Сұхбат • 26 Наурыз, 2020

Әлемді әзіл-сықақ сақтайды

2321 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен «Парасат» орденінің иегері, «Аты жоқ кітап», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Мың бір мысал», Па, шіркін, Пародия!», «Батпанқұйрық», «Сөйле десең, сөйлейін» атты 30-ға жуық сатиралық кітаптың авторы, белгілі сатирик Көпен ӘМІРБЕК қазақ сатирасының өткені, бүгіні һәм ертеңі туралы ой толғайды.

Әлемді әзіл-сықақ сақтайды

– Күлкі күні қарсаңында 70-ке толып жатыр екенсіз. Құтты болсын, аға! Шерхан аға Мұрта­за: «Үлкен ғалым Ш. Елеукенов 70 жасқа толып, Алма­­тыдағы Ғалымдар үйінде мерей­тойы өткенде өзі айтып еді: «Жетпіс» де­ген екі сөзден тұрады: «Жет», «піс» де­ген», – деп еді. «Жет» дегені дұрыс-ақ. «Піс» дегені... Қатерлі. Пісіп тұрған жемісті әр­кім-ақ жеп қойғысы келе­ді...» деген тәмсілі ойға оралады. Өзі­ңіз­ді қай жастамын деп сезінесіз?

– Жетпіске жеткен де бар, жетпеген де бар. Шүкіршілік. Күміс көмей бұлбұл әнші Роза Бағыланова апай 80 жылдық мерейтойына орай Республика сара­йында концерт берді. Дастарқан басында Алтынбек Қоразбаев апайдың қол-аяғын жерге тигізбей мақтады. «Әніңіз қандай, сәніңіз қандай, бөркіңіз қандай, көркіңіз қандай!» деп желпіндіріп келді де сөзінің соңында «Сізді сексенде деп кім ойлайды?!» деді. Роза апай шырт ете қалды. «Әй, Алтынбек, – деді, – мен сексенде емес, жетпіс тоғыздамын!» Сөйтсек апайымыздың сексенге толуына әлі екі ай бар екен. Осы оқиғаны ақын ағам Қадыр Мырза Әліге айтып едім, ол кісі: «Әйелдердің солай сөйлеуі – заңдылық! – деді қысқа қайырып. – Мысалы, үш жасар қыздан «Жасың нешеде?» деп сұрашы. «Екіде» деп айтады».

Менің енді еркек атым бар ғой, алпыс тоғызда емес, жетпістемін. Ақын ағам Шөмішбай Сариев елу жасқа толған күні Мәдениет министрі болған ғұлама қай­рат­кер Мүсілім Базарбаевқа телефон ша­лып, «Аға, бүгін менің туған күнім, елу жас­­қа толдым!» десе, жарықтық: «Елуге кел­­сең, жетпіске қалай келгеніңді білмей қа­ла­сың» депті. Сәлден соң Академик Зей­нолла Қабдоловқа қоңыраулатып: «Мен Шөмішбай шәкіртіңізбін ғой, аға. Бүгін елу жасқа келдім!» десе ұстазы: «Айналайын, Шөмішбай, сол елуің­ді екі-үш күнге бере тұршы!» депті. Қайта оралмас қайран, 25 қайда? Ақын ағам Сабырхан Асанов жырлағандай: «Шіркін, біздің жастық шақ қайда қал­ған? Шүйгіні жапырылған сайда қал­ған!».

– Белгілі ақын, сықақшы Мыңбай Рәш­тің өзіңізге арнаған

 «О, – о, – о, Көпен келе жатыр...Көпен бара жатыр!..» деген өлеңінде м­ы­на­дай жолдар бар:

 «– Ойхой! Әне… Көпен келе жатыр!..

Ой, көрерменін күлкіге көміп тас­та­­ды-ау!

– Айтса айтқандай, Көпен дара батыр!

– Оу, ол енді қайда бара жатыр?..». Осы сұраққа не деп жауап берген болар едіңіз?

