Аймақтар • 26 Наурыз, 2020

Қашықтан оқыту қашықтағы ауылдарға қиын тиіп тұр

1442 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Облысымызда интернет тұрмақ, әлі күнге дейін ұялы байланыс желісі орнатылмаған ауылдар да бар.

Қашықтан оқыту қашықтағы ауылдарға қиын тиіп тұр

Төрткүл дүниені дүрліктірген індетке байланысты бүгінде еліміздің барлық өңірінде оқу процесі дистанциялық режимге, яғни, қашықтықтан оқытуға көшкені белгілі. Әрине, қашықтықтан оқыту үшін жылдамдығы жоғары, желдей жүйткіген интернеттің керектігі айтпаса да түсінікті. Алайда қазір еліміздің көптеген ауылдары интернеттің игілігін толық деңгейде көре алмай отырғаны жасырын емес.

 

Екі студент балам 80 шақырымға сабылып жүр

Интернеттің игілігі демекші, кеше бізге облыс орталығы – Өскеменнен шалғайда орналасқан Аягөз ауданының Тарбағатай ауылының бір тұрғыны телефон шалып, мұңын шақты. Қазіргі елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты екі студент баласы (бірі Алматыдан, бірі Нұр-Сұлтан қаласынан) туған ауылына келгенімен, интернеттің әлсіздігінен оқуларын дұрыс оқи алмай жатқандарын жеткізді. «Өзімнің төрт балам бар. Екеуі – студент. Мына онлайн оқулары бізге қиын тиіп тұр. Ауылда интернет кітапхана мен мал дәрігерлік пункітінде ғана бар. Оның өзінде жылдамдығы өте төмен. Видеоны былай қойғанда, фотоның өзі дұрыс ашылмайды. Тарбағатай ауылы мен аудан орталығы – Аягөздің арасы 80 шақырым. Ауылда интернет өте әлсіз болғандықтан екеуі амалсыздан Аягөзге күнде таксимен барып, оқып жүр. Екеуіне күн сайын таксиге 4 мың теңге (бір адамның барып-келуі – 2 мың) төлеуге мәжбүрміз. Олар барған соң аш жүре ме? Тамақ ішеді. Бұл – жалғыз біздің басымыздағы жағдай емес. Ауылға жан-жақтан келген студент көп. Мұнымен қоса жақында мектепте сабақ басталады. Үйде екі оқушы бар. Енді оларды қашықтықтан қалай оқытамыз деп уайымдап отырмыз. Ауылдағы интернеттің жылдамдығын арттырса жақсы-ақ болар еді» дейді Тарбағатай ауылының тұрғыны, екі студенттің анасы Аймангүл Ошақбаева.

Мәселенің мән-жайын білейік деп Аягөз ауданының әкімдігіне хабарласқанымызда ауданның ауылдық округтерінде 309 студент қашықтықтан оқып жатқандығын жеткізді. «Ауыл, мектеп әкімшіліктеріне қаладан келген студенттерді интернетпен кедергісіз қамтамасыз ету тапсырылған. Қазір Аягөз ауданының Ақтоғай кентінде 123 студент өздерінің ұялы телефондары арқылы қашықтықтан оқып жатыр. Алты студент осындағы Қадыржанов атындағы орта мектепте, 13 студент станцияға жақын орналасқан туыстарының үйлерінде дистанциялық режимде білім алуда. Майлин, Мыңбұлақ, Ақшәулі, Бозай, Тарбағатай, Сарыарқа, Қарағаш, Қосағаш, Байқошқар, Бидайық, Ақшатау, Ақши, Емелтау, Малкелді, Өркен, Мәдениет ауылдарындағы мектептерде жоғары жылдамдықты интернет болмағандықтан жан-жақтан келген 300 студентті қашықтықтан оқытуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан олар Аягөз қаласындағы туысқандарының үйіндегі интернетті пайдалануға мәжбүр» делінген Аягөз аудандық Ішкі саясат бөлімі берген мәліметте.

