Технология • 27 Наурыз, 2020

Интернет және зорлық-зомбылық

1626 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Баяғыда қазақтар «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дейтін. Ал қазір қоғамға интернет келгелі бері бұл нақыл сөзді «Ел болам десең, интернетіңді түзе!» деп айтуымызға тура келіп тұр. Неге десеңіз, интернет құрал ретінде өзінің технологиялық кереметтігі жағынан көп пайдасын тигізіп жатқанмен, одан едәуір деңгейде зиян да шегіп отырмыз. Бұл мәселенің бірнеше жағы бар.

Интернет және зорлық-зомбылық

Бірінші. Қазақша контент жұтаңдығы. Бұл, әсіресе, біз сияқты ана тілімізде интернеті дамымай отырған елдер үшін аса маңызды фактор болып есептеледі. Мектеп жасындағы балалар немесе студент жастар болсын, өзіміздің қазағымыз интернеттен кез келген материалды іздегенде алдымен қазақша іздейді. Өкінішке қарай, бүгінгі ғаламторда ана тілімізде контент өте жұтаң деп айтуға осы саланы 15 жылдан астам зерттеп келе жатқан маман ретінде айта аламын. Қазақстандық сайттардың 80% орысша болса, екінші орында қазақша емес, 11% ағылшынша сайттар, ал қазақша сайттар 9%-бен үшінші орында. Осының кесірінен интернет-пайдаланушы басқа елдердің сайттарын паналайтын болады.

Осы мәселе дұрыс шешімін табу үшін қазақ тіліндегі танымал интернет-ресурстар үшін және олардың санын көбейту мақсатында мемлекет тарапынан грант бөлінгені дұрыс болар еді.

Екінші. Шетелдік сайттардан келетін зиян. Интернетте шекараның жоқтығы ол жерде емін-еркін жүріп-тұруыңызға септігін тигізеді. Үйде отырып-ақ басқа елдерге саяхаттап кетуге, сол жердің адамдарымен сөйлесуіне әбден болады, әрине, виртуалды түрде. Бірақ осының өзі адамға қажетті ақпарат алуға мүмкіндік береді және оны белгілі деңгейде зорлық-зомбылық жағынан қарағанда әрекеттер жасауына мүмкіндік тудырады. Бұған мысал, Сирияға немесе басқа елдерге кетіп, түрлі террористік ұйымдарда соғысып жатқан адамдардың жағдайы.

Террорлық бағыттағы немесе мемлекеттің тұтастығына қауіп келтіретін, сонымен қоса балалар мен жасөспірімдерге кері әсер беретін сайттар бұғатталуы тиіс.

Үшінші. Электрондық поштамен таралатын зорлық-зомбылық. Белгілі бір адамның атына қоқан-лоқы жасайтын немесе басқадай агрессия тудыратын электрондық хат. Кей жағдайда электрондық пошта бұзылып, сол адамның атынан шағыстыру немесе арандату сияқты хаттардың жазылуы. Басқаша айтқанда мұны кибербуллинг деп атайды.

Шетелдік пошталық серверлерге тәуелді болмау үшін отандық электрондық пошта қызметін көрсететін интернет-ресурс ашу керек.

Төртінші. Әлеуметтік желілерден келетін зиянды жеткілікті түрде шегіп жатырмыз. Тек қана жастар емес, ақыл тоқтатқан азаматтарымыздың өзі осы Фейсбук, Туиттер, Вконтакте, Инстаграмға келгенде өз-өздерін ұстай алмай, құмарлыққа еріп, өзінің қай жерде жүргені, тіпті не тамақ жеп отырғаны, одан қалды бала-шағасының қай мектепте немесе балабақшада жүргенін мекенжайымен қоса салып отырады. Бұл алдымен кімге пайдалы? Бұл әлгі өзіміз қорқып шулап жүрген педофильдерге пайдалы. Оларға бар ақпаратты өзіміз береміз.

Әлеуметтік желінің тағы бір зияны, ол, әсіресе, жасөспірімдердің өздері түсірген анайы видео немесе басқадай азғындық фрагменттері бар материалдарын осында салуы. Сол арқылы біреуді қорлау, намысына тию сияқты көріністер орын алады. Мысалы, бұрындары Тараз қаласында өзін-өзі өртеген жігітті арнайы түсіріп алып, әлеуметтік желіге салғандарға ешқандай жаза қолданылған жоқ және заңдық тұрғыдан ескерту ешкімге жасалмады. Осындай мәселелер заң жүзінде реттелсе, пайдасын тигізер еді. 

Бесінші. Интернет арқылы ойналатын онлайн-ойындар. Бұрынырақ компьютерде ойындар офлайн режимде ойналатын болса, қазір интернетсіз компьютер мен смартфон қалмай бара жатқан заманда ойындар тек онлайн режимде ойналады. Бұл виртуалды әлемде адамдар, әсіресе, жастар агрессия шақыратын ойындар ойнайды. Кейбіреулері тіпті сол жерден шыға алмай виртуалды әлемге толығымен байланып қалады. Яғни, шынайы өмірден қолдарын үзеді. Бұл күндердің күнінде жақсылыққа әкелмейтіні сөзсіз. Адам не суицидке баруы мүмкін немесе психикалық ауруға ұшырайды. Мысалы «Сөйлегіш Том» немесе «Сөйлегіш Бен» сияқты балаларды арбаумен айналысатын программалар бар. Оның арты қиын жағдайларға апарып соғуда.

Интернет арқылы балаларды алдап-арбауды груминг деп атайды. Осы грумингке қарсы тұру үшін өз елімізде ұлттық нақышта программалар мен қолданбалар жасалса және осы бағытта балалар мен жасөспірімдерді ынталандыру үшін конкурстар ұйымдастырылса абзал болар еді.

Алтыншыдан. Мессенджерлерден келетін зиян. Мессенджерлер негізінде жап-жақсы байланыс құралы. Қазір бізде ең көп таралған мессенджер Уотсапқа көп адамдар тәуелді. Жатқан-тұрған жерінде смартфонды құшақтап жүретін адамдар қазір көбінесе тек қана Уотсапты пайдаланады. Мысалы, біраз жыл бұрын осы мессенджерлер арқылы жалған ақпарат тарағанының кесірінен бірнеше банк пен оның клиенттері зардап шекті. Одан қалды астанада ірі ойын-сауық орталықтарында террористік ұйымдар жарылыс жасайды екен деген жалған ақпараттар тарап, халықты дүрліктірді. Осындай іс-әрекеттерге қарсы тұратын, қоғам тыныштығын сақтауға бағытталған көптеген вирустық роликтер түсірген жөн және оны таратып белсенділік көрсетуіміз керек.

Жетіншіден. Интернетті реттейтін заңның жоқтығы. Интернет арқылы жасалатын қылмыстар осының арқасында әзірше жазалануы өте аз қылмыстар қатарына жатады. Демократиясы ең күшті дамыған АҚШ-тың өзінде бұл мәселеге заңгер-ғалымдар қатты бас қатыруда. Интернет туралы біздің елде әзірге тек БАҚ туралы заңда мәселе қарастырған. Бұл заңға мейлінше қатаң бақылау жасай алатындай өзгерістер жасау керек және өзге де заңнамалық актілерге толықтырулар кіргізілсе деген ойдамыз.

Түптеп келгенде, Интернетті қалай пайдаланып, оның игілігін көру-көрмеуіміз тікелей өз қолымызда болып тұр. Оған қоғам болып ат салысқанымыз бәріміз үшін пайдалы болары сөзсіз.