– Осыдан он жыл бұрын Шерхан Мұр­таза ұстазыма кездесе кетіп: «Аға, ал­пысқа келдім!» деп қуана амандас­пай­мын ба? Ол кісі бажырая қарады да, «Не бітіріп келдің?» деді. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Шынында, не бітір­дім? Елуге толған шағымда Әбіш Ке­кілбайұлы ағам «Көпен, қаламыңды тас­тама, сен қазаққа керексің!» деп еді. Сонда бір сәт ойланғанмын. Қазір былай бажайлап, өзіме өзім сын көзбен қара­сам, соғыстың соңғы жылдарын­да жара­ланған жауынгердей жатып қал­ға­ным­ды байқаймын. «Өмір – күрес, өмір – майдан» дейміз. Тәлім беріп, тәрбиелеген Темірбек Қо­жа­кеев ағайымыз санамызға сі­ңір­гендей, «сатирадай қаһарлы қару­ды қолдан түсірген» емеспін. Ол жағын келте қайырмай кейі­ні­рек айтармын, айналайын. Ақын Тұрсынзада Есімжанов бір сұхбатында: «Жалпы менің жазғандарым 90 том, кейінгі ұрпақ оқи жатар» дегені есімде. Мен де сол сияқтымын-ау... Тоқ­сан том болмаса да тоғыз томымды бас­паға дайындадым.

– Мәселе кітаптың оқылу­ын­да дей­сіз ғой...

– Қайраткер қазақ Бекет Тұр­ға­раев бір кез­дескенімде: «Біз енді жазған-сыз­ға­­ны­мызды жи­нақ­тап, дайындалуымыз ке­рек. Көзі­міз кетсе, мұрамызды кім іздеп, кім сұрыптайды?» деді. Өзінен гөрі маған жана­шыр­­лықпен айтты-ау, сірә? Әбділда Тәжі­баев атамыз меңзегендей «кеше­­ден бүгінге келген» ұрпақ­пыз. Ертең­ге не деп барамыз? Қай мұрамыз ха­лықтың аузында жүреді? Қазақ әде­биет­інің классигі Ғабит Мүсірепов 5 том­дық таңдамалы шығармаларын бас­па­дан шығарғанда, сыншылар қауымы онысын қомсынды. Азсынды. «Мұхтар Әуезовтікі – 20 том, Сәбит Мұқановтікі – 12 том. Сіздікі – бес-ақ том. Бұл қалай? Болмайды, Ғабе. Құрығанда 10 томды­ғы­ңызды дайындаңыз» деп жанашырлық танытты. Міне, қызық. Екі-үш жылдан соң жарықтық Ғабең 5 томын сұрыптап 3 томға түсірді. Таңғалғандарға сөз зер­ге­рі былай жауап бергенін білем: «Осы 3 томымның ішіндегі екі әңгіме жиырма жылдан соң оқыла ма, оқылмай ма? Біл­меймін». «Көпен қайда бара жатыр?» дейсің. Кейін­гі ұрпақ сын-сықағымды қа­б­ыл­дай ма, қабылдамай ма? Міне, гәп қайда?

– Біздегі қазір кемшін нәрсе не?

– Жапан даланы жаңғыртып жыр төккен ақын Тайыр Жаро­ковтың жары Мүнира апайдың естелігіндегі тәлім алатындай тамаша оқиғаны еске түсірейін. Тайыр ағаның жалындап тұрған жас кезі. Буы кеппеген жаңа жырын редакцияға апарса, Ілияс Жансүгіров ағасы да өз өлең­дерін әкелген екен. Ағалы-інілі екеуі ойда-жоқта тоғысады. Ілекеңнің дүние­сін редакция басшылары қуана қабылдайды. Сол арада Тайыр Жароков өлеңін дауыс­тап оқиды. Құлақ қойып мұқият тыңдаған Ілияс ағасы: «Қой, менің өлеңімді қайтып бер де, Тайырдың поэзиясын басыңдар. Менікінен гөрі Тайырдың өлеңі тәуір екен. Менің өлеңдерім тұра тұр­сын, обал жасамайық» деп қояр да қоймай өзінікін қайтып ал­ған. Қазір бізде қамқорлық жағы қара жаяу қалған-ау! Кем­ші­лігіміз – осы. «Сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұр­сынға» көшіп, өз арбамызды өрге сүйреуге пейілміз.

– Семсер тілдің серкесі Сейіт Кен­жеах­метов ағамыз: «Күле білу – өмір, күл­діре білу – өнер, күл­кі болу – өлім» деген екен. Қа­зақ қашанда күле де, күл­діре де білген халық қой. Қазір жұрт күл­кіміз өзгеріп кетті деп жүр? Күл­­дірем деп бүлдіріп алатын сәт­тер көп... Қазіргі күлкінің сиқы – қиқы-жиқы. Күлкінің қуа­тымен шыжғыру неге жоқ?

