Технология • 27 Наурыз, 2020

Цифрлы банкингке өріс ашады

222 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бұл процесті арзан мұнай мен қымбат АҚШ доллары тездетіп жіберді. Қысылтаяң уақытта қаржы үнемдеуге һәм білікті мамандарын сақтап қалуға тырысқан қаржы сегменті fintech-пен интеграцияны жеделдетуге мүдделі екенін ашық айта бастады. Бұл фактор банктер арасындағы бәсеке тек клиент үшін ғана емес, қаржы технологиясының соңғы үлгілері үшін де жүретінін, кім алда болса, соның бәсі басым боларын байқатты.

Цифрлы банкингке өріс ашады

Сенімсіздік синдромы

Қаржы секторындағы қазіргі жағдай шегінетін жол жоқ­тығын, ақпараттық техноло­гияның мүмкіндіктерін бүгін қолданбаса, ертең кеш қаларын аңғартты. Се­бебі Ресей басылымдары Орталық банктерінің «cryptocurrencies» тестілеуді және цифрлы рубльді шығару мүмкіндігін зерттей бас­т­ағанын хабарлап жатыр.

Біздің ел де бұл бағытта қара жаяу емес. Қазақстанның қаржы секторының өз жетістіктері бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабар­лауын­ша, елдегі ең танымал fintech бағыттар – электронды төлем­дер, аударымдар, валютаны конвертациялау және онлайн-сақтандыру сегменттері IT-мен интеграциялануға ниеттене бас­тады. «Қазақстан нарығында интернеттік және қаржылық технология стратегиясының операторына айналған ойыншылар бар. Екінші жағынан, онлайн-құралдар бизнесті жүр­гізудің клас­сикалық тәсілдеріне қосым­ша ретінде дәстүрлі тәсілмен қатар жүре береді. Мұны сая­си тілмен бейбіт қатар өмір сү­ру дейді. Қазір екі ба­ғыттың қайсы­сының жоғ­ала­тынын немесе қай­сысы­ның жеңіп шығаты­нын айта ал­май­сыз», дейді Қа­зақ­стан қар­жы­герлері қауымдас­ты­ғы­ның Қар­жылық технология­лар мен ин­новацияларды дамыту ор­та­лығының директоры Конс­тан­тин Пак.

Бүгінгі таңда цифрлы техно­логия барлық банктік қызмет­терді онлайн-режімде жүргі­зуге мүмкіндік береді. Сарап­шы­лар бұл фактордың қаржы ұйым­дарының ресурстарын үнемде­генін айтады. Бірақ аза­маттар­дың консервативті көзқарас­тан арыла алмауы банк секторының технологиямен интеграциялануы­на кедергі келтіріп жүр.

Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде банк және сақтандыру сегменті өкілдерімен онлайн-жүйе бойынша өткен кездесу кезінде «Хоум Кредит Банкі» өкіл­дері қазақстандықтардың 70%-­ы смартфон ұстаса да, банктердің ке­ңсесіне баратынын айтты. Демек, тех­нологиялық жабдықталу тұрғы­сынан алып қарағанда, IT-мен инте­грациялануға дайынбыз. Бірақ тағы да сенімсіздік синдромы кедергі келтіреді. «Смартфонмен жасалған операциялар тиісті жерге жетпейді, сол себепті банк филиалына барып, қолмен тапсырғаным дұрыс» деп ойлайтындардың қатары әлі де көп.

Цифрлы технологияның дамуы мен енуіндегі локомотивтердің бірі – биометрия. Шетелдерде ол 1990 жылдардың ортасынан бас­тап қолданыла бастаған. «Қазір Ұлт­тық банк тарапынан қаржы инс­т­итуттарының клиенттеріне био­­метриялық сәйкестендіру меха­низмі арқылы қаржылық қызмет алуға мүмкіндік беру жұмыстары жүргізілуде. Жүйенің жұмысын тексеру үшін 20 шақты банкте сынақтан өткен платформа жасалды», дейді Қазақ­стан қаржыгерлері қауым­дас­тығының өкілдері. Қауым­дастық бас­пасөз қызметіне хабарласып, «Хоум Кредит» және «Халық банк» жаңа технологиялар мен цифрлы өнім­дерді сынақтан өткізетінін білдік.

