30 наурызда Қазақстан Республикасының Ислам Конференциясы Ұйымындағы (ИКҰ) Тұрақты өкілдігі өз жұмысын бастады. Бұл қадам құрамына Еуропа, Азия, Африка және Американың 57 мемлекеті кіретін беделді халықаралық ұйыммен біздің елдің қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған.
Өкілдіктің ашылуы келер жылғы Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы аясында ерекше мәнге ие. Сонымен қатар, бұл шешім Астананың мұсылман әлемі мемлекеттерімен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге нақты бел буғандығын аңғартады. Аталған елдер Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамаларын қолдап, біздің ел аумағындағы әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда айтарлықтай қолғабыс етуде. Қазақстанның ИКҰ-дағы өкілдігінің басшысы болып Бақыт Батыршаев тағайындалды.
Сол күні Тұрақты өкілдіктің басшысы ИКҰ Бас хатшысы, профессор Экмелледин Ихсаноғлумен кездесу өткізді. Кездесу барысында қазақстандық дипломат әріптесіне ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың жолдауын табыстады.
Әңгіме барысында Экмелледин Ихсаноғлу Астананың халықаралық аренадағы зор беделін атай отырып, Қазақстанның аталған ұйымдағы атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді. Сондай-ақ, 2011 жылы Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы кезінде ұйымға жаңа серпіліс беретіндігіне сенімін білдірді. Сонымен қоса, ИКҰ Бас хатшысы Қазақстан мен Түркия сыртқы саяси ведомстволары басшыларының 2010 жылдың 7-9 маусымында Ыстамбұлда өтетін Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 3-ші саммитіне шақыруын қуана қабылдады.
Қазақстандық Тұрақты өкілдіктің ашылуы Сауд Арабиясы Корольдігінің Жидда қаласындағы ИКҰ штаб-пәтерінде 29-31 наурызда өткен экономикалық, мәдениет және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Ислам комиссиясының 33-ші сессиясына тұспа-тұс келді. ИКҰ Бас хатшысы сессияның ашылуында сөйлеген сөзінде ұйымның дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелеріне тоқтала келе, Қазақстан дипломатиясының арқасында ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасындағы жақсарып келе жатқан ынтымақтастықты қоштады. Атап айтқанда, ИКҰ Бас хатшысы 29-30 маусымда Астана қаласында өтетін ұстанымдылық пен кемсітпеу туралы ЕҚЫҰ конференциясының маңызын атап өтті. Осы конференция шеңберінде екі ұйымның исламофобияға қарсы іс-шаралар жөніндегі бірлескен семинарын өткізу жоспарлануда.
Қатысушы мемлекеттер ынтымақтастығы жөнінде кең ауқымды мәселелер талқыланған комитет сессиясының жұмысына қазақстандық делегация белсенді қатысты. Сессияның қабылдаған құжаттарында ИКҰ-ның Қазақстанның мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуы жөнінде, 7-ші Әлемдік исламдық экономикалық форумды 2011 жылы Астана қаласында өткізу жөнінде, Семей ядролық полигонынан және Арал теңізінің апатты кебуінің салдарынан жапа шеккен аймақтарды экологиялық және әлеуметтік оңалтуға халықаралық қоғамдастықтың назарын аударту жөніндегі және т.б. бастамалары қолдау тапты.
“Егемен-ақпарат”.