– Сатираның дені сахнаға саяқ кетті. Үйірінен үркіп қашқан жылқыдай, жуық арада қайыру қиын. Қазақстанда қазір он сегіз әзіл-сықақ театры бар. Бәрі – жекеменшік. Қоғамдық кеселді қопарып сынауға қауқарсыз. Не болса соны күлкіге айналдыруға тырысып, тыраштанатынын қайтерсің. Көди-сөди, көр-жер, пытықы-шытықыны тілге тиек еткеннен күлкінің күні шыға қоя ма? Көңіл көтеретін көркем дүниені көже-қатыққа айналдырып алған сыңайлы. Әлемге әйгілі түрік әзілкеші Әзиз Несин Мәс­кеуге келгенде Юрий Никулиннің коме­дия кешін екі сағат көріп бір рет те езу тартпаса керек. Соның себебін сұ­рағанда, былай жауап қайырған: «Сіз­­дердің қоғамдарыңыз – зиялы, тәр­биелі қоғам. Оның бойында біздің қо­ғам­дағыдай мерез жоқ, сорақылық жоқ. Сіздер өз қоғамдарыңызға ризасыздар, оны құрметтейсіздер. Сіздер қасиетті қоғамдарыңызға лайық емес, жекелеген кісілердің теріс қылықтарын әшкерелеп кү­лесіздер. Ал біз өзіміздегі ка­пи­талистік қоғамның бізге, кейінгі ұр­пағымызға жасап отырған зұ­лымдықтарын, кесапаттарын әш­керелеп күлеміз. Сіздер өз қоғамдарыңыз үшін өмір сү­ре­сіздер. Біз өз қоғамымызды жою үшін өмір сүреміз! Сіздер күл­ген­де – көздеріңізден жас ағады. Біз күлгенде – көзімізден қан ағады!».

Анда-санда атойлап қоятын біздің әзіл-сықақ театрымыз көзі­міз­ден қан ағызатын күлкіге бара алмай жүр. Ұсақ-түйек күл­кіге мәз болатын бақытты жұрт­қа айналу үшін әуелі қоғамдағы қо­қысты сын-сықақпен сыпырып тазарт­қан жөн. Опера театры бар. Балет театры бар. Драма театры бой көтеруде. Енді не жоқ? Мемлекеттік сатира театры салынса кері тартқанды бері тартып, Абай айтқандай, «толық адамдардың» тобын көбейтуге септігі тиер еді.

– «Тілінің ұшымен сөйлейтін адамдар бар, жүрегінің ішімен сөй­лейтін адам­дар бар» депсіз. Осы­ның қай­сы­сын­да сатира көбірек деп ойлайсыз?

– Сырт көз – сыншы. Осып сөйлесең де, көсіп сөйлесең де, бөсіп сөйлесең де ел-жұрт елегінен өткізіп байқап отырады. Жүректегі әзіл жүзіңді нұрландырады немесе сұрландырады. Ең үлкен юмор – емеурін. Емеурін танытудың өзі шындық болса шымбайына батырып шымшып алғаннан жаман. Оспағың оспадарсыз болса, ең әуелі күлкіге өзің ұшы­рай­сың. Сын-сықақ өзегіңді өртеп, жүрегіңді тілгілегеннен кейін ғана туындайтын жанр. Тілінің ұшымен сөйлейтіндер кім? Немкеттілер. Жаны ашымайтындар. Жауапсыздар.

– Бір әңгімеңізде: «Қырыққа дейін «Көпен келе жатыр!» – фельетонның ны­саны, дәуірі еді. Қазір фельетон жан­ры жо­ғал­ды, бүгінде сахналық са­ти­ра алға озды» дедіңіз. Са­ти­ралық жанрларға жан бі­ті­ру үшін не істеу керек сонда?.. «Он сықақшы жабылып Ос­пан­ханның орнын толтыра алмай­ды» деген сөзіңіз тағы бар. Неге са­тирада жастар жағы жоқтың қасы?