Қалай болғанда да, елдегі барлық банк цифрлы жүйелерді енгізіп жатыр. Бір жерде қызметтердің енуі терең, ал кейбір қаржы институттары әлі де одан қаржы үнемдейді, шы­­ғындарын ұлғайтып немесе кемі­­тіп көрсетуге тырысады. ВТБ өкіл­­дері осы жиында шығындарды жа­­сыр­­майтынын, мұның пайдасынан зия­нының көптігін ашып айтты. 2018 және 2019 жылдары осы банкте жылдық бюджеттің үштен бір бөлігі IT-ге бөлініп, ақшаның көп бөлігі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалған екен. «Біздің несие­лік қызметті автоматтандыру жү­йесі несие алуға өтінімдер ағы­мын 4 есеге ұлғайтты, несие беру тура­лы шешім қабылдау мерзімі 3 есеге қысқарды. Нәтижесінде банк­тің бөлшек саудадағы несие порт­фелі 17%­-­ға өсті», дейді ВТБ-ның басқарма төрағасы Дмитрий Забелло.

Кез келген технологиялық инно­ва­цияны енгізу туралы шешім қабыл­даған кезде ВТБ оны үш негізгі кри­терий бойынша бағалай­ды. Ол – қыз­мет қауіпсіздігі, функ­цио­налды­лық және қаржылық тұрақты­лық. «Біз мүлдем жаңа технологиялар нары­ғын ұсынбаймыз. Тек қана ақ­парат­тық қауіпсіздік қалқанын құ­руға, клиент­теріміздің жеке де­ре­гін қор­ғауға және бизнестің тиім­д­ілігін арт­тыруға бағытталған жоба­ларға артық­шылық береміз», дейді Д.Забелло.

«Хоум Кредит Банкі» өкілдері болса елімізде алғашқылардың бірі болып смартфондағы қосымшаның көмегімен несиені өңдеу және өтеу үшін толыққанды өзіне өзі қызмет көрсетуді жетілдіріп жатқанын айтты. Бұл жүйе бойынша онлайн- режімде депозит ашуға, кез келген банк карточкаларына ақысыз аударым жасауға, телефон нөмірі бойынша аударым жасауға да мүм­кіндік бар. Сондай-ақ үйде отырып карточкаңыздың нөмірі арқылы валютаны айырбастауға болады. «Жалпы алғанда, банктік fintech-тің төрт негізгі бағыты бар: онлайн несие беру, электрондық коммер­ция, интернет-қызметтер және тран­зак­циялық қызметтер. Статисти­каға келетін болсақ, мобильді қосым­шамыз желіде 50 мыңға жуық ақша­лай несие береді, айына 1 мил­лион­нан астам пайдаланушыны қабылдайды, жылына 28 миллионнан астам ақпаратты қайта өңдейді», дейді осы банктің өкілдері.

«Жусан банктің» мобильді қо­сым­­шасы арқылы төлемдер мен ауда­рымдарды, банк карточкасымен депозит ашуға болады. Сонымен қатар бұл банк саяхатшыларға арналған карта, жеке мобильді қосымшасы бар балалар карталарын айналымға енгізді. Бұл жобаны әзірге өзге банк­тер қолданысқа енгізіп үлгерген жоқ. Сондықтан жаңа жобаның банк үшін тым қымбатқа түскенін IT-мамандар растайды. Ақпарат көздерінен анықтағанымыздай, «Жусан банк» бұған дейін қолда­ныста болған ақпараттық-цифрлы жоба­лардан бас тартып, тек өз­дерінің экожүйесіне басымдық бер­ген. «Біз клиенттеріміздің қар­жы­лық-цифрлы қажеттіліктерін қанағаттандыратын жекеменшік эко­жүйені қалыптастырамыз. Сол арқылы тәуліктің кез келген уақы­тын­да қызмет көрсете алатынымыз­ды дәлелдегіміз келеді», дейді «Жусан банк» өкілдері.