 

Есті шығарған – 2G

Бұл мәселе Аягөзбен іргелес Тарбағатай ауданында да бар. Мәселен, Кіндікті ауылына Нұр-Сұлтан, Алматы және Семей қалаларынан ұзын саны 20 студент келіпті. Қазір аудан әкімдігі мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатқандықтарын айтады. «Кіндікті ауылының студент-жастарымен кездестім. Ауылдағы Wi-Fi 2G, жылдамдығы төмен болғандықтан, онлайн-лекциялар тыңдау қиынға соғып тұр. Ұялы байланыстағы WhatsApp желісі хат жазысуға ғана болмаса, аудиожазба мен бейнежазбаларды оқымайды екен. Алайда қол қусырып отырмай, тығырықтан шығудың жолын ақылдастық. Ауыл әкіміне жоғары оқу орындарының оқу ісі жөніндегі проректорларына қатынас хат жолдап, жағдайдың шешімін екі жақтап қарастыруды тапсырдым. Студенттердің жазбаша тапсырмаларын ауыл әкімшілігіндегі және Ғ.Мұратбаев мектебіндегі интернет желісінің mail.ru электронды почтасы арқылы алуға-жіберуге болады. Бұл мәселеде «Қазақтелеком» АҚ филиалы – Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы басшылығымен де сөйлесеміз» дейді Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Сәдуақасов.

Ал колледж студенттері қашықтықтан қалай оқып жатыр? Облыстық Білім басқармасына хабарласқанымызда олардың мәселесі жоғары оқу орындарының студенттеріне қарағанда неғұрлым оңайырақ шешілгенін аңғардық. «Өңірдегі колледждердің студенттеріне тапсырмалар алдын ала берілді, олар тесттермен, оқу процесіне қажетті материалдармен қамтамасыз етілді. Берген тапсырмаларды оқу басталғанда орындап алып келеді. Ал мектеп оқушыларын қашықтықтан оқытуда аздаған мәселелер бар. Облыс аумағындағы мектептердің 4 процентінде жылдамдығы 1 мегабайтқа жетпейтін интернет желісі орнатылған. Қазір Білім министрлігі осы мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатыр» дейді облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова

Түйін

Жасыратыны жоқ, облысымызда интернет тұрмақ, әлі күнге дейін ұялы байланыс желісі орнатылмаған ауылдар да бар. Ал интернеттің әлсіздігі біз сөз қылған Аягөз бен Тарбағатай аудандарының ғана емес, өңірдегі көптеген елді мекендердің түйткілді мәселесі. Былтыр газетімізде осы мәселені өзек етіп жазған мақаламызда («Иендегі ауылдарға интернет жете ме?», 2019 жыл, 19 ақпан) Шығыс Қазақстандағы ірілі-ұсақты 710 елді мекеннің 129-ы жылдамдығы жоғары, кең жолақты (секундына 8 Мбит), 345-і орташа (секундына 1,5-2 Мбит), ал 236-сы жылдамдығы төмен (секундына 0,5 Мбит) интернет желісіне қосылғанын сөз еткенбіз. Сол кезде Аягөз ауданында 50 ауылдың (ішінде стансалары да бар) 38-інде, Жармада 49 ауылдың 32-сінде, Ұланда 46 ауылдың 24-ін­де, Күршімде 48 ауылдың 24-інде, Абай­да 10 ауылдың 5-інде, Зайсанда 35 ауылдың 14-інде, Тарбағатайда 59 ауыл­дың 24-інде, Үржарда 54 ауылдың 15-інде, Семейге қарасты 31 ауылдың 10-ында, Катонқарағайда 47 ауылдың 13-інде, Көкпектіде 51 ауылдың 17-сінде жылдамдығы төмен интернет орнатылғанына көз жеткізгенбіз.

Бізге осы мәліметтерді ұсынған облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасы мамандары ауылдарды сапалы интернетпен қамту мәселесімен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі айналысып жатқанын, бұл тараптағы жұмыстар екі кезең бойынша жүзеге асырылатынын айтқан-ды. «Бірінші бағыт бойынша Шығыс Қазақстанда 2019-2020 жылдары тұрғындары 500-ден асатын 190 мың халқы бар 111 елді мекенге (2019 жылы 82 ауыл­ға (тұрғын саны 138 800), 2020 жылы 29 ауылға (тұрғын саны 51 322) тал­шықты-оптикалық байланыс желісі орнатылмақ. Екінші бағыт бо­йынша 2022 жылға дейін тұрғындары 50-ден асатын 685 елді мекенге кең жолақты интернет орнату жоспарланып отыр» деген болатын басқарманың сол кездегі орынбасары Асқат Букатов.

Бұдан түйетін қорытынды, өңірдегі интернеті әлсіз ауылдардың тұрғындары сапалы интернетті әлі екі жыл күтуіне тура келетін секілді. Десек те, министрлік қазіргі жағдайды ескере отырып, тез арада жоспарды өзгертіп, еліміздегі интернетінің жылдамдығы төмен барлық ауылдарды сапалы, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етеді деп сенеміз.

Шығыс Қазақстан облысы