27 Тамыз, 2013

«Арақтың арқа сүйері күшті,ал, шылымның шағым айтар шамасы жоқ»

1911 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәліметтерге қарағанда, 2012 жылы Қазақстанда 200 мыңнан астам адам алкогольге тәуелділіктен зардап шеккен.

Арзан арак

Арзан арак 

Жұрт осылай дейді. Сенерсің бе, сенбессің бе?.. Сенбейін десең өмірде болып жатқан жағдайлар халықтың осы айтқандарын растайтын сияқты. Мысал керек пе? Мысал дегенің жеткілікті. Айталық, темекінің бағасы жыл сайын қымбаттайды. Соның нәтижесінде бүгінде бір қорап темекінің құны бір шөлмек арақтың бағасымен теңесті. Ал, «арқа сүйейтіні бар» арақ болса, сол баяғы күйінде «тапжылмастан» тұр. Жарты литрлік шөлмек осыдан дәл 15 жылдай уақыт бұрын шамамен 120-150 теңге тұратын, сол «жартылығың» әлі де 320 теңгеден аса қойған жоқ. Сонда біздің ел үшін ең қасиетті, ең керекті тағам арақ болғаны ма? Қалыптасқан ахуалға қарағанда, сірә, шынымен де солай болса керек. Басқасын білмеймін, Қазақстанда әйтеуір ішкіштердің жолдары болып тұр. Зей­неткерлер азын-аулақ зейнетақыларын азық-түлікке жеткізе алмай дал болып жүр­генде, маскүнемдер дүкендерге өз үйі­не келгендей емін-еркін кіріп, 320 тең­ге­нің жартылығын қойнына қысады да, «көрдіңдер ме, біздің беделіміздің қандай екенін» дегендей, талтаңдай басып шыға береді. Бүгінгі өмір шындығы, міне, осындай.

Құдай сақтасын, біздің темекіге қарсы жүргізіліп жатқан күреске өкпе айтар ниетіміз жоқ. Өйткені, темекінің адам денсаулығына зиянды екенін барша жұрт сияқты біз де түсінеміз. Сондықтан шылым шегуден аулақ болған кісінің пайда таппаса, зиянға шықпайтынын да жақсы білеміз. Ал «Тойбастар» деп аталатын жартылық арақ 320 теңге тұрғанда, «Парламент» сигаретінің бір қорабының 270 теңгеге жеткенін, сөйтіп, іс жүзінде арақ пен темекі бағасының теңескенін (әлемнің ешбір елінде болмаған жағдай!) әншейін дерек ретінде ғана келтіріп отырмыз. Бізді, бар болғаны, темекіге қарсы жүр­гізілген күрестің араққа келгенде мүл­де кібіртіктеп, жүрмей қалатыны таң­ғалдырады. Шылымшыларға қарсы кү­рестің күшейгені сондай, тіпті, ана жерде темекі шегуге болмайды, мына жер­де темекі шегуге болмайды, деп дікің­дей­тін­дер көбейді. Ондайда темекі шеге ме, арақ іше ме, ол адамның өз ықтиярындағы нәрсе екені, яғни адам құқы дегеніміз де онша ескеріле бермейді. Онымен де қоймай, темекі қораптарының сыртына кісінің үрейін алатын суреттер салынатын болды. Кейде бұл неғылған сүргін деп те ойлауға мәжбүр боласың. Әлде осының бәрі халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін, болмаса, денсаулыққа «жауаптылардың» міне, біз осындай жұмыстар жүргізіп жатырмыз деп рапорт беруі үшін керек болды ма екен?.. Өйткені, тыйым салу темекі мен арақтың адам денсаулығына қаншалықты зиянды екендігін түсіндіріп, үгіт-насихат жүргізуден гөрі әлдеқайда оңай ғой, оның үстіне, оған ақша да кетпейді. Сөйтіп, әр кезде де жеңіл жолды таңдайтын біздің ағайындар темекімен күресте де «қулықтарын» асырып кетті. Бірақ, оған қарап жатқан шылымқорлар жоқ, сол баяғысынша көк түтінді бұрқыратып-ақ жүр. Шындығына келгенде, арақтың адамзатқа келтіретін зияны темекіге қарағанда шаш-етектен. Біріншіден, арақ та темекі сияқты денсаулыққа зиянды. Мамандардың айтуларына қарағанда, инфаркт, инсульт, бауыр циррозы сияқты өмір үшін өте қатерлі сырқаттар дәл осы арақ ішу салдарынан туындайды екен. Екіншіден, арақ ішкен адам жұмыс қалдырады және ішкен күні ғана емес, оның ертеңінде де, өйткені, «бас жазу» керек. Тіпті, ұятты ойлап жұмысқа шыққан күннің өзінде ол адамның еңбекке қабілеті күткендегідей дәрежеде болмайды, басы ауырып тұрған адамның оқыс оқиғаларға да жол беріп алуы мүмкін. Сондықтан да, қоғамға ненің зияны көбірек екенін жақсы түсінетін кеңестік дәуірде темекіден гөрі маскүнемдікпен күрес қаттырақ жүретін. Үшіншіден, ішімдікке салынған адамның ерте ме, кеш пе, отбасылық өмірінен береке кетеді, балалары теріс үлгі-өнеге алады, тіпті, соның салдарынан ажырасып жатқандар да аз емес. Төртіншіден, мас адам сау адамға қарағанда қылмыс жасауға бейімірек тұрады. Сондықтан да шығар, «Мас болу дегеніміз, өз еркіңмен ақылың­нан алжасу деген сөз» депті бір данышпан. Ішімдікке салынғандардың өз өмірлерінің астан-кестеңін шығарғаны туралы мысалдарды біз күнделікті тіршіліктен күн сайын көріп те жүрміз. Осылардың бәрін біле тұра бізде темекіге қарсы күрескендей араққа қарсы күрестің жүр мейтіні неліктен? Күресті былай қойғанда, ең болмаса, арақ бағасының темекімен салыстырғанда мүлде қымбаттамай қоюының сыры неде? Темекі қорабының сыртына салынған үрейлі суреттер неліктен арақ шөлмектерінің сыртына салынбайды? Міне, осындай себептерден де халық арасында Қазақстандағы арақ зауыттарының артында бір-бір дөкей тұр, ал олар халықтың денсаулығын, елдің жағдайын емес, өз тауарларының өтімді болғанын қалайды, сол себепті де бізде арақ бағасы тиісті дәрежеде қымбаттамай отыр деген сөз гулеп-ақ тұр. Қазақстандық телеарналардың «алкогольсіз» деген желеумен сыраны жаппай жарнамалауының сырын да, сірә, жоғарыда айтылған жайттардан іздеген дұрыс шығар.