Сақтандыру секторы да көштен қалмауы тиіс

Сақтандыру сыйақыларының жалпы көлемінде сақтандырушы­лардың корпоративті ресурс­тары арқылы онлайн-режімде жасал­ған келісімшарттар үлесі әлі де аз. Сарапшылар мұның бәрі қазақ­стан­дық клиенттердің төлем қабілетінің төмендігімен түсіндіріп келген болатын. Сақтандырушылар аз ақша төлеп, көп салым алғысы ке­леді. Сол себепті компаниялар да жаңа технологияларды аса сақ­тықпен енгізіп жатыр. Мәселен, «Коммеск-Өмір» клиенттеріне апат кезінде жедел көмек көрсету үшін жағдайды онлайн-режімде бақылауға және олардың қызметін үйлестіруге мүмкіндік беретін мо­бильді қосымша ұсынады. «Жыл аяғына дейін онлайн-төлем қызметі енгізіледі, яғни веб-сайт ар­қылы сақтандыру жағдайы туралы ха­барлауға, одан кейін банктік карточкада сақтандыру төлемін ала отырып, залалды бағалау туралы өтініш жіберуге болады», дейді осы компания өкілі Олег Ханин.

«Фридом Финанс» сақтандыру компаниясы бөлшек нарыққа жалғыз өнім – OGPO автокөліктерін міндетті сақтандыру арқылы кірді. «Біздің міндетіміз, сақтандыруды толығымен онлайн-режімге ауыс­тыру. Бірінші қадам – по­листерді онлайн-тіркеуді енгізу. Екінші кезең – қашықтан қайта шығару және полисті тоқтату мүм­кіндігін енгізу. Үшінші кезең – онлайн-төлемдерді жүзеге асыру және сақтандырудың басқа түрлерін осы форматқа бейімдеу», дейді аталған компанияның басшысы Дәулет Ақыжанов.

Кез келген технологияны ен­гізу инвестицияны қажет етеді. Сала­ны алға ілгерілететін техно­ло­­гия­ға басымдық берілгенде биз­нес­ті жүргізу оңтайланады. Өткен жылы «Фридом Финанс» эко-жүйеге басымдық беріп, терминалдар желісінен аккаунт ашқан. Алғашқы жылы мұның шығынын сақтандыру агенттіктері немесе филиалдар кеңсесін ұстап тұруға жұмсалған шығыннан екі есе көп болыпты. Бірақ екінші, үшінші жылы экожүйе компанияның 5 млрд теңгесін үнемдеген. Дәулет Ақыжанов бізбен әңгімесінде қаржы институттарының басым көпшілігі биометриялық мәліметтер ресми мәртебеге ие болады деп күтетінін, қаржылық қызметтерді интернеттен алуға болады деген үмітпен өмір сүретінін айтты. «Біз Ұлттық банктің, Қаржыгерлер қауымдастығының ақ­паратты технологияны батыл енгізу керек деген бастамасын қол­даймыз. Таяу болашақта ақпа­рат­ты технологиялардың көмегімен кез келген терминалдан немесе әлеуметтік желіде аккаунт ашу технологияларды іске қосуды тездетуге көмектеседі», дейді ол.

«Nomad Insurance» сақтандыру компаниясының басшысы Дәурен Иманжанов та онлайн-сақтан­дырудың артықшылықтары көп екенін айтты. «Интернетті пайдалану өнімнің құнын төмендетуі мүмкін. Шығындардың өзі ақпараттық жүйелер мен маркетингтің дамуы­ның деңгейіне байланысты. Оның деңгейі көтерілген сайын баға да төмендей береді. Қазір бұл сегмент арзан емес, бірақ сатудың дәстүрлі арналарына қарағанда жинақтау маржасын үнемдеуге болатынын клиенттер білді. Сондықтан олар онлайн-сақтандыруға басымдық бере бастады», дейді ол.

Оның айтуынша, сақтандыру секторында көп мәселе мемлекеттік дерекқорларға, сондай-ақ түрлі реттеуші органдардың дайындығына байланысты. Дәл қазір компания­лар мен реттеуші органдардың бір-бірін қатты асықтыруына да болмайды. Бірінші кезекте сақ­тандырушылардың төлем қа­бі­леті ескерілгені жөн. Сондықтан шы­ғынға қарамастан, төлем түрлерін клинеттердің жағдайына бейімдесе, нарықтағы орны нығая түседі.