– Аты-жөнін атап, түрін түстеп, ауыр қылмысын айғақтап, жегенін желкесінен шығаратындай масқаралап жазатын фельетон жанрының жаназасын шығарып, жерлегелі қай заман. Сатиралық роман, повестеріңіз жан сақтау бөлімінде жатыр, жеке палатаға шығатын түрі жоқ. Пародия, эпиграммаларыңызға да «тұмау» тиген. Сырқат. Әлжуаз. Неге? Қалжыңбастар қатары сиреген, сатирада сап түзейтін сарбаз кем. Өзім көзін көріп, аралас-құралас болған сықақшылар кім еді? Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамед­жанов, Жүсіп Алтайбаев, Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уай­дин, Қажытай Ілиясұлы, Сейіт Кенжеах­мет­ұлы, Есенжол Домбаев, Марат Нұр­қа­лиев, Сақтапберген Әлжіков, Таңдай Кеней, Төленді Нұрмұхамедов, Жанғали Меймандосов, Жұматай Сабыржанұлы, Бектұрсын Мәдиев... Бүгінде бәрі бақи­лық. Тоқ­санға таяған Мыңбай Рәш, Ғаббас Қабышұлы, Табыл Құлияс, алпыс­тың ар жақ, бер жағындағы То­лым­­бек Әлімбекұлы, Берік Садыр, Ер­махан Шай­қы, Мұхтар Шерім  және жетпістің желкесіне мінген Доқтырхан Тұрлыбек, Алпысбай Боранбай, Өріс Яшүкірқызы ғана қалды. Қазақ сатирасы жұттан кейін енді-енді есін жинап жат­қан ел сияқты. Лев Толстой «Орыс әдебиеті менен кейін біраз жыл демалады» деген екен. Сол сияқты қазақ сатирасы да Оспанханнан кейін демалып жатыр-ау?..

– Осы орайда Оспанхан аға­мыз­­дың «Бір ұрыны бір ұры ұрды. Бір ұры қарап тұрды» деген жа­ңылт­па­шы еске түседі. Көп жағ­дай­да жа­ңылтпаш дегеніміз тілі «р»-ға кел­мей­тін кішкентай балалар үшін ойлап табылған, сәбилердің тілін жат­тық­тыратын дүние десек те, екін­­ші жағынан ересектердің өзіне езу тарт­қызатын өнер ғой. Жа­ңылтпаш айт­қы­зу­дан неге бай­қау өткізілмейді екен?

– Рәтбек қажы айтқандай, «Өте орынды ұсыныс!» Бүгінгі балалардың тілі «р»-ға келгенмен әліппедегі қырық екі әріптің оншақтысын айта алмайды. Жаңылтпаштан жарыс ұйымдастыру керек. Бұл – Ана тіліне құрмет. Тіл сындыру оңай емес. Жас кезімізде жаттаған жаңылтпаштар есімізде.

«Тауға қайың бітеді тал аралас,

Жаңбыр жауып келеді қар аралас,

Бір топ кемпір келеді шал аралас,

Бір топ қыздар келеді бала аралас,

Бір топ сиыр келеді тана аралас,

Бір топ тұлпар келеді шаң аралас,

Бәрі аралас, Құдай-ау, бәрі аралас».

Жаңылтпаш жазуды Осағаң дамытты. «Асылғазы басын қосып еді, Асылғазының қасындағы Қасымғазы да асыға басын қасы­ды». Бұл – жағымпаз тур­алы жаңылтпаш. Кейінірек Бейсенбай іні­міз дамытты. «Жағажайда Қамажай жа­тыр. Жағажайдағы Қамажайдың қа­сында қарағайдай кәрі ағай жатыр. Қарағайдай кәрі ағай Қамажайға бірде­ңе деуге жарамай жатыр». Қанша әс­пет­тесек те баяғы бабаларымыздың жа­ңылтпашына жетпейді. «Алпыс алты ала баспақ бақтым. Алпыс алты ала баспақтың ішінде бір тарғыл тарғақ бас ақ баспақ бар. Сол тарғыл тарғақ бас ақ бас­пақты мен тарғыл тарғақ бас ақ бас­пақ демегенде, кім тарғыл тарғақ бас ақ баспақ дейді?».

Жаңылтпашты ғана емес, баяғы за­ман­дағы баба­ла­ры­мыз­дың отан­сүй­гі­ш­тік рухта жа­зыл­ған жауынгерлік жырларын жастардың бойына сіңіру үшін мектепте пән ретінде енгізу керек. «Оңғар оралар, Оңғар оралмаса Омар оралар, Омар оралмаса олар оралар» дегендей тіл сындыртып тірі дәстүріміздің ортаға оралуы – балалар үшін бақ-дәулеттің бірі.