Сөз орайында айта кетейік, кешегі кеңестік заманда жарты литр арақтың бағасы, мәселен, «Пшеничная» арағы 3 сом (рубль) 62 тиын болды. Ал, «Столичная» деп аталатын арақтың бір шөлмегі 7 сом 20 тиын тұрды. Осы уақыттарда бір килограмм еттің бағасы 1 сом 90 тиынды ғана құрады. Өзіміз көріп отырғандай, арақ ешқашан тамақтан арзан болған емес. Ол солай болуға тиіс те. Кез келген өркениетті елде арақ тамақтан арзан бола алмайды. Ондай жағдай халықтың наразылығын туғызар еді. Өйткені, арақ адам үшін ең басты қажеттілік емес, олай болса, оның бағасын кем дегенде он есеге дейін қымбаттатуға болады. Ал, бізде ше? Бүгінде, жоғарыда өзіміз айтып кеткендей, жарты литрлік шөлмек шамамен 320 теңге тұратын болса, бір килограмм ет 1300-1500 теңге тұрады. Міне, осы мысалдың өзінен-ақ «арақтың арқа сүйерінің күшті» екенін түсіну қиын емес. Қазақстандықтардың арақ ішуден әлемде алдыңғы қатарлы орындардың бірін иеленуіне де осы жағдайдың себепкер болып отырғаны ақиқат.

«Қазақстан алкоголизм бойынша Орталық Азия елдері ішінде бірінші орын алады». Бұл Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Жәмила Баттақованың сөзі. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстанда елдің әр тұрғынына 10-12 литр таза спирттен келеді. Егер Тә­жікстанмен, Түркіменстанмен, Қыр­ғыз­станмен және Өзбекстанмен салыс­ты­рар болсақ, олардағы көрсеткіш екі-үш есе төмен», деп атап көрсеткен Ж.Бат­тақова Tengrinews.kz порталына берген сұх­батында. Сондай-ақ, ол Қазақстан тұрғындарының 35 пайызының алкогольді пайдаланатынын, ал оның 17 пайызының ішімдікке салынғандар қатарында екенін де атап көрсеткен. Ішімдікті ең көп ішетіндердің 25 пен 40 жас арасындағылар екені де белгілі болып отыр. Осы орайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша, жан басына шаққанда жылына 8 литрден алкогольді ішімдік ішетін елдің ұлттық генефондының азғындыққа ұшырайтынын да ескерте кеткен абзал.

