниемүлкі тә ркіленіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
– Қаржы полициясының жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде парақорлық сипатындағы 13 дерек анықталғанынан біздің хабарымыз бар.
– Иә, ағымдағы жылдың басынан департамент қызметкерлерімен қазақ-қырғыз шекарасында мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілерін анықтауға бағытталған белсенді жұмыс жүргізілді. Атап айтсам, «Қарасу» шекара бақылау жүк бекетінің бастығы А.Сәрсенбаев 2012 жылдың желтоқсан айында және 2013 жылдың қаңтарында азамат А.-дан шекара бақылау бекеті арқылы халық тұтынатын тауарлар тиелген автокөлікті ҚР мемлекеттік шекарасынан шекаралық қараусыз, кедергісіз өткізгені және қамқорлыққа алғаны үшін жалпы сомасы 236 000 теңге пара алған. Әскери соттың үкімімен А. Сәрсенбаев ҚР ҚК 311-бабының 2-бөлімімен (пара алу) бойынша кінәлі деп танылып, ҚР ҚК 55-бабына сәйкес (белгiлi бiр қылмыс үшiн көзделген жазадан гөрi неғұрлым жеңiл жаза қолдану) 4 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. «Қарасу» кеден бекетінің 1 дәрежелі маманы Е. Байменов те лауазымды тұлға бола тұра 2013 жылдың 15-ші және 18-ші наурызында азамат Т.-ның тауарларын еліміздің мемлекеттік шекарасынан кедергісіз өткізгені және жалпы қамқорлығы үшін 30 000 теңгені пара ретінде жүйелі түрде алып отырған. Қордай аудандық сотының үкімімен Е. Байменов пара алу бойынша кінәлі деп танылып, шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қордай» кеден бекетінің 2-дәрежелі жетекші маманы А. Әділбаев та 2013 жылдың 7-ші, 10-шы және 17 сәуірінде азамат С.-дан ҚР мемлекеттік шекарасынан халық тұтынатын тауарларды шекаралық қараусыз, кедергісіз өткізгені және жалпы қамқорлығы үшін 21 000 теңгеден жүйелі түрде пара алып тұрған. Қордай аудандық сотының үкімімен А. Әділбаев кінәлі деп танылып, құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызметте 3 жыл мерзімге дейін қызметке орналасу құқығынан айырылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Наурыз айында Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының Жамбыл облыстық филиалының Меркі аудандық бөлімшесінің бастығы Е.Ахтанбердиевтің үстінен сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасы бойынша ҚР ҚК-нің 311-бабы 1-бөлімімен (пара алу) қылмыстық іс қозғалды. Яғни, ол мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлға бола тұрып, 2013 жылдың 20 наурызында азаматша М.-дан көтеріңкі зейнетақы төлеу үшін 60 000 теңге пара алған. Меркі аудандық сотының үкімімен Е. Ахтанбердиев кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте 3 жыл мерзімге дейін орналасу құқығынан айырылып, шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды.
– Иә, үлкен ұжым басшыларының ой-өрісі мен азаматтық ақыл-парасаты да лауазымдарына сай үлкен болғанға не жетсін. Бірақ, өкінішке қарай, олар ел сенім артқан лауазымды басшы бола тұра арзымайтын тиын-тебен үшін неше түрлі айла-тәсілдерге барып, сол пасық әрекеттері арқылы мемлекет қаржысына қол сұғып, тіпті, жемқорлыққа өзіне бағынышты қызметкерлерін де еріксіз мәжбүрлеуге баруда...
– Дана халқымыз «Ұрлық түбі – қорлық» демеп пе еді. Ондайлардың бар екені де, отаған сайын арам шөп сияқты қаптап шыға беретіні де рас. Бірақ «бір секірдім– құтылдым, екі секірдім – құтылдым, үшінші рет секірдім – тұтылдым» дегендей, кез-келген жемқор мен кез-келген парақор, ол мейлі басшы болсын, мейлі қосшы болсын, бірде болмаса бірде қаржы полициясы қызметкерлерінің құрығына түсетіні анық. Түсіп те жатыр. Өйткені, өркениетті құқықтық қатынастардың сыбайлас жемқорлықпен және оның көріністерімен бір арнада тоғыспайтындығы белгілі.
Бүгінде біз облыстағы бизнес ассоциацияларымен, «Альянс» және «Атамекен» қоғамдық ұйымдарымен, өңіріміздің басқа да бірқатар ірі кәсіпкерлік құрылымдарының өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, олардың сыбайластық пен жемқорлыққа қатысты ой-пікірлерін біліп тұрамыз. Бұл кездесулер, өз кезегінде, бізге кімнің кім екенін ашып беруде.
Әңгімелескен
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.