– Қалтай Мұхамеджанов: «Ара» жа­был­ғаны – қазақ сати­ра­сының қара жамылғаны» деді. Осағаң: «Ара» – ара болады, шаққан жері жара болады» деді. «Араның» атынан баяғыда ат үрке­тін? Қазіргі халі қалай?

– Жолға түскен жорғадай боп келе жатқан Қазақстанның аяғына тұсау салатындарды тұ­қыр­ту мақсатында айбарлы «Ара» журналын қайтадан қалпына келтіру қиын ба? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы өз Жолдауында «Ұй­ымдасқан қылмыс пен сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күресте бұқаралық ақпа­рат құралдарын тиімді пайдалану керек» деді. Іздегенге – сұраған. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орын­басары Бауыржан Байбектің ұй­ға­рымымен қазір «Ара» рес­пуб­ли­калық «Айқын» газетінің ішінен шығып келеді. Алпамыс батырдай атағы аңызға айналған айбарлы «Араның» құндылығы қанша? Ұстазымыз Темірбек Қожакеевтің құлағымызға құйған сөзі бар: «Кімнің күлкісі басым болса – соның мысы да басым». Немесе Максим Горький айтқандай, «Юмор ақымақтарды күлдіру үшін емес, күлкіге жығып, келекелеу үшін қажет».

Әлемдегі әзілкештердің орта­­лығына айналған Болга­рия­­­ның Габрово қала­сын­да Сати­ра және юмор үйі бар. Оның маңдай­ша­сына «Әлемді сақ­тайтын – әзіл-сықақ» деп таңбалап қоюы тегін бе? Тегін емес. Неге? Әзіл-сықақ қоғам­ды қоқыстан тазартады. Сақтайды. «Егер менің ішімді жарып көрсең, жы­лауың­ды ұмытып шошыр едің» деп Абай қамыққандай, қоғам ішіндегі адам шошырлық қоқысты тазартып сақтайтын – сатира.

– Ресейдің М.Жванецкий, М.За­дорнов, Е.Петросян сияқ­ты мықты сати­­риктерінің әрқай­сысы бір-бір театр­­­дың рөлін атқарады. Бізде осы мек­­теп неге қалыптаспаған? Мәсе­лен, қаны қайнап тұрған қал­жың­­да­ры­­ңызды неге өзіңіз сахна­ға шығып оқы­масқа?

– «Қыз Жібек» фильмінде Беке­жанның ойланып тұрып «Нар­тәуекел!» дейтіні бар ғой. «Нартәуекел!» деймін бе? Деймін-ау!

– «Хемингуэй тікесінен тұ­рып аф­ри­калық анти­ло­па­ның терісі үстін­де жазатын болған» дейді. Харуки Мура­камидің спортпен айналысқанда шабыты оянады екен. Қазақ қалам­гер­лерінің де жазу машығы бір-біріне ұқсай бермейді. Сіздің ерекшелігіңіз неде?

– Әр қаламгердің жазу ма­шығы әрқилы. Орыстың ұлы мысал­шысы Кры­лов әзіл дүние­ле­рін әжетханада оты­рып жазған екен. Пушкин ше? Каби­нетінің төрт бұрышында төрт үстел тұрған. Бірақ байыз тауып оның біре­уін­е де отырмаған. Қырман басқан ат секілді шыркөбелек айналып жүріп өлеңінің бірінші жолын бірінші үстелге, екінші жолын екінші үстелге, үшінші жолын үшінші үстелге, төртінші жолын төртінші үстелге түсіре берген. Тікесінен тік тұрып шабытын шақырған. Әлем әдебиетінің классигі Лев Толстой терезесінің сыртында өсіп тұрған еменге қарап еміренген. Күндердің күнінде ұлы жазушы демалысқа кетеді де үйі мен ауласын тазалап қоюды жұмысшыларға тап­сырады. Олар қайтеді? Терезеге жарық түсірмейді деген оймен ерте за­ман­ғы еменді тамырымен қопарып алып тастайды. Лев Николаевич қайтып келсе – емен жоқ. Орны тып-типыл. Қаламы жүрмейді. Қатты ашуланады. Еменді қайта әкеп орнына отырғызады. Содан кейін ғана Толстой құрыс-тыры­сы­нан құтылып, шабыты ояна бастапты.