Қазақстан Орталық Азия ғана емес, дүние жүзі бойынша да алдыңғы орындарда тұр. Таяуда Ekonomist журналы Шарап және спиртті ішімдіктер рыногын зерттеу жөніндегі халықаралық ұйымның мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, 2012 жылы әлем бойынша 4 миллиард 440 мың литрден астам арақ ішілгенін, оның тең жартысының Ресей тұрғындарының еншісіне тиетінін жазған. Осылайша, өткен жылы әр ресейлік 13,9 литр арақ ішкен екен. Осы тізім бойынша да Қазақстан Ресей, Беларусь, Украина және Польшадан кейінгі бесінші орында тұр. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі келтірген мәліметтерге қарағанда, 2012 жылы Қазақстанда 200 мыңнан астам адам алкогольге тәуелділіктен зардап шеккен. Дейтұрғанмен, бұл сандардың да нақты көрсеткіш емес екенін, шынайы жағдайдың бұдан гөрі әлдеқайда күрделі болуы мүмкін екенін де естен шығармағанымыз жөн. Ол аз десеңіз, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, еліміздің әр тұрғыны арақтың сыртында жылына 31 литрден сыра ішеді екен. Бұл да әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Олай болса, неліктен бізде арақ-шарап бағасы көтерілмейді деген сауалдың туындауы орынды.

Егер ежелгі көршіміз Ресейге көз салар болсақ, оларда арақ бағасының біздегіден гөрі едәуір жоғарырақ екенін байқаймыз. Мәселен, Ұлттық алкогольдік саясатты әзірлеу орталығының жетекшісі Павел Шапкин келтірген мәліметтерге қарағанда, Ресейде арақтың жарты литрі өткен 2012 жылы 145-150 рубль тұрса, 2013 жылы 190-200 рубльге дейін көтерілген екен. Естеріңізге сала кетейік, Ресейдің 200 рублі біздің ақшаға шаққанда 1000 теңгені құрайды. Осының өзінен-ақ әлем бойынша ішімдік ішуден бірінші орын алатын көршілеріміздің өзінде арақ біздегіге қарағанда төрт еседей қымбат тұратынын аңғару қиын емес.

Біздің елімізде арақтың өте беделді екеніне тағы бір мысал келтіруге болады. Бүгінде Қазақстанның қалаларында не көп, дүкен көп. Мысалға, бір ғана көп қабатты үйдің астыңғы қабатынан бірнеше дүкенді кездестіруге болады және олардың 99 пайызы азық-түлік дүкені болып шығады. Ең қызығы сол, осы дүкендердің бәрінде де арақ-шарап сатылады. Сатып аламын деген адамға – жол ашық, тәуліктің кез келген уақытында кел де, алып іше бер. Әйтеуір, ақша түссе болды деп ойлайтын жеке меншік сатушылар сенің жасыңның нешеде екенін, яғни кәмелетке толған-толмағаныңды сұрап та жатқан жоқ. Ал, біздегі арақтың бағасының арзандығы сондай, оны сатып алуға кез келген мектеп оқушысының құдіреті жетеді. Іс жүзінде солай болып та жүр. Айта берсек, біздің қазақтың тойқұмарлығы да арақ ішуге тамаша сылтау болып табылуда. Сенбесеңіз, тойға барып көріңіз – ас та төк құйылып жатқан арақтың, екі езуі екі құлағында, қызара бөртіп жүрген қазақтың дәл үстінен түсесіз.

Обалы не керек, арақтың біздің елімізде тым арзан екенін әдетте ештеңеге алаңдай қоймайтын депутаттардың өздері де көтерді. Олардың пайымдауынша, Кеден одағына мүше елдер ішінде Қазақстанда арақ бағасының өте арзан болуы елде алкоголизмнің кеңінен таралуына түрткі болып отыр. Бәлкім, осындай себептерден шығар, ел Үкіметі соңғы кездері арақ-шарап бағасын өсіру туралы әңгіме де қозғай бастады. Соған сәйкес, алдағы күзде алкогольді ішімдіктердің тек маман­дандырылған дүкендерде ғана сатылуын және оның өзінде де 21:00-ден кейін оларды сатуға тыйым салынуын қарастыратын заң жобасы Парламент қарауына енгізілмек. Егер осы іс біздегі басы басталып, аяғы сиырқұйымшақтанып кететін өзге де бастамалардың жолын құшпай, тез арада жүзеге асып жатса кұба-кұп болар еді.

Ал әзірге соңғы бес жыл көлемінде Қа­зақ­станда алкогольге тәуелділіктің зарда­бынан немесе сапасыз спиртті ішім­діктер ішу салдарынан 12 мыңдай адам мына дүниемен қош айтысқан. Нар­ко­логиялық диспансерлерде емделіп жат­қан жерлестерімізге келер болсақ, олар­дың саны қазіргі таңда шамамен 210 мыңдай адамды құрайды екен. Егер шұ­ғыл түрде шара қолданбасақ бұл үрейлі көр­сет­кіштердің бұдан да әлдеқайда өсіп кетпе­сіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

__________________

Коллажды жасаған Амангелді Қияс.