«Бәйтерегім – байтақ елім» деген поэманың авторы, менің ақын құрдасым Несіпбек Айтұлы осыдан жиырма жылдай бұрын Бәйтерекке қарамаса өлең жаза алмайтын «ауруға» ұшырады. Ұлы адамдар ұқсас болады ғой. Мен ондай емеспін. Еменге де, ештеңеге де қарамаймын. Пушкин секілді төрт үстелім де жоқ. Түрт сайтаным түртіп, идея мен оспадарсыздың образы көз алдыма көрінгенде, желдеп кеткен ешкідей боламын. Ағаштың ішін аралап немесе өзен бойын өрлей жүріп сатиралық дүниемді санама түсіре беремін. Жадымда жатталып қалған жатыпатар сөздерімді үйге келгесін қас-қағым сәтте қағазға түсіре қоямын. Бітті. Көп дүниемді жатқа айтатыным да осыдан-ау? Жұрт әуелі жазады сосын жаттайды. Ал мен әуелі жадыма сақтап жаттаймын, сосын барып жазамын.

– Кімге қарыздарсыз?

– Оппо-о-о! Осы сұрақты Әнет баба өзінің шәкірті Қаз дауысты Қазыбекке қойған екен.

– Аузы дуалы айдарлы би атандың. Сен бұл дүниеде кімге қарыздарсың? – десе, шәкірті:

– Әуелі Аллаға қарыздармын! – депті.

– Сосын?

– Анама қарыздармын. Ол мені жарық дүниеге әкелді.

– Сосын?

– Әкеме. Ол мені өсірді, бақты-қақты, оқытты, тәрбиеледі.

– Сосын?

– Халқыма қарыздармын. Хал­қым менің қадіріме жетіп көтере біл­ді.

– Тағы?

– Одан кейін Отаныма қарыз­дар­мын. Менің бойыма туған же­рім­ді, елімді сүйіп ерді қадірлеу сезі­мін сыйлады.

– Тағы да?

– Ұстазым Әнет баба, сізге қарыз­­дар­мын. Сіз менің көп нәр­се­ге көзімді аштыңыз.

Міне, ғибратты әңгіме. Мектеп қабыр­ғасында жүргенде мені әдебиетке бау­лыған Бекболат Нәдіров ағайды ұмытпаймын. Оныншы сыныпта еркін шығарма жазып, ұстазымнан ұрыс естідім. «Ой, көксоққан, сенен әжептәуір әдебиетші шыға ма десем, мы­на­уың не?» деп жазғанымды бетіме басты. Сөйтсем масқара-ай, «Маркс» деген сөзді тасымалдаппын. Дәптердің оң жағына «Мар» деппін де, сыймаған екі әріпті жаңа жолдан «кс» деп қонжитып қойыппын. Негізі бір буынды сөзді тасымалдауға болмайды ғой. Есіме түссе ішек-сілем қатып күлем қазір.

Буынымызды бекітіп, қабыр­ға­мызды қатайтқан ұстаз­да­ры­мыз қандай, шіркін! ҚазМУ-дің ректоры Асқар Закарин, Өмір­бек Жолдасбеков, журна­лис­­­тика факультетінің дека­ны Тауман Амандосов пен Темір­бек Қожакеев, дәріс оқы­ған Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин, Бейсембай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Мархабат Томанов, Абдул-Хамид Мархабаев, Мырзатай Жол­дас­беков, Рымғали Нұрға­лиев ағаларымыздың үні құла­ғы­мыздың түбінде сайрап тұр... Елі үшін еміренетін қайраткер қазақ Амангелді Айталыны сырттай ұстаз санаймын. Сол кісінің байыпты ойымен әңгімемді аяқ­тайын. Үндістер мекендеген Ка­нада деген ел бар. Канада – үн­дістер тілінде «еркін ел» де­­ген мағына береді екен. Бес ғасыр бұрын испандар отарлап, халық санағын жүргізгенде үн­діс­тердің саны 14 миллионнан асқан. Қайсыбір жылы халық санын қайта есептегенде соншама жергілікті ұлттан 800 мыңы ғана қалыпты. Солардың ішіндегі бір мил­лиардер кәсіпкерден «Сіз байсыз. Байлық – бақыт па?» деп сұрағанда, ол «Жоқ, байлық бақыт емес. Ғұмыр бойы жинаған бар байлығымды елімнің бір күндік тәуелсіздігіне айырбастар едім!» деп жауап берген. Парасат-пайымы сол үндістей қазақтарды ұлттың ұстазы деп есептер едім. Қазақстан қаншама ұлтты бақты, мәпеледі, өсірді. Біз ең бірінші елімізге қарыздармыз.

– Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет, аға.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»